- АҚ ЖЕЛКЕН
- 20 Қараша, 2025
Әрқашан үздік болудың кемшілігі де бар
Үнемі бірінші болу, алда жүру, үздік шығу – ең жақсы қасиет. Өйткені адам сол қасиетінің арқасында біраз жетістікке жетеді, өзін тәрбиелейді, мансабын құрады. Бірақ «әрқашан үздік болудың» кері әсері бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. «Синдром отличника» күйіне түскен адамдар қиындыққа ұшырап жатады. Ол қандай қиындық? «Әрқашан үздік болудың» артықшылығы мен кемшілігін сұрастырып көрдік.
Назерке САНИЯЗОВА, журналист:
ӨЗ ЖОЛЫҢДЫ ТАБУ – ЕҢ ҮЛКЕН ЖЕҢІС
Соңғы кезде «балалық травма» тіркесі көп айтылатын болды. «Үздік болу» синдромы да соның бір көрінісі шығар деп ойлаймын. Адамның жаны нәзік, тылсым әрі күрделі құбылыс дер едім. Ересек кезімізде бойымызда қалыптасатын қасиет біздің бала күнімізде-ақ қылаң береді. Адамды бәрінен бірінші болуға айналасындағы адамдар үгіттейді, ықпал ететіні сөзсіз. Әсіресе, ата-ананың шектен тыс көп нәрсені талап етуі кез келген ортада, кез келген жағдайда басқалардан оқ бойы озық болуға әкеп тірейді. Өзім мектепті де, университетті де «қызылмен» бітірдім. «Қызылды» жақсы оқығасын береді, білесіздер. Бірақ ешкім маған «сен жақсы оқымасаң болмайды» деп талабын тықпалаған емес. Әкем де, шешем де мұғалім болды. Олардың атына кір келтірмеу үшін де тыраштанбадым. Біреуден озу да ойыма келмеген. Өзім табиғатымнан өте тәртіпті, ыждағатты болғасын ба, тәрбие мен оқудан менде мәселе болған емес. Бұрын хат алмасып тұрушы едік қой. Бірде Астанаға көшіп кетіп, сонда тұрып жатқан 11 жыл бойы жұбымыз жазылмаған сыныптас құрбымнан хат келді. Әңгіме сарынынан байқағаным, өзін бағып-қаққан әжесі оны үнемі менімен салыстырады екен. Ол да тек беспен оқыды, старостамыз болды, бүкіл іс-шарада белсенділігімен көзге түсе білді. Дегенмен, сол хаттан әжесінің сөзіне еріп, мектепте менімен жарысып жүргені байқалғандай болды...
Өмірде әркімнің өз жолы болады. Біреуге ұқсап баққысы келуі мүмкін, бірақ дәл соны қайталай алмайды. Біз осыны түсінуге тиіспіз. Мен өзіммен-өзім жүретін, жанталаспай-ақ мақсатыма жетуді дұрыс көретін адаммын. Өйткені саған бұйырып тұрған нәрсе бәрібір сенен ешқайда кетпейді. Принципім – осы. Кейде біреулерге жетістік тез келе қойған сияқты көрінер, бірақ мұның сыртында оның жанкешті еңбегі тұрғанын өзінен артық ешкім білмейді. Сол сияқты өне бойы алда жүру мүмкін емес, кейде артқа бір қадам жасап, алға жылжыған да дұрыс.
Жансұлу МҰХАМЕДҒАЛИҚЫЗЫ, Түркістан қаласының тұрғыны:
МІНСІЗДІККЕ ҰМТЫЛУ – БОС ӘУРЕШІЛІК
Мектепте оқып жүргенде ата-анамның тарапынан тек бестік алуың керек деген талап қойылмады. Сабағыңды оқы деп ешкім қинамайтын. Өзім үздік болуға тырыстым. Білімге құмарлығым мен зеректігімнің арқасында мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. Сол оқушы кезімде мінсіздікке ұмтылатын едім, есейе келе мінсіздікке ұмтылудың бос әурешілік екенін түсіндім. Мінсіз болуға тырысу, жұртқа жақсы көрінуге тырысу мені шаршатады. Сол үшін «мен күштімін, мықтымын, пысықпын» деп жүгіріп кетпеймін. Әр істі өз шамама қарай жасаймын. Ұнамаған істерден бас тартамын. Мінсіздікке ұмтылмаудың арқасында өз энергиямды сақтап шаршамайтын болдым. Үздік болуға ұмтылудың пайдалы жағы адамды еңбекқор етеді, жауапкершілік алуға, әр істі тиянақты орындауға жетелейді. Өзіне қоятын талабы мықты, ерік-жігері күшті болады. Ал зияны тым көп талап қою адамды шаршатады. Мінсіздікке ұмтылып жұмысты бітіре алмай, үлгере алмай кеткенде стресс, ұйқысыздыққа әкеліп, денсаулыққа кері әсер етеді. Сондықтан мен қазір тепе-теңдікті ұстануға тырысамын.
Нұржамал МҰРАТҚЫЗЫ, 10-сынып оқушысы Indiana High School (АҚШ):
ЖАРЫСУ ЕМЕС, ӨЗІҢДІ ТАНУ МАҢЫЗДЫ
Үздік болуға ұмтылатын оқушылар, студенттер көп деп ойлаймын. Бұл әлемдегі барлық елде бар секілді. Мәселен, мен оқитын Америка мектептерінен де байқадым. Бұл «үздік болуға ұмтылу синдромы» бала бойына ата-ананың қатаң талабынан кейін, «тек беске оқуым керек» деп ойлап, содан пайда болуы мүмкін. Қазақстанда түрлі сынақтар, білім олимпиадалары, ҰБТ сынды әртүрлі бәсекелерде бірінші болу керек деп санайды да, алға ұмтылады. Ал бұл синдромның оқушыға зиянды жағы – бала іштей мазасыз болады. Басқалармен іштей бақталасып, өзінің жаны нені қалайды, соны ескеруге шамасы келмей, біреумен жарысады. Ата-анамнан, мұғалімдерден мақтау естісем деп қана жүреді. Кейде төмендеу баға алып қалса, іштей күйзеліске ұшырайды. Ал бұл әрқашан үздік болуға тырысудың жақсы жағы – бала үнемі өз-өзіне сенеді, біреуге арқа сүйемейді. Ең бастысы, жауапкершілігі мол болады. Алға қарай талпынады. Бірақ ол әрекеттің де өзіндік шегі болуы керек. Ал өзім туралы айтсам, менің ата-анам менен және үйдегі әпке, іні-сіңлілеріме тек жақсы оқы, бестік баға ғана ал деп талап еткен емес. Қандай баға аламыз, қалай оқимыз, сол күйімізде қабылдайды.
Арайлым ХАСАН, Еуразиялық әйелдер альянсының Жапониядағы елшісі:
МІНСІЗ БОЛУҒА ҰМТЫЛУ – ЖАПОНДЫҚ ТӘРТІПТІҢ КІЛТІ
Үздік болуға ұмтылу адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі деп ойлаймын. Әр адам үздік болуға, мінсіз болуға тырысу керек және солай болуға міндетті. Мысалы, Азия елдерінде үздік болуға ұмтылыс өте жоғары. Алдымен ата-ана, сосын мектеп және қоғам баланы кішкентай кезінен айналасындағылармен салыстырып, үздік болудың жөні осы екен деп психологиялық тұрғыдан қыспаққа алатын да жағдайлар бар. Менің Жапонияда тұрып жатқаныма 13 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында байқағаным, жапон халқында үздік болуға ұмтылу синдромы біздің елдегіден де жоғары. Баланы қатаң тәртіппен тәрбиелейді. Әрбір адам мінсіз болу керек деген принциппен бір-бірін дамыта жүріп, алға ұмтылады. Бұл елдің қарыштап дамуының бір себебі де осы тәртіп пен талаптың нәтижесі. Әр жапон баласының үздік болам, мінсіз болам деген талпыныстарының арқасы. Бұл – пайдалы жағы. Ал зиянды жағы – балаға қойылатын талаптың тым қатаңдығы. Бала моральды тұрғыда барлық салада үздік болуым керек деп алға ұмтылып жүріп, кейде бір сәтсіздікке тап болғанда, іштей күйреп, өз-өзіне деген сенімі төмендейді. Яғни өзіне деген талаптың жоғарылығы сонша, бір сәтсіздікке бола, бұған дейін жеткен жетістігін құнсыздандырып, өзіне көңілі толмау басталады. Бұндай жағдай тек Жапонияда емес, Азия елдерінің көпшілігінде бар деп ойлаймын. Үздік болуға ұмтылу синдромының осындай екі жағы бар. Ең бастысы, адам бойында бар қасиетін, қарым-қабілетін дамытып, осы қабілетіммен мен ерекшемін, үздікпін деп өз-өзіне сенімді болуында, өзін еркін сезінуінде дер едім. Барлық салада үздік болуға ұмтылып, жанталасу дұрыс емес. Бойындағы бір жақсы қабілетін дамытумен-ақ әр адам қоғамды дамытуға септігін тигізе алады.
Мен өзім де бала кезімнен осы «синдромның» тұтқынымын. Бірақ осы мінсіз болуға деген ұмтылысымның арқасында көп жетістіктерге жеттім. Бір ғана жетістігімді айтсам, өзіме деген қатаң талаптың арқасында 4 шет тілін еркін меңгеріп, Жапон елінде балаларға арнап ағылшын тілін үйрететін мектеп аштым. Қазір Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты, мәдени байланыстарды дамытуға қолымнан келгенінше үлес қосып келемін. Үздік болуға ұмтылу синдромының өміріме бөгет болатын кездері де бар. Моральдық тұрғыда. Бұрын осы мінсіз болуға ұмтылуды қою керек деп күресетін едім. Кейін осы болмысымды қабылдадым. Бұл үздік болуға ұмтылу деген жақсы бағытта пайдалансаң, кқп адамның уысына түспейтін өте жақсы қасиет екеніне көзім жетті.
Даукен ОРЫНБЕК, Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 «G» сыныбының оқушысы. Алматы қаласы:
БҰЛ СИНДРОМНАН АРЫЛҒАН ЖӨН
Үздік болуға ұмтылу синдромы көптеген жақсы оқитын балалардың бойында бар.Бұл синдром менде де бар. Бұның жақсы және жаман жақтары бар. Жақсы жағы – жауапкершілігі бар адам болуға тәрбиелейді. Себебі сабағын жақсы оқитын оқушы әрқашан үй жұмысын уақытылы жасауға тырысады. Екінші бір жақсы жағы – жақсы баға алуға ұмтылыс. Яғни оқушы жақсы баға алу үшін ұмтылады, тырысады, дайындалады. Бірақ бұл синдромның жаман жақтары да бар. Өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді, жақсы оқитын оқушыда бір күні төмен баға алып қалуы мүмкін. Бұл жағдайда осындай синдромы бар бала біраз уақыт бойы бір ойдан шыға алмай, тек соны ғана ойлайды, әрі көңіл күйі түседі.Тіпті басқа кінәсі жоқ адамнан да көруі мүмкін. Бұл үздік болуға ұмтылу синдромының жаман жағы. Мұндай жағдай менің де басымнан өткен. Менің ойымша, бұл синдромнан арылған жөн. Бұл оңай емес, бірақ әрқашан күнделіктегі жақсы баға емес, мына баста болғаны әлде қайда дұрыс екенін ұмытпау қажет. Және адами құндылықтар мен адами қасиеттерді әрқашан бірінші орынға қою керек. Себебі қаншалықты білімді болсаң да мінезің жаман болса, жақсы қызмет атқару мүмкін емес.
Расул САНДЫБЕК, 10-сынып оқушысы Астана қаласы:
ҮЗДІК БОЛУҒА ТАЛПЫНУ СЕНІМДІЛІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
– Қазір көп оқушыда үздік болуға ұмтылу синдромы бар. Мен де сондаймын. Әр сабақта өзімді барынша көрсетуге тырысамын. Кез келген пәнде еркін отырып, бар білгенімді айтып, белсенді қатысқан ұнайды. Бұл – өзіме деген сенімділікті арттырады. Әзірге осы ұмтылыстың пайдасын көріп жүрмін, зиянын аса қатты байқамадым. Керісінше, үздік болуға талпыну мені жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және тәртіпке үйретіп келеді. Бұдан бөлек, мұғалімдер мен сыныптастар сені байқайды, басқалар үлгі алады. Ал достарың көбейіп, ортада сый-құрметке ие боласың.
Дайындаған
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2025
466 рет
көрсетілді0
пікір