• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Қазан, 2025

Жалған ақпарат: анализ және этика таразысы

Адамзат тарихына зер салсақ, қоғамды біріктірген ең қуатты күштердің бірі – мифке деген сенім болғанын көреміз. Хараридің айтуынша, адамдар тек биологиялық түр ғана емес, ортақ қиялға сенетін әлеуметтік жаратылыс. Мәселен, рулық замандағы тотемдік мифтер, одан кейінгі діндер мен мемлекет идеялары – бәрі де адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдырған ұжымдық қиялдың жемісі. «Алтын ақша құнды», «мемлекет заңды», «ұлттық рәміз қасиетті» деген түсініктердің бәрі де нақты материалдық шындықтан емес, адамдардың ортақ сенімінен қуат алады. Дәл осы механизм, яғни мифке сену қабілеті – бүгінгі өркениеттің де негізі екенін ұмытпаған жөн.

Миф: біріктіруші және ыдыратушы

Бірақ бір кезеңдерде адамзатты бүгінгі биікке көтерген ұғымнан қалыптасқан қасиет ХХІ ғасырдың басты қатері боларын көпшілік сезген жоқ. Иә, жалпы адамзаттың мифке, ортақ түсінікке сену қасиетін қазіргі жалған ақпарат пен фейк технологиялар өз пайдасына жаратып отыр. Анықтап оқыңыз, мифтің өзі емес, сол белгілі бір ұғымға, идеяға сену қасиеті адамзатқа қауіп төндіріп отыр. Бұрын адамдарды біріктірген «миф» тұрақтылыққа қызмет етсе, қазір «фейк жаңалықтар» қоғамды ыдырататын құралға айналды. Әлеуметтік желілердегі манипуляциялар, дипфейк бейнелер, конспирологиялық теориялар – бәрі де сол баяғы сенім механизмін кері бағытта қолданудың көрінісі. Яғни миф пен әңгіме бір кездері өркениеттің желіміндей болса, бүгінгі жалған ақпарат оны ажыратып, бір-біріне қарсы қоюға тырысуда.

Адамзаттың күш-қуаты ортақ сенімнен басталса, оның әлсіздігі де сол сенімді бұрмалау арқылы көрінеді. Сондықтан Хараридің ескертуі бізге айқын: фейк ақпарат – тек қана шындықты бүлдіру емес, сонымен бірге қоғамның біртұтастығына төнген қауіп. «Миф» ұғымы фольклортану ғылымында әлемнің құрылысы мен жаратылысын түсіндіретін баян болса, әлеуметтану ғылымында «қоғамдық санада орныққан, шындыққа сәйкес келмейтін, бірақ адамдар сенетін ұғым, яки стереотип» ретінде тараған. Яғни бір тамырдан өсіп шыққан аттас, бірақ екі түрлі ұғым.

Өтірік, жалғандық парадоксы

«Жалған ақпарат» туралы түсінік антика дәуіріндегі философтардан бері келе жатқан мәселе. Мысалы, Платонның «Мемлекет» атты еңбегінде ол қоғамды әділдік пен тәртіпке негіздеп құрудың жолдарын қарастыра отырып, бір күрделі идеяны ұсынады: қоғамды ұстап тұру үшін кейде «қажетті өтірікке» жүгінуге болады. Бұл ұғымды кейде «қасиетті өтірік» деп те аударып жүр. Платон өтірікті әдеттегі мағынасында емес, қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз ететін мифологиялық баяндау ретінде түсіндіреді. Ол халықтың бәрі бірдей философиялық ақиқатты ұға алмайтынын алға тартып, билік кейде оларға қарапайым әрі нанымды әңгімелер ұсынуы тиіс дейді. Мысалы, әр адамның жаны белгілі бір металлдан жаратылған деп алайық. Билеушілердің жаны алтыннан, оның айналасындағылардың жаны күмістен, ал шаруалар мен қолөнершілердің жаны қоладан жасалған делінеді. Бұл – таза миф. Бірақ ол қоғамдағы әр таптың орнын «қасиетті түрде» ақтап, тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Яғни адамзатты дамытқан «миф» десек, оның өзі адамзаттың айналаны түсіндіруге бағыттаған өтірігі болып шығады. Яғни тұтас адамзат өтірікке сеніп жүрген болып шықпай ма? Бұл мәселеде «этиканың» алдында бас иеміз. Ал этика «өтіріктің ақталуы – оның айтылу мақсатына байланысты» деген қорытынды жасайды. Яғни, егер өтірік халық арасына іріткі салатын, жауластыратын немесе белгілі бір адам туралы теріс пікір қалыптастыратын болса – ол өтірік ақталмайды. Міне, осы тұстан біз негізгі тақырыбымызға кірісеміз. Ол – фейк ақпарат және бүгінгі жасанды интеллектінің көмегімен жасалып жатқан дипфейк.

Фейк және оның түрлері

Кіріспеміз ұзақ болғаны үшін кешірім өтінеміз. «Жалған», «өтірік» деген ұғымдарды философиялық мәнде қарастырып алғанымыздың астарында жатқан негізгі мәселе – оқырманды адасушылықтан сақтау. Бүгінгі фейк ақпараттың өзін екі түрге бөліп қарауға болады екен. Бұл туралы бізге «Азаттық» тілшісі Жолдас Өрісбаев талдап айтып берді: 

«Фейктің түрі көп, негізі. Мысалы, дезинформация деп әдейі жалған ақпарат таратуды айтамыз. Яғни ниеті алдау, манипуляция. Осы ұғымға қарама қарсы мисинформация деген бар. Ол жалған ақпаратты білмей тарату. Яғни, ниеті дұрыс, бірақ журналист дұрыс тексеру жасамай жалған ақпаратты шынға балап таратып жіберуі мүмкін. Бұл екеуінен бөлек фейк ақпараттардың кликбейт пен дипфейк деген түрлері де бар». 
Жолдас мырзаның сөзінен кейін «Ақпараттық ретсіздік: зерттеу мен саясат жасаудағы пәнаралық құрылымына қарай» атты еңбекке көз жүгірттік. 2017 жылы жазылған бұл еңбектің классификациясы әлемде мойындалып, ЮНЕСКО, ЕО-ның көлемінде қолданылады. Мұнда жалған ақпараттарды үш түрге бөлген. Оның екеуін дезинформация және мисинформация деп атап өттік. Ал үшіншісі, малинформация – «шынайы деректі контекстен жұлып алып, зиян келтіру мақсатында тарату». Яғни белгілі бір адамның немесе ғылыми тұжырымның таразы басына салыстырмалы қойған екі сөзінің бірін ғана «айтты» деп таратуды осылай атаймыз. 

Осы ғылыми еңбектен кейін жалған ақпараттың классификациясын тағы да жеті түрге бөлген еңбектер кездесті. Алғашқы үшеуін айтып өттік десек, ары қарайғы төрт түріне мән беріңіз: 

Кликбейт: оқырманды қызықтыру үшін асыра сілтеген, бірақ мазмұны сәйкес келмейтін тақырыптар. Қазақстандағы көп сайт қолданатын әдісі. «Ол күйеуі туралы бар шындықты айтты», «Ол бұрын айтпаған сырымен бөлісті» деген тақырыптарды талай көрген шығарсыз. 

Дипфейк: фотошоп, видео монтаж, жасанды интеллект арқылы өзгертілген сурет, бейне, дауыстық ақпараттар. Мысалы, 2022 жылы Украина
президентінің «соғысты тоқтатып, беріліңдер» деген бейнеүндеуі жарияланған болатын. Бірақ аз уақыт ішінде фейк екені анықталды. 

Толық жалған контент: түп-тамырымен ойдан шығарылған, ешқандай шындыққа жанаспайтын ақпарат.

Сатирикалық/пародиялық ақпарат: әдейі әзіл немесе сатира ретінде жасалған, бірақ кейде адамдар шын қабылдап қалып жататын ақпарат.

Журналист Жолдас мырза жалған ақпараттың соңғысына келіспейтінін айтып өтті: «...Сатираны фейкке жатқыза алмаймыз. Себебі ондағы бұрма-лау саяси сынды әзіл араластырып жеткізуді мақсат етеді. Әдетте, ондағы әзіл негізгі ақпараттың бұрмалануына қатысты болмайды. Мысалы, АҚШ-тағы Last Week Tonight секілді кез келген жаңалықтарға әзілмен шолу жасайтын хабарларды шолып шықсаңыз, онда негізгі жаңалық элементін бұрмаламайтынын байқайсыз. Тек жаңалық объекті болған саяси тұлғаның шешімдерін түрлі аллегорияға балап, сынайды. Жаңалық ресурсының саяси сатира жанрында екенін дисклеймер (белгілі бір мәтіннің, бейненің немесе ақпараттың соңында берілетін ескерту, жауапкершіліктен бас тарту жазбасы) арқылы нақты көрсету-көрсетпеу этика шеңберіне кіреді. Бірақ таратылған ақпараттың астына елеусіздеу «бұл сатиралық жаңалық» деген сипаттама жаза салу қазіргі қоғамда жеткіліксіз. Мысалы, Qaznews24 басылымы кепшн (сипаттама) астына ғана дисклеймер беретін. Постты көргендердің қанша пайызы ол сипаттаманы оқитыны белгісіз. Меніңше, өте аз бөлігі оқиды. Себебі бірталай досым сол пабликтің постын маған жолдап, ақпаратты рас деп қабылдап қалған кездері болды. Бұл, әрине, жалпы қоғамның келбетін көрсетпейді. Бірақ этика тұрғысынан, журналист хабар таратқанда бірде-бір адамның адасуына жол бермеуі керек. Сатира қоғамды әдейі адастыруды, адам абыройына негізсіз зиян келтіруді мақсат етпейді. Оның мақсаты – қоғамдағы кемшілікті әжуалау, дискурсқа ой салу».

ЮНЕСКО қарары негізінде фейк ақпаратты тексерудің жолдары

01. Ақпарат көзін тексер. Жаңалық қай сайтта жарияланғанын қара.Беделді, ресми басылым ба, әлде күмәнді блог не белгісіз портал ма?

02. Авторын қара. Автордың аты-жөні көрсетілген бе? Ол журналист немесе сарапшы ма, әлде жасырын аккаунт па?

03. Тақырып пен мазмұн сәйкестігін салыстыр. Айқайшыл тақырып мазмұнға сәйкес келе ме? «Сенсең сен, сен-бесең қой» дегендей, нақты дерек жоқ па?

04. Дереккөздерге назар аудар. Мақалада нақ-ты сілтемелер, ресми құжаттар, статистика бар ма? Әлде «біреу айтты», «әлеуметтік желіде тарады» деген сөз бе?

05. Күдікті сурет пен видеоны тексер. Сурет ескі оқиғадан алын-ған болуы мүмкін. Google Reverse Image Search немесе TinEye арқылы тексер.

06. Фактчекинг платфор-маларын пайдалану керек. Snopes, FactCheck.kz, StopFake.kz сияқты сайттарда тексер.

07. Эмоцияға әсер ету тәсілін байқа. Өте ашуландыратын, қор-қынышты не күлкілі етіп жазылса, ол фейктің белгісі болуы мүмкін.

08. Бірнеше дереккөзбен салыстыр. Ақпаратты басқа беделді БАҚ-та да жариялаған ба? Егер тек бір сайт қана жазса – күмәндануға негіз бар.

Этика таразысы

Сонымен жалған ақпараттың бірнеше түрі бар екенін, олардың қандай сипатта болатынын білдік. Оның ішінде әдейі, байқаусызда және әзіл-шыны аралас берілетіндері де болады екен. Енді осы мәселені этика тұрғысынан қарау керек. Жоғарыда айтып өткен фейк ақпараттың тарихы, олардың қолданылу аясы және философиялық мәнін ашуымыздың себебіне қайта оралайық. Бұл үш ұғымды да қоғамдық этика басқарады. Жолдас мырза бұл туралы: «Фейкті қай кезде толық қаралауға болады? Этика тұрғысынан жалған ақпаратты таратушының ниеті «әдейі бұрмалау» болса, оның әдісі қоғамды адастыруға негізделген болса (deepfake, fake voice) және ықтимал зиянды айқын таргетпен өлшеп әрекет етсе, оны толықтай қаралауға болады. Қалғанының бәрін ситуацияға қарай этикалық дилемма ретінде қарастырып, шешім шығару керек».

Қоғамдағы жалған ақпарат туралы алғашқы сөз пандемия кезінде басталса керек. Иә, сол шақтарда «вирус жоқ», «адамдарды чиптеу үшін вакцина салдырып жатыр» деген сияқты ақпараттардан бастап, вирустың емінің неше түрлі жолдары туралы ақпараттар тарады. Әбігерге түскен халық оны бір-бірімен бөлісіп, біразы соған құлақ асып жатқанын да айтқанымыз абзал. «Этикалық дилемма» деген осы. Халықты бұл әрекеті үшін айыптау мүмкін емес. Ал мұндай ақпараттарды журналистердің таратуына кешіріммен қарай беруге болмайды. Өйткені олар маман ретінде ақпаратты жан-жақты зерттеп, оның анық-қанығына жетуі тиіс.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2025

647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы