• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 17 Қараша, 2020

Әлеуметтік желідегі қарым-қатынас әдебі қандай?

Қазір біздің жұмысымыздың тең жартысы әлеуметтік желі арқылы бітеді. Кейіпкерлермен сөйлесу, жарнама беру, оқырманмен кері байланыс секілді жұмыстардың көбі әлеуметтік желі арқылы атқарылады. Кейде оқырманнан келген хаттар тіксінтіп те тастайтын кез болады. Аман-саулық сұраспастан бұрын, бірден шаруаға көшетін оқырмандарымыз бар. Бұл олқылықтың орнын қалай толтыруға болады? Әрине, бәрі әдептен басталады.

Өмірдегі қарым-қатынас әдебі сияқты әлеуметтік желінің де сөйлесу әдебі, жазылмаған ережесі бар. Кіммен қарым-қатынас жасасаңыз да желі ережелерін ескеру керек. Өкінішке қарай, көп адам мұны ескере бермейді. Әлеуметтік желіде тұтынушылармен жұмыс істейтін SMM маманы Ақерке Камалдың айтуынша, желіде отырған әр адамның көңіл-күйі әртүрлі болады. Бәрімен сыпайылық сақтап сөйлесу қажет.

«Әлеуметтік желінің тілін меңгеріп (SMM), монетизациялауды үйренгелі 2 жылдан асты. Осы екі жылдың ішінде көп адаммен виртуал түрде қарым-қатынас жасадым. Мен жүргізетін Инстаграм аккаунттардың басты мақсаты – сату, оның ішінде онлайн білім (курс, марафон) кітап сату. Бұл жағдайда адамдармен көбіне іскерлік, сату мақсатында диалог өрбітемін. Өкінішке қарай, көп адам әлеуметтік желіде сөйлесу, қарым-қатынас орнату әдебін білмейтінін жиі аңғарамын. Әрине, бұл өмірде де солай деген сөз емес», – дейді Ақерке Камал.

SMM маманының пікірінше, сөйлесу әдебі бойынша адамдардың үш типі бар:

Асығатындар. Аман-саулық сұраспастан, бірден іске көшетіндер. Олардың диалогы – «Кітаптың бағасы қанша?» деп басталуы мүмкін. Ал маман ретінде менің жауабым бірінші амандасудан басталады: «Сәлеметсіз бе! Бағасы: 5 000 теңге. Оны сатып алу үшін...» деп жалғасады. Бұл жерде дөрекі ештеңе жоқ. Адам саған клиент ретінде келіп тұрған соң, ол амандаспаса да, сіз амандасып, клиентті ұстап қалудың жолын жасайсыз. Ал егер ол адам амандаспады екен деп, сіз де хатыңызды аман-саулықсыз бастасаңыз, онда бұл – әлеуметтік желінің тілін меңгерген SMM маманына сын.

Шыдамсыздар. Әдетте хаттың көптігінен бәріне өте жылдам жауап берілмей қалады. Көп дегенде 1-2 сағат күтіп қалатын кездер жиі болады. Сол кезде «Еееу? Жауап қайда?», «Алло?», «Ұйықтап қалғансыңдар ма?», «Неге жауап жоқ?» деп жазатындар болады. Бұл хаттардан кейін ол адаммен диалогты жалғастыру оңай емес.

Бір минуттық аудиожазба жіберетіндер. Иә, бұл топтағылар да аз емес. Этикет бойынша аудиожазба жақындарға, дос-таныстарға жіберіледі. Ол жазылмаған заң десек те болады. Ал іскерлік, ресми қарым-қатынаста аудиожазба жібермеген абзал. Неге десеңіз, біріншіден – аудионы жазба түрінде ықшам жеткізуге болады. Екіншіден – уақыт. Сіз уақыт үнемдегенмен, аудионы тыңдап отырған адам керісінше, уақытын шығын қылады. Сондықтан аудиожазбаңыз тыңдалмай да қалуы мүмкін.

Іскерлік қарым-қатынас жасағыңыз келсе, мына ережелерді есте ұстаңыз:

1. Кімге жазып жатқаныңызға мән беріңіз. Егер сұқбаттасушыңыз танымал тұлға немесе белгілі бір саладағы маман болса, сондай-ақ ресми парақшаларға жазғанда ең бірінші сәлемдесіп, өзіңіздің кім екеніңізді айтыңыз. Кейде желі қолданушылары түсініксіз лақап аттар мен суреттердің артына жасырынады. Сондықтан сұқбаттасушыңыз оған кімнің қандай өтінішпен немесе ұсыныспен жүгініп тұрғанын түсінбеуі мүмкін.

2. Одан соң не үшін жазып тұрғаныңызды айтып, сұрағыңызды жолдаңыз. Бәрін түсінікті, сауатты жазуыңыз керек. Орфографиялық және пунктуациялық ережелерді сақтау маңызды.

3. Жауап берілмей жатса, қайта-қайта жазып, мазасын алмаңыз. Айтқыңыз келген нәрсені бір хатпен қысқа да нұсқа жазыңыз. Алайда сөздерді қысқартып жазбаңыз. Сұқбаттасушыңыздың уақытын сыйлаңыз. Смайлик қолдану шарт емес. Оны жақын досыңызбен хат алмасқанда қолдануға болады. Іскерлік қарым-қатынаста смайлик қолдану әдепсіздікке жатады.

4. Хатты беймезгіл уақытта жазбаңыз. Мүмкін болса, күндізгі уақытта жіберген абзал.

5. Жазған хатыңызда эмоция болмағаны жөн. Талап етуге, бұйырып сөйлеуге болмайды. Сондай-ақ леп белгісін қолдану ресми қарым-қатынас әдебіне жатпайды. Барынша мәдениет пен сыпайылық сақтаңыз. Сонда сұқбаттасушының да сеніміне ие боласыз.

Қазіргі заманауи іскерлік байланыс барысында түсінікті жеткізу, өзгелерге ыңғайсыздық туғызбау, тиімді диалог құру маңызды. Осы бір қарапайым ережені білу көп кітап оқуды қажет етпейді. Қай кезде де әдеп, мәдениет деген құндылықтар бірінші орында тұруы тиіс.

Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №11
Қараша, 2020
 

595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы