• Спорт жұлдыздары
  • 09 Ақпан, 2023

Бекентай ТҰРЛЫБЕКОВ, биатлоншы: Спорттағы басты қарсыласым – өзім

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен ХХХI қысқы универсиада ойындарында спортшыларымыз  көпшілік күтпеген көрсеткіштерге қол жеткізді. Әсіресе, биатлоншылардың бағы жанып, үздіктер қатарынан көрінді. Бекентай Тұрлыбековтың жеңісі қазақ жанкүйерлерін бір қуантты. 10 шақырымдық спринтте алтыннан алқа таққан спортшымен хабарласып, арнайы құттықтап, аз-кем сұқбаттастық.

– Бекентай, әуелі жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз. Шыны керек, мұндай нәтижеге қол жеткізеді деп ойламадық. Өзің де күтпеген сияқтысың...

– Расында, жеңіске жеткеніме өзім де таңғалдым. Әлі де сене алар емеспін. Әрине, еліміздің көк туын желбіретіп, биікке көтергеніме қуаныштымын. Қар жауып, күн райы қолайсыз болса да, нысаналарға дәл тигізгеніме қатты қуанып, барымды салып жүгірдім. Жанкүйерлер де жақсы қолдау көрсетті. Бапкерлерім, командам да үмітін үзбей, жарыс бойы ақыл-кеңесін аяған жоқ. Бұл – спорттық ғұмырымдағы әрі әлемдік аренадағы алғашқы үлкен жеңісім. Осы уақытқа дейін Қазақстан чемпионатында ғана жеңімпаз, жүлдегер болдым. Мұны жеті жылдық жаттығудың жемісі, үлкен жеңістердің бастамасы деп білемін. 

– Неше жасыңнан бастап биатлонды серік еттің?  Неліктен таңдауың бұл спортқа түсті? 

– Туған жерім Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында жарты жыл қар жатады. Сондықтан балалардың барлығы шаңғы спортымен айналысады. Биатлонмен кәсіби түрде 18 жасымнан айналыса бастадым. Алғашқы әрі қазіргі бапкерлерім – ерлі-зайыпты Александр мен Сәуле Мухиндер. Екеуі де талай сайыпқыранның томағасын сыпырған бапкер ретінде әлемге әйгілі. Александр Николайұлы да биатлонның биік белестерін бағындырып, бірнеше рет КСРО чемпионы болған. Ол көптеген мықты спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Менің де спорттағы жолымды ашып, жоғары жетістікке жетуге жетелеп жүрген жан. Биатлонды ерекшеліктері үшін ұнатамын. Бұл спортта физикалық және психикалық тұрғыдан дайындалу өте маңызды. Өйткені спортшы шаңғыны жақсы теуіп қана қоймай, нысананы да мүлт кетпей көздеу керек. Жүрек соғысың 160-170-ке жетсе де, эмоцияға берілмей, салқынқандылық сақтап, сабырлы болуың керек. Сол себепті де мәреге кімнің бірінші жететіні белгісіз. 

– Биатлондағы бәсекелестік жайында не айтасың?

– Расында, әлемдік деңгейде биатлондағы бәсекелестік өте жоғары деңгейде. Норвегия, Франция, Германия сияқты Еуропа елдерінде бұл спорт түрі өте қатты дамыған. Мысалы, бір жарыста барлық жүлдені норвегиялықтар ғана алған кездер болды. Халықаралық биатлон одағының құрамында 50-ден астам федерация бар. Биатлон бүкіл әлемде, тіпті қар өте аз немесе мүлдем жаумайтын елдерде де тұрақты дамып келеді. Қазақстанда биатлонмен кәсіби деңгейде айналысатын спортшылар аз болғандықтан, бәсекелестік онша күшті емес. Дегенмен бұрындары Қазақстан чемпионатына небәрі 3-4 облыстың спортшылары қатысса, қазір бұл көрсеткіш екі есе артты. Биатлоннан жарыстарға Батыс Қазақстанның, оңтүстіктің өкілдері де қатысып жүр. Биатлон федерациясы көп шаруа атқарып, өңірлерде дамытудың жақсы шараларын қолға алды. Қазір биатлонды серік еткен спортшылар көбейіп келеді. Бұйыртса, 5-10 жылда ел ішінде де өте күшті бәсеке болып, соның арқасында әлемдік деңгейде жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндей жағдайға жетеміз.

– Ал жаһандық жарыстардағы басты қарсыластарың кім? 

– Спорттағы басты қарсыласым – өзім. Ең мықты, жылдам спортшының өзі қателікке бой алдырып,  жарыстан шығып қалуы жиі кездеседі. Сондықтан нысанаға жақын қалған кезде тыныс алуға, тура атуға зейін қою өте маңызды. Әр жарыс сайын нәтижемізді жақсартуға тырысамыз. Әрине, кез келген спортшы қарсыласың бола алады. Мен үшін алдыма үлкен мақсаттар қойып, нәтижемді күн сайын жақсарту маңызды. Жоғарыда айтқанымдай, Норвегия құрамасы – әлемдегі ең атақты, мықты  командалардың бірі. Әлемдегі жалғыз абсолютті олимпиада чемпионы Оле-Эйнар Бьорндален мен аты аңызға айналған Тура Бергер де норвег жастарына үлкен жол ашып берді. Шыны керек, норвегиялықтар сияқты өте тәртіпті спортшыларды көргенім жоқ. Солардан үлгі алып, жарыста қолданатын тактикасын меңгеруге тырысып жүрмін.

– Неліктен биатлон спортында нәтижелер төмен, не жетіспейді спортшыларға?  

– Бірнеше жыл бұрын құрама команда толығымен өзгеріп, қатарымызға жас спортшылар қосылды. Жаттықтырушылар спорттық сынақтар өткізіп, жаттығуға жаңа әдістер енгізді. Биылғы маусым алдында Австрияда арнайы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, «тредбан» деп аталатын арнайы жүгіру жолақшасында көп жаттықтық. Бұл жаттығу құралы жүгіру жолына ұқсағанымен, қар шаңғыларының орнына роликті конькилермен, яғни дөңгелектердегі шаңғылармен жоғары көтерілесің. Әрине, жаттығу тәртібіне үлкен өзгерістер енгізу ұзақ уақытты талап етеді. Оның нәтижелерін енді ғана көре бастадық. Негізінен, біздің спортшылар жасөспірімдер деңгейінде тамаша нәтиже көрсетіп, ересектер дуына қосылғанда тосылып қалады. Ересектер арасындағы додаларға сәтті қосылдым деп ойлаймын. Универсиададағы жетістікті әлем және Еуропа чемпионаттарында қайталауды көздейміз. 2026 жылғы олимпиадада жақсы нәтиже көрсету үшін  қазірден бастап дайындалып жатырмыз.

– Алға қойған арман-мақсатың қандай?  

– Алда Еуропа мен әлем чемпионаты келе жатыр. Сол байрақты бәсекелерде сәтті өнер көрсетіп, маусымды жақсы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін бір-екі апталық демалыстан соң дайындыққа қайта кірісеміз. Жаз бойы дөңгелектегі шаңғылармен жаттығып, жазғы биатлон түрінен де жарыстарға қатысамыз. Одан бөлек, магистратурамды сәтті аяқтап, жақсы мамандық иесі болғым келеді. Әрине, болашақта IBU және әлем кубогын жеңіп алғым келеді. 

Сұқбаттасқан 
Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2023

244 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы