• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 26 Тамыз, 2025

Әке жолы

Бұған дейін біз қазақтан шыққан спорт, өнер салаларындағы танымал әкелер мен балалар туралы жазған едік. Бұл жолы ғылым мен білім саласындағы өнегелі әкелі-балалы тұлғалар жайлы әңгіме қозғамақпыз. Дәл қай жылы екені есімде жоқ, мектепте оқып жүрген кезімде «Ғалымдардың балалары қандай болады екен?» деп ойлағаным бар. «Үйіндегі сөре толы кітапты күні бойы бас алмай оқитын шығар…» деп алдына қалың кітапты өңгеріп, шұқшиып отырған көзілдірікті, тап-тұйнақтай баланы елестетіп, тіпті, сол баланың орнында мен болсам ғой деп армандап, қызыққан сәттерім аз болмаған. Кейін қазақ ауыз әдебиетін зерттеп, ұлтына өлшеусіз еңбек сіңірген ғалым, әйгілі әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері Рахманқұл Бердібаевтың қызы Айжан Бердібайдың естелігін оқып, бала қиялымның шындықтан тым алыс кетпегенін білдім. Рахманқұл Бердібаевтың ғылымға төккен тері бір бөлек, М.Әуезов мұражай үйінде 35 жыл бойы Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін басқарып, қоғамдық негізде ұлт тарихы мен мәдениеті тақырыбында 500 дәріс өткізгені таңдай қағарлық еңбек. Ғұмырын ұлтының әдебиетін, мәдениетін зерттеуге арнаған ғалымның қазір балалары қайда, қай салада еңбек етіп жүр? Ғалымның қызы Құрманғазы атындағы Қазақ  ұлттық консерваториясының доценті, «Музыкатану және композиция»  кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Айжан Рахманқұлқызына хабарластым.

Әкемнің кітапханасы

– Біз ес білгелі бері әкеміз үнемі жазу үстелінде бір нәрсе жазып немесе кітап, газет-журнал оқып отыратынын көретінбіз. Әкемнің бейнесі арқылы адамның қоғамдық өмірдегі орны, оның жеңіске жетуі, бірінші кезекте, қажырлы еңбегіне, кейін дарыны мен сәттілікке де байланысты екенін түсіндік. Сонымен қатар, әкеміздің өмірдегі өз орнын табуына бала жастан ауыз әдебиеті мен музыка мұрасына құштарлығы, сол арқылы ұлттық мүддеге деген сүйіспеншілігі үлкен әсерін тигізгені анық. Кеңес дәуірінде «пошта арқылы кітап жеткізу жүйесі» жақсы жұмыс істеді. Сол арқылы талай сирек кітаптар келіп жатты. Жолсапардан да әкеміз үнемі кітаппен оралатын.Үйдегі көркем әдебиеттер қоры да айтарлықтай үлкен болды. Мұның бір бөлігін әкеміз кейін әртүрлі мектептер (оның ішінде өзім оқыған А.Жұбанов атындағы республикалық  арнайы музыкалық мектеп-интернаты) кітапханаларына сыйлады. Әкеміздің кітапханасында фольклортану, этнография, тарих, археология, тілтану, әдебиеттану, этномузыкатану, өнер тарихы салаларынан басқа, еліміздің географиясы, геологиясы, флора мен фаунасы, т.б. туралы да еңбектер болды. Араб, парсы, түрік тілдерінің оқулықтары да бар еді. Публицистика тілі түсінуге оңайырақ деп, жарты жыл сайын қырғыз, өзбек, түркмен, әзербайжанның біздің «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттерін жаздырып оқитын. Білімге құштарлығы соншалық, әкеміз 75 жасында Түркістанда түрік тілін үйренді. Осы күнге дейін әкеміздің тіл үйрену дәптері сақталған. Өмірден өткенге дейін соңғы 16-17 жылдай Ясауи атындағы ХҚТУ-де жұмыс істегеді. 2016 жылы кітапханасының негізгі бөлігін сол университет кітапханасына сыйладық.

Әкемнің арманы

– Әкеміздің әкесі Бердібай атамыз біраз жырды жатқа білген, ал анасы Ұлдардың музыкалық қабілеті өте жоғары болған. Кейін ол кісілердің  ауыз әдебиеті мен өнерге деген құштарлығы үлкен қызы Ілесгүл мен жалғыз ұлына дарыды. Әкеміз мектеп жасынан домбыра және сырнай аспаптарын жақсы тартқан. 1930 жылдары елді жоқшылық қысып тұрған уақытта домбыра алуға хал-күші аз болған әкесіне «балаңа домбыра әпермесең, қияли болып кетеді» деген көрші бақсы кемпірдің сөзі әсер етіп, дереу бір қойын сатып, музыкалық аспап алып беріпті. Әкеміз  өскен жер Ащысайда. 1930 жылы қорғасын руднигі ашылып, Құрманғазы оркестрінің мықты домбырашысы Смағұл Көшекбаев келіп, клубта домбыра үйірмесін ұйымдастырып, ересек балаларға  күйлер үйретіп кеткен. Сол балалардан әкеміз күй үйреніп, 1945 жылы Алматыға оқуға келгенде, алдымен консерваторияға түскен. Ол оқу орны жаңа ашылып жатқан соң, жатақханасы болмағандықтан, әкеміз консерваторияда оқымай, ҚазМУ-де оқыды, кейін дипломын тезірек алып, әке-шешесін асырау үшін Қызылорда педагогика институтына ауысуына тура келеді. Әкемнің жетістіктерге жетуіне алдымен білімге құштарлығы, табандылығы мен мақсатшылдығы, бертін келе білікті ұстаз-ғалымдардың дәрістері мен ақыл-кеңестері, өзінің дарынды достарынан құралған әдеби орта көп әсерін тигізді деп білемін. Соның өзінде әкеміз «заманның таршылығынан «Мәскеу-Ленинград университеттерінде білім ала алмадым, сол арман болды ғой» деп өкінетін.

Консерваторияда оқымағанымен, әкеміз үнемі домбыра тартатын. Сол өнерінің арқасында ол 1945 жылы опера театрында ұлы күйші Дина Нұрпейісова өнер көрсеткен республикалық деңгейдегі жаңажылдық концертте үш домбырашыдан құралған студенттер ансамблінің құрамына кірді. Үнемі күй тартуына анамыз Бибізада Қамбарқызының да әсері болды. Анамыз Бибізада А.Затаевичке «Ақсақ құлан» күйін жеткізген атақты күйші Қамбар Медетовтың қызы болған.

Әкемнің ұстанымы

– Ағам Азамат – шығыстанушы,  ұзақ жыл бойы Катар, Иордания және Кувейт елдерінде елші қызметін атқарды. Өзім ұлттық дәстүрлі музыка зерттеушісі болып, сол сала пәндерінен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дәріс беруіме, әрине, тікелей ата-анамыздың көрсеткен тәлім-тәрбиесі мен үлгісі әсер етті. Әкеміздің фольклортану, түркітану саласындағы еңбектерінің өзімнің оқытушылық қызметіме пайдасы мол болды. Әкемізден тараған 3 ұл, 1 қызбыз. Ал бізден туғандар яғни әкеміздің немерелері мен шөберелері инженер, педагог, экономика, заң, медицина, т.б. салаларда білім алып жатқандары да, оқуларын аяқтап еңбекке араласқандары да бар. Әкеміздің «әрбір адам өз ісін жаңылмай таңдап, қоғамға пайдалы болуы керек» деген ұстанымы, сонау 1990 жылдардың басында Сиэтлге (АҚШ) барып, шетелдік білім алушыларға қазақ тілі мен әдебиеті курстарында дәріс оқығанда толық бекіді деп айтуға болады. Нарықтық экономикасы қатты дамыған елден қайтып оралғанда әкеміз: «Адамның қай оқу орнын бітіргені маңызды емес, біліктілігі қандай дәрежедегі  маман болып шыққаны және үйренгенін қаншалықты пайдаға асыра алатыны маңызды. Нәтижесі ойдағыдай болуы үшін адам өзі істеген ісін жақсы көруі керек», – деген болатын.

«Сізді ұлы істер күтіп тұр!»

– Әкеміз өз әке-шешесінің Әзірет Сұлтанға түнеп, тілеп алған және бірнеше қыздың арасында өскен жалғыз ұлы болған соң, еркелеп өскен. «Кішкентай кезімде жерден еңкейіп, шөп көтермедім» дейтін. Дегенмен, ол кісі есті ерке еді. Білімге жастайынан құмар болды. «Бала кезімде май шамның жарығымен кітап оқып отырғанымда анам «күндіз оқисың, шамның майы бітіп қалады ғой» дегенде, «тағы да кішкене оқиыншы» деп жалынатынмын» дейтін. Көрші әйелдер өз балаларына әкеміздің кітапты көп оқығанын үлгі тұтыпты. Әкеміз балаларына жұмсақ болды. Кішкентай кезімізде кешке жатарда бізге ертегі айтатын және Қасым Қайсеновтың партизандық ерлігі туралы әңгімелерін айтып беретін. Ол әңгімелерді де ертегі деп ойлайтынбыз. Мектепте оқып жүргенде әкеміз бізді таңертең ұйқыдан оятқанда Сервантестің «Дон Кихотындағы» басты кейіпкердің көмекшісі Санчо-Пансаның сөзімен: «Сеньор, Сізді ұлы істер күтіп тұр» деп тұрғызатын.

Ақыл мен өсиет

– Әкеміз өмірдегі түрлі жағдайларға байланысты пікірін бізге мақалдатып айтатын. Мысалы, адам қиыншылықтар мен сәтсіздіктерге ұшыраса да, алдағы болашағына үмітпен қарауға тиіс. Сондай кезде: «Өмірдің майлық-сулығы аралас келеді», «Адамның алдында бір есік жабық болса, бір есік ашық» дейтін. Жастар тәрбиесіне қатысты: «Анық білгеніңді ғана айт», «Жасай алмайтын нәрсеңді жасаймын деме. Уәдеңде тұр», «Шаққан өлтіреді, мақтаған жеткізеді» десе, адамдармен қарым-қатынасқа байланысты: «Адам өмірінің бақытты болатынына 50 пайыз оның мінезі себепші», «Ақкөңілдің аты арымас, тоны тозбас» деген сөздері қазірге дейін жадымда тұр.

Әке тәлімі

– Әкеміз кітап оқуды, жүйелілікті, тәртіпті сүйетін. Бізге «Оқылған кітаптар» деп  қалың дәптер арнап, әрқайсысымыз қандай және қанша кітап  оқығанымызды бақылап, жазып отыратын. Кейін өскенде қай кітапты оқу керек екеніне кеңес беретін. Сонымен қатар, әкеміз күнде кешке  жазу үстеліндегі күнтізбеге ертеңгі істерінің тізімін жазып, оны ұмытпас үшін  тағы бір кішкене қағазға көшіріп, пиджагының төсқалтасына салып қоятын. Кешкісін күндіз жазғанының жүзеге асқан-аспағанын тексеріп, іске асыра алмағанын келесі күнге  қайтадан жоспарлайтын. Жазу үстеліне белгілі мерзімде отырып тұратын. Дәрілерін де уақытымен ішетін. Сол қалыптасқан әдеттердің біразы ағамыз Азаматта да бар.

Ғалым Рахманқұл Бердібаевтың өмірлік ұстанымы – еңбекке, ғылым мен өнерге адалдық. Осындай өресі биік ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлтын шын сүйген қайраткер тұлғаның қызы Айжан Бердібай да әке жолын қуған ғалым, білікті ұстаз. Рахманқұл Бердібаев тағылымы ұрпағының ғана емес, тұтас ұлттың рухани қазынасына айналды.

Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2025

1803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы