• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Желтоқсан, 2025

Өзіне сенімді бала ешқашан зиянды әдетке жоламайды

Жасөспірімдік кезеңде бала есеюге асығады. Сондай-ақ, өзіне беймәлім әлдебір «қызықтарды» бастан кешіруге деген ықыласы ауады. Осы кезеңде дұрыс бағыт көрсетілмесе, бала алкоголь, темекі немесе тіпті есірткінің торына оңай ілініп кетуі әбден мүмкін. Бүгінде еліміздегі жастар мен жасөспірімдердің арасында синтетикалық есірткілердің таралуы және оған құмарлықтың артуы алаңдатарлық жағдайға жетіп отыр. Осы өзекті мәселеге байланысты біз Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының нарколог-дәрігері Құмарбек Қожекеновке жүгіндік. Тәжірибелі маман жастар мен жасөспірімдердің есірткіге қалай тәуелді болып қалатынын және алдын алу жолдарын түсіндірді.

Синтетикалық есірткі – қолжетімді, арзан және өте қауіпті

Құмарбек Қожекеновтің айтуынша, соңғы 5-6 жылда жастар арасында ең көп тараған есірткі түрлері – синтетикалық заттар. Бұл – химиялық жолмен өндірілетін, адамның жүйке жүйесі мен бүкіл ағзасына күшті ықпал ететін аса қауіпті есірткі түрлері. Дәрігер атап өткендей, бұл заттарды бірінші қолданғаннан-ақ тәуелділік пайда болады. «Осыдан он шақты жыл бұрын жастар арасында марихуана шегу, героинді қан тамырына енгізу немесе бензин мен ацетон иіскеу сияқты токсикомания түрлері жиі кездесетін. Ал соңғы бес-алты жылда жастардың арасында синтетикалық заттарды қолдану кең тарап отыр. Оны бір-ақ рет қолданып көргеннің өзінде тәуелділік пайда болады. Яғни, ағзаға енісімен тез арада физикалық және психикалық тәуелділікті тудырады. Синтетикалық есірткінің түрлері көп. «Спайстар» деп аталатын түрлі дәм, иіс беретін  ароматизаторлар қосылған темекі түріндегі психоактивті зат және «тұз» деп аталатын күшті әсер ететін стимуляторлар бар. «Мефедрон», «кристалл» немесе «жылдамдық» деп аталатын түрлері де кең тараған. Олардың қайсысын қолданса да өте қауіпті, адамның психикалық жағдайы өзгере бастайды. Алғашында көңіл күйі көтеріліп, өзін-өзі күшті сезініп, жұмыс істеу қабілеті артады. Бірақ 2-3 сағаттан соң есірткінің әсері кете бастағанда жағдайлары төмендеп, көңіл күйі де нашарлап, ашушаң бола бастайды. Содан олар есірткінің келесі дозасын іздейді. Медициналық тілмен айтсақ, «ломка» басталып, өне бойлары тырысып, буын-буындары сырқырап, жүректері қағып, тамаққа тәбеті төмендеп, ұйқысы қашады. Осындай жағдайлар өте көп. Есірткі неге тез таралады десек, бірінші, синтетикалық заттар еркін әрі арзан сатылады және олар интернет арқылы таратылады. Сондай-ақ, оларды жасап шығару механизмі де жеңілірек болғандықтан жылдам таралады».

Жасөспірімдер неге зиянды әдеттерге әуес?

Нарколог маманның айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Көптеген балалар алғаш рет темекі мен алкогольге қызығушылықтың әсерінен құмар болады. Олар үшін бұл – үлкендерге еліктеудің бір көрінісі. Ал достарының ортасында біреу ұсынып тұрса, «жоқ» деу олар үшін өте қиын. Құрдастары темекі тартуды немесе ішімдік ішуді ұсынса, бала жалғыз қалмау үшін соларға қосылады. Бұл жағдайда ол зиянды әдеттің салдарын емес, топқа қабылдануды ойлайды. Үйдегі эмоционалдық ахуалдың да әсері болмай қалмайды. Жағымсыз эмоцияларын басу үшін кей балалар арақ-шарап немесе жеңіл есірткі қолданады. Бұл өте зиянды әрі қауіпті қадам. «Есірткі тұтынудың зардабы иісі де, дәмі де біліне бермейтін синтетикалық заттар адамды ақылдан адастырып, ағзаны уландырып, ірітіп жіберуге дейін әкеледі. Неліктен жастар, жасөспірімдер осындай қауіпті затты қолданады десек, жаңа айтып өткенімдей, бұл жастардың арасында тез тарағандықтан және қолжетімділігінен. Сондай-ақ, жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарында өздеріне тиімді іспен айналыспағандарынан дер едім. Спортпен шұғылдану, түрлі курстарға барып, өздерін дамыту, хоббиі болып, бір іспен сүйіп айналысу сияқты әуестіктері болмағаннан. Кейбірі үлкен адамдарға еліктеп, бір рет тартып көрейін деп жүріп, сол жолға қалай түсіп кеткенін білмей қалады. Жасөспірім оқушылардың ата-аналары тарапынан бақылау, қадағалаудың аз болғаны да себеп болады», – дейді дәрігер.

Нашақорлықтан емделу мүмкін бе?

Мамандардың пікірінше, дұрыс терапия, психологпен жұмыс және жақындардың қолдауымен көптеген адамдар толықтай сауығып шығады. Емдеу тек физикалық тәуелділікті емес, оның себебін эмоционалдық немесе әлеуметтік қиындықтарды да қамтиды. Ең маңыздысы, адам өзіне көмек қажет екенін мойындап, алғашқы қадам жасау. «Ең бастысы, емді ерте бастау және отбасының қолдауы. Нашақорлық – дерт. Сондықтан балаға кәсіби көмек қажет. Синтетикалық есірткі заттардың адам ағзасына ең негізгі әсері – ағзаны толығымен уландырады. Орталық жүйке жүйелеріне, барлық қан тамырларының бітеліп қалуына әсер етеді. Иіскеу немесе шегу арқылы қолданғандықтан олар жиі өкпе, қолқа, жүрек ауруларына шалдығып жатады. Қан тамырлары арқылы есірткі қабылдағандықтан, қан арқылы жұғатын гепатит В, С, аты жаман ВИЧ, СПИД сияқты дерттерге апарып соқтырады. Иммунитеті төмендеп кеткеннен кейін бәрінің ақыры өлімге душар етеді. Сондықтан да олардан аулақ жүруге шақырамыз. Біздің наркологиялық орталықта нарколог мамандар жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындарына барып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жастар мен жасөспірімдер арасында есірткінің зияны, салауатты өмір салтын ұстану туралы айтып, ауқымды жұмыстар жасап жатырмыз. Біздің орталықта жасөспірімдермен жұмыс істейтін арнаулы мамандар бар. Осындай әрбір ауданда өткізілетін нашақорлықтың алдын алу туралы кездесулерге қатысамыз. Біз тек қана нарколог мамандар ғана емес, әрбір ата-ана, қоғам болып бірлесіп, нашақорлықтың зардабы ауыр екенін жеткіншектерге түсіндіріп, сақтандырып отыруымыз керек. Нашақорлықпен күрес тақырыбында өтіп жататын шараларға қатысып, белсенді, сергек  болуымыз керек дер едім. Ал жастарға айтарым: біреу «жай ғана көр» немесе «саған осы көмектеседі» деп ұсыныс айтса, ойланыңыздар. Өз-өзіне сенімді бала ешқашан зиянды әдетке жоламайды», – дейді нарколог-дәрігер Құмарбек Қожекенов.

Айнұр МҰРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025

1733 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы