• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 18 Қазан, 2025

Өлеңге, өмірге құштар Ерасыл

«Жылдарым менің, жылдарым,
Айтылар ма екен сырларым?
Ашылар ма екен мұңдарым?
Жазылар ма екен жырларым?..»

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың осы өлеңін тебірене оқыған Ерасылдың балаң үні мені бірден баурап алды. Ақынның бұл өлеңін бұрын оқып па едім деп ойланып, оңашада ақынның жыр жинағына үңілдім. «Жылысып өткен жылымды, жоғалтқан өмір дер едім…»  Мұңға оранған өкініш, көңілді әлемтапырық ететін күрең күй жаныңды сыздатады. Өлеңнің тереңіне бойлатқан Ерасылдың үні, оның осы өлеңді жақсы көруі,
жүрекпен оқып, жүрекке 
жеткізуі еді. Кішкентай
ғана баланың мұңды өлеңді
ұнатып, жаттап алғаны қайран
қалдырды мені. 
 «Ерасылдың тілі ерте шықты.
2 жасынан бастап отбасымызбен ертегі оқитынбыз. 3-4 жасында өзі бізге ертегі айтып беретін. 6 жасында ойынан әңгіме құрап, өздігінен сөйлейтін. Кейін 8 жасынан бастап, өлеңге құштар болды. Абай мен Мұқағали ақынның өлеңдерін оқып, жылдам жаттап алады. Церебральды сал дертімен (орташа түрі) ауыратын баламның бос уақытында кітап оқып, поэзияға жақын болғанына қуандым әрі балам жазылып кетеді деген үмітім сенімге айналып, көңілім көтерілді. Балам терең ойлайды. Шыдамды. Сабырлы. Қозғалыссыз отыратын бір сәті жоқ. «Жүремін, аяққа тұрамын» деп    қимылдап, күшінің келгенінше жаттығулар жасайды. Денсаулығына байланысты қолына қалам ұстай алмағанымен, компьютермен, ұялы телефонмен жазу машығын игеріп алды. Үйренуден жалықпайды», – дейді Ерасылдың анасы Шұға Туғанбайқызы. 

12 жастағы Ерасылдың үлкендерше толғанып, үлкендерше сөйлеуі оның ақыл-ой қабілетінің тереңдігін байқатады. Ол өлеңді жаттап қана қоймай, мағынасына үңіліп, әр сөзіне мән береді. Терезеден күннің алғашқы шапағы сығалайды. Бөлмеде тыныштық. Тек сағаттың баяу тықылы мен баланың жұмсақ дауысы ғана естіледі. Ерасыл көзін ашар-ашпас, жанына ең жақын дүниесін – өлеңдер жинағын іздейді. Ол әр күнін жаңа бір өлеңмен қарсы алады. Күн сайын таңертең жаңа бір өлең жолын жаттай бастайды. Әр жолды жүрегімен айтады, әр сөзге жан бітеді. «Сүйіп оқитын өлеңдерімнің бірі – Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңі. Мен өзіме ұнаған өлеңді толық жаттап алуға тырысамын. Әр өлеңді жаттап, мәнерлеп оқыған сайын шабыттанам. Сондай-ақ, мені отбасым мен ұстазым Гүлжахан апайдың қолдауы қанаттандырады», – дейді Ерасыл.

Өнерге жетелеген алғашқы қадам

Ерасыл Кәкім 12 жаста. Ол  Алматыдағы №2 арнайы мектеп-интернатта оқиды. Ұстаздары оның білімге құштарлығын, алғырлығын, еңбекқорлығын, мәнерлеп өлең оқитын ерекше қабілетін кішкентай кезінен-ақ байқапты. Ол мектепішілік байқаулардан бастап, аудандық, қалалық, республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр екен. Ерасылдың жетістігі – ең алдымен еңбек пен шыдамның жемісі. «Бастауыш сыныпта мұғалімі баламның есте сақтау қабілеті ерекше екенін байқап, байқауларға қатыстыруды ұсынды. Сол кезден бастап қатысып келеміз. Алғашында онлайн, кейін офлайн қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ерасылдың сабырлылығы маған үлкен күш-қуат береді, қанша ауырса да білдірмейді. Бар тілегіміз, арманы таудай Ерасылымыз екі аяғын тең басып, жүріп кетсе екен», – дейді анасы Шұға. 

Ерасыл денсаулығына байланысты мектепке бара алмай, үйде оқиды. Бірақ зерек, зейінді шәкірт ұстаз бағдарымен мектеп бағдарламасынан тыс та ізденіп, білім көкжиегін кеңейтуден жалықпайды. «Ерасылға сабаққа келген алғашқы күннен-ақ оқу-білімге деген құштарлығын, талабын, мақсатын, еңбекқорлығын, ақылды оқушы екенін байқадым. Бос уақытында әдеби шығармалар оқиды. Өлең жаттап, жыр бәйгелерінде бақ сынайды. 2024-2025 оқу жылында  IV Республикалық «Дарын» балалар өнер байқауына қатысуды ұсындым. Ата-анасы бірден қолдап, аталған байқауда көркем сөз (мәнерлеп оқу) жанры бойынша бас жүлдені иемденіп, финалға жолдама алды, қаржылай сыйлыққа да ие болды. Биыл 26 шілде күні осы байқаудың финалында ақын Қалқаман Сариннің «Тәуелсіздік» атты өлеңін жатқа оқып, тағы да бас жүлдені жеңіп, Түркияға жолдама  берілді. Ғажап емес пе?! Болашақта Ерасыл ата-анасының үмітін ақтайтын, Қазақстанның болашағына үлесін қосатын  азамат болады деп сенемін. Ол өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен, таудай талабымен, білімімен әлі талай биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жетеді. Осы ретте Ерасылды қолдап, әрқашан жанынан табылатын ата-анасына, бауырларына ұстазы ретінде өз атымнан алғысымды айтқым келеді. Ерасылдың ерекше қасиеті байқауларға дайындалғанда ешқашан «шаршадым» демейтіні. Ол осы қайсар болмысымен  бәрімізге жігер береді», – дейді ұстазы Гүлжахан Шәймерденқызы.

Арман алға жетелейді

Ерасыл – арманшыл бала. Өнерге, өлеңге деген қызығушылығымен қатар, алдына қойған биік мақсаттары бар. Өнерге жақын Ерасылдың достары да көп. Ең жақын Ақылжан есімді досы басқа қалаға оқуға кетсе де, арнайы іздеп келіп тұрады екен.  «Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің БЦСА балаларға арналған белсенді оңалту және ерте жастан қолдау орталығына баратын балалармен де етене араласады. «Ең бірінші арманым – өз аяғыммен жүру. Жақсы оқу және жұмысқа тұрып, ата-анамды қыдырту. Өзім сияқты балаларға арман-мақсатқа жету үшін жақсы оқып, тәртіпті болумен қатар, тынбай еңбектене беру керек дегім келеді. Тағы бір арманым BMW компаниясын ашу. Осы  BMW  маркалы көліктерін өте жақсы көремін. Екінші арманым радиода диктор немесе журналист болу», – дейді Ерасыл. 

Ерасыл дерт азабын тартса да, қабақ шытпай, қиындықты еңсеріп, биікке ұмтылып келе жатқан қайсар рухты өрен. Достарымен мектеп партасында отыру, аулада асыр салып ойнау сияқты кей бала бағасына жете бермейтін қарапайым ғана өмірдегі жағдайлар Ерасылдың жүрек түкпіріндегі асыл армандарының бірі. Тағдырдың сынағына мойымай, керісінше, айналасына шаттық сыйлап, талай жанға  жігер беріп жүрген жеткіншектің өлеңге деген сүйіспеншілігі мен өмірге құштарлығы өзге балалар үшін нағыз үлгі. Сөз басында айтып өткеніміздей, Ерасылдың жетістігі сабыр мен өзіне деген сенімнің нәтижесі және ата-анасының қолдауы, бала бойындағы қабілетті үздіксіз шыңдауының жемісі деуге болады. Әлбетте кез келген кедергіні жеңетін адамның ішкі қуаты, жалындаған жігері екенін біздің кішкентай кейіпкеріміз Ерасыл дәлелдеп келеді. 
«Айтылмай жүрген сырларым,
Ақтармай жүрген мұңдарым…»

Құлағыма Ерасылдың үні, Мұқағали ақынның жыры келеді. Ал Ерасылдың өмірге деген сүйіспеншілігі мен мейірімге толы жүрегі – өлеңнен де сұлу.

Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2025

784 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы