• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 21 Желтоқсан, 2025

Ностальгия дерті

Балалық шағыңызды аңсайсыз ба осы? Сол кездер қызық, оңай, бақыттырақ болып көріне ме сізге? Әлде балалық шағыңыз өткен ауланы, үйді сағынатын шығарсыз... Егер осы сауалдарыма «иә» деп жауап берсеңіз, өкінішке қарай, сізге «ностальгия дертіне шалдыққан» деген диагноз қоюға мәжбүрмін.

Ондай дерттің түрі бар ма дерсіз? Бар, анығында болған екен. XVII ғасырда швейцар дәрігері Иоганнес Хофер ностальгияны нақты медициналық ауру ретінде сипаттаған. Ол жорықта жүрген сарбаздардың үйін қатты сағынып, ұйқысыздыққа душар болғанын көреді. Ұзақ жорықта жүрген сарбаздың көбі себепсіз әлсіреп, тәбеті нашарлай бастағанын да байқаған.  Бұл дертке дәрігер «ностальгия ауруы» деген ат беріпті. Ол кезде бұл күй адамның жүйке жүйесін әлсіретіп, өмір сүру қабілетін төмендетеді деп есептелген екен. Дерттің атауы грек тіліндегі nostos – «үйге оралу» және algos – «ауырсыну» деген екі сөзден құралған. 

Осылай бір кездері ауру деп танылған ностальгия күйін қазіргі ғалымдар  адамның психологиялық күйі, эмоциялық жадының табиғи көрінісі деп түсіндіреді. Сондықтан, уайымдамаңыз. Жоғарыда сізге қойған диагноздың маңызы ескірген. Енді бұл күйдің тереңіне үңіліп көрейікші. Ностальгия деген не ұғым? Оның психикалық ұстыны қандай? Сағыныштан айырмасы неде, әлде екеуі бір ұғым ба? 

Басын ашып алайық, сағыныш пен ностальгия бір ұғым емес. Сағыныш – белгілі бір нәрсені, адамды, құбылысты тікелей көргісі келу немесе сол нәрсені тура аңсау. Ал «ностальгия» ұғымын «аңсау» деп аударуға болады. Және бір нәрсені емес, кешенді аңсау деуге негіз бар. Өйткені ностальгиялық көңіл күй өткен шақты, өткен кезеңнің белгілі бір кезеңін тұтасымен аңсау болып саналады. Мысалы, балалық шағыңызды аңсағанда сіз ондағы ешбір детальді бөліп тастай алмайсыз. Сіздің бал шағыңыз өткен үй, үй жануары, достармен бірге ойнаған ойындар, тіпті сол үйдегі ыдыс-аяққа дейін сіздің ностальгияның бір бөлшегі. Яғни сіз сол кезеңді тұтасымен, уақыт-кеңістігімен қоса аңсайсыз. 

Енді көзіңізді жұмып, сол кездерге шынайы оралып көріңізші. Ешбір аңсаусыз, оқиғалар легін көзіңізге елестетіңіз. Балалық шағыңызда қазіргідей интернет желісі, шексіз ойындар, тіпті қазіргідей дәмді тағамдар да болмауы мүмкін. Тіпті тереңдей берсеңіз ата-анаңыздың қиналып жүрген шақтарын, ұрыстарын да есіңізге түсірерсіз. Осы нәрселер есіңізге түсе қалғанда ол кезеңнің қазіргіден тым артық болмағанын да ұғынар едіңіз. Солай болғанда біз неге өткенді аңсаймыз, неге ол шаққа «қызғылт түсті көзілдірікпен» қараймыз? 

Мұның психикалық бірнеше себебі бар. Бірінші, мидың қорғаныш қабілетінің әсері. Білсеңіз, ми өте сақ жұмыс істейді. Ол өзіне ауыр болатын естеліктерді барынша ұмытуға тырысып, өткен шақтың тек жақсы жақтарын, жарқын тұстарын есте мықтап сақтауға құмар. Бұл адам өмірін жеңілдетіп, болашаққа да позитивті қарауға мұрсат береді. 

Екінші себеп, өзіңізге артылған жауапкершілік мөлшерінің артуы. Иә, сізге осыдан 5-10 жыл бұрын қарапайым жауапкершіліктер артылатын еді. Сабағыңды жақсы оқу, үйдің аз-маз шаруасына көмектесу деген сияқты. Мұндай жүктемелер жыл өткен сайын көбейе беретіні белгілі. Міне, дәл қазір сіз осы мақаланы оқып отырып ертеңгі күнгі емтиханды немесе ҰБТ-ны ойлап отырсыз. Болашағыңыз, мамандығыңыз шешілетін жауапкершілікті арқалап алғансыз. Осы қиындықтың қасында кішкентай кездегі қиындықтарыңыз сізге өте кішкентай, тіпті күлкілі көрінеді. Сондықтан сол жауапкершілігі аз кезеңге аңсарыңыз ауып тұрады. Бірақ тағы да сол кездерді есіңізге түсіріңізші. Ол кездің де өзіне сай, өз жасыңызға сай қиындықтары болды ғой. Сабақ оқымаса ұрысатын апайлар, сыныптағы кикілжіңдер, ата-анадан естіген ұрыс... Бұл оқиғаларды өз кезеңінде бірінші себеп жойып жіберген болатын. 

Үшінші, адам жады оқиғаларды емес, сезімдерді сақтауға құмар. Ол шақтарда сізге көп адам кішілігіңізге салып мейіріммен, қамқорлықпен қараушы еді. Есейе келе бұл нәрселер азая бастайды. 

Төртінші, біз өткен шақты, кезеңді емес, сол шақтағы өзімізді сағынамыз. Өмірді көбірек көрген сайын адамда арман азая беретінін сездіңіз бе? Бала шақта айды ұстап алуға болатын сияқты еді. Қазір ол алыс екенін түсіндік. Осылай кейбір нәрселерді түсінумен кеудедегі армандар өле бермек. Сол үшін біз бала немесе жастық шағымыздағы ештеңеден қорықпайтын, арманшыл, сенімді «өзімізді» аңсаймыз ғой. 

Қызығы, «қызғылт көзілдірік» киіп алып, өткенді шамадан тыс аңсай беру адам психикасына кері әсер етеді. Ол осы шақтан қашып мойындамауға, бойкүйездікке ұрындырады. Ал мөлшерімен ностальгиялық көңіл күй кешсеңіз ол сізге мотивация береді. Көңіліңізге демеу болып, болашаққа да позитивті көзқарас қалыптастыруға көмек етпек. 

Биылғы жылды ауыр қиындықтармен аяқтап жатқан болсаңыз, қамықпаңыз. Алдағы жылы осы шақты ностальгиялық көңіл күймен еске аларыңызға кепілдік беремін. Өйткені уақыт емші һәм ұмыттырушы. Бірақ өзіңізге бір тәжірибе жасап көріңізші. Өткен шаққа емес, болашақтың ностальгиясына беріліп көріңіз. Алдағы жарқын күндерді ойлап жымиыңыз. Өзіңіздің ҰБТ-дан жоғары балл жинап шығып келе жатқан сәтіңізді ойлаңыз. Биік деңгейдегі спорттық жарыстан бәйге алған сәтіңізді ойлаңыз... 

Иә, солай етіңіз. Өйткені жаңа жыл жарқын сәттерімен, жақсылығымен келеді. Жаңа жыл құтты болсын, менің жас оқырманым!

Құрметпен, «Ақ желкен»

Дайындаған
Д.ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2025

1795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы