• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 03 Қараша, 2020

Ұлан Болатбек, актер: 22 жасымда 70 жастағы шалдың рөлін сомдадым

Ұлан Болатбек – театр және кино актері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Қазіргі таңда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актеры болып қызмет етеді. Ұлан – театрда да, кинода да өз орнын қалыптастырып келе жатқан талантты актер. Халық жүрегінен орын алған «Көк тарландары», «Алдар көсе», «Кейкі мерген», «Тар заман» сынды телехикаялар мен фильмдерде, театрда «Адам-зат», «Шыңырау», «Аманат» секілді қойылымдарда басты рөлді сомдаған дарынды актермен бүгінгі кино мен театрдың беталысын талқылаған едік.

– Ең алғаш рет театрмен және кино әлемімен қалай таныстыңыз?

– Кино әлемімен 2010 жылы «Алдар Көсе» телехикаясында Дәрменбайдың малайын ойнаған кезде таныстым. Бұл кино әлеміне деген алғашқы қадамым еді. Ал театрға оқушы кезімнен қызықтым. Мектебімде «Жас сахна» атты драма үйірмесі болды. Сол үйірмеге қатысып, көптеген қойылымда ойнадым. Мектеп қабырғасындағы алғашқы рөлім – М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы автордың рөлі. Сонда поэманы түгелдей жаттап алғанмын. Актер болуға, театрға қызығушылығым артып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түстім. «Музыкалық театр артисі» мамандығын бітіріп, қазір Алматыдағы Ғабит Мүсірепов театрында жұмыс атқарып жатырмын.

– Актер екеніңізді қай уақытта сездіңіз?

– Мектептегі драма үйірмесінен бөлек мүшәйраларға, көркемсөз оқу жарыстарына қатыстым. Солардың бірі Оралхан Бөкей оқулары еді. Қалалық жарыс қазір өзім қызмет жасап жатқан театрда өтті. Сол жарыстың бас қазысы өнерімді бағалап, бас жүлдені маған берді. Сонда ол кісі: «Болашақта актер болғың келсе, Жүргенов атындағы оқу орнына кел. Сосын тісіңді түзе», – деп еді. Актер болу бала кезден арманым болды. Оқушы кезімнен Алматыдағы театрларға жиі баратынмын. Олардың қойылымдарын жаттап алып, актерларға еліктейтінмін.

– Өміріңізде актерлық мамандықты таңдағаныңызға өкінген сәттер болды ма? Бұл мамандықтың басқа
мамандықтарға қарағанда арқалайтын жүгі ауыр...

– Әрине, әр мамандықтың өз қиындығы бар. Кейде әділетсіздіктерді көргенде өкінетін сәттерім болады. Актер болмағанда, жақсы ақын, болмаса тамаша журналист не саяси қызметкер болар едім. Себебі мектепте 5 жыл президент және «Жас Отан» ұйымының басшысы болғанмын. Бірақ халықтың қошеметін, ыстық ықыласын көргенде қиындықтың бәрін ұмытып кетемін, театрға, киноға, спектакльге деген махаббатым арта түседі.

– «Бұл рөлді ойнап шыға алмаймын-ау» деп күдік пен қорқыныш туғызған рөлдер болды ма? Болса, ол
қорқынышты қалай жеңдіңіз?

– Қорқыныш әрқашан болады. Себебі бұл – сынның астында қалатын мамандық. Театрға алғаш келгенімде «Фатима» деген қойылымда режиссер Мұрат Ахманов ағамыз маған 60-70 жастағы шалдың (Жыр Кие) рөлін берді. Ол кезде небәрі 22-де едім. «Қалай абызды ойнаймын?» деп қатты қорықтым. Көп дайындалдым. Кейін сол рөлім сәтті шықты. Тіпті бірге істейтін әріптестерім мені танымай қалды. Бұл үлкен жеңіс деп білемін.

– Болашақтағы театрдың дамуын қалай елестетесіз? Театр әлеміне өзгеріс керек пе?

– Театр – тірі ағза. Күнделікті жылжып, дамып жатыр. Болашақта театр құрылымы өзгереді. Жаңа технологияны пайдалана отырып, тың дүниелер ойлап табылады деп ойлаймын. 3D эффектілер, шоулар, неше түрлі образдар, дамыған гримм мен заманауи костюмдер болады деп елестетемін.

– Енді кино әлеміне келсек. Ұлан Болатбек деген есімді естігенде дереу «Көк тарландары» телехикаясы еске түседі. Кино әлемінде есіміңізді танытқан осы туынды шығар. Жеті жыл бұрын көрерменге жол тартқан туындыны халық әлі ұмыта қойған жоқ. Біз оны қайталап көруден жалықпаймыз. Осы сериал туралы айтып берсеңіз.

– Менің бағымды ашқан – «Көк тарландары» телехикаясындағы Қойшыбай Ғалымжанның рөлі. Бұл туынды маған өте ыстық. Осы уақытқа дейін 15-тен аса фильмге түссем де, халық осы туынды арқылы таниды. Ол телехикаяда мен 90 келіден аса салмақ жинағанмын. Ғалымжан ауылдың баласы болған соң халықтың жүрегіне жақын болды деп ойлаймын. Жақын арада жалғасы шығуы ықтимал. Өйткені халық әлі күнге сол телехикаяның жалғасын сұрайды. Бұл туындының халықтың көңілінен шығуының тағы бір себебі – шынайылықта. «Көк тарландарында» ойнаған жігіттер жақын достарымыз, бірге оқығанбыз. Әлі күнге жұбымыз жазылмай келе жатырмыз, жақын араласып тұрамыз.

– «Тар заман» телехикаясында Жүсіпбек Аймауытовтың рөлін сомдадыңыз. Мұндай ірі тұлғаның рөлін сомдау қиынға соқпады ма?

– Жүсіпбек Аймауытов атамыздың рөлін сомдаймын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Режиссер Мұрат Бидосов ағамыз шақырып, сол рөлге бекітті. Алаштың ардақтыларын ойнау, әрине, өте жауапты іс. Жанымды салып дайындалдым. Ол кісі туралы көп оқыдым, біраз уақыт іздендім. «Тар заман» телехикаясы өте сәтті шықты. Осы телехикаяда ойнаған актерлар тарихта Алаш ардақтыларын сомдаған алғашқылар болып қалды. Бізге осындай тарихымызды насихаттап, батырларымызды танытатын дүниелер өте қажет деп білемін. Кино саласындағы барлық рөлімді жақсы көремін. Өйткені барлығында жан-тәнімді салып ойнаймын. Барлық рөлім мен үшін қымбат. Қойшыбай Ғалымжанды болсын, Жүсіпбек Аймауытовты болсын, «Кейкі мергендегі» Қожбан болсын, барлығын бөліп-жармаймын. Сол рөлдермен тәжірибе жинап, өстім.

Жағымды кейіпкерлерге қарағанда жағымсыз рөлдерді сомдағанды жақсы көремін. Жағымсыз кейіпкерлерді ақтап, олардың амалсыздан, жағдайға байланысты жағымсыз болғанын көрсеткім келеді. Адам жаман боп тумайды ғой, оны сол қоғам, орта өзгертеді. Биыл «Теміртас» деген фильмге түсіп, арманыма жеттім. Ол жерде Елемес деген жағымсыз кейіпкерді ойнаймын. Бұл туынды жақында экранға шығады.

– Жаныңызға театр жақын ба, кино ма?

– Екеуін де қатты жақсы көремін. Театр – нағыз мектеп. Актер театрда спектакль ойнап жүріп шынығады. Өзінің актерлық шеберлігін шыңдайды. Ал кино – тарих. Кино арқылы адамдардың мәңгі жадында қаласың. Театр киноға дайындайтын орын деп білемін. Екеуінің де жұмысы мен үшін қызық. Екеуі егіз. Сондықтан екеуін қатар алып жүруді жөн көремін.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Мерей Ауғали,
Қ.Сәтбаев атындағы
орта мектептің 11-сынып
оқушысы.
Павлодар облысы
Баянауыл ауданы
Мұса Шорман ауылы

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2020

1104 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы