• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 25 Қараша, 2025

«Ұлан» – балалықтан даналыққа жетелейтін мектеп

«Ұлан» газеті биыл 95 жаста. Ғасырға жуық уақыт ішінде қазақ балаларының бас газеті қаншама  буын тәрбиеледі. Балалығында бірге болып, бал кезеңдерінің естеліктерімен  бөлісті. Қаншама жас ұлан осы газет арқылы болашағына бағыт алды?! «Ақ желкен» журналы балалықтан даналыққа жетелеуші «Ұлан» газетін  95 жылдық мерейтойымен  құттықтай отырып, газеттің бас редакторы Жадыра Нармахановамен сұқбаттастық.

– Биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газеті 95 жылдығын тойлап жатыр. «Ұлан» – талай буынның жастық естелігі. Бүгінгі «Ұланды» сіз қалай сипаттар едіңіз?

– Бұл сұраққа балалардың өз сөзімен жауап бергім келеді. Өзара әңгімелескенде, бізге хат жазғанда, Жас тілішілер форумына қатысып әсерленгенде, балалар «Ұлан» туралы былай дейді: 
«Ұлан» – қазақ жасөскіндерінің рухани әулеті; 
«Ұлан» – достық символы; 
«Ұлан» – мейірім мекені; 
«Ұлан» – болашақ журналистердің ұстаханасы; 
«Ұлан» –  балалықтан даналыққа жетелейтін мектеп;
«Ұлан» – ұлағатты үнпарақ; 
«Ұлан» – қазақ балаларының үні...
Міне, бұл «Ұланды» оқып өскен балалардың ортақ құндылығы. Бұл құндылық газеттің 95 жылдық тарихында қалыптасып, сіңісіп кеткен дәстүр. «Болашақта газет-журнал оқитын адам қалмайды» деген пікірді жиі естиміз. Меніңше, балаларға газет-журнал жаздырып беру, оқыту ұлттың ұлт ретінде қалыптасып, дамуы үшін ең қажет дәстүрге айналуы керек. Сонда қазақ баласы бір әдетті болсын (яғни, бала кезде газет-журнал оқу секілді) дағдыға айналдыра білсе, болашақта зейін қоюға, сабырлы болуға, тұлға болып қалыптасуға септеседі. Газет-журнал оқу күштеу, қаламаған дүниені зорлықпен істету деген мағына емес, жақсы дағды қалыптастыру деп түсінген абзал. 

– Қазір оқырманның көбі әлеуметтік желіге кетті. Жасанды интеллект дәуірі келді. Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы бұрынғыдан өзгеше. Газетті сол заман ағымына қалай бейімдеп отырсыздар?

– «Таяқтың екі ұшы бар» деп жатамыз. Әлеуметтік желінің қарыштап дамуы бір жағынан оң әсер етіп жатыр. Бұрын «Ұлан» газетінде «Дос болайық» деген айдар тұрақты беріліп тұрған. Онда балалар өзі туралы қысқаша ақпарат беріп, мекенжайын қалдырып, замандасынан хат күтетін. Солай достасқан қаншама адам бар. Қазір соның рөлін әлеуметтік желі атқарып жатыр. Жақында алматылық жас тілшілеріміз Қызылорда облысына жарысқа барды. Белсенді авторларымыздың, жас тілшілеріміздің әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылып, сырттай бақылап отыратын әдетім бар. Маған олардың не ойлайтыны, неге қызығатыны қызық болғандықтан жазыламын ғой, әлбетте. Солай бір жас тілшіміздің Инстаграм парақшасындағы сторисін көріп отырсам, алматылық авторларымызды қызылордалық авторларымыз вокзал перронынан күтіп алып жатыр екен. Қолдарында бауырсақ, құрт. Кәмпиттен шашу шашқан ба-ау... Сол көріністі көріп қатты әсерлендім. «Бізді қызылордалық «ұландықтар» күтіп алды» деген сөз көңілімді толқытты. Демек, балалар «Ұлан» газеті арқылы бір-бірін танып, әлеуметтік желіде бір-біріне жазылып, шынайы өмірде дос болып кетіп жатыр. Біздің негізгі миссиямыз да осы. 

– Бас редактор ретінде жұмысыңыздағы ең үлкен жауапкершілік неде?

– Жауапкершілік – ұжымның бірлігі, достығы. Бір жақсысы, кейінгі он жылда «Ұлан» газетінде жұмыс істеп жүрген мамандар газетке жолдан қосыла салғандар емес. Оқушы кезінде «Ұланға» жазып, жас тілші атанған жандарды жұмысқа алып жүрміз. Неге? Себебі, балалар басылымында істеген адам жай ғана журналист болмауы керек. Ол ең әуелі, дос, аға-әпке болып, психолог-педагог маманның да қызметін атқаруына тура келеді. «Ұланды» кішкентайынан оқып, өздері байланыс орнатқан адам кейін де өзі секілді оқырманмен жалықпай сөйлесіп, 24/7 кері байланыс жасай алады. Өкініштісі, қазір бұрынғыдай бас редактордың қолында ешқандай құзірет жоқ. Қарапайым ғана мысал: егер жазылу науқаны кезінде белгілі бір мекемелерге хат жазуға тура келетін болса, редактор ретінде қол қоюға да құзіретіміз жоқ, тек қана бас директор мен директордың орынбасарларының ғана қол қою құқығы бар. Соған қарамастан, газеттің таралымына бас редакторды жауапты етіп қойған. Бұл – мен үшін де, газет-журналдың жайын түсінетін адамдар үшін де парадокс! 

–  «Ұланды» қазақ журна-листикасының ұстаханасы» дейді. Осы мектептің басты құндылығы неде деп ойлайсыз?

– Жаңа бұл сұрақтың жауабы аз да болса айтылып кетті деп ойлаймын. Балалар басылымында істеген адам шын жанкүйер болып кетеді. Бірінші кезекте баланың жағдайын ойлап тұрасың. Кейде редакциядағы қызметкерлер бір баланың хатын газетке беруді ұмытып немесе ұзақ ұстап қалса, жаным шығып кете жаздайды. Өйткені ол хаттың артында бір баланың үлкен үміті, арманы жатыр. Ересек адамға ол жай ғана хат шығар, ал бала үшін өмірін өзгертетін маңызды қадам болуы мүмкін. Сондықтан әр хаттың артында арман, үміт тұрғанын ұмытпауымыз керек. Жас тілшілерді алаламай, бәріне бірдей көзқараспен қарау керек. Бірде бір топ жас тілшімізбен кезіктім. Біреуіне басқаларға қарағанда ерекше ілтипат көрсетіп қалыппын. Сөйтсем, «Апай, сіз неге Пәленшені ұзағырақ құшақтап, бізді жай ғана бетімізден сүйе салдыңыз?» дейді. Сонда «баланың бәрі бірдей» деген ұғымды түсіндім. Кейде балалар отбасынан, ұстаздарынан алмаған жылылықты редакцияның қызметкерлерінен алғысы келеді. Сондықтан қарым-қатынаста ең бірінші мейірім болуы керек. Содан кейін ғана кәсіби тұрғыдан бағыт-бағдар беруді бастайсың. Жас тілшілерге ескертіп қоятын бірнеше шартымыз бар. Мысалы, газетке алғаш мақала жаза бастағанда, сторрителиң бағытында өз оқиғаңды баяндағаның әсерлі шығады дейміз. Бұл бір жағы жасанды интеллектінің көмегімен «жазып» берудің алдын алады.

– Газеттің алдағы жоспары қандай? Цифрлық дәуірде «Ұланның» жаңа форматы қандай болмақ?

– Қазіргі журналистер бесаспап болуы керек дегенді жиі айтамыз. Алайда көп жағдайда оған адамның ресурсы жетпей жатады. Дегенмен әлеуметтік желідегі @balamendana деген парақшамызды мультимедиалық тұрғыда дамытқымыз келеді. Кейінгі жылдары «Ұланның» бет-бейнесіне айналған балақайды танымал етуді мақсат етіп жатырмыз. Күліп тұрған Ұлан деген балақай әр баланың санасында әдемі естелік болса дейміз. Ол балақайдың әу баста басы ғана бар еді. Оның тұтас денесін салып, «киіндірдік», заманауи қазақы стильде жүретін тақиялы жасөспірім болып шыға келді. Біз балақайдың ойыншығын да жасағымыз келген. Бір жас тілшіміздің ойыншық тоқитын өнері бар екен. Алғашқы нұсқасын сол қызымыз жасап көрді. Жас тілшілер 14 наурыз «Ұланның» туған күнінде балақайдың бір құшақ гүл көтеріп тұрған статуэтін жасатып әкелді. Бұның бәрі былай қарасаң, үлкен командамен, яғни суретші-иллюстраторлардың көмегімен жүзеге асатын іс. Алайда редакциямызда ондай маман болмаса да, өзіміз заман көшінен қалғымыз жоқ. 

– Рақмет! «Ұланның» 95 жылдығы құтты болсын!

Дайындаған Д.ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2025

515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы