• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 18 Наурыз, 2021

Қалқымалы Архимед көпірі

Осы уақытқа дейін әлемде таулы-тасты жермен жүрген көліктерді, теңіз үстімен жүрген кемелерді көрдік. Алайда дәл қазір сізге су астымен де көлікпен жүруге болады десе, сенер ме едіңіз? Норвегия корольдігі әлем назарын аудартты. Ел үкіметі құны 40 миллиард доллар болатын ғасыр жобасына кірісіпті. Ол қандай жоба?

СЕБЕБІ

Солтүстік Еуропадағы Скандинавия түбегінде орналасқан Норвегия корольдігі таңғажайып таулы табиғатымен, фьордтарымен (норв. fjord) – жағалаулары биік, тік құз, ені тар әрі терең, ұзына бойы созылған теңіз шығанағы – уикипедия) ерекшеленеді. Мәселен, Норвегияның батыс бөлігі мыңнан астам фьордтан тұрады. Әйтсе де мұндай сұлу табиғат көлік жүргізушілерінің шаруасын қиындатады. Мұнда қыс мезгілі қатал. Суық жел, ызғар, қардың жиі жаууы, көктайғақ ел ішіндегі көлік байланысына кедергі. Таулы аймақтағы жолдың қауіптілігіне байланысты көлік жылдамдығы сағатына 45 шақырымнан аспайды. Өкінішке қарай, мұндай жол азабы, біріншіден, көп уақыт алса, екіншіден, адам шығынын да көбейткен. Соған қарамастан, норвегтер туған елінің таңғажайып табиғатын өте қатты құрметтейді. Ел билігі ландшафтты бұзбау және экожүйеге зиян тигізбеу үшін су асты жолын салу туралы шешім қабылдады.

Әлем назарын аударды дегеніміз – мұндай жобаны әлі ешбір ел жасамаған. Әлемдегі тұңғыш су асты жолының құрылыс жоспары 2017 жылы маусымда тұсаукесер кезінде бекітіліп, Норвегияның 2017-2029 жылдарға арналған Ұлттық көлік жоспарына енгізілген. Құрылыстың бірінші кезеңі 2017 жылы желтоқсан айында басталды. Су асты туннелінің ресми атауы – E39 Rogfast. Мұны құбырлы көпір, қалқымалы туннель немесе Архимед көпірі деп те атауға болады. Тереңдігі – теңіз деңгейінен 392 метр төмен. Ставангер, Стур, Берген, Фөрде, Олесунн және Мөлде деп аталатын алты қаланы басып өтеді. Осы аралықты жүріп өту үшін халық жеті рет паром ауыстырады. Әр қаланың арасында фьордтар бар және әрқайсысының ұзындығы мен тереңдігі әртүрлі. Мәселен, Ставангер мен Бергеннің арасында Бокна-фьорд пен Бөрна-фьорд орналасқан, сол сияқты Берген мен Фөрденің арасында Согне-фьорд жатыр. Бұл Норвегиядағы ең ұзын және терең фьорд саналады. Ұзындығы – 205 шақырым, ал тереңдегі – 1308 метр.

Норвегиядағы халық саны 5,3 миллион болса, соның үштен бірі мыңнан астам фьорд арасында тұрады. Демек, бұл аралық оңтүстігіндегі Кристиансанн мен солтүстігіндегі Тронхеймге дейін созылады. Жоба жетекшілерінің айтуынша, осы арқылы жол жүру уақыты қысқарады. Бұрын елдің бір шетінен екінші бөлігіне жетуге 20-21 сағат кетсе, енді ол су асты көпірімен 10-11 сағатқа азаяды. Ал орташа қозғалыс жылдамдығы – сағатына 70- 80 шақырым.

ЕРЕКШЕЛІГІ

Мұндай туннель қарапайым жасалмайтыны белгілі. Жоба бойынша, қарама-қарсы бағытта екі туннель салынады. Шамамен 30 метр тереңдіктегі туннельдің ішінде екі қозғалыс жолағы болады. Оларды жоғарғы жағы – қалқымалы понтондарға, ал төменгі жағы ауыр арқандарға бекітіледі. Яғни құбырлар теңіз түбіне арнайы арқандар мен тіреулер арқылы бекітілсе, жоғарғы жағын бір-бірінен шамамен 320 метр аралықта орналасқан қалқымалы понтондар ұстап тұрады. Бұл су бетіндегі кеме қатынасына да кедергі келтірмейді.

Туннельдің сенімділігі мен қауіпсіздік мәселесі алдын ала ойластырылған. Параллель құбырлар әр 250 метр сайын апаттық өткелдер арқылы жалғасады, ал 500 метр сайын телефондар мен бақылау камералары қойылады. Инженерлер бірнеше рет сынақ жасап көріп, құбыр ішінде бірнеше ірі жарылыс жасады. Осылайша туннельдің кем-кетігі түзетілді. Десе де әлі толықтай дайын деуге болмайды. NPRA бас инженері Арианна Минореттидің айтуынша, жобадағы ең үлкен қауіп – жарылыс пен өрт. Сондықтан тәжірибе жасауды жалғастыру керек. Сарапшылар апат пен сәтсіздіктің барлық ықтимал сценариін қарастырып жатыр екен. Сынақ уақыты әлі де жалғасады.

Норвегия үкіметі жобаның болашағына сеніп, мамандардан үлкен үміт күтіп отыр. Сол себепті ел игілігі үшін қаржыны да аямай құйып жатыр. Осынша қомақты қаржыны талап ететін ауқымды жобаның аз жылда бітпейтіні анық. Іске қосу ақырындап жүзеге асырылады. Мамандардың айтуынша, егер бәрі ойдағыдай болса, жоба құрылысы 2035 жылға дейін аяқталады.

P.S. Жоба сәтті аяқталса, расымен бұл адамзат баласының жаңа дәуірдегі үлкен жетістігі саналары сөзсіз. Иә, бір кездері адамзатқа ұшақпен бұлттардың үстінде ұшып жүру арман болса, енді кең әрі қауіпсіз су асты көпірімен жердегідей еркін жүру шындыққа айналмақ. Осы мақаланы жазар алдында әртүрлі ақпаратты қарап отырып, норвегтердің табиғатты қорғау, оны аялау, мейлінше зиян тигізбеуді ойлайтынына сүйсіндім. Бұл жобаның мақсаты да сол. Адамдардың да мәселесі шешіледі, табиғатқа да зиян келмейді. Бәлкім, бізге де болашақта осындай ірі жобаларды қолға алу керек шығар?! Себебі, жол бар жерде тіршілік, өмір бар.

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021

612 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы