• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қараша, 2025

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, алаштанушы: Жас жазушылар бала психологиясын бұрынғыдан да терең зерттей бастады

Қазақ балалар әдебиеті кейінгі жылдары қарқынды дамып, жаңашыл сипат алып келеді. Әлемдік тенденциялармен үндескен тың формалар, зерттеушілік ойлау, цифрлы дәуірдің жаңа әдеті мен бала психологиясына бейімделген шығармашылық ізденістер бүгінгі әдеби процестің күрделеніп әрі байып келе жатқанын көрсетеді. Біз осы үдерістің нақ ортасында жүрген әдебиеттанушы, сыншы әрі балалар әдебиетін дамытуға жүйелі түрде үлес қосып жүрген жазушы Елдос Тоқтарбаймен сұқбаттастық. Әңгімеміз қазіргі ұрпақтың табиғаты, жаңа буынның ерекшелігі, сериялы әрі трансмедиалық әдебиеттің болашағы және кітап пен цифрлы әлем арасындағы көпір қалай құрылуы тиіс екені жөнінде өрбіді.

– Елдос мырза, бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің тынысы қалай? Қай бағытта дамып келеді деп ойлайсыз?

– Байқауымша, соңғы жылдары әлем балалар әдебиетінде үш ірі үрдіс айқындалды. Бірінші үрдіс – жанрлық кеңею. Классикалық ертегі мен мектеп оқушыларына арналған прозаның жанына бала өміріне жақын тақырыптар қосылды: қалалық кеңістіктегі серуен, достық пен буллинг, экология, қауіпсіздік мәдениеті, цифрлық сауат, ғылымға қызықтыратын шағын нон-фикшн. Екінші үрдіс – форматтық әртараптану. Қағаз кітаппен қатар аудиокітап, подкаст, буктрейлер, комикс және графикалық проза орнығып келеді. Үшінші үрдіс – оқырман жасын дәл бөлу. Шығармалар  3-5, 6-8, 9-12, 12+ деп сараланып, тіл, сюжет, иллюстрация деңгейі жас шамасына бейімделіп жазыла бастады. Бұл үрдістің ұшқынын ұлттық әдебиетімізден де байқауға болады. Тыныстың кеңігенін баспалардың тәжірибесінен де көреміз, шағын сериялар, авторлық кейіпкері бар жоба, білім берумен ұштасқан оқу-танымдық циклдер көбейді. Журналдар жас қаламгерге алаң беріп отыр, мектеп кітапханалары мен клубтары жаңа кітаптарды жүйелі таныстыра бастады.

– Балаларға арнап жазу – үлкен жауапкершілік. Сіздіңше, балалар қаламгеріне ең қажет қасиет не? 

– Ең алдымен баланың дүниетанымын құрметтеу керек.  Бұл құрмет нақты үш қабаттан тұрады. Біріншісі, тілдің айқындылығы: қысқа сөйлем, анық етістік, артық метафорадан гөрі көзге көрінетін әрекет. Екіншісі, психологиялық шындық: кейіпкер эмоциясы жасына сай, диалогы табиғи болуы керек. Үшіншісі, көркем адалдық: автор насихат айтпайды, қорытындыны бала өзі табатын жағдай жасайды. Қаламгер үшін тағы бір маңызды қасиет – ритм сезімі. Өлеңде буын мен қайталау, прозада сөйлем қарқыны мен эпизодтың ұзындығы баланың зейін циклымен қабысып отырғаны құба-құп. Соңғысы – тыңдауға икемді. Мәтінді дауыстап оқығанда қалай еститініңіз – кітабыңыздың шынайы сапасын көрсетеді.

– Соңғы жылдары жас авторлар арасында балалар тақырыбына бетбұрыс байқалады. Бұл жаңа буынның ерекшелігі неде? 

– Жас буын жанрдан қорықпайды. Олар комиксті де, верлибрді де, фэнтези мен киберертегіні де еркін игеруде. Қалалық мәдениет элементтерін қазақы бейнекөркемдікпен табиғи ұштастырады: мегаполистегі автобус аялдамасы, планшет, ойын әлемі ауылдағы әже ертегісімен бірге жүреді. Тағы бір ерекшелік – зерттеушілік дағды: факті мен анықтаманы жатық тілмен енгізіп, мәтіннің соңына тапсырма, тәжірибе, шағын викторина ұсынады. Әлеуметтік сезімталдық та күшейді. Инклюзия, эмоциялық денсаулық, өз-өзіңді қабылдау тақырыптары турасында жазыла бастады. 

– Қазіргі бала – цифрлы дәуірдің баласы. Осындай ортада кітап оқуға баулудың тиімді жолы қандай деп ойлайсыз?

– Тиімді жол – форматтарды қарсы қоймай, көпір салу. Қысқа комикс пен буктрейлерді кіреберіс ретінде пайдаланып, сол мазмұнның толық нұсқасына апару керек. Үйде күн сайын 15-20 минут дауыстап оқу қалыптастырылса, оқуға деген жылы эмоциялық фон пайда болады. Мектепте ай сайын бір автор, бір тақырып қағидатымен шағын клуб жүргізіп, букток-залы, подкаст тыңдау бұрышын ұйымдастырған жөн. Аудионұсқа мен қағаз форматындағы кітап нұсқасын қатар ұсыну да маңызды. Алдымен шығарманың аудио нұсқасын тыңдап, кейін сол кітапты ұстап оқу мәтінге сенімділікті арттырады. Ойын, яғни геймификация да жұмыс істеуі –  оқу марафоны, «оқырман паспорты», стикер-карта, шағын сыйлықтары бар деңгейлік тапсырмалар балаларды ынталандырады емес пе!

– Балалар әдебиетінде қандай тақырыптар мен құндылықтар көбірек көрініс табуы тиіс деп есептейсіз? Сіздің кейінгі кезде шетелдердегі жазушылармен пікірлесіп, балалар әдебиетінің дамуы туралы тәжірибе алмасып, тың ойларыңызды айтып жүргеніңіз назарымызды аударып отыр. Бұл дәл қазір өте қажетті қадам деп білеміз.

– Шынымды айтсам, қазір менде жоспар да, ой да көп. Шама-шарқым, білімім жеткенше шет елдермен байланыс орнатуға күш салып жатырмын. Бәрі бірден даңғылға айналмасы анық. Жалғыз аяқ жолмен келеміз. Негізгі өзек – мейірім мен жауапкершілік. Баланың өзіне, сыныптасына, табиғатқа жанашырлығы көркем әрекет арқылы көрінуі керек. Экологиялық сана мен тұрмыстық қауіпсіздік, цифрлық этика, отбасылық тіл табысу – бүгінгі бала өмірінің нақты дағдылары. Ғылымға қызықтыратын шығармалар қажет, мысалы, тәжірибе дәптері, бақылау күнделігі, зерттеу мини-квесті. Азаматтық сүйіспеншілік үлкен ұранмен емес, кішкентай пайдалы әрекеттер арқылы беріледі. Тілге, дәстүрге құрметті де қазіргі стильмен айту маңызды. Бұл орайда, әңгіме кейіпкері домбыра тартып қана қоймай, оны өзі жөндейді, жаңа дыбыс іздейді, яғни дәстүр – тірі тәжірибе екенін сезінеміз.  Шетелдік әріптестермен пікір алмасу балаларға арналған нон-фикшн, графикалық роман, өлеңмен проза сияқты формаларда нәтижелі екенін көрсетті. Бізге осы бағыттарды сериялы түрде жолға қойған тиімді. Және де әртүрлі сала мамандарымен бірлесе іс бастадық. Алдағы уақытта жемісін берер жоба болмақ. 

– Оқырман мен кітап арасындағы алшақтықты азайту үшін не істеу керек?

– Кітапхана кеңістігін өміршең сахнаға айналдыру қажет, мәселен, автормен кездесу, иллюстратор шеберханасы, буктрейлер премьерасы, отбасылық кітап оқу кеші. Бағдарламадан тыс «еркін оқу» сөрелері болуы керек, онда бала өзі таңдаған кітабын тоқсан сайын қысқаша таныстырып, құрбы-құрдасына ұсынады. «Мұғалім-кітапханашы-ата-ана» үштағаны бір кестеде жұмыс істесе, оқудың әлеуметтік қолдауы күшейеді. Қолжетімділік те шешуші: қалтаға сай серия, аудионұсқа, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін бейімделген форматтар, мектепке жақын жылжымалы кітап көрмелері.
Шүкір, қазір елімізде кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді. Кітап сатып алу, қоғамдық орындар мен көліктерде кітап құшақтаған жастар көп. Бұл – жақсылық нышаны. 

– Сіз өзіңіз зерттеуші әрі сыншы ретінде қазіргі балалар әдебиетінің картасын қалай сызар едіңіз? Қандай есімдерді атап өтуге болады?

– Мен балалар мен жасөспірімдер әдебиетін үш қабатпен елестетемін. Бірінші қабат – іргетас. Мұнда балалар поэзиясы мен прозасының ұстындары тұр: табиғат пен еңбек, достық, адалдық тақырыптарын көркем тұғыр еткен алдыңғы буын. Екінші қабат – қазіргі негізгі ағын. Нон-фикшн, мектеп прозасы, қалалық ертегі, комикс, аудиоәңгімелеу бағыттары қатар дамып келеді. Үшінші қабат – тәжірибе алаңы. Мұнда гибрид формалар: фотоәңгіме, инфографикалық ертегі, ғылыми-фантастикалық новелла, интерактивті тапсырмасы бар кітаптар бар. Есім атау жағынан, дәстүрді жалғаған орта буын мен жаңа авторлардың қатар көрінуі қуантады. Бұл ретте Ернұр Сейдахмет, Зәуре Төрехан, Әлібек Байбол, Олжас Қасым, Алтынбек Ибрагим, Нұрбек Нұржанұлы, Еділбек Дүйсен т.б. жазушыларды айрықша айтар ем.  Әдеби журнал, сайт пен әдеби байқауларда тұрақты көрініп жүрген жас ақын-жазушылардың еңбектерін аймақтық антологияларға топтастырып, сериялы баспа жобасына айналдыруды ұсынар едім (бұған дейін мен бір ғана облыстың балалар әдебиетіне арналған әдеби антологиясын жасағанмын. Тәжірибем бар, оның пайдасын аймақ өскіндері әлі көріп келеді). Бұл әрі картаны нақтылап, әрі әдеби айналымға тұрақты кіргізеді.

– Балалар әдебиетінің болашағын қалай елестетесіз?

– Болашақ – сериялы ойлау мен трансмедиада. Бір кейіпкердің әлемі бірнеше медиада өмір сүреді: кітап, аудио, қысқа анимация, оқу-таным дәптері, мектептегі шағын қойылым. Міне, енді әр жазушы осы форматқа сай өмір сүруі қажет. Біз қалайық-қаламайық, бірақ шындығы – осы. Алдағы жылдары полилингвал формат күшейеді: қазақша мәтіннің қасында сөздік пен тапсырма арқылы ағылшын не түрік т.б. тілінің элементі беріледі. Интерактивті нон-фикшн – ғылымға апаратын көпір. Оқырман жолын өзі құрастыратын модульді кітаптар пайда болады, яғни әр тарауды әр ретте басқа тәртіппен оқуға болады, бірақ оқиға желісі бұзылмайды. Иллюстрация мектебі стратегиялық мәнге ие болады, себебі балалар кітабының жарты мәнері – суретте. Ал сурет – баланың қызығушылығын оятып, кітапқа тартатын магниттей күш. 

– Балаларға арналған әдеби байқаулар, марапаттар, арнайы журналдар аз сияқты. Мұндай институционалдық қолдау неге маңызды?

– Бұл күрделі мәселе. Мемлекет те, жеке секторлар да балалар контентін дамытуға мүдделі болуы керек еді. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселе тұралап тұр. Жалпы бұл сапа стандартын бекітетін механизм. Идеологиялық күш. Байқау – жас авторға көріну алаңы, редакторға жаңа есім табудың жолы, оқырманға бағыт-бағдар. Марапат – еңбектің бағалануы ғана, оқырманға және мәдени кеңістікке енуіне ықпал ететін белгі. Арнайы журналдар мен онлайн платформалар үздіксіз айналым жасауы керек, яғни шығарманың үзіндісі, ерте нұсқа, рецензия, сұқбат, иллюстрация конкурсы. Грант пен резиденция ұзын форматқа жол ашады, мәселен, романды немесе үлкен нон-фикшнды асықпай жазуға мүмкіндік береді. Институционалдық тірексіз әдебиет тек энтузиазмға сүйеніп қалады, ал тұрақты қолдау экожүйе құрады.  Әр автор байқаусыз, грантсыз жұмыс істейтін заман өтті. Әр интеллектуалды еңбектің құны төленуі тиіс, бәсі артық болуы шарт. 

– Болашақ балалар жазушыларына қандай кеңес немесе тілек айтасыз?

– Әріптестеріме айтарым – аудиторияны дәл белгілеңіз. Бір кітап – бір фокус, бір жас тобы. Сюжетті әрекеттен бастаңыз, баяндауды диалогпен жұптаңыз. Шағын сахналарды көрнекі етіңіз, яки көру, есту, иіс сезу детальдары бала зейінін ұстайды. Дауыстап оқып тексеріңіз, тыныс дұрыс болмаса, бала шаршайды. Кейіпкер әлемін алдын ала картаға түсіріп, серияға жоспарлап, ойлаңыз. Иллюстратормен дос болып, шығармашылық байланыс орнатыңыз. Көркем стиль мәтін мінезін айқындайды. Бета-оқырманды тартыңыз. Балалардың өзі айтқан пікір – ең әділ редактура. Әдеби журнал мен байқауға қатысып, кітабыңыздың үзінді-бөліктерін жариялаңыз. Соңғысы – сабыр мен жүйелілік. Балалар әдебиетінде жылдам даңқтан гөрі ұзақ сенім қымбат екенін ұмытпаңыз! 

– Мазмұнды сұқбатыңыз үшін көп рақмет!

Сұқбаттасқан Айнұр МҰРАТОВА

607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы