- Спорт жұлдыздары
- 19 Қараша, 2025
Қазақтың тұңғыш конькишісі атанған Қаңлыбаев туралы не білеміз?
Біз бұған дейін қазақ спортының тарихына із қалдырған тұңғыштар жайында сыр шерткен едік. Журналымыздың жас оқырмандары ел намысын абыроймен қорғаған тұңғыш бессайысшыны, нысана көздеп ұлт рухын биіктеткен тұңғыш мергенді және желмен жарысқан тұңғыш жеңіл атлет туралы жақсы білуі тиіс. Дәстүрлі айдарымызды жалғастырып, сол тұңғыштардың ізімен тағы бір ерекше тұлғаның жетістігіне тоқталмақпыз. Кейіпкеріміз мұз үстінде жылдамдық пен шеберлікті ұштастырып, ел тарихындағы коньки спортының көшін бастаған дара тұлға. Ораз Қаңлыбаев қазақтың тұңғыш конькишісі ғана емес, олимпиялық спорт түрлерінен совет құрамасына алынған бірінші қазақ. Қазаққа таңсық спорт түрінен талай дүбірлі додада атой салып, мұз үстіндегі ерлігімен талай жастың жүрегіне от тұтатқан Қаңлыбаевтың ғұмыры мен спорттағы жетістігі жайлы жазуды жөн көрдік.
Есімі көпшілікке беймәлім Ораз Мұсағалиұлы Қаңлыбаев
1931 жылдың 7 мамырында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында дүниеге келді. Ораз Мұсағалиұлы бала күнінен спортқа жақын болып, сегіз қырлы, бір сырлы болған. Жеңіл атлетика, велосипед, волейбол, допты хоккей, бокс спорт түрлерін де еркін меңгеріп, тіпті велоспорт пен допты хоккейден 1948-1956 жылдары Қазақ КСР чемпионатының жүлдегері болған. Дегенмен спортшы ретінде даңқы мұз айдынында асқақтап, мұз үстіндегі өнерімен қазақ елінің атын әлемге танытты. Ораз Қаңлыбаев кеңес одағы құрамасына енген тұңғыш қазақ конькиші ғана емес, қысқы спорт түрінен әлемдік деңгейде танылған жалғыз қазақ спортшысы. Ораз Мұсағалиұлы конькишілердің 5000, 10 000 метрлік қашықтығы мен көпсайыстан сынға түсті. Ол 1948-1955 жылдар аралығында конькимен 5000 және 10 000 метрге сырғанау бойынша 12 мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Қаңлыбаевтың керемет жетістігін байқаған білікті бапкерлер 1953 жылы КСРО құрамасының сапына шақырды. Сөйтіп, сол жылы-ақ 22 жастағы қазақ баласы КСРО спорт шебері атанып, конькимен сырғанаудан қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері боп тарихта қалды. Ол 1952-1953 жылғы маусымда 5000, 10 000 метр қашықтықтарда және көпсайыста әлемдегі ең үздік 25 конькишінің қатарынан орын алды. 10 000 метрді 17 минут 22,5 секундта бағындырып, 6-орынға жайғасса, 5000 метрлік сайыста 22-орын иеленген. Ал көпсайыста 194, 650 ұпай жинап 13-орынға табан тіреген. Ораз Мұсағалиұлының бұл жетістігі кеңес одағында ғана емес, жаһандық аренада да мойындалды. Бұл жетістіктерді сол кездегі спорт тақырыбында жазатын беделді ақпарат құралдары жарыса жазды. Өйткені бұған дейін Ораз Қаңлыбаев сияқты және ол кісіден кейін қысқы спорт түрінен жер шарындағы 25 үздіктің қатарына бірде-бір қазақ спортшысы іліккен жоқ еді. Кейіпкеріміз 1953 жылы кезекті көпсайыста Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды. Ол бір жыл бұрынғы чемпиондық есебін бірден 17 ұпайға арттырып, негізгі қарсыластарынан оқ бойы шығандап кетті. 5000, 10 000 метрге жарыста кеңес одағы мен Қазақстанның бірнеше рекордының мұртын бұзды. Оның бұл рекордтары әлемдегі ең мықты спортшылардың ең үздік нәтижелермен үзеңгі қағыстырып тұрды. Дәл осы жылы Ораз Қаңылбаев КСРО құрамасы сапында Харбин қаласында өткен Қытайдың ашық біріншілігіне қатысты. Қытайдағы дүрмекте екі қашықтықта рекорд жаңартса, араға екі жыл салып Бейжің қаласында өткен халықаралық жарыста бірінші орын иеленді. Ораз Қаңлыбаевтың 1956 жылғы Италияның Кортина-д, Ампеццо қаласында өткен олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндігі бар еді. Бірақ КСРО біріншілігінде бірнеше рет отандасымыздың алдын орап кеткен Олег Гончаренко төртжылдықтың басты додасына қатысу мүмкіндігін иеленді. Кейіпкеріміз олимпиада ойындарына қатыспаса да, қазақтың да конькиші бола алатынын дәлелдеп, артынан ерер жас буынның үміт сәулесін жақты.
Бапкер болып бағындырған белесі
Бір өкініштісі, Ораз Қаңлыбаев нағыз тәжірибесі толықсып, бабына енген шағында спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болды. Яғни небәрі 29 жасында жылдар бойы алған ауыр жарақаттарының салдарынан үлкен спортпен қош айтысып, бапкерлікке қарай бет бұрды. Бірақ бірақ ол бапкер ретінде де білікті маман бола білді. Әрине, ол кезде атақ-даңқың қанша жер жарып тұрса да, кәсіби дипломы бар маман болмайынша, қандай да бір спорт түрінен жаттықтырушы бола алмайтын. Сол себепті де, Ораз Мұсағалиұлы 1960 жылы Мәскеу мемлекеттік орталық дене тәрбиесі институтына түсіп, 1963 жылы жақсы бітірген. Сөйтіп қолына
диплом тиген сәтте-ақ Оразды 1959 жылы КСРО Кәсіподақтар спорт қоғамының аға жаттықтырушысы болып тағайындайды. Бұл қызмет одақтық деңгейдегі ең жоғары бапкерлік лауазымдардың бірі болғандықтан екінің біріне сеніп тапсыра бермейтін. Бұл қызметтің тізгіні Мәскеудің қолында болғандықтан, кейіпкеріміздің одақ мойындаған мықты маман болғанын аңғаруға болады. Ең басты айта кететін жайт, Қаңлыбаев баптаған советтің кәсіподақтар құрамасы сол тұстағы әлемдегі ең жүйрік команданың бірі болған Норвегиядан басым түсіп, өз шеберлігін толық дәлелдеді. Ол одақ құрамасына қоса, Қазақстанның жоғары деңгейдегі конькишілер бөлімінің аға бапкері міндетін қатар атқарды. Қазақ маманы советтің кәсіподақтар командасын алты жыл жаттықтырып, білікті бапкер, мықты маман екенін толық дәлелдеді. Нәтижесінде, 1965 жылы Мәскеудің арнайы тапсырмасымен Моңғолия құрамасын 1968 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындауға жәрдемдесті. Ол кезде Мәскеудің сыртқа жіберетін мамандарға деген талабы өте күшті болғанын ескерсек, Қаңлыбаев сол талап үдесінен шыға білгенін аңғаруға болады. Расында, бұның бәрі кейіпкеріміздің халықаралық бапкер ретінде де мойындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар ол 1964, 1968, 1972 жылдары Қазақстанның коньки командасының бапкерлік кеңесін басқарып қана қоймай, кеңес одағы ұлттық құрамасының бапкерлер алқасына енді. Сол жылдары жер шарындағы ең күшті коньки құрамасының бірі болған совет командасына тәлімгер болған Қаңлыбаевтың бапкерлік білігін өзіңіз бағамдай беріңіз. Өйткені бұл қызметке қатардағы жаттықтырушы емес, білігі мен тәжірибесі дәлелденген таңдаулы мамандар ғана алынатын.
Ораз Қаңлыбаев спортта ғана емес, жаттықтыру қызметінде де үлкен жетістіктерге жетті. Шәкірттерінен білімін аямай, тәжірибесін бөліскен отандасымыз 1965-1968 жылдары Моңғолия құрамасын жаттықтырып, моңғол конькишілерін Греноболдегі қысқы Олимпиадаға дайындады. Сол жылдары шәкірттері Моңғолияның 13 рекордын жаңартып, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Қазақстанға оралғаннан кейін «Динамо» спорт қоғамында жаттықтырушы болып, Қазақстан құрамасына жетекшілік етті. Конькиден Қазақстан құрамасын жаттықтыра жүріп, КСРО құрама командасын да жаттықтырған таңдаулы, әрі санаулы маманның бірі болды.
Қаңлыбаевтар қалдырған мұра
Айтпақшы, Ораз Қаңлыбаевтың туған әпкесі Жамал Мұсағалиқызы Қаңлыбаева техника ғылымдарының докторы атанған тұңғыш қазақ қызы екенін айта кеткеніміз жөн. Бұл бір әулеттен шыққан қос тұлғаның спорт пен ғылымдағы теңдессіз жетістігі, еңбегі мен ерлігі бүгінгі спортшыларға үлгі, ертеңгі ұрпаққа өнеге екені анық. Бір қызығы, кейіпкеріміз өмірінің соңғы жылдарында спорт журналистикасына қалам тербеп, спортшылардың шеберлігін арттыру мен спорт нысандарын салу бойынша мақалалар жазған. 1957 жылы спортта жеткен жетістігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған Ораз Қаңлыбаев 1978 жылы небәрі 59 жасында өмірден өтті. Қазақ спорты тарихында Ораз Қаңлыбаев есімі мұз үстінде қалған іздей мәңгілік қалады. Өйткені жұрт оны жай ғана спортшы деп емес, «Қазақ конькиінің атасы», ұлт намысын мұз үстінде қорғаған тұңғыш қаһарман деп құрметтеп, білуі тиіс.
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2025
461 рет
көрсетілді0
пікір