- АҚ ЖЕЛКЕН
- 21 Тамыз, 2025
Көк торғай саңғып кеткен жер...
Ауылыңызды Google картадан іздеп көрдіңіз бе? Оғаш ештеңе көрінбеді ме? Онда сіздің ауылдың жастарының мәдениеті жоғары екен. Неге дейсіз бе? Қазір бәрін баян етемін...
Ескі аялдаманың қабырғасы
Әрбір ауылды үлкен жолдың бойында орналасады деп ойласақ, сол жолдың бойында аялдама болатын. Үлкен жол жанай өтетін менің де ауылымның тұсында ескі аялдама бар. Жақында елге барғанда оның қабырғасының тап-таза болып тұрғанына таңғалдым. Байқасам, жөндеу жұмыстары жақын арада жасалмаған. Бұл қалай болғаны?
Естеріңізде ме, ешкім тұрмайтын үй, ескі гараждың немесе осындай аялдаманың қабырғасы ауылдың бейресми хабарландыру тақтасына айналып кететін еді ғой. Қаладан таң ата жететін автобустан түсіп алып, мен де аялдама қабырғасына қарап ұзақ тұратынмын. Ол жерден ауылдың қазіргі атаманы, оның кіммен жауласып жүргені, қайбір жігіт пен қайбір қыздың махаббат хикаясын бастан өткеріп жүргені деген секілді не түрлі ақпаратты білуге болатын. Қазір ауыл көшесіндегі мәселелерді қай жылғы жігіттер шешіп жатқаны, олардың ұйымының аты не екенін, қай жігіт «тірліктен» тыс жүргенін де аңғарып, іні-бауырларымнан кеңейтіп сұрап алатын едім ғой. Бұл жолы қабырға тап-таза, аппақ парақтай болып күтіп алды мені. Суретшінің ақ кенебіндей болып тұрған қабырғаға қарап тұрып өзімнің қолым қышып, айналамнан үшкір тас па, темір ме... бірдеңе іздеп кетуге шақ қалдым.
Сөмкемді асынып, ылдида отырған ауылға асықпай түсіп келемін. Ауылымның жастарының мәдениетінің өскеніне бір жағынан қуанып, бір жағынан бұрынғы қабырғаға жазған жазуларыма ұяла бастадым іштей. Жастардың қулық-сұмдығынан хабары жоқ аңқылдақ көңілім-ай деңізші. Ауылдың мұндай хабарлар тақтасы да заман талабына қарай өзгеріп, цифрланып кетіпті ғой...
Цифрлық бейресми хабарлар тақтасы
Биыл 10-сынып оқитын інім екеуіміз көл жағасына кетіп барамыз. Мен көліктің рөлінде, ол жанымда телефонына үңіліп келеді. Арасында күліп, кейде боқтанып қояды. Көлге түсетін үйреншікті жерге жетіп, көлікті тоқтатқалы жатыр едім:
– Аға, бұл жерге шомылмай-ақ қояйықшы, – дей қалды.
– Балдыры аз, таза жері осы ғой. Түсе берейік, – деп ем:
– Ой, аға, бұл жерге көрші ауылдың балалары келген алдында. Солар әбден бүлдіріп кетіпті, – деді.
– Бұл жердің басына үй жоқ, басқа жоқ, не бүлдіретіні бар? – деп едім қолындағы телефонын көрсетті. Қарасам Google карта екен. Жақындатсам тура біз тұрған жер: «Пәлен (көрші ауылдың аты) ауылының балалары т***п (үлкен дәретке отырып) кеткен жер» деп белгіленіп тұр. Ініме қарап едім:
– Қазір екі ауылдың жігіттері осы картамен жауласып жүр. Бір-біріміздің ауылымыздың үстін, кейбір жігіттердің үйін осылай белгілеп кетеміз. Олар біздің ауылға келіп бір жерді бүлдіреді. Біз оларға барып бір нәрсесін бүлдіреміз. Сосын сол жерді картадан белгілеп жазып кетеміз.
– Төбелеспейсіңдер ме сонда? – деппін қапелімде аузыма басқа сөз түспей. Інім өзіміздің әулеттің мақтаншақтығына салып:
– Өй, төбелесуге келсе өзім-ақ... – деді.
Сонымен қойшы, өзіміз үйреніскен жерге шомылып қайттық қой. Бірақ туған жеріңе қасиеттің көзінен тамған жастай болған жалғыз көлге үлкен дәрет сындырған мына оқиға, әлгі жазба қатты батты. Шындап келгенде сол бүлдіріп кеткен жігіттердің өздері осы көлге келіп қайта шомылмайды дейсіз бе?!
Кештетіп әлгі жазбаны өшіру үшін Google карта қызметіне шағым түсіріп, жазба жазуға кірістім. Ауылды картадан тауып алып, іздеп отырғаным сол еді, көзіме бұрынғы аялдама қабырғасындағыдай жазулар жылы ұшырай берді ғой. Сонымен, оқи бастадым...
«Пәленше мен түгенше төбелескен жер», «Пәлен қыздың үйткен жері», «Түген жігіттің бүйткен жері», «Пәленшенің кіші дәрет сындырған жері», «Түгеншенің құсқан жері» деген секілді белгіленген жер көп екен. Баяғы аялдамаға жазушылар үлкендер бар, автобус күтіп тұрған кісілер көруі мүмкін-ау деп ұялатын еді. Мұнда аноним болғандықтан, «шығармашылық еркіндікке» барынша ерік берген екен. Мына картаны қарап отырып, тұтас ауылдың айналасы нәжіс сасып кеткен дерсіз...
Ал қыздардың арына тиетін сөздерден тіпті жүрегің айниды. Олардың үйлері белгіленген жерлердің көбін білемін ғой. Бірі қарындас, бірі әпке деген секілді. Бұдан гөрі екі ауыл жігіттерінің жұдырықтасқаны абзалырақ па еді деген ойлар еріксіз мазалайды. Бір біздің ауыл емес, еліміздің көп елдімекеніндегі жазбалар легі осындай. Қалаларда да мұндай бейәдеп сөздермен белгіленген орындар жетіп артылады. Және бұл мен ойлағандай жай ғана мәдениеттің төмендігінен болып жатқан нәрсе емес. Өйткені мәдениеті жоғары деген елдерде де осыған ұқсас жағдайлар жетіп артылады. Қазіргі әлеуметтанушылар бұл феноменге «кибервандализм» деген атау беріп жүр.
Кибервандализмнің белгілері
Цифрлық карталар алғашында тек бағыт-бағдар көрсету үшін жасалған болатын. Алайда уақыт өте келе олар қолданушылардың өз ойы мен эмоциясын білдіретін әлеуметтік кеңістікке айналды. Бұл кеңістікте кейбіреулер жарнама қалдырса, енді бірі бейәдеп тіркестер жазуды әдетке айналдырған. Мәселен, АҚШ-та Google Maps-те полиция бөлімшесін «Pig HQ» (Шошқалар штабы) деп белгілегендер болған. Бұл – мазақ қана емес, аноним түрде наразылық білдірудің түрі. Жапониядағы жастар тобы ғибадатханалар маңын – «Сүйісу нүктесі», ал Бразилияда кейбір карталарда қоғамдық дәретханалар саяси қарсыластардың атымен белгіленген жағдайлар кездеседі.
Мәскеудегі әкімшілік мекемелер мен полиция бөлімшелерін қолданушылар әдейі бейресми, мазақы атаулармен өзгертіп отырған жағдайлар да бірнеше мәрте тіркелді. Индонезия, Бразилия, Түркия сияқты елдерде де Google картасына саяси тұлғаларды келекелеу немесе белгілі мекендерді балағаттаған атаулармен белгілеу оқиғасы бірнеше мәрте қайталанған. Аталған мемлекеттердің көбі бұл жағдайға бей-жай қараса, Германия және Кореяда карталарды бұрмалау – қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде қарастырылады екен. Еліміздегі жағдайды алдыңғы сөзімізде айтып өттік. Жалпы бейәдеп атауларды жастар жазады деп болжап жүрміз. Бірақ олардың нақты аты-жөндері және жас ерекшеліктері анықталған жоқ.
Жалпы, бұл құбылысты кибервандализм немесе цифрлық вандализм деп атауға болады. Ал оның астарында не жатуы мүмкін:
- Бақылаудан тыс, «бос кеңістік» санаған аумақтарға саналы түрде «цифрлық қоқыс» тастау;
- Бір жағынан, картаны өз еркімен өзгерткісі келген, сол арқылы «із қалдырғысы» келген адамның ісі;
- Екінші жағынан, қоғамдық мәдениетті әдейі бұзу немесе қарсыласына кекесін көрсету;
- Жай әзіл үшін жазылған дүниелер.
Елімізде мемлекеттік мекемелерді бейәдеп сөздермен белгілеу әлі байқалған жоқ. Оның үстіне үлкен қалалардың орталықтары мұндай «орындардан» таза. Яғни кибервандализм элементтері көбіне қаланың шеткі аудандары мен ауылдар маңынан байқалады. Бұл нәрсенің астарына, себептеріне келесі бөлімдерде тоқталайық. Әзірге цифрлық вандализмнің не екенін оқып алыңыз.
Кибервандализм деген не?
Кибервандализм – ақпараттық кеңістікті (сайт, карта, әлеуметтік желі, т.б.) қасақана бұзу, бүлдіру, мазмұнын өзгерту немесе арандату мақсатында қолдану әрекеті. Бұл термин интернет мәдениеті пайда болған сәттен бері қалыптасқан. Бастапқыда бұзылған сайт беттері, дефейс әрекеттері осы қатарға жатса, енді бұл құбылыс цифрлық карталарға, тіпті виртуал шындыққа дейін енді.
Картаға бейәдеп белгілер қою – осы кибервандализмнің ең алғашқы сатысы. Бұл сатылы түрде дамиды:
- Әуелде мазақ, күлкі ретінде басталады;
- Кейін жеке адамдарға шабуыл жасауға (doxing, bullying);
- Ақпараттық шабуылдарға;
- Ақырында саяси немесе идеологиялық арандатуға ұласуы мүмкін.
Психологиялық және әлеуметтік фактор да бар
Көпшілік мұндай әрекеттерді тәрбиесіздік пен мәдениеттің төмендігі деп қана түсінеді. Бірақ мұның астарында психологиялық және әлеуметтік себептер де жатуы ықтимал.
Буллинг пен шеттетілу. Кейбір жастар өз ортасында еленбеген соң, осындай әрекетпен «көрінгісі» келеді.
Ішкі агрессия. Жасырын күйдегі ренішті қоғамға бағыттау.
Психикалық ауытқу. Обсессивті немесе антисоциал мінез үлгілері бар тұлғаларда көрінеді.
Топтық әсер. Желідегі «челлендждер» немесе трендтер.
Цензураланған қоғамдағы «аноним еркіндік». Пікір айтуға мүмкіндік болмаған жерде адамдар кекесін мен анайылық арқылы өз орнын көрсеткісі келеді.
Қазақстан және мұның соңы неге соғады?
Картадағы бұл әрекет жай ғана әзіл көрінеді. Бірақ ол жалғаса берсе, қала бейнесі бұзылып, туристер мен шетелдіктер үшін Google Maps сенімсіз ақпарат көзіне айналуы ықтимал. Цифрлық ортада мәдениетсіздік қалыптасып, ақыр соңында оның соңы шынайы өмірдегі вандализмге ұласады. Еліміздің картасындағы вандалдық негізінде жасалып белгіленген орындардың көбі жеке кек пен мазақ, әзіл айналасында екені анық байқалады. Бұлай деуімізге қала орталығындағы белгілердің аздығын, мемлекеттік мекемелердің анайы сөздермен белгіленбегенін алға тарта аламыз. Яғни біздің жастар бойында қоғамға деген ашу-ыза аз. Бұл жақсылықтың белгісі болғанымен, мәдениеттің төмендігі жамандықтан да хабар береді.
Ауылға оралсам... Ауылымыздың айналасында картаға түспеген қаншама орын бар ғой. Шошақтөбе, Оңғартөбе, Ақтөбе, Науанарық, Елеусіздің диірмені, Басбұлақ... Міне, бұл орындардың ешбірі Google Maps-та бейнеленбеген. Еліміздегі ешбір ауылдың маңайынан белгіленген мұндай жерлерді көргем жоқ. Құрметті оқырман, сіздің туған жеріңізге деген махаббатыңыздың белгісі болсын, ауылыңыздың айналасында белгіленген бейәдеп атауларға шағым түсіріп, белгілі географиялық орындарды бүгіннен қалдырмай белгілеп кетіңізші.
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2025
1362 рет
көрсетілді0
пікір