• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 22 Наурыз, 2021

Бұлақтың көзін кім ашады?..

Каспий теңізі көзімізге ұшы-қиыры көрінбестей әсер еткенімен, ол ағынсыз бассейнде орналасқан, яғни оның шығатын ағысы жоқ. Теңізге 130-дан астам өзен мен ағын су құйылады. Оның көбі көрші мемлекеттерге тиесілі. Ал Каспийге ұмсынған өзен-сулардың еліміздің аумағындағы саны көп емес. Солардың бүгінгі жағдайына аз-кем назар аударайық. Әсілі, бұл үлкен мәселеге үндейді...

ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ...

Еділ өзені – Еуропадағы ең үлкен өзен (3700 шақырым). Оған Еуропаның құрлық аймағының 20%-нан су ағады және ол Каспий теңізіне келетін тұщы судың 80%-ын қамтамасыз етеді. Ал Жайық өзені Оңтүстік Орал тауы, Каспий ойпаты, Ресей Федерациясының Башқұртстан Республикасы, Челябі, Орынбор және Қазақстанның Батыс Қазақстан, Атырау облыстары жерінен ағып, Атырау қаласында тұсында Каспий теңізіне құяды. Жалпы ұзындығы 2428 шақырым. Су жиналатын алабының ауданы 237 мың шаршы шақырым. Қазақстан жеріндегі ұзындығы – 1084 шақырым.

«Жайық өзенінің жылдық орташа су ағымы Көшім ауылы тұсында 322 м³/с, төменгі ағысына қарай су ағыны азаяды. Махамбет ауылы тұсында – 268 м³/с, ал Атырау қаласында – 225 м³/с. Судың ең аз шығымы жазда – 6,75 м³/с, қыста – 1,6 м³/с шамасында. Жайық көбіне қар суымен (80%) толығады. Су тасуы кезінде орта ағысы тұсында арнасы 10 шақырымға, ал атырауында бірнеше ондаған шақырымға дейін жайылады. Өзен жоғарғы ағысында қарашаның басында, орта төмен бөлігінде қарашаның аяғында қатады. Ал мұзының еруі төмен бөлігінде наурыздың аяғында басталып, жоғарғы бөлігінде сәуірдің ортасына дейін созылады» делінген 2001 жылы шыққан «Қазақстан табиғаты» энциклопедиясында.

Одан бері жиырма жыл өтті. Осы жылдардың ішінде-ақ Жайық адам танымастай өзгерді. Жайықтың зарын оның жағасындағы халық қосыла айтады. Еуропадағы ірілігі жөнінен үшінші орында тұрған өзен кейінгі 15 жылда үш есе азайған. Былтыр өзен рекордтық деңгейде тартылыпты.

– Жайық өзенінің орташа көпжылдық су көлемі 9.46 млрд текше метр. 2006 жылдан бері су аз жылдар циклы жалғасуда. 2019 жылы 12 айда келген су көлемі былтырмен салыстырғанда 500-600 млн текше метрге көп. Ғалымдардың айтуынша, бұл табиғи цикл 2023 жылға дейін созылады. Ресейден келетін судың көлемі үш есе төмен түсіп кетті. Жайықтың 80 пайызы Ресей Федерациясында құрылады. Ең ірі су қоймасынан 3,2 млрд су жинайтын мүмкіндігі бар. Көктем кезінде суын толтырып алады да, артық суын төменге жібереді. Жазда сол су қоймасынан су жіберіп отырады, – дейді Жайық-Каспий бассейнінің басшысы Ғалидулла Азидуллин.

ЖЕМ КАСПИЙГЕ ЖЕТЕ МЕ?..

«Жем – Каспий алабындағы өзен. Ақтөбе және Атырау облыстары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 712 шақырым. Су жиналатын алабы 40 мың шаршы шақырымға жуық. Жем Мұғалжар тауының 365 метрлік оңтүстік-батыс беткейінен басталады. Каспий ойпатының шығысын бойлай ағады. Каспий теңізіне жетіңкіремей тартылып қалады».

Бұл да – жиырма жыл бұрынғы дерек. Энциклопедиядағы деректерді тілге тиек етіп отырғанымыздың себебі, оқулықтағы мәліметтер жаңарған жоқ. Ал өзендердің табаны сәт сайын тартылып барады. Қазір Жемнің жағдайы тіптен мүшкіл. «Қазір жойыла жаздап тұрған Жем өзенінің аяғы 1939 жылға дейін теңізге тіреліп жататын...» Міне, Жем тарихына қатысты мәліметтер арасынан осындай ақпарға куә болдық. Оны өзен жағасында өскен тұрғындар да растайды. Демек, Жем өзені де бір кездері Жайықтай еркін көсіліп Каспийге ақтарылыпты. Ал қазір бір Жемнің өзі үздік-создық, әр-әр жерде тарылып жатыр. Оны жағалай қоныстанған шаруа қожалықтарының барлығы «судың аздығынан ісіміздің берекесі жоқ» дейді. Көпшілігі бастаған ісін аяқсыз қалдырған. Жем өзені сырттан кеп жатқан жоқ, яғни толықтай өзіміздікі. Сонда өзеннің тартылу себебі не?

Бұл мәселеге назар аударушылардың айтар бір ғана уәжі – Жем өзені бастау алатын Мұғалжар бұлақтарының бітелген, ол бұлақтардың ғылыми тұрғыда зерттелмегенінен. Шаруа қожалықтарының иелері де: «Жем бойындағы бұлақ көздерін ашып, өңірдегі жерасты сулары арқылы ағып жатқан субұрқақтардан құбыр тартып, өзенді сақтап қалуға болады», – деп ой тастапты тілші қауым арқылы. Мінеки, қолда бардың қиюын келістіре алмай отырғанымыз осындайда көрінеді. Жемді сақтау – елді сақтау екенін ұғатын кез әлдеқашан келген екен...

ҚИҒАШТЫҢ СӘНІ КЕЛІСІП ТҰР

Қиғаш өзені – Еділ өзенінен бөлініп шыққан өзен. Ұзындығы 100 шақырымға жетеқабыл. Негізгі бөлігі Атырау облысының Құрманғазы ауданында. Еділ өзенінің тармағы болған соң шығар, Қиғаштың суы кемерінде. Әсіресе өзеннің теңізге құяр сағасының сәні бөлек. Тіпті онда көп жерде кездесе бермейтін өсімдіктер мен құстардың, су жәндіктерінің бірнеше түрі бар екен. Мәселен, әлемде сирек кездесетін лотос гүлі осы Қиғаштың бетінде қалқып жүр. Жергілікті табиғат инспекторының айтуынша, мұнда «Қызыл кітапқа» енген құстардың 36 түрі бар екен.

Қиғаштың бір мәселесі, экологтардың айтуынша, осынау тамаша өлкені экологиялық туризм мекеніне айналдыру. Әрине, бастама бар. Қонақүйлер салынған. Шетелден келетіндердің де қарасы көп. Дегенмен олардың айтатын уәжі – жол мәселесі. Тақтайдай жол болмаған соң, ойлаған жанның бәрі бара бермейді. Одан кейінгі мәселе – насихаты кем.

Каспий теңізі мен оған құятын өзендердің жағдайын саралағандағы бір мәселе – біздегі ғылымның аяқ алысының сылбырлығы. Мәселен, Ресей аумағында Каспий теңізін зерттейтін бес бірдей ғылыми институт бар екен. Теңіздің Қазақстан үлесіне 29%-ы тисе, Ресейге 9%-ы ғана тиеді екен. Ресейде осы үшін ғана бес институт жұмыс істеп тұр. Ал бізде ше? Жоғарыда келтіргеніміздей, теңіз тұрмақ, бұлақтың көзін зерттейтін маман жоқ. Теңізге асыққан өзен де қиялына асыққан арманшыл бала секілді. Сонда бұлақтың көзін кім ашады?

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

794 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы