• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 13 Сәуір, 2021

Grammy: мақтаныш па, тәуелділік пе?

Жеке кеңістік

Ғалымдар адамзат тарихын Африка жерінен бастайды. Ява аралдары туралы тарихтан оқыған боларсыз. Яғни музыка тарихы да осы ыстық материктен басталғанына сенуге болатын шығар. Музыкатанушылар адамның алғашқы әуенге елтіген сәтін 50 мың жыл бұрын болған деседі. Жалпы бұл екі болжамға да күмән тудырып, қарсы шығуға болады. Бірақ бүгінгі әңгіме ол туралы емес. Сондықтан қалыптасқан ғылыми болжамдар шеңберінде сөйлескеніміз абзал. 

Ғылым мен өнер адамның өзін, жаратылысты, жаратылыс арқылы жаратушыны тануға беттейді. Дарвиндік эволюция теориясы ғылым атаулының өзегі саналса да, пенденің ішкі түйсігінің өзіне түсініксіз аңсары бар. Сол түйсік мына әлемнің кездейсоқ жаратылысына сене алмайды. П (пи) санының үтірден кейінгі шексіздігі секілді, материялық ғылымға сыймас бір тылсым бар. Тылсымға жету жолында адам өзі тылсымға енуге тиіс еді. Түсінікті тілмен айтар болсақ, трансқа түсу керек. Транс табалдырығынан аттаудың жолы көп. Бірақ олардың ішінде сөз бен саздың құдіретіне жетері аз. Құлшылық дерсіз. Бірақ ол да сөз бен саздың тоғысынан тумай ма? Яғни транс – материялық әлем мен бейматериялық әлем арасындағы әр адамның жеке кеңістігі. Бұл кеңістікке көтерілу үшін өнер адамы болудың, өлең жазып, әуен тудырудың қажеті шамалы. Тек сол тудырушылардың сөзі мен сазына ілесе алсаң болғаны. Олар сені сол кеңістікке бастап барады.

Біз қай кеңістіктеміз?

Әр халықтың өзіне тән ерекшелігі болары анық. Гуманизм мен космополитизм қанша етек алып, қалай дәлелдесе де, ұлттар бір-бірінен ерекшеленеді. «Сәбилері ұқсайды, әжімдері ұқсайды»... Күйзелістері мен құндылықтары ұқсайды. Ұқсайды, бірақ қабылдауы басқа ғой. Бақ құсы бастарына кезек қонатын адамзаттың батыс және шығыс деп бөлінетін мәдениеті бар. Бұл тұсқа көпшілік ұмытып кете беретін көшпенділік – біздің мәдениетті қосыңыз. Осы үш өркениетте музыка үш түрлі қабылданады. Шығыс музыкасы өз халқына тән нәзік, көбіне ішекті және үрмелі аспаптарда ойналады. Музыкалық аңыздары нұрлы тылсымға толы. Үндінің флейта туралы аңызында ол халықтың жігіттері өр, батыр тұлғалы суреттеледі. Бірақ олар қызға тіл қата алмайтын ұялшақ еді. Өз махаббатын жеткізу үшін жігіт қолынан флейта жасап, таңертең қыздар суға бет алғанда тартып отырады екен.

Батыс музыкасында да үрмелі және ішекті аспаптар баршылық. Сонымен қатар ыспалы және клавишті аспаптар да көп қолданылады. Батыс музыкасында көбіне түнек тылсым басым келеді. Олардың музыкалық аңыздарында өлім, өлімге қарсыласу бардай. Сол қарсылық жолында ібіліспен келісім жасау немесе аяқталмаған сонеттің соңын ібіліске жаздырып, ақысына жанын беру деген секілді сюжеттер көптеп кездеседі. 

Бұл аңыздардан Шығыс қандай жағдайда да табиғатпен, өмір ағысымен үйлесім табуға ұмтылса, Батыстың жеке басының трагедиясы үшін бәріне дайын екені аңғарылады. Оның себебі батыстың тәңір туралы алғашқы түсініктерінде жатса керек. Өйткені олар өз құдайларын адам кейпінде елестетіп, Олимп мекендеушілерінің мүсіндерін ғажайып етіп жасайтын. Осы көпқұдайлықтың негізінде ежелгі гректер сұлулық эталонын адам тәні деп есептеді. Яғни адам өз-өзіне тамсанардай сұлу болуға тиіс. Сонымен қатар адам кейпіндегі құдайлармен алысуға да болады емес пе? 

Ал шығыста қайғы мен қуаныш әрқашан адамның ішіне жасырылады. Тән сұлулығы да бірінші орында емес. Оларға табиғатпен тілдесу, сол тілдесу арқылы өз ішіне үңілу көбірек ұнайтын. Ал көшпенділер музыкасы қандай еді? Біздіңше, ол екі өркениеттің қосындысынан шықпаса да, екеуіне бірдей ұқсайды. Музыкалық аңыздары тылсымға тұнған. Бірақ нұры басым, бәлки, мұңы басым. Оған біздің күйіміз куә. Көш-пенділік әуеннен өлімнен бол-сын тайсалмас леп бір ессе, шығыстық нәзіктік тағы еседі. Бұл тандем батыс пен шығыстан үйренгеннен емес, қазақтың жаугершілік заманынан қалған болса керек-ті. Қай-қай музыканың да шығарар өз транс кеңістігі бар. Десек те қазіргі әлем көбіне батыстық менталитетке негіз-делген музыкалық транс кеңістігінде екеніне дау жоқ.

Тарихи кезең және музыка

Тарихи оқиғалардың өнерге әсері зор. Мысалы, ХХ ғасыр басына дейін әлем халқы дәстүрден алыс кетпеген еді. Бірақ ғылымдағы техникалық революция өнерге жаңа талаптар қоя бастады. Биохимия, биофизика, химиялық физика секілді ғылым салаларының басы біріге бастағанда, өнерде, оның ішіндегі музыкада жаңа жанрлар синтезделіп шыққан. Бірақ ғасыр басындағы екі бірдей дүниежүзілік соғыс өнердің дамуына көп кедергі болды. Әсіресе музыкада бұл жылдар бір-біріне ұқсас патриоттық әндердің қаптауымен есте қалған. Мұндай іске алғысыз әуендер Кеңес өкіметінде тіпті көп болатын. Осылай соғыспен ауыздықтанған өнер соғыс біте жаңа тыныс алды. Мамыражай күн туып, айналасы 10-15 жыл ішінде халық бойын еркіндік пен романтика биледі. 1950 жылдардың музыка тарихындағы орны ерек. Өйткені осы кезеңде дүниеге рок-н-ролл келді. Осы бір әуен аясында әлем тербеліп жатты, билеп жатты. Бүкіл Америка, Еуропа толқу үстінде және ізденіс үстінде еді. Бұл жанрдан екі бірдей үлкен жанр бөлініп шықты. Рок және поп. Екеуі де ойын-сауыққа негізделген. Кейіннен рок музыка протесттік, философиялық сипат алды да, поп-музыка өзінің бастапқы мінезін сақтап қалған. Біздің эстрада деп жүргеніміз – батыстық поп-музыканың басқаша атауы ғана. Әлемде ең көп сұранысқа ие және орындалатын да осы әндер. Басты ерекшелігі – аспаптарда жеңіл ойналатын әуенді, мәтіні шумақ пен қайырмадан тұрады. Сондықтан әуеннен гөрі бұл әндерде орындаушылыққа баса мән беріледі.

Бүгінгі қазақ музыкасы

1957 жылы «Жастар тыныштық үшін» фестивалі Мәскеуде өтті. Екі аптаға созылған фестиваль кеңестік жастарға батыстың рок-н-роллын үйретіп кеткен еді. Пысықтар пластинкаларын сатып алып, тіпті пысықтары оларды рентген пластинкаларына көшіріп басып жатты. Осылай Кеңес өкіметіне дискотека келді десек те болар. Мемлекет жастар арасында тым белең алған музыкаға еркіндік бермесіне болмады. Аспапты-вокалды ансамбльдер құруға рұқсат берді. Біздің Дос-Мұқасан осы кезеңдерде құрылды. Бұл кеңестік эстраданың іргетасы болатын. 

1990 жылдары мемлекеттегідей эстрадада да күйреу басталған. Қазақ баяғы термесін қайта тапты. Орыста шансон эстраданы алмастырудың аз алдында қалды. Поп-музыка халықтың жағдайының жақсаруымен қайта гүлденді. Өйткені, айтып өткеніміздей, ол ойын-сауықтық өнер түрі болатын. 1957 жылдан басталған осы ойын-сауық музыкасының дамуы әлемде әлі толас таппады. Бұл – әлемдік тыныштықтың айғағы. Белгілі бір деңгейде ойын-сауыққа құрылған музыканың қарқынды дамуы адамзат ойсыздығының дәлелі екенін де ұмытпауымыз керек. Десек те поп музыканың кейбір жанрлары мәтін мағынасының тереңдігімен таңғал-дырады. Ал кейбіріне түсірілген бейнеклиптердің мағынасына бас шайқайсың. Бұл екі таңғалыс та бүгінгі қазақ эстрадасында баршылық. Көңіл қуантады. Тағы бір қуанарымыз – біздің музыкант жастардың жетістігі.

Иманбек Зейкенов 2021 жылы «Ең үздік ремикс» номинациясы бойынша Grammy сыйлығын алды. Ол америкалық әнші Saint Jhn-нің рұқсатынсыз оның «Roses» әнінің ремиксін дайындаған. Теміржол саласында жұмыс істейтін, 20 жастағы қарапайым жігіт бұл тректі екі жарым сағаттың ішінде жасап шыққан. Бүгінде ремикс әннің түпнұсқасынан танымал. Оны қарапайым YouTube же-лісіндегі екеуінің көрілімінен аңғара аламыз. Түпнұсқа ән 5 жылда 50 млн көрілім жинаса, Иманбек жасаған оның ремиксі бір жыл ішінде 152 млн-нан асып кетті. Неге? Жалпы ремикс жанры танымалдығының себебі қандай?

Ремикс. Бұл не?

Ремикс ән жазу аппаратураларының дамуымен тығыз байланысты. 60-жылдардың соңында Ямайкадан бастау алған бұл жанр, 80-жылдардағы би музыкасына сұраныс артуымен жеке шығармашылық бағыт болып қалыптасты. Сондықтан ремиксті әннің радио, сахналық деген секілді нұсқаларымен шатастыруға болмайды. Сонымен қатар, ремикс түпнұсқа ән ырғағын жылдамдату емес – оған дамыған мүмкіндіктер арқылы жаңа эффект, аспаптар қосу. Микс пен ремиксті тағы алалап қарау керек. Өйткені микс музыкада әртүрлі ән әуендері мен мәтіндері қосылса, ремикс бір әннің негізінде ғана жаңа музыка тудыру өнері саналады. Сонымен, ремикс – әннің түпнұсқасынан кейін темпі мен тональносі өзгертіліп, заманауи аранжировкада қайта жазылатын композиция. Бұл іспен көбіне диджейлер мен музыкалық инженерлер айналысады. Сұраныстың жоғары-лығынан болса керек, ремикс музыкадағы ең жоғары Grammy сыйлығының тұрақты номинацияларының бірі.

Горбачев пен Клинтон алған Grammy

Grammy сыйлығы жалпыға түсінікті болу үшін «Музыкалық Оскар» деп аталады кейде. 1959 жылдан бастап Америка дыбыс жазу студиясы дәстүрлі түрде музыканттарға табыстап келе жатыр. Алғашқы жылы 21 номинация бойынша сыйлық табысталып, категориялар саны кейіннен 83-ке дейін жетті. Бұл өнердегі сыйлықтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш болса керек. 

Расында, Grammy сыйлығының категориялары өте қызық. Оған музыкаға қатысы жоқ адамдар да ұсыныла береді. Мысалы, Кеңес өкіметінің соңғы басшысы, экс-президент М.Горбачев 2004 жылы Grammy-дің «Алтын граммофонын» алды. Номинация «Балаларға арналған үздік мәтіндік альбом» деп аталады. Сергей Прокофьевтің «Петя және қасқыр» деген музыкалық ертегісін дыбыстағаны үшін берілді. 

Американың 42-президенті Билл Клинтон «Менің өмірім» атты мемуарлық шығармасының аудионұсқасын өзі оқып, Grammy сыйлығының «Ең үздік әңгімелесу альбомы» номинациясында жеңімпаз атанған. Қазақтанда бұл сыйлықты тұңғыш иеленген – Иманбек Зейкенов. ТМД елдері ішіндегі классикалық емес жанрлар бойынша да Grammy сыйлығын алғандардың алғашқысы болып отыр. 

Saint Jhn-нің «Roses» композициясы түпнұсқада өте күңгірт естіледі. Бейнеклипі де қара нәсілділердің жабайылығы мен олардың бойындағы бүлікке құмарлыққа бағытталғандай. Мәтінінде бейпілауыз сөздер баршылық. Оның үстіне түпнұсқа би алаңына жарамайды. Темпі төмен. Иманбек осы бір олқылықты жақсы түйсініп, дөп басқандай. Оның үстіне Grammy иегерінің өзіне сенімділігі таңғалдырады. Ол 2020 жылы бейнебайланыс арқылы И.Ургантпен сөйлескенінде: «Өз номинациямда Grammy-ге ұсынылған композицияларды тыңдап көрдім. Меніңше, Grammy-дің алтын граммофоны менікі!» деген болаты. 

Ремикс жанры жеке шығармашылық бағыт деп атап өттік. Бірақ ремикс жазушыларға қарап, тіпті классикалық емес ән жазушыларға қарап, оларды композитор ретінде елестету мүмкін емес. Бұл біздің санамыздың өнердің академиялық нұсқасынан алыс кете алмауынан ба, әлде олардың өнеріне тұшынбауымыздан ба?

Grammy маскасы

Иманбектің жетістігінен кейін қазақ қуанып, әлем таңданып жатты. Бірақ осы тұста «неге Димаш Құдайбергенов Grammy сыйлығын алмаса да, номинант қатарында болмады?» деген сауал шыға келді. Біздің халықтың жүрегі тарылып кеткендей ме дейсің кейде... Екеуі бір-бірімен салыстыруға келмейтін өнерпаздар емес пе? Оның үстіне Американың ұлттық дыбыс жазу академиясы табыстайтын бұл сыйлық астарында да қаншама саясат жатыр. Гендерлік, нәсілдік, маркетингтік... тағысын-тағылар. Ғаламтордағы ақпараттарға сүйене отырып, Grammy сый-лығының өнерді бағалаушы ғана емес, ақша табуға да негізделген ұйым екенін аңғаруға болады. Өйткені бұл сыйлық көбіне өнерге шын жанын салғандарға емес, тыңдалым рейтингінде жоғары тұрғандарға беріледі екен. Десек те бұл да негізгі критерий емес. Өйткені к-поп жанрында ән айтып, YouTube желісінде миллиардтап көрілім жинап жүрген кореялық BTS тобы номинанттар қатарында болса да, әлі бір рет алтын граммофон алған жоқ. Бірақ осы қарқынмен олар алдағы жылы бұл сыйлықты алатынына сенімдіміз. Өйткені онлайн форматта өткен биылғы сыйлық табыстау рәсімін ғаламторда 1,5 млн адам тамашалады. Бірақ Grammy BTS-ке берілмеген сәтте көрілім алаңын 800 мыңнан астам көрермен тастап кеткен болатын. Сондықтан Американың ұлттық дыбыс жазу академиясы бұл қателігін енді қайталай қоймас. 

Қалай десек те, аталған сыйлық музыка саласындағы өз статусын қалыптастырып үлгерген. Оның әлемде баламасы жоқ десек те болады. Ресейлік музыкант Юрий Лоза: «Grammy – әлемдік емес, бірінші кезекте америкалық сыйлық. Оның жеңімпаздарының барлығы дерлік – Америка өнеріне қызмет етушілер. Мысалы, атақты ABBA швед өнеріне ешқандай үлес қоспады. Өйткені олар Британия өнеріне жұмыс істеп, ағылшынша ән айтты. Сондықтан жас диджейдің бұл жетістігі Қазақстанға мақтаннан өзге ештеңе әкелген жоқ. Біреудің ағылшынша ән орындап немесе өзге нұсқасын (ремиксін) жасап, жетістікке жеткенінен қазақ пен орысқа келіп-кетер ештеңе жоқ», – дейді. Ресейлік өнерпаздың бір сөзінен өзгесінің бәрімен келісуге болады. Бәрі дұрыс. Тек неге ол қазақ пен орысты бірге айтады? Біздің жетістігіміз, қандай жетістігіміздің де «орысқа келіп-кетері жоқ».

Сауалға қайта оралу

Әлемнің қай тұсынан да қазақтың аты шықса, ол біздің қуаныш. Тани берсін. Таныла берсін. Бірақ Иманбектің алдындағы ендігі мақсат шет елдің әндерін емес, қазақ поп-музыкасын дамыту болуы керек. Олай болмаса, Қазақстанның атын шығарғанымен, қазақтың өнерін танытуы екіталай. 

...Транс кеңістігі дедік. Өнер адамды материялық пен бейматериялықтың аралығына апарады дедік. Десек те батыстық менталитетке құрыл-ған бүгінгі поп-музыка қай кеңістік табалдырығын аттар екен? Біздіңше, ол синтетикалық жасанды транс кеңістігі болса керек. Қай-қай транстық күйдің де астарында артық ойдан арылу жатыр. Белгілі бір деңгейде ойсыздық күйі бұл. 

Түйіндей келгенде, классикалық саф өнер адамды есті «ойсыздыққа» бастар болса, синтетикалық өнер ессіз «ойсыздық» табалдырығы екенін түйсінуге тиіспіз. Дегенмен заман сұранысы мен қажеттігін қанағаттандыруға тосқауыл қоюға болмайды! 

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

727 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы