• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 01 Желтоқсан, 2020

Егерде жаңа жыл мерекесін тойламасақ...

Егер бұл мәселе осыдан 20 жыл бұрын көтерілсе, 95% қарсы пікір туғызары сөзсіз еді. Бірақ бүгінде бұл көрсеткіш біршама құлдырады. Жаңа жыл мерекесін өзге ұлттың мейрамы деп немесе діни сенімдеріне байланысты тойламайтын азаматтар жетерлік. Ал бұл мерекені расында да еліміздегі ешбір отбасы тойламайтын болса ше?

Бұл жағдайда әрбір адамның қалтасында шамамен 25-30 мың теңге жұмсалмай қалатын еді. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болса, әрбір Қазақстан азаматы жаңажылдық сыйлыққа 10-30 мың арасында ақша жұмсайды екен. Ал отбасындағы жаңажылдық дастарқанның құны – шамамен 15 мың теңге.

Жаңажылдық дастарқанның сәніне айналып, иісі мұрын жаратын мандарин екеніне дау жоқ. Жыл сайын Қазақстанға шет елдерден 60 мың тоннаға жуық мандарин жемісі келеді екен. 2019 жылғы статистика бойынша, қаңтар-қазан айлары арасында 22 мың тонна мандарин әкелінген. Сонда Қазақстан халқы орташа есеппен жаңажылдық мереке қарсаңында (қараша, желтоқсан айларында) 35 мың тоннаға жуық мандарин жейді.

Бұл күнгі дастарқанның тағы бір сәні һәм символы – оливье (кей жерлерде «ет салаты» деп аталады) салаты. Ал бұл салаттан 31 желтоқсан күні шамамен 95 мың келі салат дайындалады. Жұмыс орындарының көбі қызметкерлеріне сыйақы төлейді. Осы мереке қарсаңында қалтасы қалыңдай түсетін такси жүргізушілерін де сөзге қоса кеткен абзал. Қарапайым күндері Алматы қаласындағы кептеліс кезінде такси тарифі шамамен 50-75 пайызға өсіп кететінін байқаймыз. Ал мереке кезінде бұл тариф 2,5-3 есеге дейін өсуі ықтимал. Яғни такси жүргізушілерінің де табысы осы мереке қарсаңында кемі 3-4 есеге өседі.

Салют, фейерверкті де ұмытпаған абзал. Өйткені бұл – жаңажылдық мерекенің сәні. Алматы қаласы әкімдігі жыл басында 67,2 миллион теңгеге тендер жариялаған еді. Наурыз, Жеңіс күні және жаңажылдық салют ұйымдастыру Алматы қаласы қазынасына осынша ақша шығын келтірген. Бұл ақшаны ойша үшке бөлсек, 22,4 миллион теңге шығар еді. Бірақ оның соншалық көрікті болатынын да ойлауымыз керек шығар.

Қорыта келгенде, еліміз жаңа жылды тойламайтын мемлекеттер қатарында болғанда, біз санамалап өткен дүниенің ешбірі болмас еді.

– азаматтар 30 мың теңге үнемдеп, бірақ айлық есебіндегі сыйақылардан қағылар еді;
– шамамен 30 мың тонна мандарин Қазақстанға кіргізілмейтін еді;
– 95 мың тонна оливье салаты жасалмайтын еді;
– такси жүргізушілерінің табысы 3-4 есе өспейтін еді;
– қала қазыналарынан жаңажылдық салютке бөлінетін ақша үнемделетін еді.

Біз келтірген статистиканы қарап отырып, ойланып көріңізші. Бізге Жаңа жыл мерекесі қажет пе?

Өз ойымызды айта кетсек, Жаңа жыл мерекесі – расында да ғажайып мереке. Өйткені қуанышты көңіл-күй, қосымша табыстардан бөлек бұл мереке адамның өз-өзіне есеп беретін мерекесі. Күнтізбелік жылды қорытындылап, алдағы жылға жаңа құлшынумен, жаңа энергиямен кіретін мереке.

Құрметті оқырман! Сіздерді жаңа 2021 жылыңызбен құттықтаймыз! Жаңа жыл әр отбасына жаңа табыс, бақыт, береке әкелсін!

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

435 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы