• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Маусым, 2025

Уақыт толқынындағы «Ақ желкен»

2005 жылдан бүгінге дейінгі аралықтағы «Ақ желкенді» шолып шығып, «журналымыз оқырманға не берді, қандай жүкті көтеріп, қандай бағытта дамыды, бет-бейнесі қандай болды?» деген сауалдарға жауап іздеген біз қаңтар айындағы №1 санды қолымызға алып парақтай отырып, осыдан 20 жыл бұрынғы өмірге ене бердік…

Алтын көпір

Журналдың алғашқы санынан бастап мамыр айына дейін ай сайын Жеңістің 60 жылдығына арналған мақалалар жарияланған. Бірінші бетте «Мезгіл айшықтары» айдарымен балалардың қыс туралы шағын әңгімелері көлемді суреттерімен беріліпті. «Ержүрек» айдарында ерлігі баяндалған қаһарман апамыз Хиуаз Доспанова, одан кейін Қазақстанның Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың арнайы сұқбаты берілген. Екі кейіпкеріміз де ол кезде арамызда екен. «Ақ желкенмен» сырласып, жас оқырмандарға жылы лебіздерін білдіріпті.

Осы жылдың №3 санында басылым қазақтың қос классик ақыны Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиевті 70 жасқа толуымен құттықтап, айқара бетке өлеңдерін жариялаған. Жазушы Қалихан Ысқақпен мазмұнды сұқбатты да көзіміз шалды. Жақсылармен көзі тірісінде армансыз сырласып, «Ақ желкен» ұрпаққа өнеге боларлық әңгімелерін жазып алыпты. Белгілі тұлғалардың өмірі, естеліктері, шығармаларымен қоса, журналдың жас оқырмандарының хаттары, тырнақалды туындылары, танымал тұлғаларға қояр сауалдары берілген әр санын қолымызға алған сайын «Ақ желкеннің» оқырманы мен ұлт руханиятының көшін алға сүйреген тұлғалар арасындағы алтын көпір болғанын аңғарамыз.

2005 жылдың алғашқы жарты жылдығында «Ақ желкеннің» 80 жылдығына арналған мақалалар да жарияланып отырды. Шолу барысында байқағанымыз, «Балалық шаққа саяхат», «Мен сүйетін мамандық» айдарларымен өнер майталмандарымен мазмұнды сұқбаттар жиі жарияланған. Бұл айдарларды 2008 жылға дейін өмірден ерте кеткен талантты қаламгер Аягүл Мантай жүргізіп, Роза Әшірбекова, Торғын Тасыбекова, Шолпан Жандарбекова, Сара Тыныштығұлова, Фарида Шәріпова, Ермек Серкебаев сынды сахна саңлақтары мен Қадыр Мырза Әлі, Темірхан Медетбек, Әшірбек Сығай, Оразбек Сәрсенбай, Мархабат Байғұт сынды танымал тұлғалардың шығармашылығы, өмірінің қилы кезеңдері, толғаныстары сырлы сұқбаттар асында беріліп отырды.

Жас оқырмандар шығармашылығымен таныстыруға арналған «Қауырсын қалам» айдары, кітап оқуды, кітап баспаларының тыныс-тіршілігін насихаттайтын «Балалар әдебиеті» айдары да тұрақты жүргізілді. «Таным», «Қазына» айдарлары арқылы қазақтың салт-дәстүрлері, табиғат ерекшеліктері қызықты баяндалады. Кейде ай сайын, кейде үш ай сайын шығып тұрған, оқушылардың шығармашылығына арналған, жазуға бейім, ойлы жастарды танытқан «Күнделік» және «Мөлтек сырлар» айдарлары да назарымызды аударды.

«Оралған олжа» айдарымен Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Менің інілерім» әңгімесі жарияланған. Қарымды қаламгермен бірге қолына енді қалам ұстап, талаптанып жүрген жастардың көркем дүниелерін қатар жариялау да ұтымды әдіс, жастарға сенімділік сыйлайтын жақсы дәстүр көрінді. 2005 жылдың №11 санында «Ақ желкен» арнайы анкета ұсынып, бүгінгіше айтсақ, оқырмандарымен кері байланыс орнатуға талпыныс жасапты. «Журналымызда жарық көрген қандай мақала, сұқбат, т.б. ұнады?», «Алдағы уақытта қандай тақырыптарға жазылған шығармаларды оқығыңыз келеді?», «Қандай айдарлар ұнамайды, жаңадан қандай айдарлар ашылғанын қалайсыз?» деген сауалдарға алдағы сандарында оқырмандардан көптеген жауаптар келіп түсіп, 2-3 бетке жариялап, көпшілік назарына ұсынған.

Журналда «Сен білесің бе?» деген тілімізге жаңадан енген атаулар сырына үңілген анықтамалық та жарияланып тұрыпты. Мәселен, сол кезеңде қолданысқа еніп жатқан «адидас», «доширак», «ксерокс», «нокиа», «ниссан», «әппл», «нестле» сияқты жаңа атауларға анықтама берілген. Өздеріңіз байқап отырғандай, бұл атаулардың көбі қазір мүлде ескіріп, қолданыстан шығып та қалды. Заман алмасып, бүгін жаңа дегеніміз ертең ескірген уақыт деген, міне, осы. Осы тұрғыда басылымның қай кезде де заманмен сырлас, уақытпен үндес болғанын бағамдаймыз. Әлбетте, жасөспірімдер мен балаларды туған елді сүюге, отаншылдыққа, ең бастысы ізгілікке тәрбиелеуді басты мақсат тұтқан журнал бұл кезеңде де осы бағытынан айнымаған.
Бұл жылдары журнал жоғары сапалы қағазбен шығарылған. Фототілші, суретші, дизайнерлер жұмысы да журналдың мазмұнын байыта түскен. 3000-4000 дана таралыммен шығып отырған.

Балалар шығармашылығына кең өріс

2005 жылдан бастап әр жыл, әр айда жарық көрген журналды жіті қарап отырып байқағаным, бұл жылдары журналдың бірінші беті балалар шығармашылығына арналыпты. 2006 жылғы қаңтар айындағы нөмірде басылым ұсынған анкетаға орай өздеріне ұнайтын тақырыптармен қоса, оқырмандар жаңадан әркім өзі туралы айтатын «Өзім туралы», «Танысқым келеді», «Нотамен ән» деген айдарлар ашылса деген және өздері оқығысы келетін тұлғалар туралы ұсыныстарын жеткізеді. Журналдың кейінгі шығарылымдарында әр оқырман тілегі ескерусіз қалмай, «Оқырман сауалына орай» деген айдармен беріліп отырған.

2007 жылы таралымы 4 мыңнан асып, бұрын кейде 16 бетпен шығарылатын журнал 32 бетпен шығады. Бұрынғы айдарларға қоса «Сырлы әлем», «Ғибрат» айдарлары ашылып, «Поэзия» айдарында Гүлнәр Салықбай, Нұржан Қуантайұлы, Бақытжан Қосбармақов сынды белгілі ақындардың өлеңдері жарияланып, басылым түрлі-түсті суреттермен безендіріліп, сапасына барынша мән беріледі. «Сезім патшалығы» айдарында әлемдік деңгейдегі өнер туындылары туралы танымдық мақалалар беріліп, «Бақыт баспалдақтарында» бақытты болудың сырына үңіледі. Тек танымдық дүниелермен шектелмей, «қазақ мультфильмі неге қазақ балаларына жетпейді?» деген түйткілді қаузап, сондай-ақ, кино, театр саласының мәселелерін де көтеріп отырған. Әсіресе, осы жылдың желтоқсан айындағы нөмірінде сол кезеңде өндіріп жазып жүрген жас жазушылардың әдебиеттің болашағы туралы «Күнге бет алған керуен» деген тақырыппен жарияланған өткір пікірлері қоғам назарын аударатын өзекті мәселеге арналыпты.

2008 жылы журналда «Мәдени мұра» айдарымен еліміздің тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстары туралы мақалалар жазылған. Бұл жылдардағы тағы бір ерекшелік, суретті әңгіме, яғни суреттерді мәтінмен сөйлету стилі енгізіліп, айқара бетте бірде мектеп өмірінен, ал бірде Аша Матай, Алмас Кішкенбаев сияқты танымал өнер жұлдыздарын түсіріп, махаббат хикаялары баяндалады. Жаңа форма. Мұны қазіргі әлеуметтік желілердегі видеорилстардың фотомен берілетін нұсқасы деуге болады.

Қымбатшылық қыспаққа алған жылдар

2009 жылғы мазмұнды дүниелердің бірі – «Өз сөзім өзімдікі» деген айдармен шығатын қазақ баспасөзіне шолу жасалған сараптамалық мақалалар топтамасы. Екінші, «Мен сүйетін мамандық» айдарымен журналистер күніне орай танымал тілшілердің өмір жолы, шығармашылық бағыты туралы мақала әзірленіп, журналист мамандығының қыр-сыры талданған. Шілде айынан бастап журнал 64 бетпен шыға бастайды. Астана күніне орай мақалалар, өлеңдер, бала құқығы, заңға сай жасөспірімдердің еңбекке араласу құқы туралы пайдалы ақпараттар берілген.

2010 жылдан бастап таралымы 6 мыңнан асқан «Ақ желкен» кейде 32, кейде 64 бет болып шығады. Бұл жыл «Ақ желкеннің» 85 жылдығы туралы мақаладан басталыпты. Онда былай делінеді: «Биыл «Ақ желкен» 85 жасқа келді. Елімізде мұншалық тарихы бай басылым некен-саяқ. Өздеріңізге мәлім, өткен жылда журналымыз 2 есе қалыңдады, бұрынғыдай 32 бет емес, 48, 64 беттен шықты. Қымбатшылық қыспаққа алып тұрған тұста, жазылу бағасы да көп өзгерген жоқ».

Өткенге көз жүгіртіп, өнеге боларлық тұсын жарқырата көрсету, барымызды бағалау, оқырманына осынша жыл адал қызмет көрсетіп келе жатқан «Ақ желкен» журналын ұлтымыздың қазынасы десек қателеспейміз. Басылымның 85 жылдығына арналған нөмірдегі «Ата жасқа келген бала басылым» тақырыбымен берілген шолуда: «Уақыт – кеме» десек, 85 жыл ішінде қанша ұрпақтың сүйенішіне айналған «Ақ желкен» әлі де бұрынғы қалпынан таймай, ел алдындағы міндетін абыройлы атқарып, жас жеткіншектерге рухани байлық, ұлттық тәрбие, кәусар білім беруден әсте айныған емес. Бастапқыда Қазақстан пионерлерінің рухани серігіне айналып, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелей білген «Ақ желкен» жаңа ғасырда қазақ жастарының баға жетпес басылымы болып талай отбасы тәрбие берекесінің рөлін абыройлы атқарып келе жатыр». Расында, «Ақ желкен» тәрбие мектебіне айналған басылым.

Жастықтың оты жалындап

2012 жылы таралымы 7 мыңға жеткен журнал қайтадан 16 бет болып шыға бастайды. Бұл жылдары басылымда «Қолайсыз әңгіме», «Айтқышбек», «Нысана», «Құпияға қол сұқсақ» айдарлары ашылып, сын көптеп жазыла бастағаны байқалады. Қоғамдағы өткір проблемаларды шынайы баяндаған шыншыл саясаттанушыларға «Айтқышбек» жүлдесі тағайындалғаны жарияланып, ай сайын журнал мінберінде саясаттанушылар өз пікірлерін ашық айта бастайды. Бұл батыл қадамның журнал оқырмандарының көбеюіне, таралым санының артуына да оң әсер еткені анық. Сонымен қатар осы жылдары «Президент те пенде» айдарымен әлем елдері президенттері туралы танымдық мақалалар әр нөмір сайын әзірленіп ұсынылған. Әзілмен шымшитын оймақтай ғана «СитКом» айдары да басылымның ажарын аша түсіпті. «Жаңа көзқарас», «Кім болам?», «Ел есіндегі есім», «Таланттармен тілдессек»,   «Сән және мән», «Түйткіл», «Ашық әңгіме», «Үшбу хат», «Кейінгі толқын», «Ел не дейді?». Осы айдарларда еліміздегі жетістіктер насихатталумен қатар, кей саладағы түйткілді, қордаланған мәселелер басылымның сын садағына ілінеді.

Осы кезеңде «Үш қыздың әңгімесі» айдары ашылып, «Үш қыз» деген бүркеншік атпен авторлар қоғамдағы алып-қашпа әңгімелердің түбіне үңіліп, шындығын іздейді. Бұл айдардың астарында қоғамдағы белгілі тұлғалардың ерсі істерін шымши сынау арқылы, адамгершіліктен аттамау, аярлықты тізгіндеу жатқан тәрізді. Бірінен кейін бірі жаңа айдарлар дүниеге келіп, журналдың мазмұнының өзгеруін сол кезеңде басылымға жалындаған жас журналистердің көптеп келуімен байланыстыруға да болатындай. Сол кезеңдерде өндіріп жазған Жадыра Нармаханова, Серікбол Хасан, Қуат Әуесбай, Қарлығаш Досанова, Қарлыға Ибрагимова, Балжан Мұратқызы, т.б. жас журналистердің есімін атап өтсек болады.

Басылымның осы кезеңдерде мұқабасына өнерде, спортта, ғылымда жетістікке жеткен тұлғалардың суреттері берілген. 2011 жылы ашылған «Үш қыздың әңгімесі» айдары 2015 жылға дейін жалғасады. Осындай өміршең айдарлар қатарында өз ісінің майталмандары туралы жазылатын – «Олар сондай болған», талантты жастар, дарынды тұлғалар өмірі арқау болған «Ізінен аңыз ерген» айдарларын атауға болады. Сондай-ақ осы жылдары редакцияда Дулат Исабеков, Есенғали Раушанов, Гүлнәр Салықбаева, т.б. қаламгерлермен кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналғанын да журналға жарияланған «Әдебиет – ардың ісі», «Менің кумирім», «Кімнен үйренеміз, неден жиренеміз?» айдарларынан аңғарамыз.

2015 жылы «Ақ желкеннің» жарық көргеніне 90 жыл толуына орай мақалалар да жарияланған. Бұл жылдары да журналистер қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл жазады. «Кино әлемінде» – ұлттық киноның ахуалы, «Намыс алаңында» әлеуметтік саладағы түйткілдер сынға алынады. Ал «Оқулыққа қосымша» айдарында тарихи атаулар сыры, жер-су аттары, географиялық ерекшеліктер, мұражайлар тарихы туралы танымдық мақалалар әр нөмір сайын жарияланыпты. Жинақтаса бір кітапқа жүк боларлық қадау-қадау тақырыптар.

Абайға хат...

2016 жылы «Менің кумирім» айдарында тәуелсіздік таңындағы жас абайтанушылардың ұлы ақын туралы немесе «Абай ата, сіз…» деп басталатын хаттары жарияланған. «Сіздегі жұмбақтық бізді еңбек етуге мәжбүрлейді. Сіздің қара сөздеріңізден «толық адам» бейнесін таба білдік» (Арман Керімбек), «Қанша ию да қию қиын ғұмыр кешсеңіз де, артыңызда адамгершілігі мол, тәрбиелік мәні зор шығармалар мен кісілік келбет-өшпес із сайрап жатыр. Осы қайсыбір мүлікпен ешуақ өлшенбейтін өнегелілік үшін сізге мың алғыс!» (Әкімбек Медхат) дейді оқушылар Абай ақынға жазған хаттарында. Бір сыныптың оқушылары түгел хат жазған. Тұшына оқисың. 2019 жылға қарай журнал басылып шығатын қағаз сапасы жақсарып, 48 бетпен, 5 мың таралыммен жарық көріпті.

Заманды қалай билемек?

Осы жылы жоғарыда айтып өткен айдарлар жалғасып, оған қоса заман талабына сай торт пісіріп, тігін тігетін, қолөнермен айналысатын, т.б. өнерлі жастардың тәжірибесі кеңінен насихатталады. «Сенің замандасың», «Мамандығым – мақтанышым» айдарлары аясындағы көлемді мақалалар да қызықты. Психологиялық кеңес, жас-тар қызығатын әлеуметтік желілердің әсері, ұзақ жасау сырлары, салауатты өмір салтын насихаттау бағыт алады.
Байқасаңыздар, журнал мазмұны түбегейлі өзгермесе де, уақыт ағымына сәйкес 2011-2016 жылдары сын, өзекті мәселелер көбірек жазылса, 2019-2021 жылдар аралығында танымдық, денсаулық тақырыбы алға шығады. Мұның бір себебі, бүкіл әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы болғаны түсінікті. 

Журнал қалай өзгерсе де, бала тәрбиесі, жастарды жақсылыққа үндеу, әдебиет, мәдениет, өнерді насихаттау бір сәт назардан тыс қалмаған. 2020 жылдары киберәдебиет, жасанды интеллект тақырыптары қаузалып, жастардың осы саладағы батыл қадамдары насихатталады. Осы жылдары «Ізінен аңыз ерген» айдары жаңғыртылып, тұлғалардың ғибратты өмір жолы жастарға үлгі етіледі. «Ата-ана бұрышы» айдарында балаларды кітап оқуға баулу, отбасылық тәрбие тақырыптары талданады. Ата-аналар пікірі жиі беріледі.

Осы жылы пандемияға орай журналдың 95 жылдығы үлкен көлемде аталып өткен жоқ. Дегенмен қарантин талабы қатаң болып тұрса да, журнал жұмысын тоқтатпай, басылым бетінде журналға қолдау білдіріп жүрген авторлар, кейіпкерлер, өнер иелері, жастар анықталып, «Жыл үздігі-2020» марапаты табысталды. 2021 жылы да журнал мазмұнына қарасақ, пандемия әсері байқалады. «Дағды» айдарымен пандемия кезіндегі сақтық шаралары туралы, әлеуметтік желіні қолдану машығы көтеріледі, сондай-ақ басылым беттерінде тарихи сараптамалық мақалалар көрініс табады. 2021 жыл – елімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аталып өткен айтулы жыл. «Ақ желкен» (авторы Асылан Тілеген) «Тәуелсіздіктің 30 белесі» деген тақырыппен 30 жылдағы айтулы оқиғаларды жұп-жұмыр қып бала тіліне лайықтап ұсыныпты. Бұл кезеңде журнал мұқабасы үшін суретші маман тақырыптық суреттер салып, безендіріп отырған.

Жаңа айдарлар

2021-2022 жылдары «Өзіңе сен», «Уақыт машинасы» айдарларымен қызықты мақалалар жазылып, стильдік ерекшелік енгізу арқылы балаларды, жасөспірімдерді қызықтыру, оқуға тарту, тарихқа үңілдіру, тұлғаларды танытуға қадам жасалғаны аңғарылады. Одан бөлек жас қаламгерлер шығармаларын жариялауға арналған «Дүбір» айдары, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің еңбектерін ұсынатын «Байғазы» айдары тұрақты шығарылып келеді. Бұл жылы комикстер де жариялана бастады.

«Соқпақтан – даңғыл» айдары дарынды балалармен сұқбатқа арналса, «Ақыл – жастан» айдарында жас жеткіншектер мақсаты, арманы, идеялары туралы өздері баян етеді. «Теңге – тиыннан» айдары қаржылық сауаттылық туралы мамандар кеңесін ұсынады. «Бұлт қой анау жылаған» айдарында жасөспірімдер жан сырын шертеді. «Кетігін тап» мамандық таңдау жолын нұсқайды. «Құдық қаздым инемен» ғылым-білімге үндейді.

Рухани мұра

«Менің әкем», «Замана», «Ақ желкеннің поштасынан» және балалар салған суреттерді оқырман назарына ұсынатын «Ақ желкеннің» сурет галереясы» айдарларын 20 жыл бойы үзілмей шығып келе жатқан рухани мұра деуге болады. Бұл айдарлар арқылы журнал мен оқырман арасындағы байланыс нығайып, жасөспірімдердің өз ойын хат арқылы жеткізу мәдениетіне үйренуіне мүмкіндік жасалған. Өмірдің түрлі сынағына мойымай, ерік-жігерімен өзгелерге үлгі болып жүрген жанның толғанысы көрініс табатын «Өмір – жалғыз» атты айдар қазір кеңейіп, ерік-жігер клубына ұласқан. Бұрыннан шығып келе жатқан «Ашылмай қалған аралдар» айдары 2023 жылдан бастап қайта жаңғырып, жаңа мазмұнмен толыққаны байқалады. Бұл бөлімнің кейіпкерлері – ғылым мен мәдениетке елеулі еңбек сіңірген, бірақ көпшілік біле бермейтін тұлғалар. Фототілші Дендербай Егізов пен картограф Молдияр Серікбаев сияқты қайраткерлер – есімі ел жадынан өше бастаған тұлғалар. «Қаламға серт» айдары шығармашылыққа өмірін арнаған азаматтарға арналған.

Шығармашылық клубтар және Instagram мен TikTok

2023 жылдан бастап журналда тақырыптық бағыттар бойынша арнайы шығармашылық клубтар жұмыс істей бастады. «Ақ парақ» – жасөспірімдердің психологиялық хал-күйін зерттеп, ішкі әлеміне үңілетін ойлы мақалалар клубы. Ал «Өзіңді сақта» айдары – жастарды денсаулығына мән беруге шақыратын танымдық кеңістік. «25-кадр» клубына кино талданып, өнер өрісі арқау болса, «Мұрағат» клубы тарих пен архивтануға қызығатын оқырманға арналған. Мұнда ескі деректерді жаңаша зерделеу арқылы ел шежіресін тануға мүмкіндік беріледі. «Тұңғыш чемпион» клубында түрлі спорт саласындағы алғашқы қазақ чемпиондарының өмір жолы мен жетістігі туралы жазылады. «Ұлттық жиын» клубы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай-дағы баяндамаларын жан-жақты қарастырады. Мәселен, 2023 жылы осы клуб аясында жасөспірімдер арасындағы суицид пен вандализм, лудомания тақырыбы кеңінен талданды.

Жақында жастар мен жасөспірімдерді ойлауға жетелейтін «Ми гимнастикасы» айдары ашылып, логикалық ойлау мен зейінге арналған ойын формасындағы сұрақтар ұсыныла бастады. Шолу барысында «Ақ желкеннің» әлеуметтік желідегі парақшаларына да көз жүгірттік. Балалардың басым бөлігі салмақты дүниелер оқуға қарағанда жеңіл, қысқа видеорилстар көруге ынталы екенін ескеріп, мазмұнды мақалаларды 45-50 секундтық видеоға сыйдырып, ықшамдап ұсыну тәжірибесі де қолға алыныпты. Балалардың пікір жазып, үнемі Instаgram, TikTok желілері арқылы хат жолдап жататыны бұл тәсілдің де қажеттігінің дәлелі. Құнды ақпараттарды жаңа буынның ақпаратты қабылдау тәсіліне бейімдеп, қарапайым, қысқа етіп беру де шеберлікті талап етеді. Әлеуметтік желілердегі aqjelken.magazine парақшасының жазылушыларының белсенділігіне қарап, оқырманды оқуға, ойлануға үндеуді мақсат тұтқан журнал бұл үдеден де шығып келеді деп ой түюге болады. Ең бастысы, аудиториямен диалог орната білген.

Басылымды түлеткен шығармашылық ұжым

2005-2025 жылдар аралығындағы «Ақ желкенге» шолу жасап шықтық. Бұл жылдар аралығында басылымда белгілі журналист, қаламгерлер Құл-Керім Елемес, Данияр Саламат, Сәкен Сыбанбай, Аягүл Мантай, Гүлжан Ахметжанқызы, Әсел Назаралы, Тоты Серікбайқызы, Нұрлан Құмар, Күнсая Ермекқызы, Нұрлан Жұмахан, Қуат Әуесбай, Алтынай Қабышева, Қуаныш Разақ, Бейбіт Тоқтарбай, Серікбол Хасан, Бекзат Смадияр, Қарлыға Ибрагимова, Қарлығаш Досанова, Жұлдыз Әбділда, Асылан Тілеген, Жандарбек Жұмағұл, корректор Күнімжан Ерлепесова, дизайнерлер Дария Талапова, Константин Барков, Айдос Кішібаев, фототілшілер Нұрқожа Жұбанов, Самат, Азамат Құсайыновтар, суретшілер Гүлжан Нұрмұханбетова, Мәдина Омарова жемісті еңбек еткен. Қазір Есей Жеңісұлы бастаған шығармашылық ұжым Балжан Мұратқызы, Айнұр Мұратова, Досхан Жылқыбай, Дәурен Түлкібай, корректор Үміт Жұмаділова және осы мен қарастырған 20 жыл уақыттан да бұрын басылымның ыстығы мен суығына тоңып, бірге жасасып келе жатқан дизайнер Жазира Мұсақызы журналдың сапалы шығуына аянбай тер төгіп келеді.

Түйін сөз

1925 жылы жарық көрген алғашқы журналымызды парақтап отырып, «Осы журналды қанша адам оқыды екен? Мазмұнды мақалалары қанша адамның ойына қозғау салып, қиялын шарықтатты екен?» деп ойлаған едім. Бүгін де сол алғашқы басылымымыз шыққан уақыттан тура бір ғасыр өткеннен кейін жарық көрген биылғы жылдың ең соңғы №4 нөмірін қолыма алып, көз жүгіртіп отырмын. Көзіме Досхан Жылқыбайдың «Топонимикалық отарлау» деген мақаласы түсті. Басын оқи бастап жатып-ақ, басқа әлемге сүңгіп кеттім. Қиялыммен Қорқыт бабамен бірге төрткүл әлемді кезіп, Жаңа Зеландия, Норвегия одан әрі Америка құрлығын асып, арман жетегімен біраз жоспар құрып тастадым. Әріптесімнің жазуына сүйсініп, осындай дүниелерді оқыған балаларымыз бақытты ғой деп мәз болдым. «Алыстағы жақыным» айдарындағы Димаштың концертін өткізсек дейтін чилилік Андреа Луенгоның армандары, Димаш арқылы елімізбен танысып, аяғында Қазақстанға ғашық болған оқиғасы жүрегімді елжіретті. «Ақ желкеннің» поштасынан» айдарындағы оқырмандарымыздың бүкпесіз сырлары толқытты. Бүлдіршіндерді жаманнан жиренуге, жақсыдан үйренуге үндеген әріптестерімнің әр жазбасын жай оқып өте шығу қиянат секілді көрінді. «Ақ желкенді» оқитын бақытты балаларымыз көп болсыншы!

Ұлттық кітапхананың оқу залында отырып, осылайша кейінгі 20 жылда шыққан 240 журналды парақтап, 100 жылда жас жеткіншектердің әлденеше буынының бағдаршамына айналған «Ақ желкен» қазақ балаларының тарихы, жүріп өткен жолы, шежіресі екеніне тағы бір көз жеткіздім.

Журнал редакторлары: 
2002-2011 жж.( №5 санына дейін) – Нұрғали Ораз
2011-2013 жж. (№10 санына дейін) – Жүсіпбек Қорғасбек
2013-2015 жж. (№8 санына дейін) – Жадыра Нармаханова
2015-2021 жж. (№2 санына дейін) – Балжан Мұратқызы
2021 жылдың ақпан айынан бастап – Есей Жеңісұлы

Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2025

951 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы