• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 20 Қаңтар, 2021

Тәуелсіздік жастары: Не берді? Не беруі керек?

Биыл Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толмақ. Яғни Тәуелсіздіктің толқыны, «Тәуелсіздік ұрпақтары» қалыптасып, олардың алды орда бұзар отызға келді. Не істеп үлгерді? Еліміздің сырттағы абыройын асқақтатып, ішкі экономикамызды көтеруге еңбек сіңірген кімдер бар? Бүгінгі отыз жасқа дейінгі азаматтарымыздың арасынан үлгі тұтар кім шықты? Бұл сұраққа тоқталмас бұрын халқымыз бен әлем тарихындағы осы тақылеттес тұлғаларды бір шолып өтсек артық болмас.

М.Дулатұлы 25 жасында қазақтың тұңғыш романын жазды. Қазақ тәуелсіздігінің негізгі іргетасы боларлық Алаш үкіметінің орнауына отызға жетпес жасында жанын сала қызмет етті. Бұл топқа С.Торайғыров, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев сынды бүкіл ХІХ ғасыр соңында дүниеге келіп, 30-38 жылдар аралығында қорғасын оқ құшқан зиялыларды қосуға болады.

Қазақ этнографиясын жүйелеп қағазға түсіріп, артына баға жетпес еңбек қалдырған Ш.Уәлиханов та осы істің бәріне отыз жыл ішінде үлгеріп кетті. 
Бұл тізімге қазақтың кез келген батыры мен биін, ханы мен төресін қоса аламыз. Өйткені олардың ішінде отызға дейін орда бұзбағаны кемде кем. 
Бірақ қазақ ғылымы, әсіресе жаратылыстану ғылымы мұндай көрсеткіштермен мақтана алмақ емес. ХХ ғасыр басына дейін Тәуелсіздігі үшін күресіп, ХХ ғасыр бойы қызыл идеологияның құрсауында болған ұлтымыз жаратылыстану ғылымында жас ғалымдар шығара алмады. Өкініштісі – осы. Әйтпесе, осы жасқа жетпей-ақ әлемге аты жайылған физика, химия, медицина ғалымдары жетерлік. 

Бүгінгі күні дүниежүзінің зағип жандары қолданатын Брайль әліппесін ойлап тапқан шақта Луи Брайль небәрі 16-17 жастағы студент болған. 1915 жылы Уильям Лоренс Брэгг физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанған. Бұл шақта Лоренс 25 жастағы бозбала. Арада 106 жыл өтсе де Лоренстен жас ғалым физика саласы бойынша Нобель сыйлығын алған емес. Медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын 1923 жылы Фредерик Бантинг иемденген. Ол инсулин гормоны мен оның емдік қасиеттерін ашқаны үшін алған еді. Бұл кезде оның жасы 32-де болды десек те, негізгі жаңалығын 2 жыл бұрын жасағанын, 1923 жылға дейін тәжірибеден өткізгенін ұмытпауымыз керек. 

Ал бүгінгі Ньютоннан басталған классикалық физиканы жоққа шығарудың табалдырығында тұрған кванттық механика теориясының авторы Вернер Гейзенберг өз жаңалығы үшін Нобель сыйлығын алған шағында 31 жаста еді.

Стив Джобс ең алғашқы компьютерін жасаған кезде отызға жетпеген азамат. Facebook желісін Марк Цукерберг 20-дан асар-аспас жаста ойлап табады. Мұндай мысалдарды әнші, актер, кәсіпкер, спортшылардан көптеп келтіруге болады. Бірақ әлемдік деңгейдегі мұндай жұлдыздарды бәріміз білеміз. Сондықтан бұл салалар бойынша енді тек отандық тұлғаларға тоқталамыз. Және бәріне бірдей емес, тек әлемдік аренаға шыққандарына ғана.

Әлемдік аренадағы қазақ спортының ұрпағы бүгінде толық ауысты деп айта аламыз. Біздің жас боксшыларымыз, ауыр атлеттеріміз әлемдік аренада жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Бұл қатарға әлемдегі ең дамушы спорт түрі – киберспорт пен ережесіз жекпе-жекті қосыңыз. Бұл екі салада да Тәуелсіздік ұрпақтары еліміздің еңсесін еңкейте қоймады. 

Қазақстан мен футбол ұғымдары бір сөйлемге сыймастай көрінсе де, еліміз футзалдан (кіші футбол) әлемдік алпауыттардың алдыңғы қатарында келе жатыр. Қазір қазақтың аты шетелдерде Димаш Құдайбергеновпен бірге аталатын болды. Ғажайып дауысымен дүниежүзінің сахналарын бағындырып, сол сахна төрінде қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп жүрген Димаштың бұл еңбектері келесі ғасыр басына бізге жеткен Әміренің артынан ерген аңыздардай жетері сөзсіз. 

Кино өнерінде тәуелсіз еліміздің тәуелсіз режиссерлері әлемдік әртүрлі кинофестивальдерден көрініп жатады. Олар дәл біз межелеген отыз жаста болмаса да, өмірінің есті кезеңі Тәуелсіздік кезеңінде өткен өнерпаздар. Олардың қатарында Ә.Ержанов, Е.Ескендір, Э.Байғазин сынды киногерлерді атасақ болады. «Канн» фестивалінің «Үздік актрисасы» номинациясының жеңімпазы С.Еслямова да тәуелсіздіктің ұрпағы атануға толық құқы бар. 

Қазақ киносы деген тұста әлемдік экшн фильмдердің көрінбейтін жұлдыздары саналатын каскадерлерімізді де атай кеткен жөн шығар. Әсіресе Nomad орталығының каскадерлері көп сұранысқа ие екенін атап айтқан абзал. Ал бұл жігіттердің барлығы дерлік біз межелеген отыздың арғы жағы мен бергі жағында.

ХХ ғасыр басында әлемдік модернге ілесе кеткісі келіп, кеңестік реализм бағытымен тұсауланған әдебиетіміз спорт пен кино саласы секілді бізді қуанта алмай келеді. Әлемдік әдебиет кеңістігінде тәуелсіздік ұрпақтары түгілі буыны бекіген қаламгерлеріміздің өзі өте сирек айтылады.

Ал ғылымда ше? Тәуелсіздік ұрпақтары нендей жетістікке жетті? Интернет беттерін ары-бері ақтарып отырып, бұл саладан да ауыз толтырып айтарлық жетістік таба алмадық. Әдебиетіміз секілді ғылым кеңістігінде де қандастарымыздың аты атала бермейді екен. 

Неге? Қазақ баласының ғылымға икемі жоқ па? Әлде біздің топырақ тек спортшы мен өнерпаз тудыра ма? Егер олай десек әл-Фарабиді, Ұлықбекті қайда қоямыз? Отырардың айтып та бітпес, айтпай да бітпес кітапханасын қайтеміз? Әлде біздің бойымыздағы спорт пен өнерге мықтылығымызды соңғы 8 ғасырды соғыспен өткеріп, ертегідегідей батырға зәру болғанымыздың инерциясы деп түсіндіреміз бе? Бірақ бұл сөзіміз себеп түсіндірмесінің терісін жамылған ақталу болып шықса қайтпекпіз? 

Сұрақ өте көп. Жауап та аз емес.

«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ы Президенті Әділ Ыбыраев еліміздің дәл осы ғылым саласындағы кемшіліктерін санамалай отырып, олардың шешімдерін көрсеткен. Ғалымның пікірінше, бүгінгі қазақ ғылымындағы басты кемшілік – ғылым мен экономиканың, инновация мен отандық кәсіпкерлердің арасындағы алшақтық. Яки еліміздің бюджетінен ғылымды, инновациялық технологияларды дамытуға ақша бір бөлінсе, өнеркәсіп орындарындағы технологияларды шетелдік құрылғылармен алмастыруға тағы ақша бөлінеді. Сонда ақша бөлініп отырған ғылымға сенімділік жоқ. Мемлекет өзі бөлген қаржының жемісін экономикалық өсім үшін пайдаланбайды. Ал мұның өзінің тағы бір себебі бар. Бюджеттен бөлінетін қаржы 7 бағытқа бөлінеді. Бұл бағыттар бойынша жұмыс істейтін қаншама зерттеу институттары бар. Солардың әрқайсысы бөлінген қаржының аздаған бөлігін табысына ала отырып тиімсіз қаржы жұмсауға бой алдырып отырмыз. 

Айналып келгенде, еліміздің қазынасы, экономикасы, ғылымы арасындағы жүйеге реформа қажет. Иә, мұндай реформа еліміздегі көптеген салаға жасалуы тиіс деп білеміз. Оның ішінде жоғарыда ауыз толтыра айтқан мәдениет саласы да бар.

Сөзімізді қорытындылай келе Тәуелсіздік ұрпақтары жеке потенциалы тұрғысынан үлкен жетістіктерге жетті деп айта алмаймыз. Бүгінгі ұрпақтың потенциалы бұл көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Сонымен «не істеді?» деген сауалға жауап санамалап шыққандаймыз. Ал «не істеу керек?» деген заңды туатын сауалға жоғарыда атап өткен олқылықтардың орнын толтыру керек дегеннен асып ештеңе айта алмаспыз. Ал бұл өзгерістерді жасап, жастардың потенциалын барынша пайдалану – мемлекеттің өз қолында. Жастар тасқа салсаң майырылмас, жүзі қайтпас алмас қылыш секілді. Қазақстан Республи-касының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жастарға қатысты біршама мәселелер көтерген. 

«Дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады. Біз оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс». 

Президентіміз де осылай басшылық қызметтер мен кәсіпкерлік турасында біраз сөз айтса да, ғылым мен технологиялық даму немесе жастардың осы салаға келуі туралы артық сөз айтпаған.

P.S. Ұлтымыздың мәдениеті мен өнері әлем сахналарында Қазақстанды таныта берер. Бірақ экономикасы тұтас өнер мен мәдениетке байланған ел жоқ. 

Ел басқаратын адамдар, кәсіпкерлер қажет, әрине. Бірақ депутат, кәсіпкер бүгінгі күннің экономикасын жасаушы топ. Ал ел болашағының кемелдігі ғылыммен өлшенерін ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан елдің ендігі назары ғылымға аууы тиіс. Ғылым, ғалым адам – культ, қазіргіше айтсақ «модаға» айналуы керек. Ел басқаруға ұмтылған, материалдық байлықты ғана көздеген, өнері арқылы танымалдыққа жетуді ғана ойлайтын ұрпақтан ұлағатты, кемел болашақ қалыптаса қоюы неғайбыл. Тәуелсіздік ұрпақтарына қойылатын талап – осы!

ТӨЛБАСЫ
«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2021

362 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы