- АҚ ЖЕЛКЕН
- 22 Қараша, 2025
Көп ішіндегі жалғыздық
Кейде метроға кірген сайын, біртүрлі тыныштықты байқаймын. Жерасты жолымен жүйткіп жататын вагондарды күтіп тұрғандар да, вагон ішіндегілер де үнемі үнсіз. Әрегідік кездесіп қалатын таныс-біліс, жора-жолдас, құрбы-достар болмаса, жолаушылар бір-біріне мүлде назар аудармайды. Үлкендер үнсіз ой үстінде отырса, құлаққап киген жастар жағы әлдебір нүктеге тесіле қарап келе жатады. Көбінің көзі қолдарындағы смартфонның экранында. Таңғы сағат жеті немесе кешкі тоғыз болсын, осы бір көрініс. Бәріміз бір кеңістіктеміз, бірақ әрқайсысымыз әр әлемде, шынтуайтында өз әлеміміздеміз. Сол сәтте «бұл жай ғана жаңа заманға тән әдет пе, әлде оқшаулану деген осы ма екен?» деп ойланамын.
Қазір бәріміз онлайн өмір сүріп үйрендік. Онлайн сөйлесеміз, күлеміз, тіпті сырласамыз. Бірақ кейде дәл сол «байланыс» бізді жалғыздыққа итермелейтіндей көрінеді. Психолог Мақпал Раушанбекқызының айтуынша, әлеуметтік оқшауланудың ең ауыр түрі – хикикомори. Бұл – адамның ұзақ уақыт бойы қоғамнан оқшауланып, бөлмесінен шықпай, тек телефон мен компьютер алдында өмір сүруі.
Мақпал РАУШАНБЕКҚЫЗЫ, психолог:
ХИКИКОМОРИ: КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ДЕРТ
– «Хикикомори – әлеуметтік оқшауланудың ауыр түрі. Адам жылдар бойы қоғамнан, адамдардан оқшауланып бөлмесінен шықпай қалады. Өзім бірде әлеуметтік желіден 15-16 жастағы жасөспірімнің жылдар бойы бөлмесінен шықпай, компьютерлік ойындарға тәуелді болып, тек телефоны қолынан түспей, оқшаулана-оқшаулана тырнақ, шашы өсіп, арықтап, қоғаммен араласудан қорқып қалғаны туралы бейнеролик көрдім. Барынша осындай роликтерді қазіргі жастарымызға, жасөспірімдерімізге көрсетуіміз керек деп ойладым. Бұл әлеуметтік оқшаулану психикалық денсаулықтың күрт төмендеуіне, яғни күйзеліс, мазасыздық, түрлі фобиялардың пайда болуына, тұлғалық тоқырау, мақсатсыздық, өмірлік дағдылардың, қарым-қатынастың, жауапкершіліктің жойылуына және физикалық денсаулықтың әлсіреуіне алып келеді. Әлбетте қимыл-қозғалыстың азаюынан иммунитет түсіп кетеді. Қарап отырсаңыз, бұл – салдары ауыр синдром.
БҰЛ – ЖАПОНИЯДА БАСТАЛЫП, ЖАҺАНҒА ТАРАП ЖАТҚАН ФЕНОМЕН
Психолог маманның айтуынша, хикикомори феномені алғаш Жапонияда пайда болған. Қоғамдағы жоғары талаптар мен буллинг сияқты қысымдар жасөспірімдердің тұйықталуына, оқшаулануына әкеп тіреген. Қазір мұндай жағдайлар Корея, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерінде де байқалады. Мақпал Раушанбекқызы қазір Қазақстанда хикикомориге шалдығу туралы ресми статистика жоқ болғанымен, жасөспірімдер арасында апатия, интернетке және анимеге тәуелділік, қоғамнан оқшаулану сияқты белгілердің жиілеп келе жатқанын айтады. «Бұл дерттің алдын алу үшін ата-ананың жасөспірім баласымен қарым-қатынасына баса назар аударуы тиіс дер едім. Бұл өте маңызды. Қазіргі ата-аналар, жасыратыны жоқ, жұмысбасты. Барлығының басында қаржылық қиындық немесе басқа да мәселелер болып жатады. Мен психолог болғаннан кейін балаларыммен ашық сөйлесіп, сырласып отырамын. Кейде қыздарыммен диалог барысында 12 -13 жастағы балаларымның қатарластарының көбінің проблемаларын ата-аналарына айта алмайтынын байқаймын. Ата-анасымен ашық сөйлесе алмайды. Бала қоғамнан оқшауланып қалмас үшін немесе басқа да жағымсыз жағдайларға душар болып қалмас үшін, ата-ана баланың эмоционалдық әлеміне қызығушылық танытуы керек», – дейді психолог.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ, әлеуметтанушы:
ОҚШАУЛАНУ ҚАУПІ БАР, БІРАҚ ӘЛІ КЕШ ЕМЕС
Біздің елде әлеуметтік оқшаулану, тұйықталу сияқты жағдайлар жиі кездесе ме? Белгілі әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың ойынша, Қазақстанда қоғамнан оқшаулану Жапониядағыдай кең таралмаған. «Бұл феномен негізінен жоғары урбандалған, яғни халқының басым көпшілігі қалада тұратын елдерге тән. Сосын отбасында адам саны аз елдерде жиі кездеседі. Мәселен, Жапонияда бала туу көрсеткіші өте төмен, яғни жылдан жылға халық саны азайып барады. Бір отбасында 2 адам, 3 адам болуы қалыпты нәрсе. Осындай елдер үшін әлеуметтік оқшаулану өте өзекті. Себебі, қалада тұратын адамдардың араласатын ортасы өте шектеулі. Жұмысқа, мектепке барады, қайтып үйге келеді, жанында әңгімелесетін адам жоқ. Ал біздің еліміз үшін бұл онша өзекті емес. Қазақстанда орта есеппен бір отбасында 4-5 адам. Бала туу көрсеткіші жоғары. Әлеуметтік оқшаулануды дерт ретінде қарастыру немесе жаппай тарап жатыр деп айта алмайтын едім. Дегенмен де жылдан жылға қалада тұратын халық саны артып келеді. Қазірдің өзінде халқымыздың 60 пайыздан астамы қалада тұрады. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларға қоныс аударатындар саны жылдан жылға артып келеді. Тек қана бір Алматының өзіне 1 жылдың ішінде 50-60 мың адам көшіп келеді. Астанаға былтыр шамамен 100 мыңдай адам көшіп келген. Бұл бір орташа ауданның халқының санымен пара-пар. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің халық жылдан- жылға қалалық мәдениетке, қаланың өмір сүру стиліне бейімделе береді деген сөз. Яғни қалада тұратын халық үшін қоғам үшін бұрынғыдай ауылда тұратын халықпен салыстыратын болсақ, адамдардың күнделікті араласып тұратын ортасы кішірейеді. Сондықтан ол оқшаулана бастауы мүмкін. Қалада тұратын адамдар саны артқан сайын әлеуметтік оқшаулану пайда болады. Бірақ бұл дәл қазіргі уақытта кең тарап жатқан назар аударатындай, дабыл қағатындай жағдай емес», – дейді әлеуметтанушы.
МӘСЕЛЕ НЕДЕ?
Әлеуметтанушының айтуынша, басты мәселе – жастар мен ата-ана арасындағы түсініспеушілікте. «Бұл жерде менің байқайтын нәрсем, жас буынның аға буынмен тіл табыса алмауы, қалай әңгімелесуді білмейтіні мәселе туындатып отырған сияқты. Сол мәселе әлдеқайда өзекті, меніңше. Жастар өз уайымын ата-анасына айта алмайды, ал үлкендер оларды түсінбейді. Бұл да әлеуметтік оқшауланудың бір түрі. Қазақстан суицид жағынан, оның ішінде жасөспірімдердің арасындағы суицид жағынан әлемдегі 10 елдің қатарына кіреді. Және психологтардың айтуынша, оның бірден-бір себебі, ата-аналар балаларымен қалай сөйлесуді, қалай қарым-қатынас құруды білмейді. Өйткені, олардың баламен қарым-қатынасы туралы түсініктері бөлек. Содан келіп түсініспеушілік пайда болады».
Иә, сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайдың түп-төркіні жалғыз телефонда ғана емес, отбасындағы қарым-қатынаста. Егер бала шынайы өмірден жылулық таппаса, ол интернеттен жұбаныш іздейді. Жалпы, оқшаулану деген тек бөлмеден шықпай отыру емес. Кейде бала мектепке барып, достарымен амандасып, бір-екі ауыз тілдесуі мүмкін, бірақ өзін іштей жалғыз сезінетін жағдайлар да кездеседі. Бұл оқшауланудың ең байқалмайтын, бірақ ең ауыр түрі. Психолог Мақпал Раушанбекқызы балалар өзін жалғыз сезінбеуі үшін ата-аналарға баламен ашық сөйлесуді және смартфон, гаджеттерді қолдану уақытын баламен ақылдаса отырып шектеуді ұсынады. «Маған кеңеске жүгініп жататын ата-аналар: «Түн ортасында ұйқыдан оянып кетсем, баламның телефон қарап жатқанын көрем. Не істесем болады?» деп сұрап жатады. Сондықтан балаларыңызбен ашық сөйлесе отырып, кешкі 21:00-де телефонды ата-анасына тапсыру туралы шешім қабылдаған жөн дер едім. Баланың онлайн өмірден тыс шынайы өмірге қызығушылығын оятуға ата-ана, мұғалім, қоғам – бәріміз міндеттіміз. Бала виртуалды өмір сүре бермеуі керек. Баланың өзін-өзі тануына, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруына жағдай жасауымыз керек. Егер балада әлеуметтен оқшаулану белгілері байқалса, уақыт оздырмай психологқа жүгінген жөн», – дейді психолог маман.
P.S. Егер балаларымызды тыңдауға, олардың ішкі әлеміне шынымен үңілуге уақыт бөлсек, олар виртуалды әлемнен емес, шынайы өмірден тірек табады. Оқшаулануға қарсы ең қуатты күш – жанашырлық қарым-қатынас пен жылы көзқарас. Өйткені кез келген қоғамның ең үлкен қауіпсіздік қалқаны интернет емес, байланысы берік отбасы мен орта. Ал егер біз осыны түсініп, әр үйде бір-бір жанның жалғыз қалмауына себепкер бола алсақ, демек, үміт бар. Жауапкершілік бізден басталады.
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2025
471 рет
көрсетілді0
пікір