- АҚ ЖЕЛКЕН
- 25 Желтоқсан, 2025
Жаңа жыл келе жатыр немесе «Ақ желкеннен» жасөспірімге хат
Жыл аяқталар тұста көбіміз «Бұл жылда не істедім?», «Қандай жетістіктерім бар?», «365 күнді қалай өткіздім?» деп өткенге ой жүгіртеміз. Әрбір қиындықты жеңіп, бақыттан бас айналған күндер мен қолға алған ісіміздің қиюы келіспей, мұңданған күндер көз алдымыздан кино кадрларындай зырлап өтіп жатады. Ойдан жүйрік не бар?! «Әттең-ай» дейтін тұсында жүрегіміз шым ете түссе, «бәрекелді» дейтін тұсында көңіліміз көк дөнен болып көкке шапшып, шалқи түседі. Он екі ай көзді ашып-жұмғанша өте шығыпты-ау?! Алда тағы бір жыл есігін ашады: ал мен өтіп бара жатқан жылды мағынаға толтыра алдым ба? Міне, өз-өзіңмен оңаша қалып, дәл осы сауалдарға жауап іздейтін уақыт та келіп жетіпті.
Әлем елдеріндегі Жаңа жыл дәстүрлері
Алдымен Жаңа жыл қарсаңында жаһан жұртшылығы не істейді екен? Бірқатар елдің мәдениеті мен дәстүрлеріне шолу жасап көрейікші. Бұл күндері Нью-Йорк шаһары жарқыраған шамдармен тербелсе, Сидней аспанын отшашулар нұрландырады. Шотландияда көпшілік дөңгелене қол ұстасып ән шырқаса, Францияның оңтүстігіндегі жұртшылық теңізге сүңгиді. Бұл – тазару, жаңару және жыл бойы адам сергек жүреді деген сенімнен туған рәсім көрінеді. Финляндиялықтар Лапландиядағы финдік Аяз ата Йоулупуккимен кездесуге асығады. Ал Испанияда дәл түнгі он екіде 12 жүзім жеу дәстүрі бар. Дат халқы болса, жаңа жыл қарсаңында досы мен көршісінің есігінің алдына барып, ыдыс-аяқ сындырады. неғұрлым көп ыдыс сынса, адамның достары соғұрлым көп болады және жылы берекелі өтеді деп санайды. Жапония жұртшылығы ғибадатханаларда 108 рет қоңырау соғу арқылы адамның жан дүниесін тазарту рәсімін жасайды. Осылайша рухани тазару – жаңа жылды жақсы өткізуге себеп болады деп сенеді. «Әр елдің салты басқа» болғанымен Жаңа жылдан күтетін үміті бір. Әлем халықтарына Жаңа жыл жақсылықтың бастауы деген ізгі ой ортақ. Ең бастысы, адамның жаңаруға, жақсаруға деген талпынысының ортақтығы және оның ешқашан тоқтамайтыны ғажап емес пе?! Ал енді өз жанымызға үңіліп, осы өтіп бара жатқан жылы жаңару, жақсару, даму, қоғамды ізгілендіру бағытында қандай қадамдар жасадық, бірге зерттейік.
Жеңілістерімнен мен не үйрендім?
Биылғы жыл басында мен әр жыл сайынғы әдетімше алдыма мақсат қойдым, жүйелі жоспар құрдым. Жаңа жыл табалдырықтан енісімен мақсаттарыма жетуге құлшына кірісіп, күнтізбелік күнделігіме күн сайын «Бүгін мына жоспарым орындалды!» деп белгі соғып отырдым. Алайда қаңтар айының соңына қарай күнделігімді қолыма сирек ала бастағанымды, алға қойған мақсаттарыма селқостау қарайтын күйге түскенімді байқадым. Десе де «мақсатымды мүлде ұмытқан жоқпын ғой» деп өзімді жұбатып жүрдім. Осылайша кейде айрықша ынтамен әр күн, сағат, минуттарымды пайдалы істерге арнасам, кейде «мақсатыма жете алам ба өзі?!» деген күмәнді сезімді бастан кешкен кездерім болды. Әлбетте үнемі шабыттанып жүру мүмкін емес қой?! Кейде кей істердің мен ойлағандай жылдам іске аса қоймайтынына көзім жетті. Өзімді әлсіз адам ретінде мойындаған да сәттерім бар екенін жасырмаймын. Бірақ осы әрекеттер мен қадамдардың бәрі маған сабырлы болуды және қиындықтар кездессе артқа шегінбей, тоқтап қалмай, алға адымдауды үйретті. Бұл жылдан алған сабағым – кез келген өзгеріске дайын болуды үйренгенім болды. Барлық халықта «Өмір дегеніміз – қозғалыс» деген сөз бар. Ендеше қайнап жатқан қызу өмірде өзгерістің болуы заңды емес пе? Жаңа заман ұсынған жаңалықтарды қабылдау, жаңа жағдайға бейімделу мені алға жетеледі. Рухани әлемімде өзгерістер басталды. Біз беймәлім әлемге тап болғанда, состиып тұрмай, икемділік таныта алсақ, жаңаны игеруге талпынсақ, міне, жетістік деген сол емес пе?! Бізге керек қасиеттің бірі осы табандылық екен.
Жаңа мүмкіндіктер қақпасы
Желтоқсан айы осылай өткен жылдың бізге берген сабақтарын саралаумен өте шығып, қаңтар айы басталғанда, алдымызда су жаңа 365 күн тұрады. Бұл жүректерде жаңа арман бүр жарып, алға жаңа мақсат қоюға берілген мүмкіндік. Өткен жыл тәжірибемді толықтырып, алға нық қадам басып, батыл қарауды үйретсе, алдағы жыл мен үшін мүлде жұмбақ және жаңа мүмкіндіктер жылы болмақ. Жаңа жылда мен биылғы жылы бастаған жұмыстарымды жалғастырамын. Сол бастамаларымда кездескен сәтсіздіктерді алдағы мақсаттарыма жету жолындағы «сәттілік кілті» деп қанаттанам.
Бұрынғыша алдағы жылы «кітап оқимын», «тіл үйренемін», «жүзуді меңгеремін» немесе «қаржы үнемдеу үшін жарнамаға елітіп, маркетплейстерден керексіз зат сатып алуды доғарамын», «қаражатымды орынды жұмсауды жолға қоямын» , «тамақтану әдетімді өзгертем» деп жалпылама емес, нақты жоспар құруды қолға аламын. Айтпақшы, «бәрі үйреніп жатыр, мен де солай істейін» деп біреудің арманына қарап емес, жүрек қалауыммен, өзіме ұнайтын істерді мақсат етіп қоямын. Мәселен, «Қаңтар айында 1 кітап оқимын. Ағылшын тілінің бір деңгейін толық аяқтаймын». «Жыл басынан бастап маркетплейстерге апта сайын лимит қоямын: тек 1 қажетті зат алуға рұқсат берем өзіме». «Әр затты себетке салған соң 48 сағат күтемін. Шынымен керек болса ғана аламын. Апта сайын ақшамның 5 пайызын үнемдеп, жинауды бастаймын». «Жүзуді ақпан, наурыз, сәуір айларында меңгеріп, мамыр айында шағын жарысқа қатысып, бақ сынаймын»… Мақсатыма жету үшін осындай нақты мерзім белгілеп қоямын. Ғалымдардың пікірінше, дедлайнға үлгеруге ұмтылу – мақсатқа жетудің тиімді жолы. Өз оқиғаларыңмен бөліс немесе жаңа жыл алдында жасалған жоспарлар неге орындалмайды?
Қымбатты, жас дос!
Бір жылдағы қыруар жұмысымның азғантай ғана бөлігін жазып, өзіңмен сырласып отырғаным сияқты, сен де өз хикаяңды жазып көрсең қалай болады? Себебі, жүріп өткен жолыңа үңілу – өзіңді түсінуге, тануға көмектеседі. Жаңа жыл алдында мақсат қойып, жоспар құрып, қойын дәптерімізге жазып, бірі орындалып, бірі ұмыт қалып, кейде шабыттана еңбектеніп, кейде бойымызды жалқаулық буғаны туралы жазып, бөлісу арқылы айналамызға ой саламыз. Осы қадамымыз арқылы қоғамда жиі талқыланатын «Жаңа жыл алдында алға қойған мақсаттар неге орындалмайды?» деген сұраққа жауапты оп-оңай табамыз. Әр адам әртүрлі. Бірақ бәрімізге берілетін мүмкіндік, яғни, уақыт бірдей.
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025
1829 рет
көрсетілді0
пікір