• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 19 Желтоқсан, 2025

Әкемнің әр ісі санамызға сәуле болып құйылды

Аналар туралы көп айтылады, көп жырланады. Ал әкенің ерлігін, өрлігін кім жырлайды? Әрине, артында қалған ұл-қызы айтады. Бұл жолы жазушы Ақлима Сапарова әкесі жайлы мақаланы ұсынды. 
Редакциядан

Әкем Исмаил Сапаров – әдебиет пен өнерге бейім, әңгіме, мақалалар жазумен үзбей айналысқан журналист-жазушы, әкесқой сазгер болатын. Шымкент педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітіріп, екі жыл неміс, араб тілдерін үйренеді. Халық жазушысы, ақын, драматург Исраил Сапарбаевтың туған ағасы. Әкемнің прозалық шығармалары кезінде «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», (қазіргі «Жас алаш»), «Оңтүстік Қазақстан», «Достық туы» және басқа басылымдарда жиі жарияланып тұрды. Сондай-ақ, 1980 жылы Алматыдан шыққан «Жетісай әуендері», 1985 жылы шыққан «Оңтүстік өңірі» атты ұжымдық жинақтарға әңгімелері енген. «Жалын» баспасынан «Терезеден түскен сәуле» атты жеке жинағы шықты. Өкінішке қарай, оны көруге бұйырмады. Өзі жазған бірнеше әндері де нотаға түсірілместен кеудесінде күмбірлеп кете барды. 

Мен үшін әкемнің орны бөлек. Үйдің кенжесі болғандықтан жанынан бір елі алыстамайтынмын. Мектептен келе сала жантайып жатқан әкемнің жанына жүгіріп барып, бір күннің бүкіл жаңалығын бүкпей айтып беретінмін. Әкем арасында мырс етіп қойып, барлығын жалықпай тыңдайтын. Төрде ілініп тұратын домбыраға қолын созатын. Мен жүгіріп барып домбыраны алып беретінмін. 

– Ал, енді, қызым, бірге домбыра тартайық, – деп құлағын бұрап, тиегін туралап, саусағымен шанақты шерте отырып домбыраның күйін келтіретін. Сосын пернелерін өзі басып отырып, «тарт» дейді. Мен бастан-аяқ өзім тартып отырғандай мәз болып ішектерін сабалаймын. Жалғыз қалған сәттерде бөлмесінен «Салтанат» күйінің үні шығып жататын.

Елу жеті жылдық өмірінде әкеме бес рет ота жасалды. Екеуі өте күрделі болды. Тоқ ішектің сексен сантиметрі алынып тасталды. Кейін оған бүйрек қосылды. Бес ай үйде болса, екі-үш ай емханада. Менің есімде үнемі бір қолымен ішін  уқалап отырған бейнесі қалыпты. Үйде болған уақытында дастарқан басында басымыз қосыла қалса әдебиет, тарих, тарихи тұлғалар туралы ой толғайтын. «Сарыағаш» шипажайында батыр Бауыржан Момышұлымен кездескенін айтып беретін. Кейін «Батырмен болған үш кездесу» атты мақала жазды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында әкемнің әңгімелерінің әсерінен тоқ жүретінбіз. Анам екеуінің арасында түрлі тақырыпта талқылаулар болатын. Анама әңгімелерін оқытып, ойын сұрайтын. Қазір ойлап қарасам, оның барлығы сол кезде біздің санамызға сәуле болып құйылыпты. 

Көктем келгенде әкем денсаулығына қарамастан қолына күрек алып, жер қазуға кірісетін. Қолынан келгенше анау-мынау көкөністер егеді. Мен айналатын көйлек киіп алып, желпілдеп жанында жүремін. Бұл мен үшін ең бақытты кездер болатын. Бір күні ерте шыққан гүлді жұлып алып, әкемнің танауына тосып:
– Иісі күшті, иә дедім. 
– Мен иіс сезбеймін ғой, – деді әкем. Мен қайтадан танауына тықпаладым да:
– Енді ше? – дедім. 
– Мен мүлде иіс сезбеймін ғой, қызым, – деді. Иіс сезбейтін де адам болады екен ғой дедім бұртиып. Қазір ойласам, күрделі оталардан кейін кейбір сезім мүшелері істен шыққан екен ғой. Анам үнемі бізге бөлек, әкеме бөлек тамақ жасайтын. Өйткені, әкем тек диеталық тағам жейтін. Кейде, анам бізге палау жасаса, әкем, аузына бір қасық салып, шайнап-шайнап шелекке түкіре салатын. Неге өйтеді дейтінмін, сөйтсем, майлы тамақ жеуге болмайды, бірақ, жегісі келгені сонша, жұтпаса да, аузына бір асап, құмарын қандырады екен. 

Жаз келгенде әкем мен ағаларым еккен көкөніс пен жеміс бақшаға көрік береді. Бірінші қатарда қып-қызыл болып қызанақтар тұрады. Самсаған қызанақтың салмағын көтере алмай, белі бүгіле бастаған соң әкем олардың әрқайсысының жанына ағаштан бір-бір қазық қағып, бұтақтардың мойынын сол қазыққа иіп байлап қоятын. Қазыққа асылып тұрған әр бұтақта үш-төрт қызанақ қатарласа сіресіп тұрады. Жұлып алып шаңын көйлегіме сүрте сала, буы бұрқыраған ыстық нанмен суын сорғалата жеймін. Арырақ барсаң бір қатарда қияр бар. Ол өрмекші гүлі ұқсап жапырақтарын жерге жайып өседі. Жападай жапырақтардың арасын ашып, қиярды да тауып аласың. Оны да көйлегіңе үйкеп-үйкеп қытырлата жейсің. Сосын бақшадан тойып шығып үйдің артына барып жүзім жұлып жейсің. Біздің үйдің алдында да, артында да жағалай жүзім өсетін. Кірген кезде күзге таман пісетін хусейн жүзімі самсап тұрады. Оң жағына қарай бұрылсаң, жаздың алғашқы жаршысындай болып ұсақ  көк жүзім өседі. Үйдің ең төрінде баданадай қара жүзім өседі. Өзі етті және тойымды. Оның арғы жағында сұқ саусақпен бірдей сопақ сары жүзім өседі. Солардың піскенін піскендей жеймін. Күз келгенде қалғанын жинап алып тосап қайнатамыз. Қолымыз жетпей қалып қалған жүзімдердің қызығын торғайлар көреді. Жүзімді баптау да оңай емес. Күздің қара суығында жапырақтарынан арылып, жалаңаштанғанда әкем оларды темірге асылып тұрған жерінен жерге қайырып түсіреді. Жерді қазып, жүзімнің бастарын темірдің үгінділері араласқан топыраққа көмеді. Ашық қалған жерлерін клеенкамен, ал сыртынан көрпемен орап, байлап тастайды. Әкем сатымен жүргенде мен төменде тұрып керек-жарақтарының барлығын алып беріп тұрамын. Ал көктем келгенде жаңағының барлығын шешіп, басын топырақтан босатып, оларды сатымен жоғарыға асып, бұтақтарын темірге тас қылып таңып тастайтын.

Анам бастауыш сыныптың мұғалімі болды. Сабақ арасында үйге жүгіріп келіп төсекке таңылған әкемнің дәрілерін беріп қайтып жұмысына жүгіріп кетеді. Бақша, шұрқыраған қаз-тауық, бір сиыр мен ұсақ малымыз бар. Үйдің кенжесі болғандықтан, ондай шаруаға мені көп жұмсамайтын. Аула шаруасы анамның мойнында. Кешке қақпадан кіре бергенде анамды көрген қойлар маңырап, сиыр мөңіреп, тауық қыт-қыттап аула іші азан-қазан болады. Киімін ауыстыруға мұршасы келмей, дәлізге сөмкесін лақтыра сала анам темір шелегін қолына ұстап қораға жүгіріп мал жайғайды. Суын беріп, ақырларына шит-шөбін салып болған соң сиырдың желінін жуып, темір шелектің түбін дызылдата сиыр сауады. Одан үйге келіп бізге тамақ беріп, түнде өзімен көтеріп келген дәптерлерді тексеруге отырады. Сол тіршілік күнде қайталанады. Әкемнің жағдайы күн сайын нашарлап барады. Демалысы жиілеп, көзін ашуы сиреді. Көңіл сұрап келушілер көбейе бастады. Мен әкемнің бас жағында отырып желетке тоқимын. Тоқып отырып көзіме келген жасты бет орамалмен басып қоямын. Келгендердің айтатыны сол баяғы «Бәрі жақсы болады, әлі шауып кетесіз». Ол сөз маған ауыр естілетін. Бала күнімнен сол сөзді суқаным сүймейді. Өйткені ол үлкендердің үмітсіз өмірді көре тұра сыпайылық үшін айта салатын екіжүзділігінің көрінісі болып қалған. Әкем көзін анда-санда ашудан да қалды. Денесі ісініп кетті. Ауылдың дәрігері келіп, әкемнің бүйрегінің істен шығып, сондықтан зәр денесіне тарап жатқанын айтты. Анамның уһілі көбейді. Әкемнің нашарлап жатқандығы жайлы хабар жеткен болу керек, үйге тұрмыстағы әпкем келді. Тілі томпайып, аузына сыймай кеткен әкемнің күйін көрген әпкем бетін басты да, екі иығы селкілдеп бөлмеден шығып кетті. Демалысында қырыл пайда болды. Тыныс алуы қиындағанда күтпеген жерде қор ете қалатын. Бөлменің бір бұрышында нымша тоқып отырған мен шошып жылап жібергенде ғана анам мені байқады да, иығымнан жайлап итеріп бөлмеден шығарып жіберді. Бәріміз кіре берістің бұрыш-бұрышында бетімізге орамал басып жамандықтың болатынына мойынсұнғандай бүрісіп отырмыз. Әкемнің қасында анам мен үлкен ағам қалды. Бір уақытта ағам есіктен еңкілдеп шықты. Жанымда отырған әпкем еңіреп қоя берді. Сол сәтті көз алдыма келтірсем, әлі күнге сай-сүйегім  сырқырайды. Содан кейін мен желетке тоқуды біржола қойып кеттім. Жастайынан жабысқан дерт әкемді алып тынды, бірақ жарқын бейнесі мәңгілік жадымызда қалды.   

Жақында, әкемнің қолжазбаларын ақтарып отырып, Қазақстанның алғашқы президенті Н.Назарбаевқа жазған хатын көріп қалдым. Хатта Қазақстанның үш ауданының Өзбекстанға берілгенін және сол аудандарда шығармашылықпен айналысатын адамдар үшін баспа орнының жоқтығынан қаламгерлерге қиындау болып жатқанын ашына жазыпты. Хатты жібермепті, мүмкін жіберуге үлгермеген шығар. Таяуда Гүлбақыт Қасен деген ақын әпкеміздің шығармашылық кешінде Бексұлтан Нұржекеев ағамыздың қасына барып, қолын алып жатқанымда, «қай баласың» деп сұрады. Өзімді таныстырғанша ағаммен замандас қой деп, Исраил Сапарбайдың қарындасы екенімді айттым. Біраз ойланып тұрды да: «Исраилдың ағасы Сапаровтың қызысың ба?» деп бетіме қарады. «Иә» дедім, мен де әкемді танығанына таңырқап. 
– Әкеңнің кітабын баяғыда шығарған мен едім, мықты жігіт еді, ерте қайтып кетті ғой, жарықтық, – деді. 
Әкемнің қайтқанына отыз жылдан асып кеткен, бірақ кітабы, өзі Бексұлтан ағаның әлі жадында екені мені таңғалдырды. Әкем «Терезеден түскен сәуле» әңгімелер жинағын көп күтті. Хаттар жазды. Тоқырау кезінде баспаларда қағаз болмағандықтан кітаптың шығуы ұзақ уақытқа созылып кетті. Өкінішке қарай, көзі тірісінде кітабын көре алмай кетті. Қайтқаннан кейін, жылдық асына жақын шықты. Келген қонақтарға анам кітапты таратып берді. Сол кітапқа енген бір әңгімесін «Ақ желкеннің» оқырмандарына ұсынып отырмын. Бұйырса, келесі журналдан оқисыздар. 

Ақлима Сапарова 
«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025

1708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы