• Спорт жұлдыздары
  • 23 Желтоқсан, 2025

Спорт бар жерде жарақат та бар

Елімізде жылдан-жылға спортпен айналысатын жасөспірімдердің саны артып келеді. Туризм және спорт министрлігінің сайтындағы мәлімет бойынша, бүгінде елімізде 4 пен 17 жас аралығындағы 5,1 миллионнан астам бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады. Әрине, жас өрендеріміздің салауатты өмір салтын ұстанғаны жақсы. Дегенмен кей кезде спорттағы жас жеткіншектердің ауыр жарақат алып, өміріне қауіп төніп жатқанын да көріп жүрміз. Өкініштісі, қайғылы жағдайлар да бар. Екі бірдей жас жеткіншектің спорттық жарыс кезінде алған ауыр жарақаттан көз жұмғаны ой салды. Осы орайда, жасөспірімдердің спорттан қандай жарақаттар алатыны туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Расында, спорт тәрбие мен тәртіп қана емес, мінез қалыптастыратын кең алаң. Балаларға спорттық жаттығулар өте пайдалы. Бұл көңіл күйді жақсартады, қанның оттегімен қанықтыруын арттырады, ұйқыны қалыпқа келтіреді және энергия деңгейін арттырады. Оқу үлгерімі мен зейіннің тұрақтауы жақсарады. Сонымен қатар, ерте жастан жаттығу белсенді өмір салтын қалыптастырады. Бірақ баланың денсаулығына оң әсер етумен қатар жағымсыз факторлар да бар. Иә, спортта жарақат алу қаупі өте жоғары. Жалпы жасөспірімдер жарақаттың басым бөлігін жаттығу барысында емес, жарыс кезінде алады. Өйткені жарыста бала өзін көрсетіп, мықты екенін дәлелдегісі келеді. Бапкер мен ата-ананың үміті, қалайда жеңу керек деген ішкі дауыс, психологиялық қысым өте жоғары болады. Ал бұның бәрі жас спортшының эмоциясын қоздырып, өз-өзін сақтау инстинктін ұмытады. Спорттағы ең ауыр жарақаттардың көбі дәл осындай эмоционалдық шамадан тыс ширығумен байланысты. Баланың миы эмоцияны ересек адамдай басқара алмайды. Сондықтан жарыстағы ауыр жарақаттар эмоциядан басталады. Одан бөлек, жарыс кезіндегі адреналин баланың техникасын мүлде өзгертіп жіберуі мүмкін. Ол жаттығудағыдай емес, ылғи асығыс әрекет етіп, қателікке бой алдыруы мүмкін. Әр қателік жарақатқа апаратын тікелей жол. Жаттығуда дұрыс жасалатын әдіс-тәсіл жарыста мүлде өзгеріп кетеді. Сондай-ақ жарыста жасөспірімдер шаршағанын жасырып, қобалжығанын айтпайды. Ал шаршаған дене реакцияны баяулатып, бұлшық етті әлсіретеді. Бұлшық еттің шаршауы тағы да жарақаттың ең үлкен себебінің бірі болуы мүмкін. Жалпы жарыстағы шектен тыс жүктемені баланың ағзасы көтермейді. Ал жаттығу барысында бала өз әлемінде, яғни таныс ортада болады. Оған ешкім зақым келтіретіндей әрекет жасамайды. Жаттығуда бәрі жоспарлы. Жаттықтырушы да әр баланың іс-әрекетін жіті қадағалап, жарақат алып қалуына жол бермейді.

Жас спортшылар жарысқа неше жастан бастап қатыса алады?

Спортты серік еткен жастардың жарыста көп жарақат алатынын ескерген  министрлік жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жас шегін белгілеген болатын. Бұл ең алдымен, балалардың денсаулығын қорғауға және ерте жаста жарақат алу қаупін азайту үшін маңызды. Жарысқа қатысатын жас шектеулері әр спорт федерацияларының ұсынысы негізінде әзірленген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігімен де келісіліп, халықаралық стандарттарға сай жасалған. Шыны керек, бұл қуантарлық жағдай. Өйткені қазір спорттық жарыстарды да коммерцияға айналдырып жібергендер жетерлік. Жазғы олимпиадалық спорт түрлерінің ішінде жарысқа қатысу үшін ең төменгі жас шегі гимнастика спортында. Гимнастиканың спорттық, көркем және батуттағы сияқты кез келген түрімен айналысатын жеткіншектер 5 жасынан бастап жарысқа қатыса береді. Содан кейін спорттық құзға өрмелеу мен жүзу спортын серік еткен балалар 6-7 жастап сайысқа түсе алады. Қалған спорт түрлерінің басым көпшілігінде жарысқа қатысу үшін белгіленген ең төменгі жас шегі 10 жастан басталады. Тек былғары қолғапты серік еткен балалар үшін жарысқа қатысу шегі – 13 жас. Қазір жастар арасындағы ең танымал спорттың бірі саналатын ММА-дан тек 16 жасқа толғанда ғана жарысқа шығуға мүмкіндік берілген. Өкінішке қарай, бұл талаптардың сақталмауын жиі көріп жүрміз. Ал оның арты жақсылықпен аяқталмайтыны анық. Қысқы олимпиада спорт түрлерінің ішінде мәнерлеп сырғанаушылар ғана жарысқа 5 жастан бастап қатысады. Фристайл могул және акробатика спорты 6 жастап бастап жарысқа қосса, шаңғы мен сноуборд спортында 7 жастан сайысқа түседі. Бір қызығы, қысқы спорт түрінің жазғы спорттық ойындарымен салыстырғанда танымалдығы әлдеқайда төмен болғанымен, ақ қар, көк мұз үстінде өнер көрсететін спортшылардың жарақат алу қаупі тым жоғары екен. Әсіресе, шаңғымен трамплиннен секіру мен сноуборд спорты ең қауіпті спорт түріне жатады.

Жарақат көп спорт түрлері

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, жыл сайын әлемде медициналық араласуды қажет ететін 70 миллионнан астам спорттық жарақат тіркеледі екен. Олардың көпшілігі 10 мен 29 жас аралығындағы спортшылар екен. Жарақаттар кәсіби және әуесқой спорт түрлерінде халықаралық жарыстарға дейін болады.  Ең жиі болатын жарақаттар – созылу, сыну, мидың шайқалуы. Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің жарақаттар, уланулар және сыртқы себептердің басқа да салдары туралы есебіне сәйкес, Қазақстандағы спорттық жарақаттану барлық жас топтарына әсер етеді. Әсіресе жастар мен орта жастағы адамдар арасында жоғары. Жарақаттардың ең көбі 18-24 жас және 25-34 жас санаттарында тіркелген. Өйткені дәл осы кезеңдерде спортшылар барынша физикалық белсенді болады және жаттығулар мен жарыстарға жиі қатысады. Көбіне созылулар мен байламдардың жыртылуы және аяқ-қолдардың сынуы сияқты жарақаттар кездеседі.

Жарақаты ең көп деп танылған спорт түрлерінің ішінде көш бастап тұрған жекпе-жек спорттары. Яғни ММА, бокс, кикбокс, күрес сияқты спорт түрлерінде бас-ми жарақаты жиі кездеседі. Ауыр соққы тиюі, құлау, лақтыру, бас пен мойын аймағының ашық болуы мойын мен омыртқа жұлын жарақатына, мұрын, бет сүйектерінің сынуына әкеп соғуы мүмкін. Ересек және жасөспірімдер арасында ең көп жарақат тіркелетін спорт – футбол. Футболда спортшылар тізе, мениск, алдыңғы айқастырма байламның (ACL) жыртылуы сияқты жарақаттарды көп алды. Ал баскетболда тобық пен саусақ жарақаты өте жиі кездеседі. Мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккейде мұзға құлау тістердің сынуына, ми шайқалуына, омыртқаның жарақатына және бас жарақатына әкелуі мүмкін. Гимнастикада бала құйрық сүйегінің контузиясы, шығуы, сынуы және ми шайқалуы сынды жарақаттар бар. Жарақаттардан басқа, шаңғы тебудің барлық түрлері омыртқаның қисаюы мен гипотермия қаупін тудырады. Осы орайда, жарақат алудың салдары туралы мамандардың пікірін де білдік. Муай-тай спортынан талай чемпиондарды тәрбиелеп шығарған білікті бапкер Тілектес Оспанов осы уақытқа дейін бірде-бір шәкіртінің ауыр жарақат алмағанын айтты.

«Иә, грепплинг, жекпе-жек сияқты спорт түрлерінде балалардың ауыр жарақат алып жатқанын көріп, естіп жатамыз. Бірақ біздің спортта қауіпсіздік мәселесіне өте қатты көңіл бөледі. Муай-тай спорты бір қарағанда жарақаты көп спорт сияқты көрінеді. Дегенмен әр бала жарысқа шыққанда міндетті түрде арнайы қорғаныс құралдарын (протекторларды) және жарыс ережесіне сай жабдықтарды киеді. Олар бас қорғаушы дулыға, тіс қорғағыш (капа), дене (кеуде) протекторы және шынтаққа да арнайы протектор киеді. Бұл қорғаныс құралдарының бәрі баланы ауыр жарақаттан сақтайды. Мысалы, тіс қорғағыш жақ сүйегінің сынып кетуінен, тіс пен қызыл иектегі зақымдануынан және тілін тістеп алудан жақсы қорғаса, денеге киетін қорғаныс жабдықтар бауыр, өкпе, қабырға аймағына жасалған соққының күшін әлсіретеді. Қабырғаның сыну мүмкіндігін төмендетіп, ішкі ағзаның жыртылуы сияқты қауіпті жарақаттардан елеулі қорғаныс береді.  Одан бөлек, әр жарыста жекпе-жекте төрелік ететін төрешіге қатаң ескерту жасайды. Төрешілер де балалардың жарақат алуына жол бермеуге тырысады. Құдай сақтасын, өз шәкірттерімнің ішінде ауыр жарақат алып, өміріне зиян келгендер болған емес. Бұдан кейін де болмай-ақ қойсын. «Сақтансаң – сақтайды», дегендей жарыста да, жаттығу да барынша сақ болған жөн», – дейді бапкер.

Ал жақында ғана баскетболдан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатын жеңіп, спорт шеберіне үміткер атанған Чиняев Жәңгір жарақат спорттың бір бөлігі екенін жасырмады. «Спорттың барлық түрінде жарақат алу қаупі бар. Тіпті, баскетболда да жиі, әрі ауыр жарақат алып қалатын жайттар кездеседі. Өз басым жаттығу барысында бірнеше рет саусағымды жарақаттап алғанмын. Тіпті, бір рет саусағым сынып та кетті. Сондай-ақ жаттығу кезінде қатты секіргеннен тобығын шығарып алғандар да болды. Спорт бар жерде, жарақат та бар. Бастысы, өміріңе қауіп төндіретіндей ауыр жарақаттан сақ болған жөн. Спортта кездесетін бұндай қиындықтарды жеңе білмесең, мақсатыңа жетпейсің. Мақсатыңа жету үшін бұл кедергілерден де өтуің керек», – дейді Tamos Eagles  командасының ойыншысы. Спорт – жеңіспен өлшенетіндей көрінгенімен, оның ар жағында қауіп пен жауапкершілік тұрғаны ұмытпауымыз керек. Спорттағы жетістікті ғана емес, оның қауіпсіздігін де ұлттық құндылық ретінде бағалауды үйренуіміз қажет. Өйткені бала амандығы – медальдан биік, адам өмірі – нәтиженің бәрінен қымбат.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025

1834 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы