- АҚ ЖЕЛКЕН
- 21 Қазан, 2025
Эстетика ма, идея ма?
Алматының жаңа музейіне барғанда...
Алматы қаласының төрінде бұл ғимарат салына бастағаннан-ақ жұрт назарын өзіне аударған болатын. Ал оның алдына орнатылған мүсін қала қонақтары мен тұрғындарының дегбірін қашырды. Өйткені ол осы ғимараттың ашылуына дейін бүркеніп тұрған еді. 3 шіл-де күні француздық суретші әрі осы мүсіннің авторы Жауме Пленса келіп, ресми түрде көпшілік алдында ашып берсе де, аз күн ішінде қайта бүркеніп үлгерді. Көргендер жабынды астында қыздың мүсіні бар десті. Осылай әл-Фараби мен Достық даңғылымен өткен жүргінші де, жүргізуші де бүркенген мүсінге бір қарап өтетін. Қыркүйек айының 12-ші жұлдызында халықты зарықтырған бұл ғимараттың музей екені белгілі болды, алдындағы бүркенген мүсін де ашылды. Музей аты – Almaty Museum of Arts – заманауи өнер музейі. Ал мүсіннің аты – Nades. Не мағына беретіні белгісіз. Интернет желісін ақтарып отырып, мағынасын таба алмадым. Бірақ кейбір болжамдарда Еуропадағы «Nade / Nadia / Nadezhda» есімдерімен байланысты болуы ықтимал екені айтылған. Бұл есім «үміт» деген мағына береді.
Жауме Пленса мүсіндерін нақты және аноним, яки әмбебап етіп жасауға тырысады. Яғни белгілі бір адамның бет бейнесін сканерлеп, оны абстракциялық деңгейге жеткізуге тырысады. Сонда ол бейне барлығына ұқсайды, сонымен бірге ешкімге ұқсамайтын болып шығады. Яғни аталған шебердің туындыларынан адам өзін және тұтас адамзатты көре алмақ. Алматыдағы музей алдына қойылған мүсіннің иығына қазақ қыздарына тән бұрымы құлаған. Көзі жұмулы. Бейне бір өз ішіне үңілген нәзік бойжеткенге ұқсайды. Almaty Museum of Arts музейіне келген адам да осылай өз ішіне үңіліп, тыныштық табатын секілді. Қаланың дүрмек тіршілігінен қашып, тыныштық тауып, бәлкім өз ішімізге үңілу мақсатында біз де музей есігін қақтық. «Таңғалу – сенің білімсіздігіңнің айнасы» демей ме?! Бірақ таңғалу үшін де білім керек секілді. Ылғи классикалық бейнелеу өнеріне үйренген көзіміз бұл музей қабырғасына ілінген туындыларға таңғала алмады. Өйткені заманауи өнер тұрғысында біліміміз таяз болатын. Сондықтан заманауи суретші Сырлыбек Бекботаевқа телефон шалған едік. Әңгімеміз жалпы сурет өнерінен басталып, Алматыда ашылған жаңа музейге қарай ойыса берді.
– Заманауи өнер, оның ішіндегі заманауи сурет өнерінің бүгінгі уақыт пен кеңістікке сай әлемдік біркелкі тенденциясы бар ма? Бұл тенденцияға қазақ суретшілері қандай үн қосып жатыр?
– Заманауи өнер белгілі бір тенденциямен жүрмейді. Ол өз уақытынан қалыңқы, қатар жүруі тіпті уақытынан озып та кетуі ықтимал. Олай дейтінім, 2010 жылдардан постколониалдық дискурс мәселесі көтеріле бастады десек, заманауи сурет өнері бұл тақырыпты тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ көтеріп кетті. «Өзіміздің кім екенімізді көрсетеміз», «біз кеңес өкіметінің бір бөлшегі емеспіз, өміріміз бен өнеріміз басқа және әлі де басқа бола береді» деген мәнде суретшілер протесттік үн көтерді. Жалпы заманауи өнердегі уақыт мәселесі өте қиын сауал. Өйткені бұл өнер үшін уақыт басқаша ағады. Сондықтан заманауи сурет өнерінде әлемдік қалыптасқан тенденция бар деп ойламаймын. Әр ұлттың әлемі, өткені, бүгіні және болашағы басқа.

– Қазіргі қазақ суретшілерінің өнері туралы не айта аласыз? Сурет өнері әлі де болса көшпенділік пен қалалық көңіл күйлер арасында тұрған жоқ па?
– Басын ашып алатын бір мәселе бар. Мен тек заманауи өнер туралы айтамын. Дәстүрлі бейнелеу өнер шеберлерін «суретші» деген ұғымнан бөліп қарастырамын. «Суретші» деген басқа, «шебер» деген мүлде басқа әлем. Сұрағыңыздың бірінші бөліміне «қазақ суретшілерінің әлемде өз үні бар» деп жауап берер едім. Өйткені олар әлемдік үдеріске ілесіп, әртүрлі форматта, әртүрлі модульдерді пайдалана отырып өнер туындыларын жасап жатыр. Қазақ суретшілерінің халықаралық биеннале, триеннале секілді үлкен сурет көрмелерінде бой көрсетуі – біздің заманауи өнердің деңгейін көрсетеді деп ойлаймын. Сонымен бірге, Қазақстандағы заманауи сурет өнерінің деңгейін – Алматыда ашылған жаңа музей дәлелдей түседі. Өйткені халықаралық деңгейдегі суретшісі жоқ, сурет өнеріне сұранысы жоқ елде мұндай музей ашылуы мүмкін емес. Әрине, жеке адамның идеясымен, қаржысымен салынды десек те сұраныссыз еш нәрсе болмайтыны белгілі ғой. Ал сауалыңыздың екінші бөлігіне келер болсақ, қысқаша айтып өтейін. Біз қазір отырықшы, қалалық мәдениет өкілі болсақ та, тамырымыз көшпенділік мәдениеттен су ішеді. Одан біз қашып құтыла алмаймыз және қашудың да қажеті жоқ. Бұл өткенді аңсау немесе романтизациялау емес, жай ғана өз тарихымызға деген құрмет және қанға сіңген қасиет. Көшпенділік табиғаттың біздің суретшілер туындыларынан көрініс табуы заңды құбылыс. Бұл бір жағынан біздің айдентикамызды көрсетеді. Не отырықшылық, не көшпенділік мәдениеттің бірін таңдар болсақ біз өз табиғатымызды толық ашық көрсете алмаймыз.
– Алматыда жақында заманауи өнер музейінің ашылғанын білесіз. Осы музейді аралай жүріп қандай күй кештіңіз?
– Мен суретшімін ғой. Ал суретшінің мешіті, әмбе храмы – музей. Сондықтан мен шексіз қуандым. Ашылу салтанатына Астана қаласынан арнайы бардым. Жаңа айтқанымдай, көшпенді өркениет өкілдерін отырықшы мәдениетке үйрету үшін музейлер керек-ақ. Оның үстіне мұндай музей – посткеңестік елдерде көп емес. Алғаш ашылғанда «бейнелеу өнері» деген ұран көтеруі мүмкін. Бірақ біраз уақыттан кейін ол музейде археология, этнография сияқты залдар ашылып кетеді. Яғни бір бағытты ғана емес, музейге тән барша бақытты мойнына жүктеп алған музейлер баршылық. Бірақ дәл заманауи өнер музейі посткеңестік елдерде өте аз.
Қызық ой: Бұл музейді ашқан қазақстандық кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов екенін білесіз. Меніңше бұл кісі халықты қалай ұйымдастыруды білетін адам. Өйткені осы кісі ашқан бір ғана MEGA Center-дің өзін алып қараңызшы. Бұл заманауи қалалық базар ғой. Онда адамдар көңіл көтереді, тамақтанады, өзіне қажетті заттарын табады. Бұл орталық қалалық мәдениеттің бір бөлшегіне айналып кетті десек те болатын шығар. Енді осы кісі Орта Азиядағы тұңғыш жеке заманауи өнер музейін ашып отыр.
– Есік алдындағы бұрымды қыздан бастап, 2 қабаттағы лэд экрандардағы жалаңаш бейнелерді қарап шықтым. Шынын айтсам, музей концепциясын түсіне алмаған секілдімін. Жалпы бұл музейдің қазіргі көрмелері қандай ортақ жүкті арқалап тұр? Әлде біртұтастық музейдің басты шарты емес пе?
– Баса айтатын мәселе – бұл көпшілікке ортақ жеке музей. Мұндағы қойылған өнер туындыларының басым бөлігі Нұрлан Смағұловтың жеке коллекциясынан алынған. Сондықтан жалпы музей белгілі бір шартты концепцияны көтеріп тұр деп айта алмаймын. Қызығы, бұл музейдің жұмыс істеу уақыты да басқа. Таңда 11-де ашылып, кешкі 8-де жабылады. Яғни жұмыстан шыққан адамның да барып кіруге уақыты болады. Және бастысы бұл заманауи өнер музейі. Ал оның көтеретін сауалдары өте жан-жақты. Сондықтан бір тінге байланған концепция болмауы заңдылық та шығар.
– Классикалық сурет өнерінен аздап хабарым бар адам ретінде, сурет және мен секілді қарапайым көрермендер үшін эстетика болатын. Ал Алматы музейін аралай жүріп мен символдардан көз ашпадым. Яғни, адам эстетикалық ләззат ала алмайды дегім келеді. Бәлкім мендік санадағы эстетика ескірген. Немесе қазіргі өнер сұлулыққа шақырудан гөрі ойлануға көбірек тарта ма?
– Қазіргі суретшілер көрерменге эстетикалық ләззат сыйлау қызметінен бас тартқан. Өйткені біз сарай суретшілері емеспіз. Белгілі бір идеология шеңберінде қызмет етпейміз. Қазіргі суретшілер өз ойын жеткізіп, осы қоғамның бет бейнесін көрсетуге тырысады. Заманауи өнердің эстетикалық ләззат сыйлайтын өнерден ерекшелігі – өзіндік тілі бар. Сол арқылы бір нәрсе айтқысы келеді, жеткізгісі келеді. Шыны керек, символдардың тереңіне түсу арқылы түсінісіп, эстетикалық ойларға шомуға болады. Бірақ ол үшін сіздің түсінік деңгейіңіз басқаша болғаны дұрыс.

– Музейдегі Сарыарқа залының қазақ заманауи сурет өнерінің тарихына шолу екені байқалды. Бірақ мұнда да белгілі бір жүйе көре алмаған секілдімін. Жалпы «заманауи қазақ сурет өнері» деген ұғымды қай кезеңнен және қандай бағыттардан байқаймыз? Осыны ашып берсеңіз және осы нәрсе музей экспозициясында қалай көрініс тапқанын айта аласыз ба?
– Тағы да қайталап айтамын, дәл ашыла салған сәттен бастап бұл музей экспозициясынан белгілі бір концепция іздеудің қажеті жоқ. Өйткені қазіргі көрмелер Нұрлан Смағұловтың жеке коллекциясынан құрастырылған. Ал ол кісі сонау 60-жылдан бергі суретшілердің туындыларын жинаған. Шыны керек, тек Алмагүл Меңлібаеваның ғана көрмесі осы музей үшін жаңадан жасақталған көрме саналады. Ал «заманауи қазақ бейнелеу өнері» қай кезеңнен басталды деп айту үшін тарихқа үңілуге тура келеді. Өйткені «заманауи қазақ бейнелеу өнері» дегеннің өзі посткеңестік түсінік. Өзіңіз білесіз, қызыл үкімет тұсында суретшілерге бағыт (соцреализм) таңып берілген болатын. Бірақ еркіндік сүйгіш суретшілер өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап белгіленген бағыттан бас тартуға тырысты. Қазақ сурет өнеріндегі жаңа ізденістер, бүгінгі біздің жолымызға бағыт сілтеген қозғалыс сол 80-жылдар ішінде басталды десек қателеспейміз. Осы кезеңдерде Шымкентте «Қызыл трактор», Алматыда «Зеленый треугольник», «Көксерек» секілді жекелеген суретшілердің топтары пайда болды. Бұлар белгіленген бағыттан баз кешкен еді.
– Музейдің бірінші қабатында темірден жасалған «Қиылыс» деп аталатын арт объект тұр екен. Оған өнер туындысынан гөрі сурет фоны ретінде қараушылар көп екен. Бұл туралы не айта аласыз?
– Әлеуметтік желі жүргізіп, «ішкі менін» сол арқылы қанағаттандырып жүрген ұрпақ өсіп келе жатқаны, тіпті қалыптасып қойғаны да жасырын емес. Оларға кедергі келтіріп, сөгудің қажеті жоқ. Бәлкім олар осы музейлерге келе жүріп өнерді түсінуге табандап жақындай түседі немесе оқырмандары арасынан осы өнерге қызығушылар табылып қалар. Жалпы музейге келіп жатқан адамдар легіне қуану керек. Өздері түсінбесе де түсінетін адамдарға жол сілтеуі мүмкін деп қараймын. Ал «Қиылыс» туындысы өз алдына өте керемет туынды. Оны көрермен өзі барып, өз көзімен көруі тиіс деп санаймын.
– Соңғы сұрақ. Бұл музей қазақ сурет өнеріне, өнер сүйер көрерменге не береді?
– Бейнелеу өнерінде «еркіндік» деген ұғым өте құнды саналады. Яғни кез келген адам, өнерпаздың өз еркі болуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде аталған музей біреуге бір нәрсе беруге міндетті емес. Тіпті ол суретке түсетін фон болса да жетіп жатыр. Өйткені мұны ашып отырған адам – жеке тұлға. Ал оның мақсатында халыққа бір рухани құндылық беру деген ой болды ма, болмады ма бізге белгісіз. Түптеп келгенде, бұл музейдің бізге берері мол. ЭКСПО секілді деп айтсақ болады. Өйткені ЭКСПО аясында елімізге қаншама әлемдік туындылар келді. Бұл музей қабырғасына да сондай туындылар әкелінеді, алдағы уақытта ғажайып көрмелер ұйымдастырылады. Сонымен қатар қазақ суретшілеріне де бұл өз бағытындағы керемет платформаға айналды. Алматыдағы заманауи өнер музейінде көрме ұйымдастыру – әлемдік деңгейге үніңді жеткізумен тең деп санаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Заманауи өнер туралы осы бір тұшымды әңгімемізден кейін сіздерге Almaty Museum of Arts туралы мынадай қызықты деректер ұсынамыз:
01. Музейдің негізін кәсіпкер әрі меценат Нұрлан Смағұлов қалаған. Ол Орталық Азиядағы заманауи өнерге арналған алғашқы жекеменшік музей болып саналады.
02. Экспозицияның негізі – Смағұловтың 30 жыл бойы жинаған жеке коллекциясы: қорда 700-ден аса туынды бар және ол Қазақстан, Орталық Азия және халықаралық авторларды қамтиды.
03. Архитектурасын британдық Chapman Taylor бюросы жобалаған: екі бір-бірін «қиып өтетін» L пішінді көлем – бір беті алюминиймен (қаланың заманауи ритмі), екіншісі әктастармен (Тянь-Шань табиғаты) қапталған; жалпы ауданы шамамен 9 400 м².
04. Ішкі құрылымда «Art Street» атты жарық коридор, тұрақты/уақытша галереялар, шеберханалар, кафе мен дүкен қарастырылған.
05. Кіреберісте испан мүсіншісі Жауме Пленсаның 12 метрлік «Nades» мүсіні тұр: көзі жұмулы, бұрымды жас қыздың басы – Пленсаның «жанның портреті» стиліне тән тыныш интроспекцияны бейнелейді. «Nades» арнайы осы музей үшін тапсырыспен жасалған.
06. Жобаның ауқымы: ғимаратқа ≈$30 млн, ал өнер туындылары мен жабдыққа ≈$70 млн инвестиция салынғаны туралы архитектуралық бюро хабарлады.
Almaty Museum of Arts – Қазақстандағы өнер мен қоғамның жаңа әңгімесінің бастауы. Жауме Пленсаның «Nades» мүсіні – сол ішкі үнсіз диалогтың символы. Мұнда классикалық талғам мен заманауи ойдың, көне көшпенді рух пен қазіргі қалалық мәдениеттің тоғысы бар. Музей – бір адамның бастамасы десек те, тұтас ұлттың көркем ойының жаңа бағытының табалдырығы болады деп сенеміз.
Әңгімелескен Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2025
690 рет
көрсетілді0
пікір