• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Қараша, 2025

Заманауи қазақ әні – қазақ тілінің тірегі

Қазақ медиаөнері, оның ішіндегі ән өнері ел шекарасынан Димаш арқылы шықты десек, қателеспейміз. Содан кейін Imanbek есімді өнерпаз «Roses (Imanbek Remix)» трегімен 2021 жылы Грэммидің «Best Remixed Recording, Non-Classical» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл Грэмми алған тұңғыш қазақ, тіпті посткеңестік елден шыққан тұңғыш жеңімпаз. Осы оқиға посткеңестік елдерді дүр сілкіндірді. Орыс медиасы тіпті шулап, қазақ өнеріне көз тікті. Сонда мынадай пікір пайда болған еді: «Қазақстанға кеңестік кезеңде әртүрлі ұлттар жер аударылып, олар бір қазанда қайнады. Осынша жыл бірге болған халықтардың мәдениеттері араласып, жаңа мәдениет жасады. Нәтижесі – осы». Бұл пікірдің орынды немесе орынсыз екенін білмеймін, бірақ анығы сол – қазақ медиаөнері, оның ішіндегі ән өнері өте жоғары деңгейге кетті.

Ән және замана

Ән өнері – өз заманының көрінісі. Мысалы, еуропалық классикалық музыка шіркеу тарихынан, ондағы адамдардың діни кезеңінен сыр шертеді. Ал қазақтың классикалық музыка, ән өнері көшпенділік кезеңнің көрінісі. Еуропалық классика, оның ішіндегі шіркеулік музыка Құдаймен байланыс іздесе, көшпенділік музыка даламен байланысын жырлады. Премодерн кезең ХХ ғасыр басында аяқталып, адамзат модернге аяқ басты. Бұл кезең өзгеріс, идеялар кезеңіне ұласты. Сонымен қатар адамдарда үлкен депрессиялық көңіл күй басым болды. Өйткені адамның бәрі қалаларға көшіп, ауылдардағы еркін кезеңдерін аңсайтын еді. Оның үстіне психологияның дамуы – музыканың ақылдан гөрі сезімге әсер етуін арттырған-ды. Екінші дүниежүзілік соғыс сол бойкүйездіктің нүктесін қойғандай. Адамзат идеялар заманынан өтіп, шынайы еркіндікке жеткендей. Осы кезеңнен бастап музыка танымастай өзгерді. Ол шынайы бұқаралық сипат алды. Бір кездері тек құдаймен байланыстырады деген музыкаға енді билеуге болатын болды. Рок-н-ролл, рок, рэп сынды жанрдың бәрі осы кезеңде қалыптасты. 

Қазақтың төл ән өнері ХХ ғасыр басында үзілгендей болды. Дәстүрлі ән өнері өмір сүріп жатса да, эстрада арқылы қазаққа өзгеше ырғақ пен өзгеше музыка келді. Ал тәуелсіздік алған жылдары қазақ музыкасы біршама тоқырауға ұшыраған болатын. Тұтас ел болып терме тыңдадық. Иә, ауыр кезеңнің көрінісі осы еді. Ал посткеңестік елдердің біразында шансон (түрме әндері) модаға айналды. Міне, ән, музыка өнері әр заманның, қоғамның өзіндік көрінісі болған. Бұл тенденция әлі де қалыс қалған жоқ. Өйткені...

Бүгінгі ән өнері

Қазіргі қоғамның өте тұрақсыз екені бәрімізге мәлім. Өйткені өмірімізге әлеуметтік желілер енді. Ондағы қысқа видеолар бәрімізді қысқаша ойлауға, алғашқы секундтан тартпаса өткізіп жіберуге үйретті. Тіпті соған орай қазіргі ұрпақтың эмоциясы да тұрақсыз. Ал мұндай кезеңде қандай музыка өтімді болмақ? Әрине, тұрақсыз ырғақты музыка. Мұны қалай түсінеміз? Ойлап қараңызшы, осы уақытқа дейінгі әннің бәрі шумақ және қайырмадан тұратын еді. Бірінші шумақ айтылады, сосын қайырма екі рет қайталанады. Әннің екінші бөлігі де солай, бір ырғақпен айтылып шығатын. Сосын үшінші шумақ немесе қайырмасы тағы бір қайталанатын соңғы бөлімнің алдында аздаған бос әуен болатын да, қайта тура сол ырғақпен әннің үшінші бөлімі бітетін еді. 

Мұндай ән қазіргі тыңдарманды ұстай алмайды. Өйткені қайталана беретін бірдей әуен адамды шаршатады. Сондықтан қазіргі әндердің құрылымы өзгерді. Әсіресе жастар тыңдайтын әндер қазір шумақ емес, блоктардан тұрады десек те болады. Әр блок әртүрлі ырғақта айтылады. Қайырма дегеннің өзі түрленіп кеткен. Сонымен қатар әлемдік музыкатанушылар ән ұзақтығының да қысқарып келе жатқанын алға тартып отыр. Әннің ұзақтығы 3, 3,5, 4 минутқа жететін ілгеріде. Бұл винил пластинкаларынан қалыптасқан классикалық ұзақтық еді. Өйткені ол пластинкалардың жазу уақыты осынша минутпен шектелетін. Енді тіпті қысқарып келеді. Өйткені тағы да сол көңіл күй тұрақсыздығы. 

Музыкатанушылар бір қызық мәселені алға тартады. Адамзат әндегі тұрақты құрылымды бұзып, ән ырғағының әртүрлілігін қаласа да, түптің түбінде өзгеріссіз бір ритмге байланады. Қазіргі заманауи әндерді, оның ішінде заманауи қазақ әндерін де тыңдап отырып бүкіл тректің негізі ретінде өзгеріссіз бір ритмнің бары байқалады. Соның үстіне ғана әртүрлі ырғақтар жапсырылады. Мұны психологтар былай түсіндіріп жүр. Қазіргі адамның бәрінде тұрақты стресс бар. Яки бүгінгі қоғам тұрақты мазасыздықта (тревога) өмір сүреді. Бүкіл эмоция, қуаныш, қайғы – бәрі-бәрі осы мазасыз күйдің негізіне жапсырылған. Туралап айтқанда бүкіл эмоцияның фоны – мазасыздық. Міне, бүгінгі ән өнері адамзаттың осы күйінің көрінісі. 

Музыкатанушылар адам психикасындағы мазасыздықтың тағы бір көрінісі ретінде ән ритмінің төмендеуін де көрсетіп отыр. Байқасаңыз, қазіргі жастар, жалпы адамдар жұлынған, жылдам әндерден аулақтау. Бұл олардың ішкі ритмін бұзатынға ұқсайды. Сонымен бірге, қазақ әндерінің кавер нұсқаларына да назар салып көріңіз. Жылдам әндерге жасалған каверлердің көбі баяу соғады. Тіпті баяу әндердің өзін одан ары баяулатып жіберетінге ұқсайды.

Қазақ музыкасы және комплекстерден арылу кезеңі

Стамбул көшелерінің біріндегі аялдамада жапсырулы тұрған жарнамаға көз түсті бірде. Онда ерлерге арналған антиперсперант бейнеленген. «Қоқыма» деп жазылыпты. Қазақта «қоқу» деген сөз қатты шашылып кеткенде немесе қатты сасық иістерге қолданылады. Мәселе онда емес, түріктер де біз секілді «жағымсыз иіс шығып тұр ма?» деп қолданса болады ғой. Мәдениеттірек естіледі. Бірақ мәдениеттірек естіледі деп отырған бұл сөздің орыс тілінен калька аударма екенін білесіз бе? «Не приятный запах?» 

Қазақта «жағымсыз иіс шығып тұр ма?» деген ұзақ сөзді бір ғана сөзбен «сасып тұр ма?» деп айта салуға болады ғой. Неге айтпаймыз? Өйткені біз өз тілімізден ұяламыз? Қазақ әдебиеті, оның ішіндегі поэзиясы «поэтикалық емес» деп таныған сөздерді өлеңге араластырмады. Тіпті «смс», «интернет», «агент», «телефон» секілді сөздер алғаш өлеңге кіріге бастаған шақта сыналған авторлар да болған еді. Осылай біз заманадан қашып өлең жазуға тырыстық. Дегенмен бір нәрсе туралы жазу үшін оның атауын қойып, айдар тағу керек екенін кеш ұқтық. Осы уақыттарда қазақ әндерінің сөздері бөліне бастады. Ақындар өре түрегеліп, сынап жатты. Бірақ оған назар аударған эстрада болған жоқ. Халық арасында қазақша рэп айтатын, рок орындайтын жастар көбейді. Олар шетелдік заманауи әндерді тыңдай жүріп, өзі де ойындағысын айтқысы келді. Бірақ айтайын десе тіл кедергі екен. Біз өз тілімізден, тіліміздегі кейбір сөздердің әнге кірігуінен ұялады екенбіз. Бірақ жастар ұялмауды ұйғарды. Олар сөзді қалағанынша қолданды. Боқтады, балағаттады, бірақ бәрін қазақша айтты. Осылай ән мәтіндеріндегі еркіндік басталды десек те болады. Бүгінгі заманауи ән мәтіндері сол кездегі өзінің бар екенін жеткізгісі келген жастардың бастамасы еді. Бүгінде біз әндердегі «сасу», «терлеу», «телефон», «смс» деген сияқты сөздерді тосырқамаймыз. Қазақ тілі – заманауи өнер жасай алатын тілге айнала бастады. Иә, сынауға құмар тіл институты да, ақындар да жасаған жоқ бұл құбылысты. Бұл құбылысты өз ана тілінде өнер жасағысы келген жастар жасады.

Қазақ әніндегі сөз

Қазақ өнерпаздары тақыр жерге дән сеуіп, жаңа өнер жасаған жоғын тағы алға тартқан абзал. Олар музыканы, не түрлі ритмді дамыған елдерден алса, тілде қазақы бірліктерді сақтай отырып, жаңа теңеулер тапты. Мысалы қазақ заманауи ән өнерінде үлкен прогресс жасаған Молданазар атты әншіні танисыздар. Оның алғашқы әндерінің бірі «Ақпен бірге» деп аталатын. Сонда: 
«Кеудем жылып әрең,
Қаным жүріп сәлден
Сезіндім тұла бойды»,
– деген мәтін қазақ әнінде бұрын болмаған. Қазақ өлеңінде «сезіну» сөзі, оның ішінде «өзін сезіну» сөздері мүлде басқа мәнде қолданылады. Яғни, сағыныш сезіндім, ұятты сезіндім деп қолдынылуы мүмкін. Бірақ «тұла бойымды сезіндім» деген мәнде ешқашан қолданылмаған. 
«Жаным тәтті неткен,
Өмір ақпен көркем
Қара, алдап-сулайды»,
– деген жолдардағы «алдап-сулау» деген сөздің өзі де қазақ әніне жаттау көрінеді. Өйткені «алдау» сөзі көбіне әдеби мәнде «жалған» деген сөзден астасып жататын еді. Тіпті бұл сөздің өзі аздап қолданылды десек те, «алдап-сулау» деген тіркестің қолданылғаны сирек-тін.

Тарихи контекст

Нью-Йорк қаласының Бруклин атты ауданы бар. 1970 жылдары бұл ауданда көбіне афроамерикалықтар өмір сүретін еді. Ең мықты баскетболшылар мен рэп орындаушылар осы ауданнан шыққан. Өйткені баскетбол үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Доп пен допты түсіретін тор болса жеткілікті. Бұл ауданның балалары сол үшін осы спорт түрін көп ойнайтын. Ал рэп ше? Негізінен рэп қарсылықты поэзияның әуенмен астасқан түрі саналады. Анығында қоғамнан шеттетілген, екінші сортты саналатын халықтың өзін көрсету, яки бар екенін дәлелдейтін құрал және протест көңіл күйдің көрінісі. 
Қазақ ән өнеріндегі бүгінгі сан салалы жанрлар арасында осы жанр ерекше көзге ұрады. Өйткені біздің де халық ішінде қанша заманнан жиналған ашу бар-тын. Оның үстіне сөз қадірін түсінетін, сөзге аса мән беретін халыққа өте өтімді жанр болғаны даусыз. Осы тұста ИК, 91, QARAKESEK, 6ELLUCCI, Yenlik cынды орындаушылар үлкен жетістікке жетіп отыр. Қызығы, бұл әншілердің көбі дәстүрлі мәдениетке, дәстүрлі ән өнеріне сілтеме жасап отырады. Бұл олардың шыққан мектебі мен тарихи тамырға оралуын көрсететін секілді. Әсіресе QARAKESEK пен Yenlik-тің ән мәтіндері қызық. 

QARAKESEK-тің «Көбелек» әніндегі: «Жарық деп ойлап отқа оранып кетпе, көбелек» деген жолдар қазақ поэзиясындағы, жалпы қазақ танымындағы «жынды немесе сайтан көбелек» қылаң береді. Yenlik «Доп» атты трегімен танылып, соңғы Bipl альбомы арқылы үлкен бум жасады. Жастардың үнін дәстүрлі дүниетаным аясында жеткізген бірегей альбом болды. Нағыз постмодернистік альбом деуге келеді. Өйткені мұндағы әндер әуенімен де, сөздерімен де дәстүрлі әндерге сілтеме жасайды (16 qyz). Осы «16 qyz» әнінің сөзі де бүгінгі қыздарға жасалған үндеу секілді. Қазақ тілінің қызға қатысты дәстүрлі иірімдерін игере отырып, жаңа заманның, жаңа қазақ қызының образын жасап шығарған. Бұл құбылыстарды тарихи контексттегі қазақ әнінің өз тамырымен қайта ұштасуы деуге болады. Дәл осы қарқынмен қазақ музыкасы әлі де үлкен жетістіктерге жетері сөзсіз. Біздің музыкатанушылар, сыншылар бұл прогрестің өкшесіне де жеткен жоқ әлі.

Тұлғаның құлауы немесе соңғы сөз

Бүгінгі қоғам медиа тұлғаны бір әні арқылы көкке көтеріп, бір ісі арқылы жерге ұра салады. Яғни қазіргі тыңдарманға «тұлға» деген сөз жүрмейді. Олар үшін әншілер, танымал адамдар бәрі-бәрі өзі секілді адамдар. Бір қоғамда, бір заманда өмір сүріп жатыр. Сондықтан қазіргі халық ешкімнен «аңыз» жасамайды. Сонымен бірге орындаушыны өмірінен бөліп те қарамайды. Өйткені әлеуметтік желілер арқылы медиа тұлға мен тыңдарман арасы тым жақындап кеткен. Бұл қаншалықты дұрыс-бұрысы белгісіз. Тек аңыздар мен тұлғалардың заманы өтті деп қана шешім шығаруға болатын шығар.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2025

481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы