• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 09 Ақпан, 2021

Қыш өнері қазір сұраныста емес

Нұрбол Ерболұлы – қыш өнерімен айналысатын шебер, Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Бостандық ауылының тумасы. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Көркем сурет-графикалық» факультетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын үздік дипломмен аяқтаған. Қазіргі уақытта Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қосымша білім беру педагогы, «Қыш құмыра» үйірмесінің жетекшісі. Кейіпкеріміз қыш құмыра жасаудың техникасын бөліскен еді.

– Сіз үшін бұл сала несімен қызық?

– Қыштан ыдыстар, мүсіндер, кәдесыйлықтар жасаймыз. Қыш құмыра өнерінің пайдасы – арт-терапия моторикасы, яғни саусақтарды қимылдату арқылы оқушының шаршағанын басу, жүйкесін тыныштандыру, тепе-теңдікті сақтау, сабырлы болуға шақырады. Бұрын мұны теледидардан көріп, армандайтын едік. Қазір өзім осы саланың маманымын. 

– Қазір қыш өнері сұраныста ма? 

– Қазір бұл өнер елімізде сұранысқа ие деп айта алмаймын. Осы сала бойынша өзге елдерден кенже қалып келеміз. Өзіміздің өнімді емес, шетелдің өнімін тұтынуға үйренгенбіз. Елімізде қыш өнерін толық үйрететін мектептер де жоқ және бұл бұйымдарды халық сатып алғысы келмейді. Менің қыш бұйымдарым басқа бұйымдарға қарағанда ерекше, құмыраларды мойны жіңішке, ұзын етіп шығыс стилінде жасаймын.

– Қыш ыдыстарды жасау үшін шеберге қандай құралдар қажет? Қыш ыдыстарды жасау әдістері қандай? 

– Қыш бұйымды жасау үшін алдымен саз балшықты жұмсартып алу қажет, сосын балшықты арнайы станокқа қойып, шеңбердің дәл ортасына орналастыру қажет. Бұйымды кезең-кезеңмен суды араластырып, төменнен жоғары қарай қолмен бүйірін қысып көтереміз. Қалауың бойынша әртүрлі пішінде бүйірін шығаруға болады. Қырын шығару үшін ағаш қырғыш құралдармен тегістейді. Мен сазбалшықты шеңберде айналдыру және станоксыз қолмен әртүрлі құралдармен бұйым жасау әдісін қолданамын. Мүсіндерді шағын етіп жасауға болатын әдіс бар. Тіпті гипстен шликер жасауға болады. Яғни бұл – сазды қалыпқа құю әдісі.

Бұйымды безендіру үшін ең алдымен жасалған құмыраны 700-800 градусқа дейін муфель пешке немесе отқа күйдіру керек, одан кейін ангоб бояумен қазақтың ою-өрнегін салып безендіремін. Кейін түрлі-түсті жылтырақ әйнекті сұйықтыққа  малып, тағы да пеште 1200 градуста күйдіреміз. Соңында қыш бұйымы пайда болады.

– Сіз бір күнде қанша бұйым жасайсыз? Қыш бұйымдар жасауды кәсіпке жатқыза аламыз ба?

– Бір күнде бірнеше қыш ыдыс жасауға болады, ол шебердің көңіл-күйіне, шабытына байланысты. Өзім бір күнде қыш ыдыстардың пішініне қарай екі үлкенін, он шақты кішкентайын жасай аламын. Бірақ әр жұмыстың санына емес, сапасына мән беру керек. Қыш бұйымдарды жасауды кәсіпке айналдыра аламыз. Қыш құмыраларды жасап, сатылымға шығаруға болады. Сонымен қатар оқушыларға арналған үйірме ашып, шеберлік сабақтарын өткізуге болады.

– Қыш құмыра жасау шабытқа байланысты дедіңіз. Қыш жасайтындар шабытты қайдан алады?

– Мен шабытты музыка тыңдағанда, сурет салғанда аламын. Негізінен шабыт адамның көңіл-күйімен тығыз байланысты. Егер таңың сәтті басталса, көңіл-күй жақсы болса, жасаған бұйымдар әдемі болып шығады. Қыш құмыра жасаудан бөлек, бейнелеу өнерімен айналысқанды жақсы көремін. Фотосуреттер түсіремін, шығармашылық суреттер саламын. Біздің мектепте қоғамға қызмет жобасы  бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға, мектептің оқушыларына музей күніне шеберлік сабақтарын өткіземін.

Мерей Ауғали,
Қ.Сәтбаев атындағымектептің 
11-сынып оқушысы.
«Ақ желкеннің» жас тілшісі

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2021

739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы