• АҚ ЖЕЛКЕН
  • 12 Сәуір, 2021

Тозбайтын, жоғалмайтын мамандық таңда

Мектеп бітіріп, үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жасөспірімнің алдында мыңдаған мамандықтың ішінен өзіне лайық бір мамандықты таңдау міндеті тұрады. Себебі, әр адам мамандығына, таңдаған жолына байланысты өмір тарихын жасайды. Өз ісіңді тауып, қоғамдағы орныңды анықтаудың өзі үлкен жетістік. Әлбетте, таңдаған мамандық қаржылық тәуелсіздік әкеліп қана қоймай, қоршаған ортаға да пайдасын тигізуі қажет. Заман өзгеріп, технология жетілген сайын еңбек нарығында мамандықтарға деген сұраныс та өзгереді. Уақыт пен нарық жаңа мамандықтардың пайда болуын талап етіп отыр.

Бейресми дерек бойынша, әлемде 40 мың мамандық бар делінеді. Алайда нақты санын дөп басып ешкім айта алмайды. Себебі олар еңбек нарығымен бірге пайда болады, жоғалады немесе өзгереді. Мамандықты екі топқа бөліп қарастырамыз: бұрыннан бар әрі өлмейтін және жойылатын мамандықтар. Мысалы, дәрігер мен мұғалім ешқашан өлмейтін мамандыққа жатады. Емдеу, оқыту әдістері уақыт өткен сайын өзгеруі мүмкін, бірақ мамандық өзгеріссіз қалады және оған әрдайым сұраныс болады. Ал бухгалтер техникалық жағынан жоғалып бара жатқан мамандыққа жатады, өйткені есептер онлайн жасалады. Жойылатын мамандық демекші, кей мамандықтар технологиялық өзгеріс пен модернизацияға байланысты қажетсіз боп қалады. Еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес, кейбір мамандықтар мүлде жойылып, оның орнын жаңа мамандықтар басады.

«Жаңа мамандықтар атласы» қандай жоба?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жаңа мамандықтар атласын» біреу білсе, біреу білмейді. Ол еңбек нарығындағы өзгерістерді, болашақта сұранысқа ие болатын немесе алдағы онжылдықта пайда болатын мамандықтарды тануға, тереңірек білуге мүмкіндік береді. Оқушылар мен бітіруші түлектерге белгілі бір мамандық таңдауға көмектеседі.

Жоба жетекшісі Саясат Нұрбектің айтуынша, ЖМА-ның жасалуы қазіргі уақытта Қазақстанда қолданбалы сипаттағы және жаппай қолдануға болатын баламалы өнімнің жоқтығымен байланысты. Мамандық таңдауға келгенде көп азамат ата-анасының тілектерін, ішкі наным-сенімдерін басшылыққа алады және субъективті трендтерге сүйенеді. «Сонымен бірге экономиканы адекватты кадрлық ресурстармен қамтуға кедергі келтіретін, еңбек ресурстарының ағылуына және жұмыс күшінің босатылуына байланысты жеке адамның өмір сүру сапасына, экономикалық жағдайына әсер ететін бірқатар жүйелік алғышарттар мен қауіп-қатерлер бар. Негізгі факторларды екі категорияға бөліп қарастыруға болады. Біріншісіне мамандарды дайындауға деген талаптардың сипаты мен жылдамдығын өзгертетін объективті жаһандық трендтер кіреді. Мәселен, кәсіптерді өзгертіп, жоятын, тіпті, жаңа мамандықтардың пайда болуына алып келетін технологиялық өзгерістердің үдемелі жылдамдығы, толассыз цифрландыру сияқты. Екінші категория бірінші санаттан шыққан факторларға жауап бере алмаудан туындайтын жағымсыз салдарды білдіреді. Мысалы, кадрлар қажеттігін болжау жүйесінің жоқтығы, біліктілік теңгерімсіздігі, жұмыс күшінің еңбек дағдыларына және классикалық білімнің еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмеуі сияқты», – дейді BTS Digital басшысы.

Атласта мамандықтардың 3 тобының сипаттамасы көрсетілген:

1. Жаңа мамандықтар – әзірге ресми түрде жоқ, бірақ келешекте пайда болу ықтималдығы жоғары мамандықтар.
2. Өзгеретін мамандықтар – қазір бар, бірақ келешекте өзгеруі мүмкін мамандықтар.
3. Жойылып бара жатқан мамандықтар –  болашақта қажет емес мамандықтар.

Зерттеу қорытындысы бойынша, жаңа – 239, өзгеретін – 95 және жойылып бара жатқан 129 мамандық анықталған. Сондай-ақ атластан мамандықтардан бөлек, кәсіби құзыреттер мен трендтерді көруге болады. Оның ішінде тұтас экономикаға айрықша әсер ететін 6 негізгі тренд аталған. Жетекші тренд ретінде роботтар мен ақылды жүйелерді енгізу, цифрландыру аясын және үлкен деректерді кеңейту, шикізат қорының сарқылуы, экологиялық стандарттарды күшейту және қайта өңдеуді дамыту, Y және Z буын жұмысшыларына жаңа еңбек талаптарының көрінісі, халықтың тұтынушылық талғамының өзгеруі көрсетілген. Ал базалық құзыреттер ретінде жүйелі ойлау, салааралық коммуникация дағдылары, экологиялық ойлау қабілеті, үнемді өндіріс, процестер мен жобаларды басқару қабілеті, тұтынушыға ыңғайлану, бағдарламалау/робототехника/жасанды интеллект, шығармашылық, көптілділік және мультимәдениет көрсетілген. Алдағы онжылдықта қандай мамандықтар өзекті болатынын анықтау үшін Форсайт әдіснамасы қолданылған.

Қандай мамандықтар жойылады?

Ескінің өзгеріп, жаңаның пайда болуы – заңды құбылыс. Үздік инновациялар мен технологиялық серпіліс үлкен өзгерістерді тудырады. Кәсіпорындарда жаңа технологияларды қолдану жұмысты орындау процесін өзгертеді. Қазіргі заманғы машиналар, станоктар мен жабдықтар адамның көмегінсіз операциялардың бір бөлігін орындайды және сол арқылы өндірістік міндеттер мен олармен бірге мамандықтардың жойылатынын көрсетеді. Осылайша, жойылып бара жатқан мамандықтардың тізімі пайда болады. Сонымен бірге, инновациялық технологиялар мен механизмдер жаңа еңбек міндеттерін және жұмысшыларға жаңа талаптар қояды. Жалпы алғанда, мамандықтың жоғалуының екі негізгі себебі бар: автоматтандыру және оған деген қажеттіктің жоғалуы.  Мәселен, алдағы уақытта бухгалтер, кітапханашы, даяшы сияқты мамандықтар жоғалуы мүмкін.

«Жаңа мамандықтар атласы» экономиканың 9 басым секторының негізінде жасалған: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм және құрылыс. Біз оның бір-екеуіне тоқталып, тарқатып көрейік.

Мысалы, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жаңа – 18, өзгеретін – 19  және  жойылып бара жатқан 10 мамандық бар екен. Байқағанымыздай, бұл сала да автоматтандыруға көшіп жатыр. Сәйкесінше, кей мамандықтар жойылу алдында тұр. Олардың қатарына жем беруші, жұмыртқа қабылдаушы (жұмыртқаны сұрыптаушы), өндірістегі жүк тиеуші, ет өнімдерін өлшеп ораушы, жинаушы-ораушы, тағам өндірісіндегі сұрыптаушы, таңбалаушы, таразышы және қолмен ораушы мамандықтары жатады. Барлығының жойылу уақыты 2025 жыл деп болжанып отыр. Осы секілді құрылыс саласында да бірқатар өзгерістер болады. Бұл салада тас қалаушы, бетоншы, құрылыс суретшісі, құрылысшы-монтажшы, терезеге әйнек салатын жұмысшы, сылақшы, арматурашы және қаптаушы, шатыршы, жүк көліктері жүргізушісі, тас өңдеуші мен тас қашағыш, лактаушы, бояушы және басқа да сырлаушы, сонымен бірге дәнекерлеуші және газбен кесуші мамандықтары 2030-35 жылға қарай қолданыстан шығады деп күтілуде. Бір ғана мысал, құрылыс алаңында дәнекер жасау жұмысын мамандандырылған роботтар жүзеге асырады. 2018 жылы Shimizu Corporation (Жапония) дәнекерлеу роботын ұсынған. Бұл робот биік ғимараттың құрылысында қолданылған екен.

Туризм индустриясында жойылып кету қаупі бар мамандықтар тізіміне мыналар кіреді: билеттерге тапсырыстарды қабылдау жөніндегі агент (2025), тапсырыс берілген билеттерді жеткізу жөніндегі агент (2020), сату орталығының байланыс операторы (2025), қонақ үйді тазалаушылар (2030), консьерж (2030), ыдыс жуушы (2025), есік күзетшісі, портье (2035), кезекші (қонақ үй, кемпинг, пансионат, 2025), қонақүйдегі жүк тасушы (2035).

Төртінші индустриялық революция

Тарихта алғашқы индустриялық революция 1760-1840 жылдар аралығында болды делінеді. Бұл кезеңде механикалық өндірістің дамуына ықпал еткен бу машинасы ойлап табылды. Екінші индустриялық революция кезеңінде, яғни XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында электр мен конвейерлік өндірістің қарқынды дамуы жалпыға ортақ өндірістің дамуына алғышарт болды. Ал үшінші индустриялық немесе компьютерлік революция 1960 жылдары басталды. Жартылай өткізгіштердің пайда болуы электронды-есептеу машиналарының деңгейін мүлде жаңа сатыға көтерді. Мұның шарықтау шегі – интернет желісінің пайда болуы. «Ал адамзат баласы бүгін төртінші индустриялық революцияның басында тұр» дейді бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының негізін қалаушы және президенті Клаус Шваб. Алайда ол өзінің «Төртінші индустриялық революция» кітабында әлемнің әлі күнге дейін төртінші индустриялық революция деңгейіне жетпегенін айтады. Автор жер бетіндегі халықтың жартысына жуығы әлі үшінші индустриялық революцияны күтіп отырғанын, тіпті 17%-ы екінші индустриялық революцияға жетпегенін алға тартады. Демек, 1,3 млрд адамға әлі электр жарығы жетпеген.

Клаус Швабтың айтуынша, барлық жаңа жетістіктерге тән ортақ ерекшелік мынадай: олар қандай салаға болса да тереңдей еніп жатқан цифрлық және ақпараттық технологияларды тиімді пайдаланады. Ендігі уақытта келешек өрісті жұмыстың бәрі жасанды интеллектсіз алға баспайды, ал ол көп жағдайда компьютерленген есептеу қуатына байланысты болмақ. Осыған байланысты ол төртінші инновациялық революцияның мегатрендтерін физикалық, цифрлық және биологиялық деп үшке бөледі. Физикалық бағытта 3D басып шығару мен роботтарды қолдану, жаңа материалдарды қолданысқа енгізу, бейімделгіштік деңгейін арттыру қажет деп есептейді. Роботтарды өндірісте ғана емес, барлық салада қолдану мүмкін екенін түсіндіру шарт. Цифрлық бағытта компьютерлік есептеу қуатын пайдалана отырып, қажетті ақпараттар мен қызметтерді тиімді пайдалана аламыз. Ал биологиялық бағыт бойынша гендік дәйектілікті анықтауға мүмкіндік бар. Яғни генетиканы зерттеу арқылы созылмалы аурулар мен обырдың емдеу жолдарын табуға болады.

Төртінші индустриялық революцияның алдыңғы үшеуінен басты айырмашылығы – оның кең ауқымында дер едік. Бұл адамзат тарихын тез әрі мүлде күтпеген ауқымы кең  бағытқа бұрып жіберуі мүмкін. Дәлірек айтсақ, технологиялық инновациялар әлемдегі өзгерістердің шарықтау шегінде тұр. Оның даму және таралу қарқыны біз ойламаған жылдамдықпен жүріп жатқанын мойындамасқа амал жоқ.

Сұранысқа ие маман болу үшін не істеу керек?

«Мамандықтар неліктен өзгереді?» деген сауал көпшілікті мазалайтыны анық. Әлбетте, бұл ғылыми-техникалық дамудың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Бұл үрдіс әлдеқашан басталып кеткен, енді оның ауқымы уақыт өткен сайын өсе бермек. Әрине, сөзсіз жұмыс орындары қысқарады және қолданыстағы мамандықтарға деген талаптар артады. Таңдау жасап, қосымша кәсіптік құзыретті меңгеру немесе жаңа мамандықтар бойынша қайтадан оқу қажеттілігі туындайды. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамыған дәуірінде сұранысқа ие маман болу үшін нені тез үйреніп, қай бағытта даму керек екені кімді болса да ойландырары сөзсіз. Бұл туралы APA COURSERA сату бөлімінің басшысы Бибин Шивас былай дейді:

«Алдағы онжылдықта 300 миллион адам еңбек нарығына шығады. Жұмыс берушілердің 42%-ы қызметкерлерге жаңа дағдылар қажет деп санайды. Жұмыстың автоматтандыруға көшуін ескерсек, барлық жұмысшыға сөзсіз жаңа дағдыларды үйренуге тура келеді. Сондықтан үнемі жаңа дағдыларды үйреніп, біліктілігімізді арттырып отыруымыз керек». Ал «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының жетекшісі Олег Мециктің айтуынша, алдағы уақытта «Өмір бойына бір мамандық» концепциясы күшін жояды. Адамдарға әр 3-5 жыл сайын жаңа мамандықты үйренуге тиіс болады.

Қазақстанда қандай мамандық сұраныста?

ҚР Білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 53 864 грант бөлген. Ең көп – 14 681 грант инженер кадрларын даярлауға бөлінген. Оның ішінде құрылыс мамандықтары үшін – 2500, электротехника және энергетика мамандықтарына – 1800, тау-кен өндірісі – 1702 грант. 8243 грант бөлінген педагогика саласы – екінші орында. Оның 789-ы «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» бағыты бойынша мамандандырылған,  шет тілдері мұғалімдері – 760 грант, химия – 740 грант, физика және биология әрқайсысына – 730 гранттан. Үшінші орында жаратылыстану, математика және статистика салалары – 4088 грант. Ал ақпараттық-коммуникациялық технологиялар үшін – 3815, денсаулық сақтау саласына – 2700, ауыл шаруашылығы үшін – 1565 және іскерлік, басқару және заңгер мамандықтарына 979 грант бөлінген екен. Техникалық мамандықтарға гранттың көп бөлінуі елімізде бұл бағыттағы мамандықтарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

finreview.info ақпараттық және аналитикалық сайтында көрсетілген дерекке сүйенсек, Қазақстанда 3,5 млн адам жұмыспен қамтылған. Оның 31%-ы – білім беру саласында, 19%-ы – өнеркәсіпте, 13%-ы – денсаулық сақтау саласында, 12%-ы – мемлекеттік басқаруда, 7% -ы – көлік, 6%-ы – сауда, 5%-ы – құрылыс, 3%-ы қаржы саласында қызмет атқарады. Демек, халықтың 75%-ы білім беру, өнеркәсіп, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларында жұмыс істейді. Былтыр ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен роботтандыруды дамытуға байланысты бірқатар мамандықтардың жоғалып кетуі мүмкін екенін айтқан еді. «Жасанды интеллект – ХХІ ғасырдың басты технологиясы» тақырыбындағы бейнеконференцияда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы алдағы уақытта банкир, курьер және жүргізуші мамандықтары жойылуы мүмкін деп бағалаған болатын.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, бұдан үрейленудің қажеті жоқ. Уақыт өте келе бәрі қалыпты дүниеге айналады. Цифрлық революция, жаппай автоматтандырудың арқасында адамзат баласының тіршілік ағымы мүлде басқа арнаға түседі. Бізге әлем бұрынғыдай болмайтынын түсініп, өзгерістерге тез бейімделуден басқа жол жоқ. Уақыт пен нарықтың бізден талап ететіні – үздіксіз іздену мен жаңа дағдыларды үйрену ғана болып отыр. Клаус Шваб айтқандай, тиімді технологиялық өзгерістердің көмегімен өзіміздің шын мәнінде кім екеніміз және әлемді қалай қабылдайтынымыз туралы бұрынғыдан да терең, кең толғану мүмкіндігіне ие боламыз.

(Мақалада «Жаңа мамандықтар атласы» мен Клаус Швабтың

«Төртінші индустриялық революция» кітабындағы деректер пайдаланылды)

Жандарбек Болатбекұлы

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2021

2135 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы