• Спорт жұлдыздары
  • 18 Ақпан, 2024

Смирновтың сара жолы

Ақ олимпиадада алтын алған алғашқы, әзірге жалғыз спортшы Владимир Смирновтың жеңісіне биыл отыз жыл толады. Қазақстан әнұранын тұңғыш рет олимпиялық ойындарда шырқатқан Смирнов 50 шақырымдық марафонда бәрінен үздік шығып, мәре сызығын озық уақытпен қиды. Шаңғышы Лиллехаммер олимпиадасында бір өзі 1 алтын, 2 күміс медаль иеленді, соның арқасында Қазақстан Франция, Қытай, Ұлыбритания, Украина сияқты елдерді командалық есепте артқа тастады. Біз Смирновтың тарихи жеңісін еске қайыра түсіріп алуды жөн көрдік.

БАСТАЛҒАН БЕЛЕС

Владимир Смирнов 1964 жылы қазіргі Ақмола облысы, Щучье қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Михаил асфальт зауытында оператор болсае, анасы Любовь сол зауытта жинаушы болып жұмыс істеген. Владимир бала күнінен спортқа жақын болып өсті. Ағаларымен, құрдастарымен шаңғы теуіп, футбол ойнағанды жақсы көрді. Ол 4-сыныпта үлкен ағасы Леонидпен бірге шаңғы спортының үйірмесіне ілесіп барды. Одан бөлек, баскетбол, футбол, ұзындыққа, биікке секіру сынды спорт түрлеріне қатысты. Владимирдің өміріне өзгеріс енгізген жайт – Инсбрук (Австрия) қаласында өткен ХІІ қысқы олимпиадада қазақстандық Иван Гараниннің өнері. Дүбірлі додаға қазақстандық шаңғышының қатысқанын тікелей эфирден көріп, Володяның шаңғыға құлшынысы артты. Гараниннің қола жүлдегер атанғанын көрген жас жеткіншек түнімен ұйықтай алмай, арман-қиялдың жетегінде кете барды. Сөйтіп, бала арманымен Владимир дене шынықтыру мұғалімі Владимир Браташовтың қол астында жаттыға бастады. 4-сыныпта мектеп чемпионы атанған кезде, оған мектеп директоры бүкіл оқушылардың алдында арнайы мақтау қағазып беріп, марапаттады. Осы сәт Смирновтың бұдан да биік белесті бағындыруға деген ынтасын оятты.

6-сыныпта облыстық жарыстарды ұтып, қатарластарына қарағанда деңгейінің жоғары екенін танытты. Браташов шәкіртінің болашағы зор екенін біліп, спорт мектебіндегі жас бапкер Александр Унгефукке жібергісі келді. Бірақ Смирнов спорт мектебінде оқығысы келмей, ұсыныстан бас тартты. Дегенмен Унгефук арнайы №4 мектепке келіп, жас жеткіншектерді шаңғы үйірмесіне қатысуға шақырды. Жас жаттықтырушы Владимирмен жеке сөйлесіп, жаттығуға келуін өтінді. Володя бапкер сөзін екі етпей, спорт мектебіне бір күн жаттығуға барып көрді. Дегенмен алғашқы жаттығуда-ақ бапкер екі шақырымнан екі айналым жүгіруге тапсырма берген. Оған қоса, арқанмен 8 шм жүгіру өте ауыр болса да, ол жаттығуды аяқтады. Бірақ осы жаттығудан кейін жас шаңғышы киім-кешегін жинап, екінші бұл жаққа қайта келмеуге сөз берген. Унгефук бір ай бойы Смирновтың үйіне хабарласып, жаттығуға қайта келуін өтінді. Бірақ Владимир жаттығуға барудан ат-тонын ала қашып, түбегейлі бас тартты. Дегенмен үлкен ағасы Николай Унгефукке қайта баруға көндіріп, өзі де үлкен топқа жазылды. Володя биік белестерді бағындыру үшін жүйелі жаттығудың қаншалықты маңызды екенін түсінді.

Сөйтіп, 15 жасар Смирнов алғаш рет КСРО жасөспірімдер біріншілігіне қатысып, ІІІ орын алды. Оның көрсеткіші «Дружба» командасының қатарына қосылуға мүмкіндік беріп, КСРО жасөспірімдер құрамасына қабылданды. Ол жасөспірімдер арасында төрт рет әлем чемпионатына қатысып, екі рет алтынға сынық сүйем қалған кезде тоқтады. Алғаш рет 17 жасында 1981 жылы Шонах қаласында өткен әлем чемпионатында жекелей сында тек V орын алып, құрамадағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Смирнов араға бір жыл салып, Австрияның Мурау қаласында өткен әлем біріншілігінде алғаш рет ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Австриядағы додаға басты фавориттің бірі боп барған Володя қола жүлде иеленді. Куопио (Финляндия) және Тронхеймде (Норвегия) өткен әлем чемпионаттарының жекелей сынында алдымен Саша Ушкаленкодан 48 секунд, екіншісінде Холгер Бауроттан 30 секунд қалып қойып, күмісті місе тұтты. Смирнов осы жасөспірімдер арасында жіберген қателіктен сабақ алып, ересектер арасындағы чемпионаттарда мұндайға жол бермеуге, қалайда әлем чемпионатын бағындыруға өз-өзіне сөз берді.

ТАСЫН ӨРГЕ ДОМАЛАТҚАН ТАҢДАУ

Смирнов ересектер қатарына қосылғаннан кейін Борис Быстровтың қол астында жаттығып, 1987 жылы Оберстдорфта өткен алғашқы әлем чемпионатына қатысты. Шыны керек, шаңғышы үшін спорттық ғұмырындағы ең сәтсіз әрі ауыр чемпионат болды. Басты фавориттердің бірі болып барған Смирновтың жолы болмай, жарысты жарты жолдан тоқтатты. Бұл шешімі үшін спортшы әлі күнге дейін өкінеді. Дегенмен эстафеталық сында күміс жүлдегер атанып, аз да болса көңілі орнына түсті.

1988 жылғы Калгари олимпиадасына дайындық барысында Смирнов бірнеше маңызды шешім қабылдады. Әуелі өзінің ең жақын досы, бір нанды бөлісіп жеген Владимир Сахновтың орнына спаррингсеріктесі ретінде Алексей Прокуроровты таңдап алды. Ешнәрсені түсінбеген досы қатты ренжіп, ашуланады. Дегенмен Владимир бұл қадамға барудағы басты себебі аңсаған арманына жету үшін екенін айтып ақталды. Нәтижесінде ол 30 шақырымдық жеке жарыста, 4х10 шақырымдық эстафетада күміс жүлде иеленді, 15 шақырымдық сынды қола жүлдемен қорытындылады. Бірақ өзінің оң жамбасына келетін 30 шақырымдық бәйгеде алтынды спарринг-серіктесі болған Алексей Прокуроровқа беріп қойды. Бұл жайтқа спортшы бір шетінен қуанса, екінші шетінен өзегі өртенді.

Смирнов Калгаридегі олқылықтың орнын Лахтиде өткен әлем чемпионатында толықтырды. Ол 30 шақырымдық жеке жарыста Вегард Ульванг пен швед Кристер Майбектің алдын орап, алтыннан алқа тақты. Осылайша, Смирнов 25 жасында әлемнің ең үздік шаңғышысы деген атаққа ие болып, көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Владимир спортық нәтижелерін жақсартып, нағыз кәсіпқой шаңғышы болуды көздеп, жеке жаттығу жасауға көшті. Ол 1992 жылғы Альбервиль олимпиадасы қарсаңында бұл туралы басшылықты хабардар етті. Ұсынысты суық қабылдаған басшылар спортшының тек Мәскеуге қайтар жолының ақысын төлеп, ары қарай қаражат беруден бас тартқан. Бірақ Смирнов алған бетінен таймай, Швецияға өзінің қаражатына ұшып кетті. Шаңғышы бұл шешімінің дұрыс екенін дәлелдеп, таңдау жасаудан қателеспегенін көрсетті.

1993 жылы Смирнов көшіп барған Швецияның Фалун қаласында әлем чемпионаты өтті. Бір қызығы, 10 шақырымдық жарыста мәре сызығын қиып өткен сәтте таблода Владимирдің аты чемпион ретінде жазылып тұрды. 10 минуттан кейін оның аты ауыстырылып, норвегиялық шаңғышы Бьерн Дали чемпион деп жарияланды. Мәреге аяқтарын қатар созғанда 18 сантиметр ұтылған Смирнов күміс жүлдегер атанды. 1993-1995 жылдар спортшының спорттық мансабының шарықтау шегі болды. Қазақстан алғаш рет жеке мемлекет ретінде 1994 жылғы Лиллехаммер олимпиадасына қатысып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Құрама қоржынына 1 алтын, 2 күміс медальді Смирнов салды. Лиллехаммерде Владимир әуелі 10 шақырымға классикалық жарысқа қатысты. Ол сөреден 88 қатысушы ішінен 86-нөмірмен аттанып, басты қарсыласы Далидің уақытынан хабардар болып отырды. Алайда норвег сайыпқыраны бұл күні желдей есті, мәреге 24 минут, 20,1 секундта жетіп, Смирновты 18,2 секунд артта қалдырды. Дегенмен бұл тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи күн еді. Тұңғыш рет олимпиада тарихында Қазақстан туы жүлдегер құрметіне көкке көтерілді. 15 шақырымдық жарыста да даңқты Дели отандасымыздың алдын орап кетті. Смирнов басты қарсыласының қарқынына сай жүгіргенмен, қорытынды нәтиже күміске ғана жол ашты. Смирнов құрама қоржынына екінші күмісті салды. Ол 4х10 шақырымдық эстафетаға қатысудан бас тартып, 50 шақырымдық марафонға дайындалуды қош көрді.

Өзіне аса ыңғайлы қашықтықтарда алтынға қол жеткізе алмағасын, Смирнов марафонға қатты дайындалды. 30 жасқа таяп қалған оны ешкім бұл қашықтықтың фавориті ретінде қарастырған жоқ. Расында, бұдан кейін олимпиада алтыны қолына түсуі неғайбыл. Өйткені төрт жылдан кейін 34 жаста болады. Бұл – кез келген спортшының шау тарта бастайтын шағы. Дегенмен ол 1990 жылдан бастап марафонға жүгірудің қыр-сырын жете үйрене бастаған. Нәтижесінде Владимир мәреге 2 сағат, 7 минут, 20,3 секундта жетіп, күміс жүлдегер М.Мюллюладан – 1:21,6 минут, қола жүлдегер С.Сивертсеннен 1:28,7 минут алда болды. Осылайша, Лиллехаммер олимпиадасының соңғы күнінде Қазақстан қоржынына тәуелсіздік дәуіріндегі тұңғыш алтын жүлде түсті. Күллі әлем қазақ Әнұранын тыңдады. В.Смирнов шаңғысын төбесіне көтерген күйі жеңімпаз тұғырына секіріп шықты. Көк туымыз аспандап бара жатты.

Смирнов Лиллехаммер марафонындағы жеңісінің кездейсоқ емес екенін 1995 жылы Канаданың Онтарио штатындағы ТандерБей қаласында өткен әлем чемпионатында дәлелдеді. Ол бұл сында үш қашықтықта (10, 15, 30 шақырым) топ жарып, төрт дүркін әлем чемпионы атанып, спорт тарихына атын алтын әріппен жазды.

АЛТЫННАН ДА ҚЫМБАТ ҚОЛА

Үлкен додалардың бәрінде топ жарған Смирнов спорттық мансабын аяқтауды ойластырды. Бірақ Қазақстан спортшыға 1998 жылғы олимпиадада өнер көрсетуге мүмкіндік туындатты. Үлкен жауапкершілікті мойнына алған Смирнов қайтадан жаттығуына кірісіп, бабына ене бастады. Сөйтіп, Нагано олимпиадасына ту ұстаушы ретінде аттанып, 15 шақырымдық жарыста олжа салды. Осылайша, Смирре қола тұғырдан қол бұлғап, алтыннан да қымбат, құнды жүлдеге қол жеткізді. Спорттық ғұмырына нүкте қойылар тұста талантты жастардың мысын басқан Владимирдің қуанышында шек болмады. Бір жылдан кейін Канвондода (Оңтүстік Корея) өткен Қысқы Азия ойындарында екі дүркін чемпион атанды, бір қашықтықта күміс жүлде иеленді. Осылайша, ол спорттық мансабын тұғырдан түспей тоқтатты.

Смирнов – Қазақстан ғана емес, әлем спорты тарихындағы аты аңызға айналған тұлға. Ол әлем чемпионатының – 11, олимпиада ойындарының – 7, Әлем кубогының 2 жүлдесін жеңіп алды. Жалпы жетпіс рет жеңіс тұғырына көтерілген жалғыз қазақстандық шаңғышы.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2024

413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы