• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Желтоқсан, 2025

Егерде ЖИ жұмысын тоқтатса...

Жасанды интеллект біздің өмірімізге дендеп енгеніне қанша уақыт өтті деп ойлайсыз? ChatGPT деп аталатын қосымшаны смартфоныңызға тартқан күні ме? Әлде жарнамалық баннерлерде ЖИ салған суреттер қаптап кеткен шақта ма? Бәлкім ЖИ арқылы жасалған жасанды бейнероликтер тарай бастаған уақытта ма? Бұл жауаптардың ешбірі дұрыс емес.

Жасанды интеллект Қазақстан шекарасына тұңғыш компьютермен бірге келді. Ол 1990 жылдардың басы. Әрине, ол компьютерлерде ChatGPT болған жоқ. Бірақ оның ішіндегі «шахмат» ойыны ЖИ көмегімен жетілдіріліп жасалған ойын болатын. Ал бұл шахмат ойнайтын бағдарлама, одан кейінгі логикалық теоремаларды дәлелдейтін бағдарламалар сонау 1960 жылдары ойлап табылған болатын. Қызығы сол, 90-жылдардағы ұрпақ жасанды интеллектпен бір ойынды ойнаған десем сенесіз бе? Иә, ЖИ-дің дамуына өте жоғары әсер еткен ойын – тетрис деп аталады. Яғни өзі ойлана алатын бағдарламаға ғалымдар Тетрис ойнатқан. Сол арқылы ЖИ өзінің оңтайлылығын арттырған. 

1990 жылдары қарапайым ойын арқылы елімізге келген жасанды интеллект 2000 жылдары банк жүйелеріне ене бастады. Сол шақтарда несие алған кісілерден, ата-аналарыңыздан сұрап көріңіздерші. Банкке барып өтініш жазып, барлық кіріс-шығыс құжаттарын тапсыратын еді. Сол ақпараттың бәрі ЖИ-ға жүктеліп, адамның несиені уақытында қайтара алу мүмкіндігі есептелетін. Алғашқы кезде бұл ұзақтау уақыт алды. Ал қазір, секундтық жұмыс. Яғни бұл желі сіз бен біздің өмірімізге «жасанды интеллект» деген ұғымды естімей тұрған шағымызда еніп кеткен еді. Енді ойлаңызшы, егерде ЖИ құралдарының бәріне тосқауыл қойылып, олар бір күнде істен шықса не болады? 

Бірінші кезекте, әлемдік экономикада «шок» болады. Өйткені қазір қор биржалары, әлемдік банктер – бәрі-бәрі ЖИ-ға тәуелді. Ол әрбір ақша айналымындағы тәуекелдері өте жылдам есептеп отыр. Одан кейін ұшақ қатынасы саласында хаос басталады. Өйткені бүкіл рейстердің ұшып-қону уақыттарын, ұшақтың жылдамдығы мен ұшу биіктіктерін де ЖИ есептеп шығарады. Сонымен бірге, бұған ЖИ-дің ауа райын болжаудағы қызметін қосыңыз. 

Жалпы логистикалық қызметтердің бәрі баяулайды. Онлайн дүкендер (Amazon, AliExpress) қоймасы тіпті қиын жағдайларға тап болмақ. Өйткені ондағы бүкіл тапсырыстар да ЖИ көмегімен жөнелтілетін. Тереңдей түсіндіретін болсақ, онлайн дүкендерден сіздің қолыңызға өте арзан бағада келетін тауарлардың арзан болуының өзі де осы ЖИ-ға байланысты. Өйткені ол әр өңірден берілген тапсырыстардың маршрут жолдарын оңтайландырып отырады. Ең арзан, ең тиімді жолдарды жылдам есептеуге көмектеседі. 

Енді ЖИ-дің кеңінен қолданылатын тағы бір саласы – медицинаға келейік. Қазіргі таңда рентген, КТ, МРТ секілді диагностикалық талдауларды жасанды интеллект жасайды. Оның артықшылығы сол, дәл қазіргі ауруды ғана емес, болашақта пайда болуы ықтимал дерт түрлерін де анықтауға қауқарлы. Ең бастысы дәрі-дәрмек жасаудағы молекулалық модельдеу тоқырауға ұшырамақ. Бұл фармацевтика саласының кемінде 20 жылға кері кетуі деген сөз. 

Жасанды интеллектінің жұмысының тоқтатылуы интернетті баяғы жабайы қалпына жеткізеді. Яғни бір сөзді немесе әріпті қате жазу арқылы мүлде басқа ақпарат ұсынылатын болады. Кибершабуылдардың да күшейе түсетінін атап өткен жөн. Өйткені кибершабуылдан қорғаушы жүйелердің 60 пайызынан астамы тағы ЖИ-ге сүйенеді. Жалпы ЖИ әлемдік қауіпсіздік саласының 50 пайыздан астамын ұстап тұр деуге де негіз бар. Телефоныңыздың жанында тұрып белгілі бір тауар немесе қызмет туралы айттыңыз делік. Аз уақытта әлеуметтік желіден сіздің алдыңызға тура сол сұрауыңыз шыға береді ғой. Немесе бір іздеген нәрсеңіз жайлы ақпараттың қыр соңынан қалмай қоятыны бар емес пе? Немесе бір бейнероликті ұзақ көре қалғанда алдыңыздан соған ұқсас контентті шығара беретін әдеті тағы бар. Бұл сіздің жүйкеңізге тие ме? Егер солай болса, құттықтаймын. ЖИ жұмысын тоқтатса, бұл нәрселер де тоқтайды. Бірақ көп жағдайда бұл интернеттегі іздеуді жеңілдететінін есіңізден шығармаңыз. 

ЖИ жұмысын тоқтатса журналистика, өнер, дизайн салаларына қайтадан адамдар көп тартылады. ЖИ негізінде жұмыс істейтін роботтар жұмыс орнын босатып, адамдарға жол береді. Оқушылар, студенттер есептерін өздері шығарып, шығармашылық жұмыстарын бұрынғыша қолмен істейтін болады. Бұл жағынан келгенде жақсы, әрине. Бірақ сіз енді ЖИ-сіз өміріңізді елестете аласыз ба? 

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025

1815 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы