• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 14 Желтоқсан, 2020

Желтоқсан бірде...

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...

1986 жылдан бастап тұтас қызыл өкімет территориясында бірінен соң бірі бас көтерулер басталды. 1988 жылғы таулы Қарабаққа таласқан армяндар мен әзірбайжан халқының арасындағы қақтығыс, осы жылы 250 мың адам қатысқан Вильнюс көтерілісі, 1989 жылғы кеңестік билікке наразылығын жасырмаған грузин халқының Тбилиси көтерілісі, қырым татарларының атамекенге оралу туралы қозғалысы... Осы наразылықтың барлығының бастауында қазақ, қазақ жастары тұр. Олар 1986 жылы-ақ билікке өз ойларын ашық айтты. Езгіге енді төзе алмасын білдірді.

Осы жылы еліміздің басшылығына, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болып Геннадий Колбин сайланған болатын. Бұрын-соңды қазақ даласын көрмеген, халқының тұрмыс-салтынан мүлде хабарсыз және өзге ұлттың өкілінің мемлекет басына келуі қазақ жастарының ашуын келтірді.

15 мемлекетті бір қапқа салып, аузын жақсылап буып, жыртылған жерін жамай берген КСРО осы жылдары енді жамаумен құтыла алмасын анық ұқты.

Деректерге сүйенер болсақ, 1986 жылы сол кездегі Брежнев алаңына 20 мыңнан астам адам жиналған екен. Олардың қолында арнайы плакаттар, ұрандар болды. Яғни бұл көтеріліс стихиялық емес, ұйымдастырылған көтеріліс. Бұл туралы екі-үш оқиғаны айта кету керек.

Ақ-қара волгалар

Біршама деректерде 16 желтоқсан күні студенттер мен жұмысшылар жатақханаларының алдында қара, ақ түсті «Волга» автокөліктерінің көптеп жүргенін айтады. Бұл мемлекеттік бақылау қызметкерлері немесе ұйымдастырушылар екенін ешкім білмейді. Бірақ Колбиннің сайланғанынан әлі бейхабар студенттерді не үшін бақылау керек? Сонда мемлекет басшылары Г.Колбинді сайлай отырып, соңы тыныш болмасын білді ме екен? Ақылға қонымсыз. Сондықтан бұл «Волгадағылар» үгіт-насихат жүргізушілер болғанға ұқсайды. Әрине, олар бүкіл студенттерді емес, әр жатақханадан сөзі өтер азаматтарды жинаған. Бірақ бұл ұйымдастырушылар кім? Кеңестік билікке қарсы шығу кімге тиімді болды? Бұл жағы жасырын. Қашан жарыққа шығары тағы белгісіз. Яки Желтоқсан оқиғасының әлі де болса көлеңкелі тұстары баршылық.

Желтоқсан оқиғасының шетелдегі қазақтарға әсері 

Оқиға болған уақытта шетелдерде, әсіресе әскерде жүрген қазақ жастары біраз қудаланғанға ұқсайды. Олардың айтуынша 1986 жылдың 17-18 желтоқсан күндері бүкіл әскердегі қазақтарды жинап, бірнеше күн қамап ұстаған. Тіпті кейбір жерлерде соққыға да жыққан екен. Тұтас ұлты қазақтың бәрі не болғанын түсінбейді. Олар бұл оқиға туралы елге келген соң бір-ақ білген. Ұлт тарихындағы бұл қасірет қазақ жадында мәңгі сақталары анық. Оған қоса бұл оқиға қазақ тарихында, өнерінде қалды.

Тарихи еңбектердегі Желтоқсан

Баспа бетіндегі мақалаларды, әр жылдары жарық көрген естеліктерді қоспағанда, бүгінде Желтоқсан оқиғасы туралы сүйекті 10 еңбекті атауға болады. Олардың ішіндегі ең бастысы – М.Шахановтың үш бөлімнен тұратын «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романы.

1989 жылы Кремльде өткен КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде Желтоқсан оқиғасы туралы сөзі, оқиғаның анық-қанығын тексеру үшін комиссия құруға М.Горбачевті мәжбүрлегені – М.Шахановтың ерлігі. Бұл жылдары одақ территориясында болған бүкіл көтерілістер туралы халық депутаттары ашық айтып жатқанда, Қазақстаннан сайланған 19 депутат Желтоқсан туралы айта алмаған. Тек М.Шаханов қана мінбеге сұранып, регламенттен асып, 4 минут бойы қазақ жастарының жазықсыздығын алға тарта сөйледі. Кейіннен «Желтоқсан эпопеясы» атты романы жарық көрді. Бірақ бұл романнан «Желтоқсан шындығы толық ашылған жоқ» деген сөздерді оқимыз.

Тағы бір үлкен еңбек «Желтоқсан-86» деп аталады. Бес том. Құрастырушылары Б.Әбдіғалиев және Б.Көрпебайұлы.

1-кітап «Ұлт теңдігі көтерілісі» (естеліктер), 2-кітап «Намыс оты алаулаған» (жапа шеккендер туралы), 3-кітап «Тәуелсіздік осылай басталған» (Желтоқсан оқиғасының себеп-салдыры, толық баяны, бүгінгі тәуелсіздікке тигізген үлесі), 4-кітап «Әділет жолындағы қасірет» (жастарды жазалауға берілген бұйрықтар мен олардың авторлары туралы), 5-кітап «Елдікті сақтаған ерлік» (Желтоқсан оқиғасының бүгінгі тілімізді, жерімізді сақтап қалудағы орны туралы).

Дегенмен бұл кітапта да оқиғаның толық анық-қанығы айқындалмаған. Кітапты оқи отырып алаңдағы жағдайлармен анық таныссақ та, алаң сыртындағы дүниелерді толық байқай алмаймыз. Бұл қатарға Талғат Айтбайұлы құрастырған «Алматы. 1986. Желтоқсан» атты 5 томдық еңбегін де қоса аламыз. Еңбек көп. Бірақ М.Шахановтың сөзі тек өзінің ғана емес, тұтас Желтоқсан оқиғасы туралы еңбектерге қатыстылығы жан қиналтады.

Кино лентасындағы Желтоқсан

Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген фильм екеу ғана. 1991 жылы Талғат Теменов түсірген «Қызғыш құс» фильмі мен 1993 жылы Қалдыбай Әбенов түсірген «Аллажар» фильмі. Бірақ біз бұл екі фильмді де 16 желтоқсан күндері телеарналардан көре алмаймыз. Жастар білмейді де. Десек те бұл екі картина қазақ киносының алтын қорына енуі тиіс. Өйткені екі фильм де сол бір қиын кезеңдерде және дәл уақытында түсірілген туындылар болатын.

Т.Теменов «Қызғыш құс» фильмін өзіне тән лирикалық атмосферада түсірген болса, Қ.Әбенов «Аллажар» киносында батыл қадамдарға барды. Саяси биліктің сатқындығын, қазақ зиялыларының көпшілігінің сол кездерде бұғып қалғанын да ашық көрсетті. Кинотуынды қазақ тарихындағы бүкіл хандар мен билеушілерді, кеңес тұсындағы мемлекет басшыларының барлығын санамалап шыққан. Осы арқылы қазақ басынан қасіреттің арылмағанын көрсетуге тырысады. Ал фильмнің басым бөлігі алаңдағы жастардың жанайқайы мен олардың жантүршігерлік азаптарын көрсетеді. Шаштан сүйреліп, итке таланып, тірідей шұңқырға лақтырылған жастар... Аязды күні мұздай судың екпінінен ығып, керзі етіктердің астарында тапталған қазақ қаракөздері... Ал бұл жаныңды шыжғырар оқиғалар қазақ қызының, жігіттерінің шырылдаған үнінің астарында жүріп жатады. Кинотуынды қазақ қана емес, кез келген адамның жанын жауратар еді.

Талғат Теменовтің «Қызғыш құс» туындысы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Санжар атты кейіпкердің айналасында өрбиді. Ол қаладан қашып, пойыз жол қызметкері Зина есімді апаның үйінен пана тапқан. Желтоқсандағы жастарға тағылған айып, бұл тұста Санжарға Зина апаның аузымен айтылған еді. «Алқаш, ұрысың» дейді. Бұл бірақ алғашқы кездесуде, қаңғып келген кейіпкерді көре сала айтқаны болатын. Кейіннен екеуі табысып кетеді. Орыс ұлтының кейуанасы мен қазақтың баласының достығы – ұлттардың бір-біріне жаулығы болмайды дегенге үндейтін іспетті. Бұлардың айдаладағы үйлеріне теміржол басшылары арақ ішуге келіп тұрады. Олар бір келісінде Зинаға үш айлық бұзауын сойдырған еді. Бұл әрекет сол кездегі мемлекеттің саясатына ұқсайтын. Жалпы кинода бар қасірет адамдардың диалогы мен көзқарастары арқылы берілген. «Аллажар» фильміндегідей ұлттық тұрғыда қасірет көрсетілмесе де, адамдық тұрғыдағы қасіреттің көрінісі тым терең. Әсіресе Санжардың пойыз ресторанындағы кішкене баламен диалогы кім-кімді де елжіретер еді. Көңілсіз отырған Санжарға кішкене бала:

– Саған да апаң ұрысты ма, – дейтін. Екеуара мөлтек әңгімеден соң, балақай тұрып бара жатып: «Еңсеңді түсірме. Жігіт емеспіз бе?!» – деп Санжарға көзін қысады. Бұл қазақтың жаңа ұрпағының, ертеңгі Желтоқсан құрбандарын еске алатын ұрпақтың бар екенін көрсететіндей.

Зинаның үйіне арақ ішуге келе беретін теміржол басшылығы өте жиіркенішті көрсетілген. Білімсіз, мәдениетсіз... Сол кейіпкерлерді көре отырып антрополог О.Смағұлдың: «Кеңес өкіметін ешкім құлатқан жоқ. Олар өз-өздерін құлатты. Шолақ белсенділерді, білімсіздерді, ұраншылдарды билікке әкеле отырып, өз тамырына балта шапты», – деген сөздері ойға орала берді.

Екі туындының жанры екі басқа. Бірі бәрін ашық көрсетіп, жара аузын аяусыз тырнап қанатқан болса, екінші туынды мұның бәрін нәзіктікпен, лирикамен жеткізді.

Көркем әдебиеттегі Желтоқсан

Желтоқсан оқиғасы туралы әдебиетімізде де біраз туындылар бар. Оның ішіндегі жұртқа ең танысы М.Шахановтың «Желтоқсан алаңы» өлеңі екені даусыз.

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер...

Бұл жолдардың қасіретін кез келген қазақ сезініп, кез келген жас буын өлеңнің ырғағына ілесе алады. Көп ақын Желтоқсандағы жастардың жанайқайын поэзиясына арқау етті. Көп жыр жазылды. Бірақ толыққанды прозалық шығармалар аз. Бұл қатарда екі шығарманы атай аламыз. Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» атты романы мен Жүсіпбек Қорғасбектің «Желтоқсан» әңгімесі. Екі әңгімені де жоғарыда атаған екі кино секілді талдауға болады.

Т.Сәукетаев романы «Аллажар» фильміне ұқсас, желтоқсан оқиғалары эпопеялық тұрғыда суреттелген. Бұл шығарма жазушының «Қилы тағдыр» атты романдар циклінің беташары. Романда осы кезеңдерде тарих сахнасына шыққан бүкіл тарихи тұлғалардың образын ашып көрсете отырып, алаңда, оның сыртында болған бүкіл оқиғаларды жан-жақты ашып көрсетуге тырысады.

Ал Ж.Қорғасбектің «Желтоқсан» әңгімесі Т.Теменовтің «Қызғыш құс» фильміне ұқсайды. Сюжеттік желісі бөлек, әрине. Тракторшының жын соққандай көзі қарауытып, қайта-қайта арақ шишасын ұстай бергенінен басталады әңгіме. Шығарма басы өзіне кіргізбей, оқырманды сырт ұстайды. Жол шетінде мал жүргендей бірдеңе қараңдай береді. Жүргізушінің ойлары шатасып, тракторының алдындағы түргішке қарайлайды. Бір ойы – ауылға кіргізбей тастап кету. Әлден уақытта бағанағы мал деп ойлаған қараның бір пальто жамылған екі қыз екенін аңғарып тоқтайды да, жаурап, тоңып қалған екі қызды кабинасына отырғызып, арақты бөліп құйып береді. Екі қыз «көкем-ау, әкем-ау» деп жылауға басқанда, бұл да өзінің қалай жылап жібергенін білген жоқ. Үшеуі ауылға үнсіз кіреді бірақ. Осы сәт трактор кабинасында сіз үш емес, төрт адам екенін аңғарасыз. Ол төртінші жолаушы – оқырман, яки өзіңіз. Сол сәтте ғана сіз тракторшының карьерге тасталған жастарды сүруші екенін, екі қыз сол карьерден қашып шыққан желтоқсаншылар екенін түсінесіз. Ал тым беріліп кетсеңіз өзіңізді алаңда болып, карьерге тасталған жастардың бірі сезінуіңіз де ықтимал. Жаурап, жасынап, соққы жеп денеңіз ауырып қалған...

Сурет өнеріндегі Желтоқсан

Қазақ сурет өнерінде де Желтоқсан қасіреті жазылмай қалмады. Бірақ дәл уақытында жарыққа шығып, көрмелерге қойылғаны аз. Бұл қысымның әсерінен болса керек. Десек те біздің қолымызға түскен 4 картина бар.

1. Ерден Зәкібай. «Желтоқсан».
2. Өмірбек Жұбаниязов «Құрбандық».
3. Әбдірашит Сыдыханов «Өз күшіктерін жалмап жатқан ит». 1988ж.
4. Өмірзақ Рыстанұлы «Желтоқсан». 1992ж.

Алғашқы екі картина 2010-2017 жылдар аралығында салынған. Интернет беттерінен картинаның дәл қай жылы салынғаны табылмады. Бірақ екі картина да жаңа заманда салынғаны көрініп тұр.

Е.Зәкібай картинасында алаңға шеп құрып шыққан жастардың фонына қызғалдақтар суреттелген. Оның арғы жағында – Алатау. Картинадан қасіретті келбет байқау қиын. Расында жастар қарсылық арқылы қасірет сұрап барған жоқ алаңға. Олар өздеріне осынша қарсы күш көрсетілетінін де білмеді. Бар сұрағаны қазаққа жаны ашитын, қазақтан шыққан басшы еді. Ал қызғалдақтар жастардың қаны секілді және бұл қызғалдақ гүлінің қан көп төгілген жерге шығатыны туралы аңызға бастап тұрғандай.

Ө.Жұбаниязовтың «Құрбандық» картинасы желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековке арналған. Картинаға қарап тұрып сол Қайраттың:

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық.
Атам десең атыңдар! – деген өлең жолдарын оқуға болардай.

Желтоқсан оқиғасына уақытынан аз кешігіп үн қатқан бір суретші болса, ол – Ә.Сыдыханов екеніне дау жоқ. Оның «Өз күшіктерін жалмап жатқан ит» картинасына қарап жаның түршігеді. Жоғарыда үш айлық бұзауды сойған «Қызғыш құс» фильмінде атап өткен мәселе, осы картинада тіпті терең көрініс тауып тұрғандай. Бір күшігін емізіп, бір күшігін талап жатыр. Біз білеміз ғой, бұл иттің қай күшігін емізіп, қай күшігін талап жатқанын...

Ө.Рыстанұлының «Желтоқсан» картинасы түсінуге тым ауыр. Мұнда ашық қасірет пен қайғыдан гөрі сол қасіреттік философия басымдау. Бәлкім қасірет үштағаны деуге болатын шығар.

Ескерткіштердегі Желтоқсан

Желтоқсан оқиғасына арнап қойылған ескерткіш көп емес. Олардың біразы жекелеген Желтоқсан қаһармандарына арналған бюсттер. Сонымен қатар «саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған ескерткіштердің бұл оқиғаға қатысы бар. Десек те жекелей Желтоқсан оқиғасы мен оның құрбандарына арналған ескерткіш Алматы қаласының Желтоқсан көшесіне орнатылған. Дәл баяғы қанды, қасіретті, қасиетті оқиға өткен жерде тұр. Тимур Сүлейменовтің жобасы бойынша жасалған ескерткіш «Тәуелсіздік таңы» деп аталады. Бұл ескерткіштің бойынан тәуелсіздікке деген ұмтылыс та, қуаныш та, қасірет те табылады. 1986 жылғы оқиғаның рухани көрінісінің тас мүсіні...

Желтоқсан оқиғасы қазақ өнерінде осындай туындылармен қалды. Бұл тарихи оқиғаға қатысты әлі талай көркем дүние жазылып, әлі талай кино түсірілер. Қаншама картина жазылып, қаншама ескерткіш ашылар... Бірақ бұл ескерткіштің барлығы Желтоқсан оқиғасы тұрғызып кеткен ең ұлы, алып ескерткіштің қасында түкке тұрмайды. Ол ескерткіштің аты – Тәуелсіздік!

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2020

3368 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы