• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 23 Қараша, 2025

Әсери адамға білімнің қажеті болмайды деген қағида жоқ

Бауыржан Момышұлын танымайтын қазақ кемде-кем. Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерліктері, артынан ерген аңыздары, қазақ оқырманына қалдырған шығармалары әрбіріміздің жүрек түкпірімізде жатқаны мәлім. Халқымыз батырын ардақтаса «енді ондай ұл тумас» деп жатады. Бауыржан Момышұлы туралы да бұл сөздің айтылып жүргені анық. Бірақ халық жатыры кең, ол бедеу тарта қоймасы анық. Батырдың артында қалған елі, халқы бар. Сол қалың ел арасынан бабалар жолын қуар батырдың тағы бір, тіпті бірнеше батыр туары сөзсіз. Әрине, ешкім туа бітті батыр болмас. Өйткені Баукеңнен өзі айтқандай «солдат та ет пен сүйектен жаралған пенде». Батыр шыныға жүріп, тәрбиеленуге тиіс. Ал оларды тәрбиелейтін елімізде бірнеше оқу орны бар. Солардың бірі, әрі бірегейі – батырдың өз атындағы әскери-спорт колледжі.

Алматы қаласында орналасқан Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп барын бұрыннан білетін едік. Бірақ оның бүгінгі таңда колледж статусын, сонымен бірге әскери-спорт колледжіне айналып кеткенінен бейхабармын. «Ақ желкен» журналының оқырмандары арасында әскери қызмет істеп, еліне пайдам тисін дейтін балалардың бары даусыз. Соларға бағыт-бағдар болсын деген ниетте осы оқу орнына хабарластық. Майор Ермек Сейітқасымов ағамызбен сөйлесіп, сұқбатқа келіскен едік. Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің басшысы Берден Ақпанбеков мырза бізді қуана қарсы алды. 

– «Ақ желкен» журналынан келіп отырсыз ба? Өзімнің балалық шағымда оқыған журналымның қызметкерімен көрісіп отырғаныма қуаныштымын. 

– «Ақ желкеннің» оқырманы ма едіңіз?

– Иә. Бір-екі мақалам да жарық көрген сіздің журналға. 

– «Ақ желкеннің» өсіп, ұрпақ тәрбиесіне араласып жүрген оқырманымен жүздескеніме мен де қуаныштымын. Өзіңіз секілді арман қуған оқырман балаларымыз үшін осы мекемеге келіп қалдық. Әңгімемізді мектептің тарихынан бастасақ деп едім...

– Біздің мектеп 1983 жылдың 28 ақпанында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қаулысы негізінде құрылған. Мамандандырылған мектептің әскери киім формасы, ұйымдастыру құрылымы, әскери тәртіп бойынша оқу-тәрбие салтын ұйымдастыруы Суворов мектептерінің үлгісімен жұмыс істеді. Басты мақсаты болашақ әскери (офицерлік) қызметтерге әскери-дене шынықтыру дайындығы жоғары тәрбиеленушілерді даярлау болды. 1991 жылы 26 наурызда бұл мектепке батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың есімі берілген еді. Бұл жолда аянбай еңбек етіп, батыр атамыздың атын алуға күш салған сол кездегі мектеп басшысы полковник Ким Серікбаев мырза болатын. Сол жылдардан бері мектеп-интернат Білім және ғылым министрлігінің қарамағында болды. 2015 жылы мектеп Қорғаныс министрлігіне қарасты мекемелер қатарына өтіп, 2023 жылы 40 жылдық мерейтойын тойлаған еді. Ал осы 2025 жылы мектепке колледж статусы беріліп отыр. Сонымен бірге бұл мекеме тек әскери емес, әскери-спорт бағытына ауыстырылды. Биыл мектебіміздің соңғы түлектерін шығарып салып, алғаш рет колледж студенттері ретінде балалар қабылдадық. Ашылғанымызға, міне, екі-ақ ай өтті десек те, студенттеріміздің жетіп жатқан жетістіктері баршылық. 

– Бұл оқу орнына түсу үшін қандай талаптар қойылады?

– Колледж ретінде бірінші рет студент қабылдайтын болғандықтан, біздің ұжым ізденісті ерте бастады. Әлеуметтік желілерде жаңалық таратып, хабарласқан балаларды Телеграм желісіндегі чатқа біріктірген едік. Сонда біздің оқу орнына түсуге ниет білдірген 4 мыңнан астам бала жиналды. Ал дәл құжат тапсыруға 1200-ге тарта үміткер жиналған болатын. Олардың ішінен 1000-ға жуық бала сынақ тапсыруға өтті. Ал мектепке қабылданғаны 150 студент. Жоспар бойынша 100 бала қабылдауымыз керек болатын. Бірақ талапкерлердің көптігін ескере отырып, 150 баланы қабылдауды өтіндік. 
Негізгі талаптарға келер болсақ, мектебіміздің әскери және спорттық бағытта екенін ескере отырып, бірнеше нормативтік сынақ бекітілген. Жүгіру, белтемірге тартылу деген секілді. Физикалық сынаққа бір баға қойылады. Бұл тұста үміткердің спорт саласындағы жетістіктерінің де ескерілетінін атап айтқан жөн. Яғни бізге түскен балалар өзі қалайтын спорт түрлерін тереңдетіп меңгеріп, спорттық мансабын жалғастыра береді. Үміткерлер физикалық сынақтан кейін психологиялық және логикалық сынақ тапсырады. Яғни баланың ойлау қабілетін және психикалық тұрақтылығын анықтаймыз. Оларға да бөлек баға қойылады. Соңынан 9-сыныпты бітіріп келген баланың аттестатына баса назар аударамыз. Өйткені спортшы немесе әскери адамға білімнің қажеті болмайды деген қағида жоқ. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген мақалды ұмытпаған абзал. Сонымен баланың білім деңгейінің де ортақ бағасы шығарылады. Қолымыздағы бағалауды біріктіріп, арнайы формулаға салып, барлық үміткердің бағасын шығарамыз. Ең жоғары баға алды деген 100 студент біздің оқу орнының тәрбиеленушісі бола алады. 

– Колледж студенттерінің бір күндік өмірін суреттеп беріңізші. 

– Әскери-спорттық колледж ретінде біздің күн тәртібіміз де әскердегідей болады. Таңғы алтыда тұрып, 40 минут таңғы жаттығу жасайды. Кейде жалпы жаттығу болса, кейде әр бала өз спорттық секциясында жаттығу жүргізеді. Таңғы астан кейін балалардың сабағы басталмақ. Түске дейінгі сабақ ортасында екінші таңғы асы тағы бар. Түскі астан кейін демалыс уақыты жарияланып, одан кейін сабаққа дайындалуға уақыт беріледі. Одан кейінгі уақыттың көбі спорттық секцияларда өтпек. Әрбір бала өзі таңдаған секция бойынша дайындалып, шеберліктерін шыңдайды. Кешкі астан кейін сабақтарын бір рет пысықтап, үй-ішімен сөйлесуге уақыт алады. Сенбі-жексенбі күндері қалалық серуенге шығуынан бөлек, балалардың телефонға немесе басқа да нәрселерге алаңдайтын бос уақыты бола бермейді. 

– Колледжді бітірген баланың болашағы қандай болмақ? Ол қандай мамандық иесі атанып, қадай салаларда жұмыс істейді? 

– Мектеп кезінде балалар 10-11 сыныптарды оқып, мектептің аттестатын алып шығатын еді. Енді біздің колледжді бітірген балалар диплом алады. Оған қосымша сержант дәрежесі беріледі. Яғни біздің түлектер бір жылдық әскери борыш өтеуден босатылады. Колледжді бітіріп, сержант атанған балалар келісім-шарт бойынша 5 жыл әскери қызмет атқарады. Біздің колледж ретіндегі негізгі міндетіміз – әскердегі дене, жауынгерлік дайындық бойынша командирлер даярлау. Яғни біздің түлектер кіші буын командирі ретінде әскери қызметші болып еңбек етеді. Бұл – бір бағыт. Екінші бағыт бойынша, барлау және десанттық шабуылдау құрылымдық бөлімшелерінің кіші буын командирлері қызметіне орналасады. Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы колледж түлектерін әскерде осындай қызметтер күтеді. Сонымен бірге, біздің түлектеріміздің арасындағы сабақ үлгерімі, спорттық көрсеткіштері жоғары балалар әскери институттарға екінші курсынан оқуға қабылдана алады. Спорт саласында биік белестерді бағындырып жүрген түлектеріміз Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті Армия орталық спорт клубының спортшысы болуға мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде Армия орталық спорт клубында 200-ден астам спортшы бар. Олар олимпиада, әлем чемпиондығы сынды биіктерді бағындырып жүр. Өздеріңізге таныс дзюдо күресінің жұлдыздары Ғұсман, Ғұмар Қырғызбаевтар, ауыр атлетші Жасұлан Қыдырбаев, боксшы Сәкен Бибосыновтар Армия орталық спорт клубының спортшылары. Олар спорттық мансабын жалғастыра жүріп, әскери қызметші болып жұмыс істейді. Міне, біздің түлектердің негізгі барар бағыттары осылар. 

– Колледжде қанша спорттық секция жұмыс істейді қазір?

– Дзюдо, самбо, қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим күресі, бокс, таэквандо, қоян-қолтық ұрыс, жүзу, волейбол және футбол секілді секциялар жұмыс істейді. Алдағы уақытта ауыр және жеңіл атлетика сынды секцияларды енгізуді жоспарлап отырмыз. 

– Сөз арасында «ашылғанымызға аз-ақ уақыт өтсе де, жетістіктеріміз баршылық» деп қалдыңыз. Осы туралы айтып өтсеңіз.

– Колледждің ашылғанына екі-ақ ай өтті ғой. Соның өзінде біздің студенттеріміз спорттан біршама жетістіктерге жетіп жатыр. Мысалы 20 қыркүйек күні Қорғаныс министрлігіне қарасты колледж, лицейлер арасында өткен жарыстан 3-орын алдық. Сізге үлкен жетістік болып көрінбес, бірақ біздің оқушылардың 1-курс екенін, оқуға қабылданғанына өте аз күн өткенін ескеріңіз. Ал басқа колледждерден жоғары курс студенттері қатысты. Ату, белтемірге тартылу, жүгіру, жүзу секілді бірнеше спорт түрінен құралған жарысқа іріктеп 10 бала апардық. Кейбір бағыт бойынша бірінші, кейбірінен үшінші орын ала жүріп, жалпы есеп бойынша үшінші орынға тұрақтадық. Одан да бөлек республикалық, халықаралық дәрежеде жетістікке жетіп жатқан балаларымыз баршылық және алдағы уақытта олардың саны өсе береді деп сенеміз. 

– Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжіне тапсырам деген балаларға нендей кеңес бересіз?

– Қазірден бастап дайындалыңыздар. Спортпен шұғылданып, бір спорт түрінің жақсы маманы болыңыз. Ең басты шарттардың бірі, сабақты жақсы оқыңыз. Жоғарыдағы сөзімді тағы қайталайын, біліктілік пен білімділік тең келмейтін қасиеттер екенін ұмытпаңдар! 

– Әңгімеңізге рақмет! Сіз оқыған «Ақ желкен» биыл 100 жаста! 

– Құттықтаймын! Бұрын әр санын асыға күтіп отыратын едік. Оқып болғаннан кейін әкем екеуіміз әрбір санды тігіп, сақтап қоятынбыз. Иә, біздің үйде қаншама газет-журналдың тігінділері жатыр. 

P.S. Мектеп ауласынан шығып келе жатырмын. «Ақ желкен» журналын оқып өскен бала бүгінде Батыр Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің басшысы болып, өзі де бала тәрбиелеп отыр. Берден мырзаның жетістікке жету жолының қандай болғаны маған белгісіз. Бірақ сол жетістік жолында мен қызмет ететін және сіздің қолыңыздағы «Ақ желкен» журналы бар екені айқын. 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2025

451 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы