- Спорт жұлдыздары
- 21 Желтоқсан, 2025
Айдана ҚҰМАРТАЕВА, таеквондодан әлем чемпионатының қола жүлдегері: Армандарыңызға адал болыңыздар
Жақында қазақ спорты тағы бір тарихи нәтижемен толықты. Таеквондодан қос бірдей спортшымыз әлем чемпионатында үздік шығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Әлемнің 179 елінен 1000-ға жуық спортшы сынға түскен Қытайдағы әлем чемпионатында Айдана Құмартаева мен Нодира Ахмедова қола жүлдеге қол жеткізді. Бұған дейін қазақ елінің таеквондошылары әлемдік додада екі медаль алып көрмеген еді. Тіпті таеквондодан Қазақстан әйелдер құрамасының әлем чемпио-натында жүлде алмағанына да 20 жылдай уақытқа жақындап қалыпты. Мінеки, сол олқылықтың орнын толтырған Айдана Құмартаевамен арнайы оқырмандарымыз үшін аз-кем сұқбаттасуды жөн көрдік.
– Айдана, ең алдымен жарқын жеңісіңізбен құттықтаймыз! Әлем чемпионатының қола жүлдесі үлкен жетістік. Сол сәтті, жеңіске жеткен кезіңізді есіңізге түсіріп көріңізші. Не сездіңіз?
– Мен үшін өмірімдегі ең бақытты сәттің бірі. Шыны керек, алтын жүлдеге қол жеткізуге мүмкіндігім бар еді. Өкінішке қарай, жартылай финалда жолым болмай, қоланы қанағат тұтуға мәжбүр болдым. Шыны керек, өткізген бес жекпе-жегімде өте қиын болды. Жеңіс тұғырына көтерілген сәтте осы уақытқа дейінгі төккен терімнің, көрген қиыншылығымның ақталғанына қуандым. Сол биік тұғырда тұру үшін еткен еңбегіміздің ақталғанын сездім.
– Бала Айдана спортшы болуды армандаған ба еді, әлде тағдырдың өзі осы жолға салды ма?
– Спортты серік етуіме себепкер болған – әкем. Әкем спортты қатты жақсы көргендіктен мені де осы таеквондо үйірмесіне өзі апарды. Әу баста жай ғана қызық үшін жаттығатынмын. Кәсіпқой спортшы боламын деп ойлаған емеспін. Бірте-бірте қызығушылығым артып, спортты жақсы көре бастадым. Бірақ спортшы болуды армандаған жоқпын. Сондықтан тағдырдың өзі осы жолға салып, өмірімді спортпен байланыстырған шығар.
– Спорттағы алғашқы бапкеріңіз, алғашқы жарысыңыз есіңізде ме? Сол сәттерден қандай естелік қалды?
– Әрине, алғашқы бапкер мен алғашқы жарыстың орны әр спортшы үшін бөлек болады. Бес жасымда таеквондоның қыр-сырын Талдықорғанда Сергей деген жаттықтырушының қол астында үйрендім. Алғашқы жарыс пен жетістіктер де алғашқы бапкердің тұсында басталды. Ал кәсіби түрде айналыса бастағаннан кейін қазіргі жеке бапкерім Айнұр Асабаева мен Ерасыл ағаймен дайындаламын. Спорттағы жетістіктеріме тікелей себепкер адамдар – осылар.
– Әлемдік деңгейге шығу оңай емес. Осы жолда қандай қиындықтар болды? Бір сәтке «бәрін тастап, кетемін» деген кездер болды ма?
– Әрбір жарыс, әрбір жарысқа дайындық та оңай болған емес. Қаншама ауыр жаттығулардан, жарақат пен сынақтардан өтіп, жарыста жеңіліс табу одан да қиын. Сондай сәттерде расында, қолыңды бір сілтеп, бәрін тастағың келеді. Бастаған ісіңді соңына дейін апару, жұмысты жарты жолдан қалдыруға болмайтынын бала күнімізден санамызға сіңіріп өстік. Осы қағида бастаған ісімді жарты жолдан тастап кетуге жол бермейді. Әркез өз-өзімізді арман-мақсатымызға жету үшін соңына дейін баруымыз керек деп жігерлендіреміз. Сондықтан аз ғана қиындыққа бола бүкіл өмірімізді арнаған саламыздың шыңына шығудан шегінбейміз.
– Жаттығулар мен жарыстар арасындағы ең ауыр кезеңдерді жеңуге не көмектеседі?
– Жаттығу барысында қатты қиналамын. Дегенмен жаттығуда қаншалықты қиын болса, жарыста соншалықты оңай болады. Жаттығуда толықтай деңгейімнің қай жерге дейін баратынын біле аламын. Жаттығу барысында функционалдық, физикалық тұрғыдан әлеуетімді қаншалықты деңгейде екенін бағамдаймын. Бұның бәрін білгеннен кейін сайыста оңайырақ болады. Жалпы кез келген қиындықты жеңуге алға қойған арман-мақсатым көмектеседі.
– Таеквондо – ерік пен тәртіптің спорты. Сіз үшін жеңіске апаратын басты қасиет не?
– Мен үшін жеңіске апаратын басты қасиет – табандылық. Әлем чемпионатына дейін менде жеңілістер де, жарақаттар да болды. Бірақ алға қойған мақсатым ешқашан тоқтатқан жоқ. Татамиге шыққанда мен өзіммен бірге бала күнгі арманымды, мені сеніммен баптаған ұстаздарымды және Қазақстанның үмітін алып шығамын. Сол күш мені алға сүйрейді. Сондай-ақ жанымды аямау, соңына дейін ешқашан берілмеу деген қасиеттер жеңіске жетелейді.
– Әлемдік ареналарда өнер көрсеткенде, «мен – қазақтың қызымын» деген ой бойыңызға қандай күш береді?
– Расында, «мен – қазақтың қызымын» деген ой маған өзгеше рух береді. Бұндай ойлар ерекше жігер беріп, еліңнің мерейін үстем етуге жетелейді. Сайысқа тек өз атағың үшін емес, бүкіл Қазақстанның намысы үшін шығып жатқаныңды сезесің. Сол сәтте мен жалғыз емес екенімді сезінемін. Артымда бүкіл ел тұр. Осы күш мені ешқашан берілмеуге үйретеді.
– Әр спортшының жүрегінде үлкен мақсат жатады. Айдананың арманы не?
– Барлық спортшының арманы бір. Осы уақытқа дейінгі арман-мақсатымның бірі осы Қытайдағы дүрмекте топ жарып, үздіктер қатарынан көріну болатын. Шүкір, бұл мақсатымызға жеткендейміз. Ендігі мақсатымыз – 2027 жылы елімізде өтетін әлем чемпионатында өнер көрсетіп, алтыннан алқа тағуды армандаймыз. Басқа спорт түріндегі қыздарымыз секілді мен де таеквондодан қазақ қыздарының әлемдік спорттың шыңына шыға алатынын дәлелдегім келеді. Сондай-ақ төртжылдықтың басты додасы саналатын олимпиада ойындарында өнер көрсету. Өнер көрсетіп қана қоймай, сол олимп шыңын бағындырғымыз келеді. Кішкентай қыздардың жүрегінде «мен де Айданадай бола аламын» деген сенімді ояту да арман-мақсатымның бірі.
– Қыз балаға таеквондо секілді күрделі спортта табысқа жету қаншалықты қиын?
– Қыз балаға таеквондо сияқты күш қолданатын спортта табысқа жету оңай емес. Бұл жолда сен нәзік болудан бас тартпайсың, бірақ әлсіз болуға да қақың жоқ. Сен өз құрбыларың ойнап жүрген кезде жаттығуда боласың, жарақатпен күресесің, қорқыныштан өтесің. Кейде шаршау жеңеді, кейде күдік. Бірақ ең ауыр кезеңдерде мен өзімді осы жолды не үшін бастағанымды еске аламын. Қиындығы көп, бірақ дәл сол қиындықтар қыз баланың рухын шыңдайды. Одан бөлек, отбасыңның, бапкерлеріміз бен федерацияның қолдауы ерекше сезіледі. Жарыста жеңіс тұғырынан көрінуіміз үшін барлық жағдай жасап, табысқа жетуімізге жетелейді.
– Айдана, жас спортшыларға және өз жолын енді бастаған қыздарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Жас, әрі әлемдік деңгейге енді шығып, енді ғана жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатқаннан кейін ерекше еш нәрсе айта алмаймын. Спорттық мансабын енді бастаған жас спортшыларға немесе басқа саланы серік еткен жас жеткіншектерге тек бір-ақ нәрсе айтқым келеді. Ешқашан бастаған дүниелеріңді жарты жолда тастамаңыздар. Иә, спорттың жолы өте ауыр. Сол үшін де кез келген спортшы биік белестен көріне бермейді. Тек табандылық пен төзімділік танытқандар, арман-мақсатына берік болғандар ғана шыңға шығады. Армандарыңызға адал болып, еңбектенуден жалықпаңыздар.
Сұқбаттасқан
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025
1820 рет
көрсетілді0
пікір