• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Маусым, 2025

Жыныстық тәрбие үгіт емес

Қазақ қоғамында «бетті басып, тұра қашатын» бір тақырып болса, ол – жыныстық сауаттылық. Жылдар бойы қалыптасқан таптаурын түсініктің зардабын бүгінгі күні де тартып келеміз. Себебі, статистика көрсеткендей, кәмелеттік жасқа жетпей отбасын құру және бала туу, түсік жасату көбейген. Одан бөлек жыныстық қатынас арқылы жұғатын түрлі ауруға ұшырағандардың арасында жасөспірімдер аз емес. 
«Қазақстанның отбасылық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастығы» (ҚМПА) қоғамдық ұйымының атқарушы директоры, акушер-гинеколог, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Галина Гребенникова – осы тақырыппен тұрақты айналысып жүрген маман. «ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы мәліметі бойынша, жасөспірімдер арасында 1600-ден астам босану тіркелсе, 616 кәмелетке толмаған қыз бала жүктілікке байланысты ерте некеге отырған» дейді ол. Біз Галина Александрқызына осы мәселеге байланысты сауалдар қойдық.

– Галина Александрқызы, жыныстық сауаттылық дегеніміз не? Бұл ұғым қандай аспектілерді қамтиды?

– Жыныстық сауаттылық – өмірлік дағдыларға негізделген кешенді білім беру жүйесі. Ол жасөспірімдер мен жастарға репродуктивтік денсаулықты сақтау, сау қарым-қатынастар орнату және жеке шекараны тану мәселелерін түсінуге қажет ақпарат, білім мен дағдыларды жүйелі әрі мақсатты түрде ұсынуға бағытталған. Мұндай білім берудің мақсаты – жастарға саналы шешім қабылдауға көмектесу, денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оқыту тәсілі жасөспірім шақтағы дене бітімінің өзгерістері мен репродуктивтік жүйені түсінуден басталады. Қыз балалар үшін етеккірдің не екенін және оның қай кезде басталатынын білу өте маңызды.

Жасөспірімдік кезең – сынақтар мен қателіктер уақыты, сондықтан адамның жыныстық болмысы, эмоциялары мен сезімдері туралы, сондай-ақ жүктіліктің алдын алу мен контрацепция туралы физиологиялық және психологиялық білім қажет. Сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ), ВИЧ пен гепатиттердің алдын алу туралы ақпарат та маңызды. Әсіресе жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, қарым-қатынас әдебі, өзін және серігін құрметтеу, келісім, шекара ұғымдары мен өз іс-әрекетіне жауапкершілік мәселелеріне баса назар аударылады. Жеке қолсұғылмаушылық құқығы, келісім, жас ерекшеліктері, құпиялылық, зорлық-зомбылықтың және қудалаудың алдын алу сынды тақырыптар да талқыланады.

– Бұл тақырып Қазақстанда соңғы уақытта неге сонша өзекті болып кетті?

– Қазақстанда әлі күнге дейін жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен ерте некелер мәселесі өткір болып тұр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы мәліметі бойынша, жасөспірімдер арасында 1600-ден астам босану тіркелсе, 616 кәмелетке толмаған қыз бала жүктілікке байланысты ерте некеге отырған. Бұл жағдайлар көбіне қауіпсіз репродуктивтік мінез-құлық туралы білімнің тапшылығынан туындайды, себебі, мектептерде бұл тақырыптар қозғала бермейді. Көптеген жасөспірім ақпаратты күмәнді көздерден, яғни интернет, өсек, порнографиядан алады. Елде ВИЧ пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жағдайларының артуы байқалуда, бұл халықтың ВИЧ туралы және оның алдын алу жолдары жайлы білімінің төмендігін көрсетеді. Осы айтылған мәселелерге қарамастан, жыныстық сауаттылық тақырыбы елімізде әлі де жабық, тыйым салынған тақырып саналады. Ата-аналар мен мұғалімдер көбіне бұл жөнінде әңгіме қозғауға қиналады, себебі, олардың жасөспірімдермен ашық сөйлесуге қажет білім мен дағдысы жетіспейді. Бұл біз жүргізген зерттеу нәтижелерінен де белгілі болды: мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбиені енгізуге қатысты білім, көзқарас пен кедергілерді анықтау мақсатындағы сауалнамаға сәйкес, ата-аналардың 57%-ы «мектеп бағдарламасында жыныстық тәрбие болуы керек» десе, мұғалімдердің 74%-ы өмірлік дағдыларды үйретуді қолдайды. Бірақ педагогтердің 68%-ы жасөспірімдермен конструктивті әңгіме құруға білімдері мен дағдылары жетпейтінін мойындады. Ең бастысы, жыныстық тәрбие үгіт емес, ол – ақпарат, құрмет, қауіпсіздік және жеке таңдау мәселесі. Балалар мен жасөспірімдердің өз денесі, салауатты қарым-қатынас пен өзін қорғау жолдары туралы білуге құқығы бар. Дұрыс жыныстық тәрбие сенімге, ғылыми негізге және жас ерекшеліктеріне құрметке сүйеніп жүргізілуі керек.

– Бүгінде Қазақстанда осы мәселеге байланысты не істеліп жатыр және не жетіспейді?

– Қазақстанда бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдар мен белсенділердің бастамалары, онлайн курстар бар. ҚМПА колледждер мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған жыныстық-этикалық тәрбие бойынша бейресми оқыту жүргізіп келеді. Біздің сарапшылар – UNFPA кеңесшілері және олардың қатысуымен өмірлік дағдыларға негізделген кешенді білім беру құралдары дайындалып, колледждерде енгізіліп жатыр, мұғалімдерге арналған оқыту бағдарламалары жүргізіліп келеді. Алайда бұл жеткіліксіз, болашақ мұғалімдерді ЖОО қабырғасында дайындайтын жүйелі тәсіл қажет.

Екінші жыл қатарынан репродуктивтік денсаулық апталығы ұйымдастырылып келеді. Бұл ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өтуде. Мақсат – халықты репродуктивтік денсаулық, инфекциялардың алдын алу, отбасын жоспарлау және жауапты ата-аналық мәдениетін қалыптастыру жөнінде ақпараттандыру. Ерекше назар жастарға, репродуктивті жастағы әйелдер мен ерлерге және ата-аналар қауымдастығына аударылады. Қазақстандағы жыныстық сауаттылық жай ғана өзекті мәселе ғана емес, жастардың денсаулығы мен құқықтарын қорғау үшін аса қажетті қадам. Алайда ол нәзік, мәдени ерекшеліктерді ескеретін тәсілді, сондай-ақ мемлекет, ата-аналар мен білім беру жүйесінің белсенді қолдауын талап етеді.

– Бұл мәселеде ата-ананың рөлі зор. Кейбір отбасылар бұл тақырыпты ұялғанынан жауып қойған. Маман ретінде тағы да бір айтсаңыз, осы тақырыпта балаларымен әңгімені қай жастан бастап, қалай жүргізуі керек?

– Көп жағдайда әңгіме бастамашысы – баланың өзі. Сондықтан бұл тақырыпқа байланысты әңгіме мүмкіндігінше ертерек басталып, баланың өсуімен бірге жас ерекшеліктеріне сай жалғасуы керек. Бұл бір ғана «үлкен, маңызды әңгіме» емес, сенімге негізделген жүйелі әрі ашық диалогтар тізбегі болуы тиіс.

Ата-аналарға арналған мынандай кеңестер ұсынамын:
Ерте бастаңыз:
Бала сұрамай-ақ немесе сенімсіз дереккөздерден (мысалы, интернеттен) ақпарат алмай тұрып әңгіме бастаған жөн.
Ашық әрі шынайы болыңыз: Барлық сұрақтарға баланың жасына сай, нақты және адал жауап беріңіз. Қиялға жол бермеңіз.
Дұрыс терминология қолданыңыз: Дене мүшелері мен физиологиялық үдерістердің нақты атауын айтыңыз. Олардың ешқайсысы ұят нәрсе емес.
Сенімді атмосфера жасаңыз: Бала кез келген сұрағымен сізге еркін келе алатындай сенім болуы шарт.

Бір ғана үлкен әңгімемен шектелмеңіз: Жыныстық тәрбие – үздіксіз үдеріс.
Үзілістерден қорықпаңыз: Егер сұраққа бірден жауап бере алмасаңыз, «мен ойланып, кейін жауап беремін» деңіз. Ең бастысы, әңгімені кейін жалғастырыңыз.
Кітаптар мен ресурстарды қолданыңыз: Бұл тақырыпта балаларға арналған пайдалы кітаптар мен материалдар бар.
Жеке үлгіңіз маңызды: Ата-аналардың өзара қарым-қатынасы, өз денесіне деген көзқарасы, жыныс пен қарым-қатынас тақырыбына деген қатынасы бала көзқарасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

– Жыныстық сауат-тылықты мектеп бағдарламасына енгізудің қандай артықшылықтары бар?

– Өмірлік дағдыларға негізделген кешенді білім беру мектеп бағдарламасына енгізілсе, ол оқушылардың өзіне ғана емес, қоғамға да үлкен пайда әкеледі. Әлемдік тәжірибе мен зерттеулер бұл тәсілдің тиімділігін дәлелдеді: жыныстық қатынасты кеш бастау, жасөспірімдер арасындағы жүктілікті азайту, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен ВИЧ-тің таралуын төмендету, салауатты қарым-қатынас пен коммуникациялық дағдыларды қалыптастыру, зорлық-зомбылық пен қанаудан қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту ешқашан жамандыққа әкелмейді.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2025

940 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы