- АҚ ЖЕЛКЕН
- 19 Қазан, 2025
Ұстаздық – жүрекке жол табу
Әрбір адамның еңбек жолындағы ең алғашқы қадамы ерекше сәт. Бұл қадам тек мамандық таңдауды ғана емес, өмірлік жауапкершілікті де сезіндіреді. Әсіресе алғаш рет мектеп табалдырығын ұстаз болып аттаған жанның толқынысы бөлек. Ұстаздық жолға енді қадам басқан жандардың алғашқы тәжірибесі – олардың әрі болашақ кәсіби тағдырын, әрі жаңа ұрпақтың тәрбиесін айқындайтын кезең. Сондықтан «Алғашқы тәжірибе» айдарының бұл санында киелі мамандық иелерінің алғашқы тәжірибесі жайлы жазуды жөн көрдік. Ұлағатты ұстаздардан сыныпқа алғаш кіргендегі әсері қандай, оқушымен алғашқы кикілжіңі және мұғалімдік жолда тап болған қиындығы қандай деген сұрақтарға жауап алуға тырыстық. Ең қызығы, кейіпкерлеріміздің біразы шетелде сабақ берген мұғалімдер екен.
Мәулен ТӨЛЕУЖАНОВ, математика пәнінің мұғалімі:

Оқушылардың жүрегіне жол таппайынша әсер ала алмайсың
Ұстаз ретінде алғашқы әсерім өте күшті болады деп күткеніммен, бірден ештеңе сезген жоқпын. Мысалы, қызым дүниеге келгенде алғаш оны көріп, кинодағыдай ұшып кетем деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Тек қызым 2-3 айлық болғанда ғана өзімді кәдімгідей әке сезіне бастадым. Мектепте де солай, оқушылардың жүрегіне жол таппайынша әсер ала алмайсың. Уақыт өте келе оқушыларды өз іні-қарындасыңдай көре бастайсың. Сол кезде қатты әсерленеді екенсің. Олардың бір жетістігі немесе қиыншылықтары өзіңдікіндей болып кетеді.
Ең бірінші сабағым 2012 жылы, 22 қарашада 8 «Б» сыныбына өтті. Ол кезде 4-курс оқып жүрген 20 жастағы студент едім. Оқушыларым біліп қалса мені мұғалім ретінде сыйламай кетеді ме деп қатты алаңдадым. Маған сабаққа дейін директордың орынбасары жақсы сөздер айтып, қолдау білдірді. «Олар 8-сынып оқушылары, сенен артық ағылшын тілдерін білмейді, сенен артық математикадан да хабарлары жоқ. Қорықпа, оларға 2+2=5 десең де сеніп кетеді, себебі оларға мұғалім қатты керек», – деді. Ағайды тыңдап кірген алғашқы сабағым күшті өтті. Оқушылар бірден математиканы жақсы көріп кетті деп өтірік айтпай-ақ қояйын, бірақ жақсы бір оқу жылының бастамасы болды. Оқушылармен есте қалатындай кикілжің болған емес. Болмады емес, бірталай болған шығар, бірақ артынан шешіліп, ешқайсысы жүректе із қалдырған жоқ.
Мұғалімдік жолдағы ең қатты қиналған кезім директордың орынбасары болып тағайындалғаннан соң болды. Аяқ астынан жағдайлар болып, директор орынбасары болып кеттім. Өзім үшін бір қанағат алатын жұмыс емес екенін түсінгенде қиналдым. Миымда минут сайын: «директор орынбасары ретінде жеткілікті бір жұмыс жасап жатқан жоқпын» деген ой іштей маза бермейтін. Бірақ Құдайға шүкір, шеберлік жолымда өте жақсы адамдар кездесті. Директорым, әріптестерім жақсы әдіс-тәсілдер айтты. Менің ойымша, адам айналасын тыңдап үйрену керек. Тыңдай білетін адам жолында ақыл беретін адамдарды табады.
Әлия АЛМАҒАМБЕТОВА, тарих пәнінің мұғалімі:
«ЕЛДІҢ ТАРИХЫН ОҚУ КЕРЕК» ДЕГЕН ОЙДЫ ҚАБЫЛДАТУ ҚИЫН БОЛДЫ
– Халықаралық мектепте («Galaxy» халықаралық мектебі) Қазақстан тарихын ағылшын тілінде оқыту өз бетінше қиындық туғызды. Себебі оқулық жоқ, тілді толық меңгермеу, оқу бағдарламасының бейімделмеуі үлкен мәселе. Негізінен шетел азаматтарына біздің елдің тарихын оқу керек деген ойды қабылдату ең қиыны болды. Сол үшін бірінші сабақта қатты қобалжыдым. Бірақ алғашқы мақсат оқушылармен позитивті қарым-қатынас орнату болды. Ең бірінші сабақ толығымен қандай болғаны есімде жоқ, бірақ балалармен танысу үшін ойын ойнағанымды білемін. Алғашқы кикілжің – оқушының алған бағасын қабылдамауынан басталды. Маған ағылшын тілінде жазған тапсырмасын түсінбедіңіз деп, қарсы келген еді. Оны сабақ кезінде талқыламадық, сабақ біткен соң жайлап сөйлестім, түсіндірдім. Алдындағы ашуы басылып, өзінің қатесін түсініп, кешірім сұрады. Сосын алғаш тап болған қиындықтың тағы бірі қазақ тіліндегі, тіпті орыс тіліндегі оқулықтың болмауы. Яғни, барлық материалды ағылшын тіліне аударуым қиындық туғызды.
Оқушымен позитивті сөйлесу және оның қызығушылықтарын ескеру маған көп көмектескен әдіс ретінде атауға болады. Жылы, позитивті қарым-қатынас оқушының сенімін арттырады, мұғалімді «қорқынышты бақылаушы» емес, «жақын қолдаушы» ретінде қабылдауға көмектеседі. Сондай-ақ баланың қызығушылығын ескергенде (мысалы, сүйікті спорты, музыкасы, хоббиі арқылы тапсырма беру), ол оқуға ынталы болады. Әр оқушы өзін бағаланғанын сезінеді. Бұл өзін-өзі құрметтеу сезімін күшейтіп, оқу үлгеріміне оң әсер етеді.
Байбол АШУ, Батыс Африкадағы Буркина-Фасо еліндегі College Horizon International мектебінде тарих пәнін француз тілінде оқытқан мұғалім:
ЕҢ ҮЛКЕН ҚИЫНДЫҚ – СЫНЫПТАҒЫ ТӘРТІП
– Алғаш рет сыныпқа кірген сәтім әлі есімде. Жүрегімде ерекше толқу болды, себебі мүлде басқа мәдениет, басқа тілдегі балаларға білім бере аламын ба деген ой мазалады. Бірақ көп ұзамай олардың жүрегі ашық, білімге құштар оқушылар екенін байқап, бойымдағы күмән сейілді. Сабақ беру мен ойлағаннан да жеңіл әрі қызықты болып шықты. Ең алғашқы сабағым танысу сабағы болды. Өзім туралы, Қазақстан жайлы, біздің мәдениетіміз бен дәстүрлеріміз туралы айтып бердім. Оларға қазақ әліпбиін көрсетіп, оқушылардың есімдерін қазақ әріптерімен жазып бердім. Бұл балаларға ерекше ұнады, қызығушылықпен тыңдап, сұрақтар қойды.
Африкада жұмыс істеген кезде оқушылармен ешқандай кикілжің болған жоқ. Себебі ол жақта ұстазды қатты құрметтейді, ешқашан қарсы сөз айтпайды. Олардың ұстазға деген сыйластығы мені қатты таңғалдырды. Африкадағы оқушылар өте белсенді, қуатты және шулы болатын. Кейде бір шулап кетсе, оларды тоқтату оңайға түспейтін. Сол себепті ең үлкен қиындық сыныптағы тәртіп пен процесті басқару, яғни сынып менеджменті болды. Балалар ойнағанды, қатты сөйлегенді қатты жақсы көретін, сондықтан сабақты қызықты етіп ұйымдастыруға көбірек күш салуға тура келді. Маған ең көп көмектескен тәсіл – мейірімді болу. Балаларға шын көңілмен мейірім танытқанда, олар сені сыйлап, құрметтейді және сабақта жақсы тыңдайды. Сол арқылы олардың сенімін жаулап алып, бірлесіп жақсы нәтижелерге қол жеткіздік.
Дайындаған
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2025
641 рет
көрсетілді0
пікір