• Спорт жұлдыздары
  • 21 Қараша, 2025

Жәнібек Әлімханұлы үш бірдей чемпиондық белбеуге қол жеткізе ала ма?

Қазақ боксы тағы да әлем назарында. Жақында ғана кәсіпқой бокстан екі бірдей чемпиондық белбеудің иегері Жәнібек Әлімханұлы үшінші   чемпиондық белбеуді сарапқа салатыны туралы ресми ақпарат шықты. Орта салмақтың қос чемпионы, IBF және WBA белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы мен WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Лара 6 желтоқсан күні өзара мықтыны анықтайды. Бұл жекпе-жек жай ғана айқас емес, қазақ кәсіби боксының жаңа белесі болғалы тұр.

Бұл жекпе-жекке бокс жанкүйерлері ғана емес, қазақ спортының болашағына сенетін күллі жұрт үмітпен қарап отыр. Өйткені Әлімханұлы Геннадий Головкиннен кейінгі қазақстандық бокстың жаңа толқынының көшін бастаған саңлақ. Ал Лара ұзақ жыл бойы WBA тұғырында тұрақтаған, тәжірибелі, тісқаққан қарсылас. Біз осы тарихи жекпе-жектің алдында елімізге танымал боксшылар мен спорт сарапшылары арасында шағын сауалнама жүргіздік. Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара айқасының мәнін жан-жақты ашу, кәсіби көзқарас арқылы алдағы жекпе-жектің болашағын болжау мақсатында кейіпкерлерімізге қос чемпион арасындағы жекпе-жектің фавориті кім, отандасымыздың жеңіске жету мүмкіндігін қалай бағалайсыз және қос бокс-шының мықты және әлсіз тұстары қандай деген сұрақ-тар қойып, осындай деңгейлі жекпе-жекте қазақстандық жанкүйерлер үшін не маңызды екенін де білдік.

Ермахан ИБРАИМОВ, олимпиада чемпионы:

Жәнібек нағыз бабында, ал Лараның дәуірі өтті

– Әрине, бұл жекпе-жектің басты фавориті – біздің отандасымыз. Иә, Лара өте тәжірибелі, мықты боксшылардың бірі. Бірақ оның дәуірі өтті. Ал Жәнібек қазір нағыз бабында, кез келген мықты боксшыны тұғырынан тайдыратын әлеуеті бар. Одан бөлек, Жәнібектің әлсіз тұстарын көріп тұрған жоқпын. Ал Эрисландидің соңғы раундтарда шаршап, функционал-дық тұрғыдан сыр беруі әбден мүмкін. Әлемге қазақ боксын «Qazaq style» атымен танытып жүрген Жәнібектің бұл жекпе-жегі қазақстандық жанкүйерлер үшін аса маңызды. Әлімханұлы өзімнің шәкірттерімнің бірі, әрі бірегейі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жасөспірім, жас кезінен бастап қасында жүріп, жақсы сөзімізді, ақыл-кеңесімізді айтып жүрдік.

Мұқтархан ДІЛДӘБЕКОВ, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері:

Бұл жекпе-жек қазақ кәсіпқой боксын жаңа белеске шығарады

– Жалпы Жәнібек пен Эрисланди Лараның жұдырықтасу мәнері ұқсас. Сондықтан қайсысы мықты дайындалады, сол жеңіске жетеді. Шыны керек, Жәнібек осындай мықты қарсыластарға қарсы жекпе-жекті күтіп, қалап жүр ғой. Сондықтан бұл жекпе-жек отандасымыздың абыройын асқақтатуға мүмкіндік береді. Егер жеңіске жетсе, тарихқа атын алтын әріппен жазып, жолы да ашылады. Енді Лараның Канеломен қалай жұдырықтасқанын еске түсірсек,  Жәнібек үшін оңай болмайтыны анық. Дегенмен оның жеңіске жететініне кәміл сенеміз. Оған себеп те жоқ емес. Лараның жасы біразға келіп қалғанын ескеруіміз керек. Бұның бәрі жекпе-жекте өз әсерін беретіні анық. Бұл қазақ кәсіпқой боксын жаңа белеске шығаратын жекпе-жек болмақ. Сондықтан сол АҚШ-тағы барша қандастарымыз бірігіп, барып қолдау көрсетуі керек. Өйткені бұл жекпе-жекке жанкүйерлердің қолдауы ауадай қажет.

Мырзағали АЙТЖАНОВ, Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері:

ОЛ ҚАЗАҚТАРМЕН ҚАЛАЙ ЖҰДЫРЫҚТАСУ КЕРЕГІН ЖАҚСЫ БІЛЕДІ

– Жалпы спортта, соның ішінде бокста болжам жасау аса жақсы дүние емес. Десек те, өзіміздің қол астымызда қаншама жыл тер төгіп, еліміздің абыройын асқақтатқан Жәнібектің жеңісіне сенеміз. Бірақ Лараны осал қарсылас деп есептемейміз. Өте мықты, тәжірибелі, тісқаққан былғары қолғап шебері. Лара қазақтармен қалай жұдырықтасу керегін жақсы біледі. Тіпті, «менмін» деген қазақ боксшыларын да жеңген. Сондықтан жасының үлкен болуы аса қатты рөл ойнамайды. Боксты қойып, 2-3 жылдан кейін шаршы алаңға оралып жатқан жоқ. Үздіксіз жаттығып, спорттық бабында болуға ұмтылып жүрген боксшы. Сол себепті Эрисланди Лара Жәнібектің мансабындағы ең қауіпті, мықты қарсылас болмақ. Дегенмен Әлімханұлының қазіргі әлеуеті өте жоғары деңгейде, нағыз бабында тұр. Тәжірибесі де толықсып, төрт бірдей чемпиондық белбеуді иеленуге дайын тұрған боксшы. Жәнібекке қаншама жылдық еңбектің жемісін көретін кез келді. Енді бұл жекпе-жектің маңыздылығына келер болсақ, әлемнің ең үздік боксшысымен жекпе-жекке шыққан сәтте баршамыз тақымымызды қысып, қолдау көрсетуіміз керек. Ақсақалдарымыз баталарын беріп, тілеуін тілеуі қажет. Бұл барша қазақ жанкүйерлерін біріктіретін айқас болмақ.

Айдос ЕРБОСЫНҰЛЫ, кәсіпқой боксшы:

ЛАРА АЛДАП КЕТУІ ӘБДЕН МҮМКІН

– Жәнібектің жеңіске жетуге мүмкіндігі өте жоғары. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, ол әлі жеңілістің дәмін татпаған, әрі жас, нағыз бабында. Спорттың тілімен айтқанда Жәнібек қазір «аш». Одан бөлек, Эрисланди Лараның жасы да біразға келіп қалған. Яғни, екеуінің жас айырмашылығы 10 жас. Бұл да бір аса маңызды фактор болуы мүмкін. Жәнібектің әлсіз тұстарын байқамадым. Техникалық шеберлігі де, соққылары да өте жоғары деңгейде. Ал Лараның соққысы анау айтарлықтай жойқын емес. Яғни, бір соққымен сұлатып салатын боксшы емес. Дегенмен кубалық боксшының аяқтағы қимыл-қозғалысы жақсы, алдап кетуі әбден мүмкін. Иә, бұрын Геннадий Головкин күллі қазақ жанкүйерлерін азанда ерте оятатын еді. Міне, енді қазақ баласының жекпе-жегін жанкүйерлер тағатсыз күтуде.

Мадияр ӘШКЕЕВ, боксшы:

ЛАРАНЫҢ ТЕХНИКАСЫ ӨТЕ МЫҚТЫ

– Жәнібек еңбекқорлығынан бөлек, өте талантты боксшы. Жұдырықтасу мәнері қарсыластары үшін өте ыңғайсыз. Эрисланди Лара да өте мықты, тәжірибелі былғары қолғап шебері. Талай мықтылармен жұдырықтасып, небір мықтының мысын басқан. Бірақ ерекше айта кететін жайт, Лараның жасының біразға келіп қалғандығы. Иә, техника, тәжірибе жағынан Жәнібектен мықтырақ. Бірақ функционалдық тұрғыдан және жылдамдық жағынан Жәнібектің мысы басым болмақ. Сондықтан Жәнібекке әр раундқа күш есептеп, қарсыласты шаршатуға тырысу керек. Шыны керек, Жәнібектің соңғы елімізде өткізген жекпе-жегінде аздап шаршап қалғанын көрдік. Бұл жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып, жақсы оқу-жаттығу жиынын өткізсе, айқын басымдықпен ұтуға толық әлеуеті жетеді. Енді Жәнібекті қолдау үшін арнайы жекпе-жегіне барып, жанынан табыламыз.

Батыр ЖҮКЕМБАЕВ, кәсіпқой боксшы:

ЖӘНІБЕК СОЛАҚАЙЛАРҒА ҚАРСЫ ӨТЕ ЖАҚСЫ ЖҰДЫРЫҚТАСАДЫ

– Бұл жекпе-жекте Жәнібекті толыққанды фаворит деп айтуға болады. Біріншіден ол қарсыласынан әлдеқайда жасырақ, әлдеқайда жылдамырақ, әрі тың. Техникалық жағынан да, физикалық тұрғыдан да Ларадан мықтырақ деп ойлаймын. Жәнібек солақайларға қарсы өте жақсы жұдырықтасады. Әрине, Лараның жасы үлкен екен деп менсінбеуге болмайды. Кубалық боксшының өзіне тән стилі мен жекпе-жектегі айла-әдісі сан алуан екенін ескергеніміз жөн. Бірақ бокста бәрі болуы мүмкін. Сондықтан қайсысы тактикалық тұрғыдан жақсы дайындалып, бір-бірінің осал тұсын тапса, сол жеңуі мүмкін. Мұндай чемпиондық жекпе-жектер қазақ жанкүйерлері үшін өте маңызды. Шыны керек, Жәнібек қазіргі таңда кәсіпқой бокстағы жалғыз чемпионымыз ғой, сондықтан да үш бірдей чемпиондық белдеуге қол жеткізуі өте маңызды. Геннадий Головкиннің өзі үш қана белбеуді иеленді. Ал Жәнібектің абсолютті әлем чемпионы атануына толық әлеуеті жетеді. Сол үшін осы жекпе-жекте қалай да болсын жеңіске жетуі тиіс.

Жанқош ТҰРАРОВ, кәсіпқой боксшы:

БІР ҒАНА СОҚҚЫ ЖЕКПЕ-ЖЕКТІҢ ТАҒДЫРЫН ШЕШУІ МҮМКІН

– Екі бірдей чемпиондық белбеудің иегері атанудың өзі оңай шаруа емес. Сондықтан Жәнібектің бұл жекпе-жекте жеңіске жету ықтималдығы жоғары. Эрисланди Лара қанша тәжірибелі болса да, жасы 40-тан асып қалды. Әлі Жәнібек жас, әрі қарсыласқа қарағанда жылдамдау. Енді екеуінің әлсіз тұстарын байқамадым. Екеуі де мықты, екеуі де тәжірибелі. Бір ғана соққы бұл жекпе-жектің тағдырын шешіп кетуі әбден мүмкін. Жекпе-жектің маңыздылығына тоқталар болсақ, бұрын-соңды қазақ боксшыларынан ешкім үш бірдей чемпиондық белбеуді иеленбеген. Жәнібек үшін сол олқылықтың орнын толтыратын сәт туды. Бұл жекпе-жек еліміз үшін ғана емес, әлем үшін қызық болайын деп тұр.

Сауалнаманы жүргізген 
Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2025

519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы