• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 08 Сәуір, 2021

Аңшылық астамшылыққа айналды

Биыл Қазақстан бойынша көктемгі аң аулау маусымы қайта басталды. Аңшылық 1 наурыздан бастап 15 мамырға дейін жалғасады. Қайтадан басталды дейтін себебіміз, 2017 жылдан бастап көктемгі маусымға тыйым салынған болатын. Себебі, жабайы үйректердің саны 2 млн-ға дейін азайған. Тыйым салынған уақыт ішінде олардың саны қалпына келіпті. Дегенмен жыл бойы заңсыз аң-құс, балық аулау әлі де тыйылмай тұр. Аң аулауға мүлдем тыйым салмай-ақ, аңшылықтың арнайы орындары мен уақыты белгіленсе де, браконьерлік неге өршіп тұр?

Экологтар мен натуралистердің айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін халық ашкөздене түскендей. Мәселен, 1990 жылдардың басына дейін сайын даламызда 2 млн-ға жуық киік болса, 2000 жылдардың басына дейін олардың саны 20 мыңға дейін азайған. Сұмдық дерсіз. Басқа не деуге болады?! Сонда киіктің 98%-ын жойып жіберген. Киікті атып алу, мүйізін сату ешқандай қылмыс саналмаған. Тіпті базарларда киік етін сататын арнайы дүңгіршектер де болыпты. Арнаулы орындар дабыл қаққаннан кейін мораторий жарияланып, жағдай оңала түскен. Қазір олардың саны, 2019 жылғы санақ бойынша – 334 мың бас. Былтыр пандемияға байанысты санақ жүргізілмеген, сан өсті ме, азайды ма, белгісіз. Сонымен бірге киік атуға 2023 жылға дейін мораторий жарияланды. 

Заңсыз аң аулайтындардың қарасы Батыс Қазақстан облысында көп дейді арнаулы орындар. Мысалы, былтыр бұл облыста 30 браконьерлік қылмыс тіркеліпті. Олардың 17-сі «Қызыл кітапқа» еніп, қорғауға алынған киік мүйізіне қатысты болып шыққан. Әлбетте, бір жылда 30 қылмыс Қазақстан жағдайында аз деуіңіз мүмкін. Бірақ гәп мынада: 2020 жылдың мамыр айында бір ғана браконьерден 366 дана киік мүйізі тәркіленген. Бір ғана адамнан! Әлбетте, оның бәрін бір адам ауламағаны белгілі. Оған жеткізіп берген немесе бірге аулаған қылмыскердің саны қанша? Ал сол жылы бұған дейін де мұндай қылмыс болған. Мұнда да бір адам 227 дана киік мүйізімен ұсталған.

Жыл басында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі кеңейтілген алқа отырысын ұйымдастырды. Сондағы ресми ақпаратқа сүйенсек, киікке жасалған қастандықтың 85 дерегі тіркелген. Қарақшылардан 727 киіктің ұшасы мен 9743 мүйіз тәркіленген. Жыл бойы заңсыз аң аулағандар 2,4 млрд теңге көлемінде шығын келтірген. Ал биыл жыл басынан бері браконьерлікке қатысты 23 дерек тіркеліпті.

2019 жылы болған қайғылы жағдайдан соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл соңындағы жолдауда мәлімдеме жасады. «Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты. Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді. Осыдан соң еліміздің әр өңірінде «Киік» акциясы, «Браконьер» жедел алдын алу шарасы сияқты жұмыстар басталды. Нәтижесі жаман емес сыңайлы. Мысалы, Ақмола облысында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында былтыр балық аулау ережелерін бұзған – 190, заңсыз аң аулаудың 251 оқиғасы болған. Ал былтыр 10-19 қазан аралығында жедел-профилактикалық іс-шара аясында республика бойынша 961 топтық рейд құрылып, іске кіріскен. Осы 9 күннің ішінде республика бойынша екі мыңнан аса заң бұзу фактісі тіркелген. Осы уақытта 274 келі бекіре тұқымдас балық ауланған, 16 заңсыз аңшылықпен айналысқандар ұсталған. Басқа да заң бұзушылықты қосқанда, табиғатқа 5,3 млн теңге көлемінде зиян келтірілген. Бұл – бар-жоғы 9 күн ішінде құрықталған қылмыстар. Мұндай шаралар жыл бойына жүргізілмесе, табиғатқа келетін шығынның қаншалықты болатынын ойлай беріңіз. 

Сұмдық жайттар аз емес. Алматы облысында былтыр 3 мыңнан аса киікті өлтірген браконьерлер ұсталғаны хабарланған болатын. Кесілген мүйіздің салмағы – 1 тонна. Арқар да аңшылардың «көзінің құртына» айналған. Арқардың Қазақстанда үш түрі кездеседі.  Статистика комитеті көрсеткендей, соның бәрін қосқанда 20 мың басқа жетпейді.

Браконьерлердің залалдығы саны аз, ерекше қорғауға алынған кейбір аңның жойылуына әкеп соғады. Мәселен, Жетісу өңірінде 1894-99 жылдар аралығында жыл сайын 20-ға жуық жолбарысты атып отырған деген дерек бар. Ал Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген сол Тұран жолбарысы 1945 жылы жойылған. «Қызыл кітаптың» соңғы редакциялануында қазақ топырағында құрып кетуі мүмкін деген 128 аңның түрі кірген. Қар барысының саны қазір 150-ден аспайды. 2018 жылғы дерек бойынша 223 болса, 2019 жылы 130-ы ғана анықталған. Яғни бір жылдың ішінде 100-ге жуық қар барысынан көз жазыппыз, әрине, мұны браконьерлерден келген залал дей алмаймыз, дегенмен бұл жануарлар дүниесін қорғаудағы жұмысымыздың кем екенін көрсетеді.

Жоғарыда айттық, Қазақстанда аңшылыққа мүлдем тыйым салынған жоқ. Тек балапан өргізу, уылдырық шашу, лақ өргізу кездерінде қатаң тыйым салынады. Аң аулауға қойылатын мемлекет бекіткен талаптар бар. Аңшы куәлігі, салық заңнамасында бекітілген мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсатнама, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығына берген Ішкi iстер органдарының рұқсаты, жыртқыш құстарды атуға белгiленген тәртiппен берiлген тіркеу туралы құжат болуы тиіс. Аңшылық жердің жалпы көлемі 2019 жылы үкімде 180 758,8 гектар деп көрсетілген. Міне, серілікке қызықсаңыз, алдымен осы талаптарға сай болыңыз да, осынау жердің қай бұрышына болса да барыңыз. 

Аңшылық қазақ танымында ақсүйек өнер деңгейіне дейін көтеріліп еді. Тазы жүгіртіп, құс салу үшін қаншама бап жасалар еді. Бүркіт пен тазының бабын келістіру оңай ма? Аңшының өзінің бабы бөлек әңгіме. Одан кейін саят құрып келген аңшының әңгімесін тыңдау үшін арнайы мәзір жасалмас па еді? Жазушы Темірше Сарыбайұлының аңшылыққа қатысты көп әңгімесін «Балдырған» журналынан оқыдық. Аңшының өз оқиғасына әлдебір оқиғаларды қосып сөйлеуі, асыра айтуы, қызына сөйлеп кетуі қай-қай аңшыға жарасып тұрар еді сол әңгімелерде. Әлбетте, бұл әңгіменің біз айтқан аңшылық қастандыққа мүлде қатысы жоқ. Ол аңшылық – бекзат өнер, сән-салтанатты серілік. Ондай болмаса «Аңшының әні» секілді классикалық әндер тумас еді. 

Ал бүгінгі аңшылықтың сиқы мынау. «Тойып секіргеннің» көрінісі осы секілді. Бірінші кезекте, киіктің мүйізін шетел асырып, пайдаға кенелу үшін қастандыққа баратын болса, екіншіден, аңшылыққа мақтан үшін, дақпырт үшін шығатындай. Фото, видеоларын әлеуметтік желіге жүктеп, артынша-ақ жауапқа тартылып кеткендер аз емес. 

Қазақ «құралайды көзге атқан мерген» деген тіркесті бекер айтпапты. Мұндағы құралай – киіктің лағы емес-ті. Құралай – титімдей құстың бір түрі. Шын мерген мұны да қағып түсірер еді дегеннен туған еді. Бірақ қазір аңшылық саятшылықтан қалды емес пе?! Түрлі көлік, түрлі қару-жарақ ешқандай бапсыз-ақ жан-жануарды қырып барады. Аңшылық жасап жүрмін деп, астамшылық жасап жүргенін де білмейді...

Асылан БІРЖАНҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

333 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы