- АҚ ЖЕЛКЕН
- 26 Маусым, 2025
Ғасыр жасаған бозбала

Қазақ балалары мен жасөспiрiмдерiнiң сүйiктi журналына айналған Aq jelken 100 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада басылымның ғасырлық мерейтойына арналған ғылыми конференция өтіп, балалар журналының кешегiсi мен бүгiнгiсiнен сыр шертiлді. Басылым қазақ баласының рухани әлемін қалыптастыруға күш салып, санасына сәуле шашқан, арманына желкен болған үлкен мәдени, әдеби мектепке айналды. Aq jelken әр заманда өскелең ұрпақ үшін сүйікті журнал ғана емес, сырлас дос, ақылшы серік, әрі рухани ұстазы бола білді.
Ғылыми конференцияда Aq jelken-де әр жылдары қызмет атқарған ардагерлер, әр кезеңде бас редактор болған тұлғалар бас қосты. Журналдың әр жылдардағы тігінділері қойылып, тарихи сәттерден сыр шертетін қызықты көрме ұйымдастырылды. 1925 жылдан бері жарық көріп келе жатқан журнал кеңес дәуірінің өзінде-ақ қазақ тіліндегі балалар басылымы ретінде жасөспірімдерге ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды сіңіруде зор рөл атқарған. Журнал тарихында Ерғали Алдоңғаров, Рамазан Амангелдин, Төкен Әбдірахманов, Серік Қирабаев, Фариза Оңғарсынова, Мағира Қожахметова және Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек сынды қазақ руханиятының көрнекті өкілдері бас редактор болды.
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ақ желкен» журналының 1996-2002 жылдардағы бас редакторы Мағира Қожахметова, белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналдың 2002-2011 жылдардағы бас редакторы Нұрғали Ораз және ардагер журналистер, қоғам қайраткерлері мен жазушылар, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында Қ.Ысқақов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің Aq jelken журналының 100 жылдық мерейтойына арналған құттықтауын оқып берді. Бір күн бұрын, Ana tili апталығының 35 жылдық мерейтойы аясында журналымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы құттықтап, хат жолдаған болатын. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның және басқа да көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлерінің құттықтаулары бұл күні редакцияға ағылып келіп жатты.
Тұлғалар түлеп ұшқан ұя
Aq jelken – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің небір көрнекті өкілдерінің алғашқы туындыларын жариялап, шығармашылық жолын бастаған киелі орта болды. Жүз жылдық ғұмырында журналда Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Дихан Әбілов, Ғали Орманов, Сапарғали Бегалин, Қасым Аманжолов, Баубек Бұлқышев, Бердібек Соқпақбаев, Қадыр Мырза Әлі және өзге де қабырғалы қаламгерлер тұрақты автор болып, алғашқы жинақтары жарық көрген. Журнал бетінде жарқ етіп көрінген жас дарындар кейін қазақ руханиятының іргетасын қалаушылардың қатарына қосылды. Мағира Қожахметова, Әшірбек Көпіш, Нұрғали Ораз сынды қаламгерлер Aq jelken-де қызмет істеген жылдарын сағына еске алып, басылымның ұлт тарихындағы орнына қатысты ой толғады.
– Осы жерде айтылмаған бір тың дүниені айтайын. 1994 жылдан 1998 жылға дейін Aq jelken-нің орыс тіліндегі «Ай» қосымшасын шығардық. Бұл үлкен жаңалық болды. Қосымшада Едіге Тұрсынов, Қайрат Жаңабаев, Жанна Ойшыбаева, Стелла Ахмурзина сияқты қаламгерлерге арнайы тапсырыс беріп, қазақтың этнографиясын, музыкасын зерттеп, эпостық жырларын жарияладық. Aq jelken-нің «Ай» қосымшасын шетелдік студенттер іздеп жүріп оқитын. Шыны керек, «Ақ желкенге» қарыздармын. Өйткені ойыма келген идеяның барлығына тәжірибе жасап, іске асырдым, – деді М.Қожахметова.
Расында, Aq jelken өз дәуірімен ерекше үндесіп, заманауи тақырыптарды қамтып, оқырманын тәрбиелеуден жаңылған емес. Журнал тек әдеби шығармалармен шектелмей, ғылым мен техника, экология мен патриоттық тәрбие, ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтарды сабақтастыра отырып, бүгінгі баланың көкейіндегі сұрақтарға жауап іздейді. Жасөспірімдердің ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылыққа баулитын арнайы айдарлар мен жобалар – соның айғағы. Aq jelken журналының 2002-2010 жылдар аралығындағы бас редакторы болған белгілі жазушы Нұрғали Ораздың пікірі осындай.
– Қазақ баспасөзінің тарихында 100 жылдығын атап өтіп жатқан басылымдар өте аз. Бұл – қазақ даласына басылымдар алғаш тарай бастаған кезде дүниеге келген журнал. Сол үшін Алаш арыстарына алғыс айтуымыз керек. Алғашқы журналдардың бірі болғандықтан, М.Әуезовтің, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің шығармалары осы журналда жарияланған. Сондықтан журналдың тарихи маңызы өте зор. Aq jelken балалық шақ пен үлкен өмірді байланыстырып тұрған алтын көпір сияқты. Себебі, жоғары сыныптағы оқушылар мамандығын таңдай бастайды, алдағы өмір жолына ойланып қарай бастайды. Ең бастысы, негізгі рухани нәрді, қуатты осы жоғары сыныпта алады. Осы тұрғыдан келгенде журналдың жасөспірімдер үшін маңызы зор. Aq jelken – балаларға үлкен өмір туралы айтатын, дос сияқты сырласатын, жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттайтын журнал. Журналдың басты міндеттерінің бірі – жастарға тәрбие беру. Тәрбиелі, ұлттық рухымыздың уызына жарыған жастар Aq jelken оқырмандары арасынан шығады деген сенімдемін, – дейді Н.Ораз.
Жүзжылдық тарихы – кітап бетінде
Дүбірлі жиындағы ерекше сәттердің бірі – Aq jelken журналының 100 жылдық мерейтойына арналып шығарылған кітаптың тұсаукесері. Жинақты дайындау барысында редакция қызметкерлері мұрағаттарды ақтара отырып, бүгінде танымал тұлғаларға айналған қаламгерлердің алғашқы әңгімелерін, өлеңдерін тапты, тіпті журнал тарихына қатысты кейбір нақтыланбаған деректерді де анықтады. Сондай-ақ жаңа кітапта журнал тарихындағы түрлі кезеңдерге шолу жасалып, басылым қызметкерлері қазақ балаларының қандай тақырыптарға қызыққанын анықтады. «Aq jelken-100» деп аталатын жинақта 1925 жылы Ерғали Алдоңғаров жазған алғы сөзден бастап, қазіргі оқырмандар тұшына оқып жүрген материалдар да бар. Алдағы уақытта бұл кітап тағы толықтырылып, редакция қонақтарына, жас тілшілерге, журнал тарихына қызығатын зерттеушілерге, байқау жеңімпаздарына сыйлық ретінде ұсынылады.
Шынында да жүз жылдық жылнама оқырманға түрлі дәуірлер тынысын сездіреді. Оқырмандарымыздан сүйінші сұрап жеткізген, бұған дейін ғылыми және әдеби ортаға бейтаныс болған Ж.Аймауытұлының «Пионерде» 1925 жылы басылған әңгімесі де, Абай ұрпақтарының естелігі де, тіпті Алаш арыстарының анкеталық жауаптары да осы кітапқа жинастырылды. Халық артисі Бибігүл Төлегенованың сыр-сұқбаты, Жамбыл Жабайұлының соғыс қарсаңындағы сұқбаты, айта берсеңіз, жаңа кітапта оқырман қызыға оқитын құнды материалдар өте көп.
Сапта – жаңа жас тілшілер
Журнал мерейтойында балалар да назардан тыс қалған жоқ. Басылымның тұрақты авторы, астаналық 5-сынып оқушысы Нұрасыл Сахиге «Жас тілші» куәлігін «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, академик Д.Қамзабекұлы салтанатты түрде тапсырды. Нұрасыл осы жиынға анасы Жаннұрмен бірге арнайы келіп, қонақтар алдында Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындап берді. Басылым бетінде жеке айдар жүргізіп, түрлі тақырыптарға қалам үйрете бастаған Нұрасыл алдағы уақытта да шығармашылық қуатын балалар басылымдарында көрсете бермек. Сондай-ақ Ақжүніс Ілгербай, Гүлбақыт Іздібай сынды жаңа жас тілшілер жиынға қатыса алмағандықтан, олардың куәліктері кейінірек жеке тапсырылатын болды.
Aq jelken журналы бірнеше жылдан бері түрлі байқаулар ұйымдастырып келеді. 100 жылдық мерейтой аясында 2024 жылы ұйымдастырылған «Қазақтың нар тұлғалары» викторинасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де өткізілді. Батыс Қазақстан облысында тұратын жеңімпаз Сәбина Тұрғанбековаға тиесілі марапат қағазын, ноутбукті және арнайы кітаптарды редакция қызметкерлері өкілге сеніммен тапсырды. Тағы бес жеңімпаз сыйлықтарын редакциядан алады.
Журнал халықаралық кеңістікте
Оқырмандарымыздың есінде болса, өткен жылы біз Түркияда Aq jelken-нің тарихын, балаларға арналған қазақ тіліндегі өлеңдер мен әңгімелерді зерттеп, ғылыми еңбек жазып жүрген жас ғалым Балсан Мәдімен сұқбат ұйымдастырған едік. Конференция барысында Балсан осы зерттеуді бастауға қандай жайт түрткі болғанын айтып, түркі әлемінде балалар басылымдарына қызығушылық зор екенін жеткізді. Түрік ғалымдары Нергиз Бирай және Сонер Сағлам конференцияға қатысушылармен онлайн байланысқа шығып, Aq jelken жалпы түркі әлемінде балаларға арналған алғашқы журналдардың бірі екенін сүйсіне жеткізді. Олардың ғасыр тарихы бар басылымға тілеген тілектеріне біз де ырза болдық.
Еңбектің еленгені керемет!
Конференция барысында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарайтын, мерейтойлары тұспа-тұс келген төрт басылымның қызметкерлерін салалық марапаттармен марапаттады. Aq jelken журналында 30 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан беттеуші-дизайнер Жазира Жағыпарова және корректор Үміт Жұмаділова бұл күні «Ақпарат саласының үздігі» атанды. Ал жауапты хатшы, жазушы Досхан Жылқыбай Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасын иеленді. Жанкешті еңбегімен балалар басылымдарының жарқырай көрінуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген әріптестерімізді біз де қызу құттықтаймыз. Тілші Айнұр Мұратова «Қазақ газеттері» серіктестігі Бас директорының алғыс хатын алды, ал бас редактордың орынбасары Балжан Мұратқызы мен тілші Дәурен Түлкібай өздері түлеп ұшқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ерен еңбегі үшін» медальдарына ие болды.
Aq jelken – журнал ғана емес, қазақ баласының рухани кемесі. Жүз жыл бойы бала көңілін алға жетелеген, арманын болашақпен ұластырған басылым енді келесі ғасыр сапарына шықты. Ұлттық баспасөз тарихында өшпес із қалдырған Aq jelken ертеңге бағыт алған бала арманының желкені бола бермек. Ақ желкеніміз өмір айдынында алысқа бастай берсін!
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2025

946 рет
көрсетілді0
пікір