- АҚ ЖЕЛКЕН
- 22 Қазан, 2025
Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Жаңа мамандық дегеніміз – ақпараттық технологиялардан еңбекқорлыққа дейін
Бүгінде еңбек нарығы бұрын-соңды болмаған өзгерістер кезеңін бастан кешіп отыр. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, жасыл энергетика сынды жаңа бағыттар дәстүрлі мамандықтардың орнын алмастырып, жаңа кәсіптерді алға шығарып келеді. Осы орайда алдағы 10-15 жылда қандай мамандықтарға сұраныс артады, жастар қандай дағдыларды меңгеруі тиіс деген сауалдар күн тәртібінен түспей отыр. Біз бұл жөнінде тәуелсіз сарапшы, белгілі экономист Мақсат Халықпен әңгімелесіп, болашақтағы еңбек нарығының мүмкіндіктері мен сын-қатерлерін саралап көрдік.
– Қазіргі еңбек нарығында қандай өзгерістер байқалып жатыр?
Қазір еңбек нарығында күрделі өзгерістер болып жатыр деуге болады. Біз төртінші өнеркәсіптік революцияға қадам бастық. Жалпы, адамзат тарихында төрт өнеркәсіптік революция өткен. Ең алғашқысы – бу машиналарының пайда болуы. Ол өндірістің дамуына әсерін берген болатын. Екіншісі – шырақтың яғни электр энергиясының пайда болуы. Ол Томас Эдисонның атымен байланыстырылады. Бұл жұмысты түнде де тоқтатпауға болатыны, қараңғы түссе де зауыттар өнім өндіре береді деген секілді үлкен өзгерістер алып келген болатын. Одан кейін үшінші өнеркәсіптік революция – өткен ғасырдың елуінші жылдарында компьютерлік технологияның пайда болуы. Ғаламтор, компьютер, ұялы телефондардың қолданысқа енгізілуі өнеркәсіпке жаңа бір серпін берді деуге болады. Американың «Кремний алқабы» пайда болып, сол жерде алпауыт компаниялар өмірге келді. Бүгінде сол Microsoft, Apple, Xerox Holdings Corporation, Intel секілді компаниялар көш бастап тұр. Осы компаниялардың барлығы компьютерлік технологияның кең тарауына алып келді деуге болады. Мысалы, Microsoft-тың қарапайым Excel бағдарламасынсыз кез келген бизнес есебін жүргізе алмайды, аналитикасын жасай алмайды. Excel бүгінгі таңда қарапайым әрбір компанияда жұмыс істейтін қызметкер білу керек қабілеттердің бірі болып қалды. Ал енді төртінші өнеркәсіптік революция 2012 жылдан бастау алды дейді. Бұны бүкіләлемдік Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) негізін қалаушы әрі бұрынғы басшысы, экономист ғалым Клаус Шваб айтқан. Ол «Төртінші өнеркәсіптік революция» («The Fourth Industrial Revolution») деп аталатын кітабында болашақта қандай мамандықтар жойылады, қандай мамандықтар сұранысқа ие болады деген сұрақтарға жауап іздеп, нақты болжамдар жасайды. Кейін сол кітаптың негізінде еліміздегі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те мамандықтар атласын жасап шықты.
Енді алдымен қазіргі уақытта қандай мамандықтар жойылып бара жатыр деген сауалға үңілсек, қарапайым кассир, есепші, оператор, хатшы сияқты
мамандықтарды роботтармен немесе арнайы бағдарламалармен ауыстырып жатыр. Қазір де осындай терденцияларды байқаймыз. Ал қандай жаңа мамандықтар пайда болып жатыр немесе қандай мамандықтар алдыңғы қатарға шығып жатыр десек, ол – IT-саласында, мысалы, бағдарламалар жасау қазіргі кезде өте сұранысқа ие. Сонымен қатар жасыл энергетика, логистика сынды салалар өте қатты басымдық беріліп отырған салалардың қатарына кіреді. Генетика, киберқауіпсіздік, жалпы жасанды интеллектпен байланысты жұмыс істей алатындар қазір нарықта сұранысқа ие болып отыр. Бұл – ғаламдық тренд.
– Ал алдағы 10-15 жылда Қазақстанда қандай жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін?
– Жаңа мен атап өткен мамандықтарды айтуға болады. Мысалы, жасыл энергетика саласында жасыл экономика маманы, жасыл инженерия инженері сынды мамандықтар және негізінен ЖИ-мен жұмыс істейтіндер, робототехника, дрондарды өндіру саласының мамандары, 3D принтерлер, смарт технологиямен жұмыс істейтіндер, киберқауіпсіздік инженері, деректерді талдау, электроника саласында графикалық процессорлармен жұмыс істейтін мамандар, IT бойынша әртүрлі бағдарламалар жасайтын, алгоритмдерін түзетін мамандар қазір үлкен сұранысқа ие және өте жақсы табыс табады. Қазір сондай-ақ, роботтар ауыстыра алмайтын шығармашылық салалары, креативті индустрия әлемдік деңгейде жақсы дамып жатыр. Болашақта қалдықтарды қайта өңдеу бойынша мамандар да қатты қажет болады.
– Жасөспірімдер қазірден бастап қандай дағдыларды дамытуы керек?
Бірінші кезекте цифрлық сауаттылық алға шығып тұр дер едім. Мысалы, мен қаржыгер экономист ретінде үнемі қаржылық сауаттылық туралы айтып келем, әрине оны да білу керек. Бірақ қазір алдыңғы кезекке цифрлық сауаттылық шықты. Өйткені әлемде арнайы бағдарламалар жасалып, ұлттық бағдарламалар әзірленіп, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға ден қойылып жатыр. Соның ішінде қаржылық сауаттылықты жастардың мектеп қабырғасынан бастап меңгеріп алғаны дұрыс деп есептеймін. Тағы бір маңызды дағды – тіл білу. Қазіргі таңда неғұрлым көп тіл білген сайын азаматтардың дүниетанымы өседі, нарықта да көп тіл білетін маманға сұраныс артады. Тағы да сыни ойлау қабілетін қосқым келеді. Бұл да өте маңызды. Бұл менің өміріме де әсер еткен бағыт болды. Біз дебатқа, пікірсайыстарға көп қатыстық. Бұл сыни ойлау қабілетімізді шыңдады. Сонда әрбір сұраққа, әрбір мәселеге сыни көзқараспен қарай білу – белгілі бір дәрежеде жасалынған дүниелерді одан әрі де жақсартуға болады екен деген ойға, жаңа идеялардың тууына алып келеді.
Сонымен қатар қазіргі заманда өте қатты қажет қабілет – коммуникация, қарым-қатынас түзей алу, әсіресе, іскерлік қарым-қатынастарды игеру. Тіпті ол қазір арнайы оқытылатын сабақ болуы керек деп ойлаймын. Соның ішінде икемділік деген мәселені де айтқым келеді. Өйткені, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дейді ғой, сондықтан бұл да кейбір ескі, өзгермейтін түсініктерге байланып қалғаннан гөрі негізгі құндылықтарымызға қарсы келмейтін, жаңа технологиялардың тілін үйрену, қандай да бір өзгерістерге икемді болу, өзгерістерді, тәуекелдерді басқара білу деген сияқты қабілеттер бүгінгі таңда өте маңызды.
Маңызды үш дағды
Жаңа технологиялар мен өзгер-мелі еңбек нарығы жағдайында көптеген жастар «өзіме лайықты мамандық таппай қаламын ба?» немесе «таңдаған ма-мандығым қоғамға қажет болмай қала ма?» деп алаңдайды. Сіз оларға қандай бағыт-бағдар, ақыл-кеңес берер едіңіз? Негізінде жастардың бұлай алаңдауы болашаққа бейжай қара-мағандарының белгісі дер едім. Осы жерде сөзімді тікелей жастар мен жасөспірімдерге қарата айтқым келеді. Қымбатты жас дос, егер өзіңіздің біліміңіз, қабілетіңіз, бойыңызда қалыптастырған дағдыңыз болса, сол көп жерде сізді жақсылыққа қарай жетелеп, көптеген қиындықтан алып шығады. Сондықтан үнемі білім алу мен бойда жақсы қасиеттерді қалыптастыруға ұмтыла беру керек дер едім. Одан кейін айтарым, адам қателесіп те көруі керек. Бойыңыздағы қабілеттерді сынап көруден ешқашан қашпаңыз. Өйткені қателесу де тәжірибенің бір бөлігі. Осы тұста Томас Эдисонның мысалын келтіруге болады. Бір ғана жарықты шығару үшін қаншама қателескен. Сондықтан ешқашан қателесуден қорықпай, алға қарай талпына беру керек.Өзіңіз үлгі тұтатын адамға қарап, осындай тұлға, осындай маман болуым керек деп ұмтылып, сол адам-мен тілдесудің, кездесудің орайын іздестірген жөн. Оларға алдын ала сұрақтарыңызды дайындап, сұрақ қоюға ұмтылу керек. Сол кезде ол мамандар тәжірибелерімен бөлісіп, қиын-дықтарды қалай еңсеруге болатынын, жетістікке қалай жетуге болатынын айтып бере алады. Ақыл-кеңесін береді. Жасөспірімдерге тағы бір айтқым келетіні, қазір талап бойынша бір мамандықпен шектелмеу керек. Мәселен, қазіргі кезде бір ғана экономист болу аз болып тұр. Біз әрі Big data-ны үйренуіміз керек, яғни, ақпараттық технологиялардың тілін білетін экономист болсаңыз, нарықта сұранысқа ие маман боласыз. Бір ғана университетті оқып маман болам деу қазіргі ұрпаққа аздық етеді. Сондықтан университеттен кейін де білім алуды ойластыру керек. Қосымша тренингтер, магистратура болуы мүмкін, әрі қарай докторантурада оқимын десеңіз де сондай-ақ, әртүрлі МВА бағдарламалары бар, солардан оқып білімімді жетілдірем десеңіз бұл адамды тұлғалық дамытады және қосымша білім, дағдыларды қалыптастыруға өзіндік жол салады. Әр саланың халықаралық деңгейдегі сертификаттары болады. Біліміңізді жетілдіріп, сол сертификаттарды иеленсеңіз, нарықта ең мықты маман болып, сұранысқа ие бола түсесіз. Кейде осы сертификаттар дипломнан да артық жүреді. Сондықтан дипломмен шектелмей, өз салаң бойынша осындай әлемдік деңгей-де білім көкжиегін дамытып отырған дұрыс. Бұл өз салаңның шебер маманы болуға, сұранысқа ие, табысы мол маман болуға жол бастайды.
Маман ретінде еңбек жолыңызды бастаған кезде негізгі үш дағды өте маңызды. Ең біріншісі – еңбекқорлық. Жетістікке жетудің кілті осы еңбекқорлықта жатыр. Екіншісі – жауапкершілік. Қандай жұмыс болсын, жауапкершілікпен кіріссеңіз, көптеген жетістіктерге жетесіз. Көп адам батылы бармай, тәуекел ете алмай тұрған іске «мен істеймін» деп кірісіп кетіп, қабілетіңізді сынап, әрекет етсеңіз, көп жағдайда сол сізді алдыға қарай жетелейді. Жауапкершілік қарапайым дүниелерден басталады. Сабаққа немесе жұмысқа кешікпеу, тапсырылған жұмысты берілген уақытына дейін үлгеріп орындау, біреудің аманатына қиянат жасамай, дұрыстап орындау, оқытушы болсаңыз шәкірттердің алдында адал болу, барынша білгеніңізбен бөлісуге ұмтылу. Қай салада болсын, жауапкершілікті сезінген адам өзін ғана емес, қоғамды, мемлекетті дамытуға үлес қосады. Үшінші негізгі қасиет – үйренуден қорықпау. «Мен мынаны білем, мықтымын, осы жетеді» десеңіз, сол жерде сіздің дамуыңыз тоқтайды. Сол жерде өмірден ұтыла бастайсыз. Сондықтан үнемі ізденісте болу, жалықпау, тіпті жастардың алдына келсеңіз, сіздің жасыңыз үлкен болып тұрса да, сол жастардан үйренетін дүниелер болса, үйренуден қашпау керек. Сол кезде сіз адам ретінде, тұлға ретінде дами бересіз.
Сұқбаттасқан
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2025
633 рет
көрсетілді0
пікір