• Спорт жұлдыздары
  • 20 Қыркүйек, 2025

Әлем мойындаған қазақ боксы

Күні кеше Ливерпульде өткен әлем чемпионаты қазақ жанкүйерінің жүрегін бірде тулатып, бірде қан жылатып, «жүрекке жүк салған» дода болды. Бұл аламан қазақ боксшыларының әлемге айбарын тағы бір мәрте танытып, жаһан жұртына мықтылығын мойындатты. Жер-жаһанның мықтылары жиналған жарыста боксшыларымыздың бәрі жақсы өнер көрсетіп, жеңіске деген жігер танытты. Бірақ «әттеген-ай» деген тұстар да болмады емес. Енді осы тарихта жазылып қалатын әлем чемпионаты жайлы тарқатып жазуды жөн көрдік.

Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) бөлініп шыққан World Boxing ұйымының алғашқы әлем чемпионаты Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтіп, 68 мемлекеттен 550-ге жуық боксшы бақ сынады. Боксты олимпиадалық спорт түрі ретінде сақтап қалу және әділ, ашық чемпионаттар ұйымдастыру мақсатында құрылған ұйым алғашқы қадамын сәтті жасады десек те болады. Ливерпуль төрінде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте алтын саны бойынша әлемнің көшін бастады.

Мұны қазақ боксының жаңа бір белесі, тарихи жетістігі ретінде қарауға болады. Әлемнің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандардың арасынан топ жарып шығу – нағыз ерлік. Белградтағы бәсекеде биігінен түспей, Ташкент төрінде топ жарған боксшыларымыз Англияда да атой салды. Ерлер құрамасы 2023 жылғы жетісігін қайталап, тағы да 4 алтын иеленді. Шыны керек, әлем чемпионы атанған әр боксшының өнеріне, жұдырықтасу мәнеріне тәнті болмаған жанкүйерлер жоқ. Ташкенттегі  байрақты бәсекеде алтын қарсыластарынан бір бас жоғары болған Махмұд Сабырхан мен Санжар Тәшкенбай сол жетістігінің кездейсоқ емес екенін дәлелдеп, екі дүркін әлем чемпионы атанған санаулы боксшылардың қатарына қосылды.

Әсіресе Махмұд Сабырхан қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, нокаут та тіркеді. Махмұдтың солақай да, оңқай да еркін жұдырықтасатыны біраз қарсыласты әбігерге салып, сан соқтырды. Оның рингтегі қимыл-қозғалысына, ептілігі мен шапшаңдығына және техникалық арсеналының молдығына, жұдырықтасу өнеріне Ливерпуль төріндегі күллі жанкүйер сүйсінді. Қос қазақ баласы екі дүркін әлем чемпионы атанып, 18 жыл бұрынғы жетістікті қайталады. Иә, осыдан 18 жыл бұрын Серік Сәпиев әлем чемпионатында топ жарып, екі дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ болған еді.

Міне, енді қос боксшымыз екі жыл қатарынан әлем чемпионатында үздік шықса, алғаш рет аса ауыр салмақта да алтын иелендік. Құрама капитаны Айбек Оралбай аса ауыр салмақта әлем чемпионы болған алғашқы қазақ атанса, ересектер дуына енді ғана қосылған Төрехан Сабырхан ең жас әлем чемпиондардың бірі болды. Ағайынды Сабырхандардың жетісігіне арнайы тоқталамыз. Бұрымды боксшыларымыз-дың ішінде бір жылда екі әлем чемпионатында топ жарғандар да бар. 50 келідегі Алуа Балқыбекова мен 65 келідегі Аида Әбікеева жыл басындағы Сербияда өткен әлем чемпионатындағы жетістігін қайталап, екі дүркін әлем чемпионы атанған санаулы бұрымды боксшылардың қатарына қосылды. 70 келіде жұдырықтасқан Наталья Богданова да мансабындағы ең маңызды жетістіктердің біріне қол жеткізіп, су жаңа әлем чемпионы атанды. Осылайша, Ливерпульдегі әлем чемпионаты қазақ боксы үшін тарихтың жаңа парағын ашып қана қоймай, әлемдік аренадағы беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.

ТӨРЕШІЛЕР ТАҒЫ ДА АРТҚА ТАРТТЫ

World Boxing ұйымының төрешілері «әділдікті ту етіп ұстайды» деген сеніміміз қате болды. Расында, біраз боксшыға қиянап жасалып, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер аз болмады. Ең өкініштісі, төрешілердің Назым Қызайбайды 4 дүркін әлем чемпионы атағынан қаққаны болды. Ақтық сынға дейін еш қиналмай жеткен 48 келідегі боксшымыз финалда да жеңіске лайықты жұдырықтасқан еді. Бірақ төрешілердің қиянаты отандасымызды еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы 4 дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы атағынан айырды. Одан бөлек, 65 келідегі ширек финалда жұдырықтасқан Ертуған Зейнулинов пен өзбек Асадхуджа Муйнхуджаев арасындағы жекпе-жекте үлкен дау тудырды. Отандасымыз алғашқы раундта тең жұдырықтасқанмен, 2-3 раундта олимпиада чемпионынан бір бас жоғары болды. Ертуған қарсыласын қуалап жүріп ұрса да, тіпті есеңгіретсе де, төрешілердің анық қиянатын көрдік. Ақыры барлық төреші жеңісті өзбек спортшысына беріп, отандасымыз жарыс жолынан шығып қалды.

ТАРТЫСҚА ТОЛЫ ТЕКЕТІРЕС

Қазақ пен өзбектің рингтегі бәсекесі – бүгін ғана басталған дүние емес. Бұл – сонау өткен ғасырдан жалғасқан «қайсардың қақтығысы, намыстың найзағайы». Бұл байрақты бәсекеде де нағыз қазақ-өзбек текетіресі болатынын бұрыннан болжаған едік. Расында, кез келген жарыста жанкүйерлер үшін де, спортшылар үшін де өзбек боксшыларымен жекпе-жек аса маңызды. Қос тараптың спортшылары да аянып қалмайды. Бокс державасы саналатын екі елдің текетіресі жарыстың алғашқы күнінде-ақ басталып кетті. Әйелдер арасындағы текетіресте біздің бұрымды боксшыларымыздың деңгейі жоғары екенін көрдік. Тек 54 келіде сынға түскен Элина Базарова алғашқы айналымда өзбек қызымен қолғап түйістіріп, жеңіліп қалса, қалғандары жеңіске жетті. Назым Қызайбай жартылай финалда Сабина Бабакуловадан басым түсіп, өзбек қызын алтыннан қақса, 60 келідегі Виктория Графеева да Ситора Турдибекованы ширек финалда жеңіп, жүлдеден айырды. Әсіресе, Айда Әбікееваның өзбек қызы Навбахор Хамидованы финалда ұтып, төрткүл дүниеге қазақ қыздарының да қайсарлығын дәлелдеуі – нағыз тарихи сәт болды. Дегенмен ерлер арасындағы текетіресте өзбек боксшылары алдымызды орап кетті. Жалпы жекпе-жекке шыққан бес боксшымыздың тек біреуі ғана жеңіске жетті. Әрине, 65 келідегі Ертуған мен Асадхуджаның жекпе-жегінде отандасымызды жеңілді дей алмаймыз. Бірақ қалған боксшыларымыз осы әлем чемпионатындағы басты қарсыластарының осал тұсын таба алмады. 60 келідегі Бейбарыс Жексен олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковқа қарсы жақсы жұдырықтасты. Бірақ сәл тәжірибе жетпей қалды. Дегенмен Бейбарыс болашағы бар боксшы екенін байқатты. Ең жанымызға батып, шамымызға тигені Нұрбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбайдың жеңілісі болды. Әсіресе, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбектен үлкен үміт күткен едік. 2023 жылғы Ташкенттегі жетістігін қайталап, екі дүркін әлем чемпионы болады деп топшыладық. Бірақ ширек финалда жас өзбек боксшысы Джавохир Умматалиевтің осал тұсын таба алмай дал болды. Нәтижесінде Умматалиев төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетіп, отандасымызды жарыс жолынан ерте шығарып жіберді. Сағындық Тоғамбай да олимпиада чемпионы Турарбек Хайбуллаевқа қарсы еш тегеуірін көрсете алмады. Аса ауыр салмақтағы алыптардың айқасы бұл текетірестің нүктесін қойды. Айбек Оралбайдың өзбек алыбы Жахонгир Зокировты жеңуі – қазақтың рухын көтерген сәт болды. Өзбек боксшысы қанша лас жұдырықтасса да, отандасымыз нағыз жеңіске деген жігерін көрсетіп, қайсарлық танытып, жеңісті жұлып алды. Иә, Өзбекстанның ерлер құрамасы тағы да алдымызды орап кеткенін жасырмаймыз. Өзбекстан қоржынына салған 6 алтын да осы ерлер құрамасына тиеслі. Дегенмен жалпыкомандалық есепте озық тұрғанымыз қуантады.

ӘЛЕМ БОКСЫНЫҢ ТАРИХЫНДА ҚАЛҒАН АҒАЙЫНДЫЛАР

Ливерпуль чемпионаты тағы бір ерекше оқиғамен тарихқа енді. Бір үйдің екі баласы Махмұд Сабырхан (50 кг) мен Төрехан Сабырхан  (70 кг) бірдей әлем чемпионы атанды. Бір әлем чемпионатында екі бірдей туған ағайынды боксшының чемпион атануы тарихта болған жоқ. Иә, бұл қазақ спортының ғана емес, бүкіл әлем боксының шежіресіндегі сирек құбылыс. Әрине, кәсіпқой бокс немесе күрес сияқты спорт түрінде бұндай жайттар болған. Бірақ әуесқой бокс тарихында бір үйдің баласының бұлай атой салуы сирек кездеседі. Осыдан 4 жыл бұрын Белградтағы әлем чемпионатында күмісті иеленген Махмұд Сабырханмен сұқбаттасқанымызда «20 жасымда алтыннан алқа тағып, әлем чемпионы атану бақыты бұйырмады» деп өкінішін білдірген еді. Міне, оның туған інісі Төрехан 19 жасында ересектер арасындағы алғашқы жарысында-ақ әлемнің ең үздік боксшысы атанып отыр. Шыны керек, Төреханның боксына сүйсінбеген жанкүйер жоқ шығар. Шаршы алаңдағы қимыл-қозғалысы, жұдырықтасу мәнері, жеңіске деген жігері, «арсеналының» молдығы, бәрі-бәрі деңгейінің нағыз чемпиондық екенін айқындап тұрды. Әр жекпе-жегінде жарқын жеңіске жетіп қана қоймай, көрерменге нағыз шоу сыйлады. Иә, тіл-көзіміз тасқа, бұл боксшының болашағы өте зор. Осы тұста, қос бірдей чемпионды тәрбиелеп шыққан білікті бапкер Ілияс Оралбековтің еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Ағайынды Сабырхандарды бала күнінен боксқа баулып, бұл спорттың барлық қыр-сырын үйреткен Оралбековтей маманның бары қуантады. Бір әулеттен шыққан екі чемпионның қатар алтын алуы – келешек ұрпаққа шабыт беретін аңызға айналатын оқиға болары анық. Ең бастысы, ағайынды Сабырхандардың әлі талай додада атой салып, көк туды желбірететініне кәміл сенеміз. 
Ливерпуль төрінде өткен тұңғыш World Boxing чемпионаты – қазақ боксы үшін жұлдызды сәт, тарихқа алтын әріппен жазылар белес болды. Әлемнің қақ төрінде көк байрағымыздың желбіреуі – ел спортының мерейін өсірген үлкен жеңіс. Ең маңыздысы осындай жеңісті дәстүрге айналдыру – басты мақсат болмақ.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2025

1078 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы