- Спорт жұлдыздары
- 20 Желтоқсан, 2025
Қазақ тілін ардақтаған қайсар ару
Қазақстан құрама-сының жас жұлдызы Виктория Графеева бокстың биік белесіне көтеріліп, әлем чемпио-натында қола жүлдегер атанды! Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен дүбірлі додада ол қайсар мінез көрсетіп, жартылай финалда бразилиялық қарсыласы Ребека Де Лима Сантоспен шеберлікке толы жекпе-жек өткізді. Төрешілердің 4:1 есебімен шығарған шешімі жеңісті қарсыласқа берсе де, Викторияның айқын табандылығы мен асқақ рухы көпшіліктің жүрегінен орын алды. 60 келі салмақта қола жүлде иеленген жас боксшы ел намысын абыроймен қорғап, қазақ спортының мерейін үстем етті. Қайсар ару үшін чем-пиондық медальдар – еңбек пен төзімнің жемісі болса, қазақ тіліне деген құрмет – өмірлік ұстанымының айнасы. Қазақ тілін ардақтап, күнделікті өмірінде бірінші орынға қоятын спортшының бұл қасиеті жас буынға үлгі болары сөзсіз. Біз Виктория Графеевамен сұқбаттасып, оның жеңіс жолындағы табандылығы мен тілге деген шексіз құрметі жайлы ой бөлістік.
– Әу баста боксқа қызығушылығыңыз қалай оянды, алғашқы жаттығу сәтінен есте қалған әсеріңіз қандай?
– Мен боксқа алғаш рет өзімнің бірінші турнирімнен кейін қызыға бастадым. Ол менің алғашқы спорт ошағымда шағын жарыс еді, сол жерде мен қарсыласымды жеңдім. Осыдан кейін мен жарыстарға қатысқан ұнайтынын, әсіресе бокспен айналысуды қатты жақсы көретінімді түсіндім! Әуелде боксқа аса құмар болмағанмын, бірақ уақыт өте келе бауыр басып кеттім.
– Қазақ тілін бірінші орынға қоятыныңыз көпшілікке үлгі. Ана тілге деген сүйіспеншілігіңіз қалай қалыптасты және ол сізге қандай күш береді?
– Мен Қазақстанда өмір сүріп жатырмын, ана тілім – қазақ тілі. Оны тереңірек меңгеруге әрдайым ынта танытып, жетілуге талпынамын. Қазақ тілі бай әрі қызықты, сондықтан үйренуді тоқтатпай келемін. Келесі Олимпиадаға дейін ана тілімде еркінірек сөйлеймін деп үміттенемін!
– Әлем чемпионатының қола жүлдегері болу – үлкен жетістік. Бұл медаль сіз үшін спортшы ретінде қандай белес?
– Әлем чемпионатының қола жүлдесі, әрине, үлкен жетістік. Дегенмен мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Бұл жеңістің бастауы ғана, болашақта биік шыңдарға шығуға жол ашатын тәжірибе. Менің мақсатым – чемпион болу!
– Ребека Де Лима Сантоcпен болған жекпе-жек туралы айтып бересіз бе? Қарсыластың стилі, сіздің стратегияңыз?..
– Ребекамен біз үш ай бұрын Астанада қолғап түйістіргенбіз. Ол кезде жеңіс менің пайдама шешілген еді. Маған аласа бойлы әрі қарқынды соққы жасайтын боксшылардың тактикасы таныс, себебі менің салмақ дәрежемдегі қарсыластардың көбі сондай. Алайда бұл жолы төрешілер басымдықты қарсыласыма берді. Әрине, көңілім түсті. Бірақ бәрі де бізге тәжірибе үшін беріледі, мен бұдан өз сабағымды аламын.
– Жекпе-жек алдында өзіңізді қалай жігерлендіресіз, қандай дәстүрлеріңіз бар?
– Иә, рас! Мен аренаға шығар алдында ұзақ уақыт бойы қыздырынамын. Өз жарысым басталмай тұрып, шамамен екі сағат бұрын барып, жаттығу жасаймын. Бұл мен үшін біртүрлі рәсім сияқты. Бірақ музыка дайындық барысында маңызды рөл атқарады, ол маған ерекше көңіл күй сыйлап, дұрыс көңіл күйге бейімделуге көмектеседі.
– Сіздің ойыңызша, спортшының ең үлкен қаруы – техника ма, әлде рух па?
– Менің ойымша, спортшының жеңіске жетуі үшін техника мен рухтың үйлесімі бір-бірімен тығыз байланысты болу керек. Бұл екеуінің ешқайсысы жеке-дара өмір сүре алмайды. Техника да, рух та жетістікке жетудің басты құрамдас бөліктері!
– Спорттан тыс уақытта немен айналысқанды жақсы көресіз, өзіңізді қалай шабыттандырасыз?
– Менің сүйікті істерімнің қатарында белсенді демалыс та, табиғат аясындағы серуен де, би мен шығармашылық та бар. Қызықтырмайтын сала жоқ десем қателеспеймін. Өлең жазумен де, қолөнермен де айналыстым. Бұдан бөлек, қазіргі заманның қызықты әуестіктерін де жақсы көремін. Мысалы, компьютерлік ойындар, оларға кейде сағаттап уақыт бөлемін.
– Болашақта Қазақстан-дағы жас қыздарға спортқа келуге қандай кеңес берер едіңіз?
– Әрекет етуден ешқашан қорықпаңыз! Ең жақсы кеңес – тәуекелге барып, өкінбеу! Сіз ештеңе жоғалтпайсыз, бірақ көп нәрсе табасыз! Еркін де батыл қадам жасаңыз! Өмір алға ұмтылғандарды қолдайды, қадам жасаған сайын жаңа мүмкіндік ашылады. Бүгінгі батылдық – ертеңгі жетістікке бастайтын жол!
– Алдағы үлкен арман-мақсатыңыз қандай? Өзіңізді қай белесте көргіңіз келеді?
– Мен Олимпиада чемпионы болғанды қатты қалаймын! Өзімді ең беделді додалардың тұғырында, жеңімпаз ретінде елестетемін!
– Сұқбатыңызға рақмет!
Аружан МӘУЛІТ,
№13 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы
Алматы қаласы
Суреттер ашық дереккөздерден алынған
«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025
1677 рет
көрсетілді0
пікір