• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Сәуір, 2024

Ақылды телефон ақылсыз бала тәрбиелейді

2005 жылдары әкем алғаш ұялы телефон сатып алғанда, оның өміріміздің ажырамас бөлшегі болып кетерін білгеміз жоқ. Ары кетсе түрлі-түсті болар, үлкейіп шығар. Біздің қиялымыз одан арыға жете қоймады. Бірақ 20 жылға жетер-жетпес уақыт ішінде ұялы телефон хабар алмасу құралынан өмір сүруге ең қажетті құралдар қатарынан бір-ақ шықты. Бұрынғыша балалардың қолы жетпейтін жерлерде тұрмайды ол. «Көп  ұстауға    болмайды», «дірілі жүректі әлсіретеді» деген сияқты не түрлі аңыз-мифтердің сарқыншағы да қалмады. Өйткені көзге ұрар зиян байқалмайды. Бірақ телефонның көзге түсер зияны біз күткендей тәни денсаулық тұсынан емес, ментальды денсаулық тұрғысында анық байқалады. 

Ментальды денсаулық – адам баласының өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, қиындықтарға төтеп беруге, қоғамға қандай да болсын көмек беріп, жұмысты нәтижелі, тиянақты істеуге мүмкіндік беретін денсаулық жағдайы. Яғни біздің күнделікті қалыпты жай-күйіміз – ментальды жағдай деп аталады.

Қарапайым жағдайды елестетіңіз. Жұмыстан шаршап келген ата-ана баласына көңіл бөлмейді. Оған баланың дамуы немесе ментальды жағдайы емес, миының тыныштығы маңызды. Сондықтан қолына телефонды ұстата қояды. Ал өзі тыныш отырғанда не істейді? Не өз телефонына үңіледі, не теледидар көреді. Сонымен күні бойы балабақшада болатын бала кешкілік ата-анасының жанында смартфонға үңіліп отырады. Бала мен ата-ана арасындағы байланыс осылай үзіле бермек. Тіпті тамақтанған кезде де телефон қойып беретін ата-аналар бар. Осындай салғырттық салдарынан қазіргі балалардың көру қабілеті нашарлап кеткен. Тамақтанған кезде телефонға үңілгенінен асқазан жұмысы да бұзылады. Тілі шығуы кешеуілдеп, кейбір балалардың сыртқы ортамен араласуы қиындайды. Көбі шыдамсыз, әрі ашушаң. Сұраса – бәрі бірден бола қалу керек. Жалпы смартфонның бала психикасына, денсаулығына қалай әсер ететіні туралы зерттеулер баршылық. Айтылып та жүр. Дегенмен біз бүгін мүлде басқа қырына үңілеміз. Смартфон көріп өскен бүгінгі ұрпақ пен бұрынғы ұрпақты үш түрлі жас ерекшелігіне қарай салыстырмақпыз. Балабақша, бастауыш және жоғары сынып оқушысы.

Смартфон өмірімізге шамамен 10 жыл бұрын толық сіңді делік. Яғни қазіргі жоғары сынып оқушылары да смартфонды ерте көрген, қолданып өскен балалар саналады. Бастауыш пен балабақшаны айтпаса да түсінікті. Өркениеттің бұл жетістігіне аса көп жоламады деген жоғары сынып оқушыларынан басталық. Олардың біліміне, тәрбиесіне смартфон қалай әсер етіп жатыр? Шымкент қаласы, С.Нұрмағамбетов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Гүлзина Жанұзақова ханыммен сөйлесіп көрдік.

– Смартфон баршамыз қолданатын құралға айналды. Ал мектептердегі қолданыс аясы пандемиядан кейін тіпті артып кетті. Ол кезеңге дейін балалардың көбінде смартфон болмайтын да. Қазір оқушының 98 пайызының қолында бар. Балалардың білім деңгейіне келер болсақ, бәсеңдегенін байқамадым. Бұрынғыша бір сыныпта жақсы оқитын 3-4 оқушы, орташа 10-15 бала, сабаққа назар аудармайтын 4-5 бала бар. Бірақ смартфонның әлеуметтік тұрғыда кері әсері байқалып жатыр. Балалар үзілісте сыртқа шыққысы келмейді. Бірден телефондарына жармасып, сабақ басталғанда да қолдарынан тастамауға бар. Сондықтан сабаққа бірден кірісіп кету қиын. Бір байқағаным, смартфонға тәуелділік ер балаларда көп. Өйткені оларға арналған не түрлі ойындар мен бағдарламалар бар. Олар ойынның әрбір кезеңінен өту үшін барын салады. Ал қыздардың атыс-шабыс сияқты ойындарға аса қызықпайтыны белгілі. Мен балалардың оқу үлгерімінің төмендеуіне смартфондарды кінәлай беруге болмайды деп ойлаймын. Керісінше, бізге смартфонды дұрыс пайдаланып үйрететін арнайы пән керек шығар. Өйткені оқушылар смартфонды тек ойын үшін немесе басқа да болмашы нәрселер үшін пайдаланып жүр. Оның мүмкіндіктерін толық білмейді де. Сондықтан заманның озық жетістігін өз пайдамызға қолданған абзал болар. – Смартфон баршамыз қолданатын құралға айналды. Ал мектептердегі қолданыс аясы пандемиядан кейін тіпті артып кетті. Ол кезеңге дейін балалардың көбінде смартфон болмайтын да. Қазір оқушының 98 пайызының қолында бар. Балалардың білім деңгейіне келер болсақ, бәсеңдегенін байқамадым. Бұрынғыша бір сыныпта жақсы оқитын 3-4 оқушы, орташа 10-15 бала, сабаққа назар аудармайтын 4-5 бала бар. Бірақ смартфонның әлеуметтік тұрғыда кері әсері байқалып жатыр. Балалар үзілісте сыртқа шыққысы келмейді. Бірден телефондарына жармасып, сабақ басталғанда да қолдарынан тастамауға бар. Сондықтан сабаққа бірден кірісіп кету қиын. Бір байқағаным, смартфонға тәуелділік ер балаларда көп. Өйткені оларға арналған не түрлі ойындар мен бағдарламалар бар. Олар ойынның әрбір кезеңінен өту үшін барын салады. Ал қыздардың атыс-шабыс сияқты ойындарға аса қызықпайтыны белгілі. 
Мен балалардың оқу үлгерімінің төмендеуіне смартфондарды кінәлай беруге болмайды деп ойлаймын. Керісінше, бізге смартфонды дұрыс пайдаланып үйрететін арнайы пән керек шығар. Өйткені оқушылар смартфонды тек ойын үшін немесе басқа да болмашы нәрселер үшін пайдаланып жүр. Оның мүмкіндіктерін толық білмейді де. Сондықтан заманның озық жетістігін өз пайдамызға қолданған абзал болар.

Жоғарыда айтып өткенім-дей, бүгінгі жоғары сынып оқушылары қазіргідей толық смартфон пайдаланып өскен балалар емес. Гүлзина ханым сондықтан «бұрынғы балалардан аса айырмашылығы жоқ» деген қорытындыға келіп отыр. Өйткені бесікте жатып смартфоннан бесік жырын тыңдаған ұрпақ бастауыш сынып пен балабақшада әлі. Осы тұрғыда Шымкент қаласы, А.Назарбеков атындағы орта мектептің мұғалімі Әйгерім Жүнісбекова ханыммен бастауыш сыныптағы балалардың жайы туралы сөйлестік. Әйгерім ханым – 20 жылдам астам тәжірибесі бар ұстаз. Ұялы телефон туралы түсінік жоқ заманнан бері қызмет етіп келе жатыр. 

20 жылдық тәжірибемде бес сыныпқа жетекшілік еттім. Оқыттым. Бұрындары бір сыныптағы 25 оқушының жартысынан астамы айтқаныңа назар салып тыңдайтын еді. Түсінбесе, сұрайтын. Қазір осы тыңдай алатын балалардың өзі азайып бара жатыр. Бір сыныпта 7-8 бала ғана сөзіңді ден қойып, назарын тұрақтандырып тыңдай алады. Қалғандары басқа әлемде отырғандай. Атын атап, назарын өзіңе аудартып алмасаң, қайда отырғанын мүлде ұмытып кетеді. Оларға сабақтың басынан айтқаныңды қайта қайталауың керек. Бір емес, бірнеше мәрте қайталайсың. Қабылдауы баяу. Ал жауап-тары тіпті кешігеді. Және бұрынғы балалардай тақылдап жауап бере алмайды. Сөздерінің арасы бірікпей, үзіп-үзіп сөйлейтін балалар көп. 

Одан бөлек балалардың біразының іс-қимылында тежелу бар сияқты. Кейде сабаққа кіріп, киімін шешіп, тұрған орнында тұрып қалады. «Отырсаңшы» десең ғана өзінің мектепке келгені есіне түскендей жайғасады. «Кітабыңды ал», «дәптеріңді аш», «қаламыңды ұста» деп кейбір балаларға әрбір әрекетін айтып отыруға тура келеді. Өздігінен біліп, күнделікті әрекетін жасай бермейді. 

Бұл қаншалықты дұрыс-дұрыс емес екенін білмеймін, бірақ балалардан бала сияқты жеңіл аура сезе алмай жүрмін. Жанарлары солғын. Көздері от шашып, алқынып тұрмайды. Бұрынғы балалар үзіліс бола қалса асығып, бір-бірімен алыса кететін еді ғой. Қазір үзілісте де партада отыра беруге бейіл. Сергіту сәттеріне белсене қатыспайды. Ең бастысы, сабырсыз. Назары тұрақсыз. Сабақта көркемдік құралдарыңды, ойындарыңды деміл-деміл ауыстырып, жаңа нәрсе көрсетіп отырмасаң, жалығып кетеді. Зейіндерін тұрақты ұстап отыру қиындап барады баланың. Әрине, бұрындары да сабақты қатырмайтын балалар болатын. Бірақ олар тіке қарап, жауап бере алатын. Мұғалімнен аяқ тартып, ұялып та тұратын. Қазіргі балалардың осы жақтары да кемшін. Сабаққа құлшынысты кемітетін тағы бір нәрсе бар. Ол – сабақтан себепсіз қалу. Аздап ауырып тұрса, ұйқысы қанбай қалса сабаққа келмей қоя салатындар бар. Солай бағдарламадан қалып қояды. Ата-анасына айтсаң, олар да баласының ығына жығылып тұр.

Адамның ментальды денсаулығын қалыпқа түсірудің бірнеше қадамы бар.

Дұрыс тамақтану

Уақтылы ұйқы

Қимыл-қозғалыс

Еңбек ету мен демалу режимінің дұрыстығы

Қоғамдық қатынас

Қазіргі бүлдіршіндердің біразында осы бесеуі де бұзылған деуге негіз бар. Фаст-фуд немесе зиянды тағамдардан бөлек, телефон қарап отырып тамақтану бала асқазанын бұзады. Анығында, бала не жеп отырғанына мән бермейді. Тамақтан ләззат алу, тойғанын немесе қарны ашқанын сезбейді осылай. Ұйқының режимі де смартфонмен бұзылып жатыр. Жатар алдында көріп, миы тыныш таппайды.

Қимыл-қозғалысқа да зауқы жоқ. Өйткені телефоны бар. Басқасы қызық емес. Мойындаңызшы, өзіңіздің балалық шағыңыздағы ойындарды қазіргі балалар ойнай ма? Далаға асығып тұра ма? Осылай бойына енжарлық әбден сіңісті болған бала еңбек етуге, ата-анасына көмектесуге де зауқы болмайды. Одан гөрі жылай салғаны жақсы. Жыласа, ата-ана қалағанын істейді. Телефонын қойып беріп, «тыныш отырса болды» деп қашады. Осы 4 қадамның дұрыс болмауынан қоғамдық қатынастар да бұзыла бермек. Яғни балалардың ментальды денсаулығы өте нашар. Бұл туралы Алматы қаласындағы «Аяжан» балабақшасының тәрбиешісі Тоқсейітова Жәмилә Тоқсейітова ханым айтып берді.

– Бұрынғы бала, бүгінгі бала... екеуінің арасы жер мен көктей. Бұл мәселеге смартфонды кінәлауға толық негіз бар. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін сол экранға үңіліп отыр. Бала көргенін істейді немесе ата-ана миының тыныштығы үшін алдына тосады. Басты айырмашылықтарды айтып өтейін.
Біріншіден, қазіргі балаларға тақпақ жаттату өте қиын. Зейіні тұрақсыз және тақпақтың мәнін ұқпайды. Мұны ертегі тыңдауынан да байқауға болады. Бүгінгі балаларға ертегінің қызығы жоқ. Қалай айтсаң да, нендей ертегі айтсаң да саған ойсыз қарап отыра береді. Оларға мультфильм, болмады дегенде суреттерімен айтылатын ертегі керек сияқты. Яғни баланың естіп отырған әңгімесін визуализация жасауы өте төмен. Өйткені миын елестетумен ауыртпайды. Экраннан бәрі көрініп тұр. 

Екіншіден, бала тілі кеш шығады қазір. Өйткені смартфоннан түрлі тілде ән тыңдап, мультфильм көреді. Ата-анасымен, бауырларымен қатынасы аз (олар да телефонда  көріп отырады ғой). Тілінің кешеуілдеуіне бұл бір кедергі болса, қазақ тіліндегі бейнелердің сапасының нашарлығы тағы бір себеп. Өйткені бала әртүрлі тілде контент көреді. Әсіресе орыс тіліндегі бейнелерге әуес. Осылай олардың тілі бірінші орысша шығып, соңынан қазақ тілін үйретеміз. Үлкен жастағы балалардың көбі берілген суретке қарап сөйлем құрай алмайды. Мектеп жасына жетіп отырғандардың өзінде тіл мүкістігі баршылық. Көп дыбысқа тілі де келмейді. Бұрындары 3 жасқа толған баланың тілі таза болатын. Сұрағыңа жауап беріп, тақпағын жаттап жүретін еді. 

Үшіншіден, бала жүйкесінің жұқаруы. Қолынан телефонын тартып алсаң, ашуланып, қырсығып, ештеңеге назар аудармай қояды. Сурет салдырып, не түрлі құрастырушы ойыншықтармен немесе далаға шығарып алдарқатамыз.

Менің қызым балабақшаға барады. Бірде балабақшадан қайтып келе жатып: «Папа, маған Салсабильдікіндей телефон әперші», – деді. «Әрине, әперемін» деп айта қойдым. Ертесі күні ол әлгі құрбысының телефонын көрсетті. Расы керек, ойыншық телефон шығар деп ойлаған едім. Жоқ. Кәдімгі телефон. Балабақшаға ұстап келеді екен. Осылай қызым екеуміздің арамызда келіспеушілік туды. 

Жәмилә ханымның сөзінің жаны бар. Өйткені балабақшадағы ертеңгіліктерінде 5-6 бала ғана тақпақ айтады. Басқасы би, ойынға араласқаны болмаса, ләм деп тіл қатқанын көрмеймін. Жұрт тәрбиешілерді, мұғалімдерді кінәлап жатады. Бірақ үйінде телефон көретін баланың балабақшада тыншып отыруы екіталай екенін ата-ана түсінуі керек. Бала тәрбиесі тек балабақшаның немесе мектептің ісі емес.

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2024

937 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы