• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қазан, 2025

Ерасыл – әлемнің үздік математиктерінің бірі

Елімізде білімнің биік шыңына талпынған жас қырандар жетерлік. Солардың ішінде талантты жас математик Ерасыл Алтынбектің алар орны ерекше. Білім бәйгесінде ел намысын абыроймен қорғаған жас дарын математика әлемінің қыр-сырын терең меңгеріп, халықаралық олимпиадада ел абыройын асқақтатқан. «Нұрорда Алматы» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Аустралияда өткен ең беделді халықаралық математикалық олимпиадада (IMO-2025 – International Mathematical Olympiad) қола жүлде жеңіп алды. Ерасылдың бұл жетістігінен ел ертеңінің жарқын бейнесін көруге болады. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның білімді, өршіл ұрпағының мықты екенін аңғарамыз.  Осы орайда, әлемнің ең үздік математиктері қатысқан додада үздік шыққан Ерасылмен аз-кем сұқбаттастық.

– Ерасыл, есепке деген қызығушылық қайдан пайда болды? 

– Математикаға, есеп шығаруға жақындығымды бес жасымда байқадым. Ата-анаммен Астанадан ауылға кетіп бара жатып, пойызда есеп шығарып ойнай бастадық. Ата-анам басында бірлік бөлшектерді қосуды сұрады. Бес жаста болсам да, үшке үшті қосу, жетіге сегізді қосу деген сияқты есептердің жауабын қиналмай айттым. Сосын екі және үш таңбалы санды қосу бойынша есеп беріп, олардың да жауабын дұрыс айтқанымда ата-анам таңғалды. Сол сәттен бастап болашақта математик болатыным айқындалғандай. Балабақшадағы апайым да қатарластарыма 2+3 деген сияқты есептер берсе, маған екі және үш таңбалы сандарды қосуды беретін. Содан кейін ата-анам екі, үш таңбалы сандарды көбейтуді үйрете бастады. Жазбаша есептеу оңай болғаннан кейін, ойша есептеуді де меңгере бастадым. Ойша есептеудің әдіс-тәсілін үйреніп, сандардың квадраттарын жаттадым. Бұның бәрін мектепке дейінгі жаста үйрендім. 

– Олимпиадаларға неше жасыңнан бастап қатыса бастадың? Мектепке барғанда есеп шығару оңай болған шығар?

– Ең алғашқы олимпиадама 1-сыныпта қатыстым. 30 жылдан астам тарихы бар «Шекарасыз математика» халықаралық олимпиадасының елімізде өткен кезеңінде 20 есептің 18-ін дұрыс шығарып, күміс медаль иелендім. Сөйтіп 7 жасымда Болгарияда өтетін финалға жолдама жеңіп алдым. Бірақ жарысқа өз қаражатымызбен бару керек болғандықтан қатыса алмадым. 1-сынып оқып жүріп, 2-4-сыныптар арасында өтетін «Бастау» деген республикалық олимпиадаға қатысып, 3-орын алдым. Ешқайсысынан жүлдесіз қайтқан кезім болмады. Екінші сыныпта оқып жүргенімде, директордың орынбасары білім деңгейімнің жоғары екенін көріп, бірден 3-сыныпқа ауысу туралы ұсыныс айтты. Бірақ сыныптастарымды қимай, сол екінші сыныпта қалып қойдым. Шыны керек, математикадан қабілетім қанша мықты болса да, олимпиадалардан жүлдесіз қайтпасам да, болашақта математик боламын деп ойламаған едім. Өйткені 1-сыныптан бастап үлкен тенниспен кәсіби түрде айналысып, бар уақытымды спортқа арнадым. Теннисті қатты жақсы көріп, өмірімнің бір бөлшегі ретінде қарадым. Теннистен де жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсеттім. Астана қаласының чемпионы атанып, Қазақстан чемпионатына да қатыстым. Бірақ ел біріншілігінде қола жүлдегер болдым. 6-сыныпта қыс кезінде белімнен жарақат алып, теннистен бір-екі айға қол үзіп қалдым. Дәрігерлер жаттығуға тыйым салып, рұқсат бермеді. Белім де қатты ауырып, жаттыға алмай қалдым. Осылайша, теннисші болам деген арманым арман күйінде қалды. Сөйтіп ата-анаммен ақылдасып, математикаға қайта оралдым. Дәл сол кездерде республикалық физика-математикалық мектеп, білім инновациялық лицейлері және Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қабылдау басталып жатқан шақ еді. 

– Бұл мектептерге оқуға түсу қаншалықты қиын болды? Қай мектепті таңдадың?

–  Бұл мектептерге түсу оңай емес, әрине. Қай-қайсысының болсын талаптары жоғары және арнайы пәндер бойынша емтихан тапсырып түсесің. Теннисті қойғаннан кейін пәндер бойынша арнайы дайындалып, барлық пәннен жоғары ұпай жинап, үш мектепке де грант жеңіп алдым. Таңдауым Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсті. Бірақ математикадан алған ұпайларымды Муаммер Гүл көріп, Астанадағы дарынды балаларға арналған «Астана Білім-Инновация» лицейіне шақырды.  

– Гиннес рекордтар кітабына енген Муаммер Гүлдің өзі арнайы шақырды ма сонда? 

– Иә, математикадан жинаған ұпайымды көріп, ата-анама бірнеше рет хабарласты. Бірақ біз НЗМ жақсырақ шығар деп ойлап жүрдік. Ақыры, Муаммер ағай ата-анаммен кездесіп, мені лицейге ауысуға көндірді. Сөйтіп 7-сыныптан бастап Муаммер ағайдың шәкірті атанып, математикамен кәсіби түрде айналыса бастадым десем болады. 

– Муаммер ағайға келгенге дейінгі математика және келгеннен кейінгі математикаңның деңгейі қандай болды? 

– Муаммер ағайға дейін тек өз қабілетіммен, талантыммен есептерді шығара беретінмін. Жарыстарға кейде дайындалмай, бар білгеніммен кез келген есепті шығаратынмын. Ал Муаммер ағайға келгелі күніге, үздіксіз дайындыққа кірістім. 7-сыныпта ең бірінші қалалық олимпиаданың жеңімпазы атанып, республикаға жолдама жеңіп алдым. Астана қаласынан республикаға жолдама иеленген бірінші оқушы болдым. Қалалықта жеңімпаз атанғанннан кейін өзіме деген сенім пайда болды. Республикалық жарысқа РФМШ, НЗМ сияқты мектептердің ең мықты математиктары жиналды. Мен үшің ең маңызды алғашқы олимпиаданың бірі болды десем де болады. 4 есептің үшеуін толық, біреуін жартылай ғана шығардым. Шыны керек, өз-өзіме деген аздаған таңданыс болды. Негізі бұндай жарыстарда бір есеп шығарсаң, кемі қола жүлдегер боласың. Сөйтіп 28 ұпайдан 22 жинап, абсолютті чемпион болдым. Менен кейінгі ең көп ұпай жинаған оқушының көрсеткіші 16 болды. Сол жеңістен бастап жарысқа, олимпиадаға деген құмарлығым арта бастады. 7-9-сынып аралығында барлық республикалық жарыстың жеңімпазы атандым.

– Биылғы Аустралиядағы халықаралық олимпиадаға жолдамаға жеңіп алғандардың ішіндегі жалғыз 10-сынып оқушысы өзің болдың. Жолдамаға иелену қаншалықты қиын болды? Олимпиадаға дайындық қалай өтті?

– 9-сыныпқа дейін бірде-бір олимпиадада жеңілген жоқпын. Бірақ 10-сыныптың басында аздап сәтсіздіктер болды. Күміс және қола медаль алып қалған кездерім болды. Халықаралық олимпиадаға бару үшін ішкі іріктеуден өттік. Осындай іріктеу сайыста қатарынан екі рет есептің берілгенін дұрыс түсінбей қалып, мүлде басқа нәрсе шығарғанмын. Дегенмен 5 кезеңнен тұрған Аустралиядағы олимпиадаға іріктеуде 6 оқушының ішінен үшінші болып өттім. Менен басқасының барлығы 11-12-сынып оқушылары екен. Жарысқа бір ай қалғанда Қазақстан құрамасы болып, Қытайдың Бейжің қаласында лагерь өтті. Әлемнің 30 мемлекетінен жиналған оқушы бірге дайындығымызды пысықтап, сол жақтан жарысқа ұшып кеттік. Екі кезеңнен тұратын олимпиаданың әр кезеңінде үш есептен берілді. Есептер алгебра, геометрия, сандар теориясы және комбинаторика бойынша болды. Жарыстың бірінші күні екі есеп, екінші күні 1 есеп шығарып, 22 ұпай жинадым. Осылайша, әлемнің 112 елінен 650-ге жуық оқушы қатысқан жарыста қола жүлде жеңіп алдым. 

– Елге келгеннен кейін президенттің қабылдауында болдыңдар. Тіпті, мемлекет басшысының алдында сөз сөйледің.  Қандай сезімде болдың?

– Иә, елге келгеннен кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына шақырту алдық. Бізден президенттің алдында қайсысың сөйлегің келеді деп сұрады. «Мен» деп жауап берген едім, бірақ мені бірден қабылдамай, резервке қойды. Сосын бәрімізді сөйлетіп көріп, менің сөйлегенімді ұнатты. Президентпен қол алысқанда, қысқа сөз сөйлеуге рұқсат сұрадым. Шыны керек, жарыстарда бұлай қобалжымаған шығармын. Дегенмен айтқан сөзім президенттің көңілінен шықса керек, «жарайсың» дегендей ишара танытты.   

– Спортшыларды олимпиададан жүлделі қайтса алтынмен аптап, күміспен күптейтінін білеміз. Сендерге қандай қошемет көрсетіп, сый-сияпат берді?

– Шыны керек, кейде осы мәселе бойынша қатты ойланамыз. Әрине, спортшылардың жетістігіне, жеңісіне шын жүректен қуанамыз. Бірақ олардың жетістігі жастарымызды спортпен шүғылдануға итермелейтіні болмаса, ел экономикасына аса көп пайдасы жоқ негізі. Өкініштісі, білім жағынан халықаралық деңгейдегі олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің еңбегі дұрыс бағаланбайды. Олар елдің болашағына жарқын өзгерістер әкелетін ең ақылды жастар. Алтын алған оқушыларға 6 млн, күміс – 4 млн, қола жүлде иегерлеріне 2 млн теңге берілді. Алматы қаласы әкімдігі де, Білім басқармасы да құттықтаған жоқ. 

– Математикадан басқа қандай қызығушылығың бар?   

– Шахмат ойнағанды жақсы көремін. Бірақ кәсіби түрде айналысқан жоқпын. Дегенмен 5 жасымнан бастап ойнағандықтан 1-разряд иесімін. Ал қарындасым Айару шахматтан екі дүркін әлем чемпионы. Айтпақшы, Айару да былтыр президенттің қабылдауында болған. Бір қызығы, әкем Әлібек те кикбоксингтен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған екен. 

– Алға қойған мақсаттарың қандай? Биыл қоланы алтынға алмастыруға мүмкіндік бар ма? 

– Иә, толық мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Аустралияда нақты халықаралық олимпиаданың тәжірибесі жетіспеді. Менің дайындалғаныма үш-ақ жыл болған шығар. Ал жарысқа қатысушылардың барлығы 11-12-сынып оқушылары болды. Олар бұндай жарысқа кішкентай кезінен бастап, арнайы курстарға жазылып дайындалады. Бұйырса, осы жылы алтын алуға тырысамыз.

– Рақмет!

Сұқбаттасқан 
Дәурен ТҮЛКІБАЙ 

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2025

1099 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы