• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Желтоқсан, 2025

«Пайдасын көре тұра» ескермедім...

Жуырда VI Халықаралық Түркітілдес журналистер қорының дәстүрлі форумы болды. Әр елден келген мамандар бас қосып, түркітілдес журналистиканың, жалпы медианың мәселелерін қозғап, пікір алмасты. Бұл жолғы форумға біз де қатыстық. Қонақтардың дені Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты ағайын-бауыр болып отырған елдерде баспа өнімдерін шығаратын журналистер екен. Мәселе газет-журналға келгенде, ешқайсысының аузынан «газеттің заманы өтті, ешкім оқымайды» деген сөз шықпады. Керісінше «газет-журналды сақтау керек, оның өзіндік дәстүрі бар, қоғамда атқаратын рөлі үлкен» деп, өздерінің газет-журналдарының бәленбай мың таралыммен тарайтынын мысалға келтірді. Ал біз қызыға да, қызғана да қарап отырдық. Себебі, біздің таралым мәселесіне келгенде жерге қарап қалатынымыз өтірік емес. Форумда «қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дейтін өзіміздің медиа саласының мамандарының сөйлеген сөзіне қарап, қарнымыз ашты. Олар көзімізді бақырайтып қойып: «Газеттер әлеуметтік желімен, YouTube арналармен бәсекелесе алмайды» деді. Сосын «газет журналистері тек мақала жазып қана қоймай, видео түсіріп, монтаждап, дер кезінде әлеуметтік желілер, ақпараттық порталдар арқылы халыққа ұсынып үлгеруі керек» деген таптаурын сөзді де қосып қойғанды ұмытпады. Осыны айтып отырған әріптестер қазір газет журналистері де подкаст жазып, рилз түсіріп кеткенінен бейхабар шығар. Бірақ соны істей қоймады деп, газет деген ақпарат құралының рөлін төмендетуге бола ма? 

Осы салада нанын тауып жеп жүрген мамандардың өзі газет-журналдың рөлін жоққа шығарып жүрсе, басқа «қайманаларға» не жорық дейсің. Жыл сайын, ай сайын, тіпті күн сайын біз газет-журналды керек қылмайтын, менсінбейтін адамдармен бетпе-бет келеміз. Мысалы, жылда күзде тираж жинар кезде, ата-аналар тарапынан «осы газет-журналдарды жауып тастау керек, ешкім оқымайды, құры босқа қалтаға түседі» деген сөз естиміз. «Шындықты жазбайтын газет-журналды қайтеміз?» дейтіндер де табылмай қалмайды. Егер журналистика жалпақшешей, жалтақ болып кетсе, оған көп нәрсе әсер етті деген сөз. Сол секілді халықтың газет-журнал оқымай кетуіне басқа да көп нәрсе ықпал еткен болар. 

COVID-19 мәселесінен кейін, цифрлық әлемде газет өзінің құндылығын қалай қалыптастырады деген мәселе алға шықты. Газеттің тираждары қысқарды, алайда цифрлы медиа оның орнын толтыра алған жоқ. Ал газет толтырып отырған вакуум, оң-солынан жел азынап бос қалды. Әйтпесе газет-журнал өз дәстүрінен айнымақ емес. Танымдық десең де, мәдени-тарихи десең де, тіпті саяси-экономикалық мақалалар керек десең де, жетіп артылады. Тек оқуға көз, тыңдауға құлақ, құйып алуға сана керек. Уақыттан ұтылып жатыр ғой дейін десең, елімізде күнделікті шығатын газеттер де бар. Мәселен, АҚШ-тың «US Today» газеті күнде миллиондаған таралыммен шығады. Оған сұраныс болмаса, сонша аткөпір болып шықпас еді. Газетті насихаттаймыз деп, өзіміз бел ортасында жүрген жаңа медианы мансұқтауға еш құқығымыз жоқ, әрине. Десе де газет-журналдың өзіндік тақырыбы бар. Газет-журналда басылған әр мақала, әр сурет тарих қойнауына кетеді. Тарих газет-журнал, кітапқа басылған ақпарат арқылы жазылып, дәуірден дәуірге ұласады. Газет-журнал біреудің жеке өміріне қол сұғып, «әйелім кетіп қалды, күйеуім тастап кетті» деген тақырыптармен таралым жинауға тыраштанбайды. Газет-журнал үшін ақпарат берудегі тәсіл басқа, шындық бөлек. Ұлттың ақпараттық қауіпсіздігі газет-журналдың қолында. Мақаланың басында айтқан түркітілдес журналистер қорының медиафорумында Әзірбайжан Журналистер одағының төрағасы Эльчин Шихлы мырза: «2014 жылы диджетал нұсқаға көштік, алайда бүгінде диджетал нұсқада бірде-бір мұрағат сақталмады, өшіп кетті» деп қынжылыс білдірді. 

«Ақ желкеннің» 100 жылдығына орай «AQ JELKEN-100 мақалалар, естеліктер мен көркем шығармалар жинағы (1925-2025)» кітабын шығардық. Жинаққа кірген мақаланың бәрін 1925 жылдан бері архивте жатқан «Пионерден», одан бергі кітапханада сақтаулы тұрған «Ақ желкеннен» алдық. Егер «Ақ желкен» цифрлы форматқа айналып кеткен болса, осы уақытқа дейін архиві дін аман тұрмас еді. Өшіп кеткен сайтты қайта «тірілту» мүмкін емес. 
Мектептерге кездесуге барғанда қуанып барып, көңіліміз алай-дүлей болып қайтады. Сұрақ қоюға талпынған оқушылардың сұрағын түсінбей дал боламыз. Ойын жеткізе алмай, басқа тілде ойлануы баланың сөз құрау қабілетінің  дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді. Баланың кішкентай кезінен газет-журналмен таныс еместігін, тіпті газет-журнал туралы түсінігі жоқ екенін көреміз. Ал баласының тілі дұрыс шыққанын, ойын жеткізіп айта алатынын қадағалайтын ата-ана газет-журнал деген сөзді естісе, тұра қашады.  

Жыл сайын өңір басшыларына хат жолдап, газет-журналды қолдауын, оның ішінде балалар басылымдарына ерекше көңіл бөлуін өтінеміз. «Бүгінгі бала – ертеңгі халық» десек, бүгін газет-журнал оқыған бала, ертең кітап оқитын ұлтқа айналатынын, кітап оқитын ұлт қуатты мемлекеттің тірегі екенін тәптіштеп тұрып жазамыз. Алайда, газет-журналға жазылып алуға да, насихатын жасап, жетелеп отыруға да ешкімнің құлқы жоқ. Бұл өте ауқымды мәселе. «Қазақ балалары газет-журнал оқымай өссе, ертең кім болады?» дегенге бас қатырып отырған тек біз ғана сияқты көрінеміз кейде. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дейміз енді, басқа не дейміз?!.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025

1699 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы