- АҚ ЖЕЛКЕН
- 19 Қараша, 2025
«Гарри Поттер» әлемінен 18 логикалық сұраққа 18 жауап
«Ақ желкеннің» қыркүйекте шыққан санында «Гарри Поттер» әлемінен 18 сұрақ» деген тақырыппен логикалық сұрақтар жарияланған болатын. Қолыма журнал тие салысымен, мен сол сұрақтарға жауап жазуға тырыстым. Логикалық сұрақта «сұрақтардың дұрыс жауабы жоқ, себебі әр сұрақ әр адамның өзінше ойланып, жауап табуына құралған» деген екен. Мен өз бетімше сол сұрақтарға жауап тауып көрдім.
1. Көрінбейтін шапанды қайда және қашан қолданған дұрыс?
– Ең орындысы – қауіпті жағдайда, артық көзге түспей бақылау не құтқару үшін. Мысалы, тыйым салынған орманға барғанда немесе зұлым күштен жасырынғанда «көрінбейтін шапанды» қолданған дұрыс.
2. Егер үшеуі бір тапсырмада бірге болса және біреудің қатесі бәрінің жоғалуына әкелсе, кімнің шешіміне сенген дұрыс?
– Гермионаның. Ол ең байсалды, логикалық ойлай алады. Гарри – батыл, бірақ тәуекелшіл, Рон – эмоцияға берілгіш.
3. Үш сынақта тек бір сиқырлы құрал берілсе (шапан, сыпырғы, құмсағат), қайсысын таңдар едің және не үшін?
– Көрінбейтін шапанды. Себебі ол ең қауіпсіз әрі ең ақылды таңдау. Қорғану мен бақылауға мүмкіндік береді. Ал сыпырғы мен құмсағат шектеулі жағдайларда ғана пайдалы.
4. Егер Гарридің ата-анасы тірі болса, оның мінезі мен тағдыры қандай өзгеріске ұшырар еді?
– Ол сабырлы, бақытты, өзін сенімді ұстайтын бала болар еді. «Тірі қалған бала» аңызы да болмас еді. Бірақ, бәлкім, Волан-де-Мортпен күрес басқа кейіпкердің мойнында болар еді.
5. Егер Хогвартс төрт факультетке емес, тек екіге бөлінсе, қандай қиындықтар туар еді?
– Әртүрлі қасиеттер бірігіп кетіп, үйлесім бұзылар еді. Мысалы, батырлар мен айлалы сиқыршылар бірге болса, өзара түсініспеушілік көп болары анық.
6. Егер Сорттаушы қалпақ қателесіп, Гарриді «Слизеринге» жіберсе, оқиға қалай өзгерер еді?
– Ол, мүмкін, Малфоймен дос болар ма еді? Бірақ ішкі әділдігі оны бәрібір жақсылыққа бұрар еді. Волан-де-Мортқа қарсы күресте «ішкі тыңшы» рөлінде болуы мүмкін еді.
7. Гермиона уақытты артқа апаратын сағатты қолданды. Егер бір күнін 48 сағатқа ұзартса, бұл оның өміріне қалай әсер етер еді?
– Көп нәрсеге үлгергенімен, жүйкесі мен тәні шаршар еді. Ол ерте қартаюы не күйзеліске түсуі мүмкін, себебі уақыты екі есе жылдамдықпен жүріп жатыр.
8. Хогвартс қабырғалары сөйлей алатын болса, олар қандай құпияларды ашар еді?
– Олар студенттердің шынайы ниеттерін, бұрынғы соғыстар мен тыйым салынған сиқырлардың сырын, сондай-ақ мектептің ежелгі негізін қалаушылардың құпияларын айтар еді.
9. Егер Гарри Поттердің қолында тек бір сиқырлы сөз қалса, ол қайсысын таңдауы керек?
– «Expelliarmus» сиқырлы сөзін таңдаса, ол қарсыласты қарусыздандырып, бірақ өлтірмейтін сиқыр. Гарридің мінезіне сай, қорғаныс пен адамгершіліктің символы.
10. Егер Гермиона мен Рон Гарриді қолда-маса, ол жалғыз өзі Волан-де-Мортқа қарсы тұра алар ма еді?
– Жоқ. Гарридің күші – достықта. Рон мен Гермиона болмаса, моральдық күшті де таба алмас еді.
11. Сиқыр әлемінде ақша (галлеон, сикль, кнат) бар. Егер барлық сиқыршылардың байлығы тең болса, қандай артықшылық маңыздырақ болар еді?
– Білім, батылдық және адалдық. Ақша тең болса, басты айырмашылық адамның мінезі мен қабілетінде болар еді.
12. Егер Волан-де-Морт өмірін ұзартудың басқа жолын таңдаса (мысалы, уақытты тоқтату немесе клондалу), оның жеңілу ықтималдығы қандай болар еді?
– Оның күші азайып, бәрібір жеңілер еді. Себебі оның әлсіздігі – сүйіспеншілікті түсінбеуінде. Технология немесе сиқыр оны құтқармас еді.
13. Егер Хагридтің алып тіршілік иелеріне деген махаббаты болмаса, Гарри мен достары қандай көмектен айырылар еді?
– Оларды көптеген жағдайдан құтқарған айдаһар, гиппогриф, өрмекші сияқты жаратылыстардың көмегін көрмес еді. Хагридсіз Хогвартс рухы әлсірер еді.
14. Егер «Өлім сыйлықтарының» үшеуі бір адамның қолына берілсе, ол шын мәнінде «Өлім әміршісі» бола ма?
– Иә, бірақ рухани тұрғыдан ғана. Нағыз «Өлім әміршісі» өлімнен қорықпайтын адам. Тек заттарды иелену оны шын әмірші етпейді.
15. Егер Гермиона Хогвартста басқа факультетке түссе, оқиға қалай өзгерер еді?
– Мысалы, Равенклоға түссе, оның зияткерлігі күшейіп, бірақ Гарримен достығы болмас еді. Демек, оқиға әлдеқайда қиын болар еді.
16. Егер Волан-де-Морт Хогвартста оқушы кезінде достық тапса, зұлымдық жолына түсер ме еді?
– Мүмкін емес дер едік, себебі достық оның жанындағы қараңғылықты азайтар еді. Бірақ оның билікке құмарлығы бәрібір үстем түсер еді.
17. Егер Дамблдор тірі қалса, соғыс қанша уақытқа созылар еді?
– Соғыс уақыты қысқарар еді. Себебі ол стратег әрі рухани жетекші. Гарриге бағыт пен мораль беретін адам болатын.
18. Егер Хогвартс жабылып, барлық сиқыршылар өз бетінше өмір сүрсе, не болар еді?
– Сиқыршылардың бірлігі мен мәдениеті жоғалар еді, сиқыр бақылаусыз кетіп, хаос туар еді. Өйткені Хогвартс – сиқыр әлемінің жүрегі.
Айдана АМАНСЕЙІТ,
6-сынып оқушысы
Шымкент қаласы
«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2025
439 рет
көрсетілді0
пікір