• Спорт жұлдыздары
  • 20 Қазан, 2025

Айдос – әлем чемпионы

Кейіпкеріміздің жетістігін жазғаннан асқан қуаныш жоқ шығар. Иә, осыдан 8 жыл бұрын Айдос Сұлтанғалидың талантын байқап, журналымызға арнайы сұқбат алған едік. Грек-рим күресінің шебері 2017 жылы ересектер дуына алғаш рет қосыла сала, небір мықтылардың мысын басты. Тек ақтық айқаста тәжірибелі Мейрамбек Айнағұловқа есе жіберіп, күмісті місе тұтты. Мінекей, Айдос биыл Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Ең маңыздысы, кейіпкеріміз XXI ғасырдағы әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ ретінде есімі тарихқа алтын әріппен жазылды. Грек-рим күресінен қазақ баласы соңғы рет 1998 жылы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан болатын. Иә, сол Швецияда өткен дүбірлі додада Бақтияр Байсейітов небір мықтылардың жауырын жер иіскеткен еді. Араға 27 жыл салып Айдос та сол жетістікке қол жеткізді. Осы орайда, сол жеті жыл бұрынғы Айдостың сұқбатын негізге ала отырып, спортшының жетістігін кеңірек саралауды жөн көрдік.

ӨМІРІН ӨЗГЕРТКЕН ТАҢДАУ

Бала күнінен спортқа жақын болған Айдосты әкесі екінші сыныпта каратэ спортына бергісі келді. Айдос әкесінің сөзінен кейін, ойының бәрі каратэ спортына қатысу еді. Бірақ аулада бірге ойнайтын достарының күреске барып жүргенін біліп, қызығушылығы күреске ауысады. Күреске ынтасы ашылып, ақыры әкесімен ақылдасып, күреске қатысуға бел буған. Алғашқы жаттығуынан бастап, бапкердің көзіне түсіп, мақтауын естіген. әкесінің бала күнінен спортқа машықтандыруы кез келген әдіс-тәсілді тез үйренуіне, үлкен спортқа лезде сіңісіп кетуіне пайдасын тигізді. Дегенмен Айдосты күреске ертіп апарған достары спорттың бұл түрін тастап, ат спортының түрлеріне ауысады. Бұл жолы да өздерімен бірге Айдосты ертіп апарды. Сөйтіп Айдос ат спортына да, күреске де қатысып жүрді. Бірақ  уақыт өткен сайын ат спортына деген қызығушылығы артып, «күреске кеттім» деп ипподромға кетіп қалатынды шығарды. Бапкері Айдостың шабандоз екенін, ат спортына қатты қызығатынын біліп қойған. Дәл солай жалғаса беретін болса, Айдостың күресті қойып кететінін сезіп, әкесіне дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына жіберуге кеңес берді. Ақыры Айдос 7-сыныпты бітіргеннен соң, Петропавл қаласындағы спорт мектеп-интернатына оқуға кетіп, күреспен кәсіби түрде айналыса бастады.

МАҢДАЙ ТЕРМЕН КЕЛГЕН МАРАПАТ

Шыны керек, жасындай жарқыраған кейіпкеріміздің болашағынан үлкен үміт күтуге болатынын бағамдап жазған едік. Оның бозкілемдегі белдесуі, техникалық шеберлігі мен әдіс-айласы мамандардың да назарын аударған. Ең бастысы, чемпионға тән қайсар мінезі бойында төгіліп тұрды. Жеңсе тоқмейілсіп, дандайсымай, жеңілсе жасымай, тек алға ұмтылды. Айдос ересектер сапына 2017 жылы қосылып, 2018 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатында бақ сынады. Алғашқы әлем чемпионатында-ақ небір мықтылардың мысын басып, жартылай финалға дейін еш қиындықсыз жетті. Алғашқы айналымда Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, украиналықты айқын ұтса, екінші белдесуінде даңқты жапон балуаны, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Шинобу Отадан айласын асырды. Ал жартылай финалда қырғыздың мықтысы Калы Сулаймановты айқын басымдықпен тұқыртты. Өкініштісі, жартылай финалда бір ғана қателікті ұтымды пайдаланған ресейлік тәжірибелі балуан Сергей Емелин отандасымызды сан соқтырып кетті. Дегенмен Айдос қола жүлде үшін белдесуде солтүстік корей балуанын жеңді. Осылайша Айдос 22 жасында әлемнің ең үздік балуандарының бірі екенін дәлелдеді. Иә, Айдос Токио олимпиадасына баратын балуандардың ішіндегі басты үміткерлердің бірі болған. Бірақ 2019 жылғы ел біріншілігінде Мейрамбек Айнағұлов үздік шығып, Астанада өткен лицензиялық әлем чемпионатында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Токио олимпиадасына қатыса алмаса да, Айдос ел біріншілігінде мықтылығын мойындатып, 2021 жылғы әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Бірақ 2021 жылғы Ослода өткен әлем чемпионаты кейіпкеріміз үшін аса сәтті болмады. Ол алғашқы айналымда-ақ жеңіліп, жарыс жолынан ерте шығып қалды. Дегенмен 2022 жылы Белградта өткен байрақты бәсекеде Айдос тағы да жартылай финалға дейін еркін жетіп, тек ақтық айқасқа жолдаманы сарапқа салатын белдесуде Жоламан Шаршенбековке есе жіберіп, қола жүлде жеңіп алды. Расында, Айдосты табандылық пен төзімділіктің, қайсар мінездің символы десек те болады. Оған себеп те жоқ емес. Олимпиадаға бір жылдан аса уақыт қалғанда Айдос иығы ауыр жарақаттанып, біршама уақыт спорттан қол үзіп қалды. Дегенмен салы суға кетпеген спортшы бір жылдай үзілістен соң, бозкілемге қайта оралып, ел біріншілігінде де, лицензиялық турнирде де мықтылығын дәлелдеп, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Өкініштісі, Париждегі дүрмекте Айдостың жолы болмады, сәттілік жетіспеді. Алғашқы айналымда-ақ олимпиада ойындарының басты фавориті ретінде келген, екі дүркін әлем чемпионы Жоламан Шаршенбековпен жолы түйісіп, жеңіліп қалды. Дегенмен Айдосты жаман күресті дей алмаймыз. Ал Хорватиядағы әлем чемпионатында Айдостың күресінен тамсанбаған жанкүйер қалмаған шығар. Соңғы секундтарда жеңісті жұлып алуы, жоқ жерден әдіс жасап кетуі, төрттағандағы әдіс-айласы да, тік тұрып күресудегі тәсілі де өте жоғары деңгейде болды. 5 белдесу өткізіп, соның төртеуін айқын басымдықпен жеңді. Айдостың бұл жетістігін қазақ күресі тарихындағы жаңа белес деуге болады.

АЙДОСТЫҢ АСҚАҚ АРМАНЫ

Айдос 2017 жылы бізге берген сұқбатында өзінің ерекше күресімен, қайталанбас болмысымен әлемді мойындатқан, талантымен таңдай қақтырған Шәміл Серіков ағамыздың жетістіктерін қайталағым келеді деген еді. Сол кісінің жеткен жетістіктерін бағындырып, қазақтың абыройын асқақтатуды аңсайтынын айтқан. Шәміл Серіковтің күресін көзбен көрмесе де, бейнебаяндардан атағынан ат үркетін небір Олимпиада чемпиондарын екі минуттың ішінде тас-талқан еткенін көріп қайран қалғанын жасырмаған еді. Қазір Айдос дәл сол Шәмілдей небір мықтыларды тас-талқан етіп жеңіп жүр. Айдостың да Шәміл Серіковтей екі дүркін әлем чемпионы және олимпиада чемпионы атануға толық әлеуеті жетеді. Ол қазірдің өзінде әлем чемпионы және екі дүркін қола жүлдегер, Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы деген атақ-дәрежесі бар. Ең бастысы, қандай атақ-дәрежеге жетсе де, ешқашан «жұлдыз» ауруына шалдықпай, тоқтамай еңбектене бермек. Ол әр белдесуіне сараптама жасап, жіберген қателіктерін лезде түзеуге тырысады. Соның бір айқын дәлелі ретінде, әлем чемпионатындағы финалдық белдесуін айтса болады. Ол финалда тас-талқан етіп жеңген өзбек балуанынан бір ай бұрын рейтингтік жарыста болмашы қателігі үшін жеңіліп қалған болатын. Талай жылдан бергі қазақ жанкүйерлерінің арманын орындаған Айдос 2028 жылғы олимпиада ойындарында атой салып, алтыннан алқа тағатынына кәміл сенеміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2025

624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы