• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қыркүйек, 2025

«Аялдашы мезет, сен ғажайыпсың!»

Фототілші Досжан Балабекұлының «Алатауды аралағанда...» фотоальбомын ақтарып отырып, «Аялдашы мезет, сен ғажайыпсың» деген Гетенің сөзін қайталағың келеді. Бұл сөз фотоальбомның алғы сөзіне жазылған да екен. Қолына фотоаппарат ұстағанның бәрі сәтті сурет түсіре бермейді. Сәтті, тіпті ғажайып сурет тудыру үшін фотоға түсірген адам қандай болу керек? Оны Досжан Балабекұлының өзінен сұрадық.

– Досжан, фотографияға деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Балалық шағым ауылда өтті. Туған жердің аспаны ерекше ұнайтын. Бұлттар кейде жерге жақын жөңкіп өтетін. Ақша бұлт, шарбы бұлт, будақ бұлт, қатпар бұлт, желін бұлттар аспанда сурет салатын. Маған солардың бейнелері ертегідегі суреттер секілді көрінетін. Қаратау жақтан Берікқараның желімен бұлттар үнемі өзгеріп жататын. Тау жақта кейде үнемі бұлттар түйдектеліп тұрып алатын. Бұл қатты желдің, дауылдың мінезінен болатын. Ондайда ағаштар құлап, үйдің шатырлары ұшып, қаңбақ шал, түйеқарын ауыл ішіне толып қалатын. Кейде алыстағы Қырғыз жеріндегі Талас Алатауының мұзарт шыңдары қолсозым жердегідей көз тартатын. Сол шыңдар, сол биіктер өзіне шақыратын. Мені осы құбылыстар қатты қызықтыратын. Әттең, осыларды фотоаппаратқа түсіріп алса ғой деп, үйдегі істен шыққан «Зенит» фотоаппаратына бір қарап қоятынмын. Болмаған соң қолмен суретін салатынмын. Кейін анам Жеңіскүл Беркімбаева осы қызығушылығымды байқап пленкалы фотоаппарат сыйлады. Қатты қуандым. Одан соң бейнекамераны тағы алып берді. Өзімді журналист, фотограф, оператор санайтынмын. Бөлменің бір шетін осы медиакеңістікке айналдырдым. Солай табиғат құбылыстарын фотоға түсіріп, бастап кеттім. Оны қалаға барып, шығартып келетінбіз. Анам биология пәнінің мұғалімі. Сондықтан, жергілікті жердің өсімдіктері мен жануарлар дүниесін зерттеп, оның фотореестрін жасауды қолға алдық. Ауыл іші мен сыртындағы флора мен фаунаны жыл он екі ай фотоға, видеоға түсіріп шықтық. Соныңда фотоальбом мен шағын деректі фильм әзірледік. Кейін бұл өлкетанушылық жобамызды республикалық экологиялық жарыста қорғап, жеңімпаз атандық. Бұл менің ғылыми ізденушілік қабілетімді де шыңдады. Сондықтан табиғатқа деген қызығушылық мені фотографияға алып келді. Ал кәсіби фотографияны Алматыға оқуға түскенде бастадық. Бұл жақта да сол табиғатқа деген балалық қызығушылық Алатауға шақырып тұрды. Ең алғаш ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультеті, туризм және рекреациялық география кафедрасының оқытушыларымен бірге Құмбел шыңына көтерілдік. Бұл өмірімдегі алғаш шыңға шығу жорығым болды. Сол кезде университеттік «Қазақ университеті» газетінің редакторы Саягүл Әлімбекованың тапсырмасымен жорыққа қатысып, фоторепортаж дайындауым керек болды. Тауға шығып, барлығын алды-артынан фотоаппаратқа түсіріп жүріп, байқамай шыңға бірінші болып көтерілген едім. Кейін сол күнгі сапарымдағы мақала мен фотоларым университеттік газетте ғана емес, еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» басылды. Бұл маған ерекше әсер берді. Фотоға деген қызығушылығым, сол әсерден кейін тіпті еселене түсті. Кейін осы саладағы  ұстазым, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Әбдірайымұлымен жолығып, бірге кәсіби фотоаппарат таңдап, кеңес беріп, шеберлігімен бөлісті. Ағамыз «Фотоөнер» бірлестігіне мүшелікке шақырды. Сол жерде фотожурналистикада жүрген танымал кісілермен танысып, шығармашылыққа зейін қоя бастадым. Ірілі-ұсақты фотобайқауларға қатысып, жетістіктерге жеткен кездер де болды. 

– Сіздің жанрыңыз – пейзаж. Пейзажды таңдауыңыздың себебі неде? 

– Фотографияның жанры көп. Бірақ пейзаж бала күнгі қызығушылықтың жалғасы. Тау-тасты, өзен-көлді, орман-тоғайды аралап жүріп, фото түсірген ұнайды. Басқа жанрлардан өзімді таппаймын. 

– Түсірген суреттеріңізге қарап отырсам, көбіне ракурсты жоғарыдан алады екенсіз.  Алдымен нені бірінші ойлайсыз, әсемдік пе, мазмұн ба, әлде әсер ме?

– Фотосурет түсіргенде ең бірінші жарық, содан кейін көрініс (оның ішіне мазмұны кіреді), композиция және ракурсты ойлайсың. Жалпы ой маңызды. Фотосурет арқылы сол ойды жеткізуге болады. Мәселен, менде табиғат көріністері – географиялық қажеттіліктер үшін де дерек көзі. Барлық жұмысым төбеден түсірілмеген, бірақ биыл жарық көрген «Алатауды аралағанда...» атты фотоальбомыма қарап айтатын болсақ, бұл жерде тауларға қатысты аэровизуалды жұмыстар көп. Өйткені бұл кітапта тау шыңдарына шығып түсірген немесе тікұшақпен аралап түсірген фотолар арнайы берілді. Себебі бұл әдеттегі маршруттардан өзгеше, жаттанды ракурстан бөлек және үнемі қайталай бермейтін сапарлардан туындаған. Төтенше жағдайлар министрлігінің аэровизуалды бақылау сапарларында Алматы және Жетісу облысындағы тауларды, шың басындағы мұздықтарды, мореналық көлдерді 10 жылдан аса фотоға түсірдік. Сол фотосуреттерді кітапқа арнайы енгіздім. Себебі бірқатар тау көлдері мен мұздықтары осы кітапта, жалпы медиакеңістікте бірінші рет жарияланғанын да айта кеткім келеді. Бұл еңбек табиғат жанры ғана емес, аэрофотографиялық жанрға да жатады. Әсіресе, тікұшақтан фото түсіру қиын, әрі әсерлі.   

– Бір суретті түсіруге қанша уақыт жұмсайсыз? Өйткені, табиғи жарықпен жұмыс істеу де оңай емес.

– Мәселен таңғы көріністі түсіру үшін түнделетіп, сол қажет нүктеге баруға тура келеді. Ол шың басындағы нүкте болуы мүмкін. Ал оған жету физикалық тұрғыда да, психологиялық тұрғыда да шыдамдылық пен төзіміділікті, мықты ерік-жігерді талап етеді. Кейде тосын құбылыстар мен күннің ғажайып нұры ғайыптан ерекше, тосын табиғат көріністерін сыйлауы мүмкін. Бастысы – композициясы мен ракурсын жақсылап алсаңыз болды. Табиғи жарық, әдетте таңғы және кешкі уақыттарда сәтті шығады. Сондықтан осы кездердегі фотографияның алтын уақытын тиімді пайдаланған жөн. 

Фотоальбомыңызға келсек, бұл фотоальбомға «Алатауды аралағанда...» деп атау беріпсіз. Фотоальбом шығару қанша уақыт алды? Көмектескендер болды ма?

– «Алатауды аралағанда...» фотоальбомын шығару бір жылдың шаруасы болмады. Бұл 12 жылдық фотографиядағы жұмысымның шағын есебі болды. Осы кітапты шығарсам деген ойдың болғанына 10 жыл өтті. Биыл сәті түсті. Қанша рет облыс, қала әкімдіктеріне кіріп жобамды ұсындым. Демеушілер іздедім. Бірақ, ешқандай қолдау табылмады. Болмаған соң, өткен жылдың соңы істі өз қолыма алдым. «Дарын» баспасына ұсыныс білдірдім. Баспа басшысы Жанат Бекетан бірден қолдады. «Шағын данамен болса да шығарып көрейік», – деді. Бір айда бітетін жұмыс шығар деп ойлағанмын. Түрлі-түсті кітап шығару оңай емес екен. Біресе фотоны ауыстырдық, біресе атауларын түзеттік. Оның үстіне 3 тілде әзірледік. Жер-су атаулары қатты ойландырды. Кейбір атауларда бірізділік болмады. Солай 4 айдан аса уақыт өтіп, сәуірде туған күніме бір-ақ шығардық. Өз қаржы-қаражатымызға шағын данасын бастырдық. Алматыдағы Ұлттық кітапханаға бірнеше данасын сыйладық. 

– Фотоальбомның жалғасы қандай болмақ?

– Қазақстанның таулы аймақтарының барлығын қамтығым келеді. Қазақтілді фотожурналистердің табиғат түсіріп, фотоальбом шығарып жүргені аз. Алда Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аймақтарына сапарлап, осы кітаптың сериялық жалғасын түсіргім келеді. Бұл оңай жоба болмайтыны анық, бірақ түбі осы идея жалғасуы керек деп ойлаймын. 

– Цифрлық өңдеуге көзқарасыңыз қандай? Түсірген суретті өңдеу керек пе, әлде табиғи күйінде қалдырған дұрыс па?

– Мәселен, табиғат суреттерінде көбіне өңдеуді қажет етпейтін фотосуреттер болады. Ал кейде жарықтың түсуіне байланысты, көлеңкелерді шығарып, кетіріп, бұлттарды, аспанды, шөптерді анықтап алу үшін, олардың түсірілу жағдайында кеткен техникалық жағдайларына қарай түзетуге, реттеуге болады. Бірақ өз нормасын сақтаған жөн. Табиғи күйінде қалғаны тіпті жақсы. Өйткені ол жерді кейін көрген адамдар «мына жер шын мәнінде олай емес екен ғой» деп айтуы мүмкін.

– Қандай фотоаппарат пен линзаларды жиі қолданасыз?

– Осы уақытқа дейін Canon 5D Mark II, Canon M50, Canon R50, Nikon D90, Nikon D7100, Nikon D610, Nikon D810 фотоаппаратын қолданып көрдім. Қазір
Nikon Z7 MarkII фотоаппаратымен түсіремін. Фотосуреттің жанрлық ерекшеліктеріне қарай әмбебап, телеобъектив, портреттік, макро, кең бұрышты объективтерді қолданамын. Қазір көпшілігі айнасыз фотоаппаратқа көшуде. Әлемдік брендтер де нарықтан айналы фотоаппараттарды ығыстырып жатыр. Nikon-мен табиғат көріністерін түсіру анық, әрі қанық шығады. Nikon-ның техникалары ғарыш станцияларында қолданылады. Әрі оптика шығаруда ең танымал әлемдік бренд. Тек фотоаппараттар ғана шығаруға бейімделген компания. Бірақ, әр фотоаппараттың өз техникалық ерекшеліктері бар. Дегенмен қандай фотоаппарат болса да, ең бастысы түсіретін адамға байланысты.

– Фотография сіз үшін мамандық па, әлде өмір салты ма?

– Қазіргі мамандығым журналистика мен философия. Екі салада да еңбек етуге тырысып келеміз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасында аға оқытушылық қызметтемін. Философия пәнінен бөлек «Медиа және қоғам» пәнінен дәріс жүргіземін. Аталған пәнде  медиатеориядан бөлек, өз тәжірибеммен бөлісем. Фотография бойынша қандай да бір дипломым жоқ. Сондықтан, өмір салты дегеніміз дұрыс шығар немесе хобби. Фотография мен үшін жұмыс емес, жан қалауы. Мен үшін күн райы аса маңызды. Адам шығармашылықта еркін болуы керек. Фотография да өз алдына жеке өнер. Сондықтан бұл мамандықтан бөлек, өмір салтына ұласқан шығармашылық жұмыс шығар деп ойлаймын. 

– Әркімнің табиғатты суретке түсіруіне бола ма, әлде ол талант пен көру қабілетіне байланысты ма?

– Фотоға түсіргеннің барлығы фотограф, фотожурналист болып кетпейді. Оған талант, көру қабілеті мен бейімі болуы керек. Бұл да ғылым, бұл да білім. Нақты айтқанда, тәжірибелік білім, қолданбалы білім. Сондықтан мұның да өз ережесі, өз эстетикалық талғамы бар. Соны біліп барып, бұл салаға келген дұрыс болар. 

– Рақмет!

Сұқбаттасқан
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2025

2318 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы