• Спорт жұлдыздары
  • 18 Наурыз, 2023

«Атағыңнан бұрын ақшаңды әкел!»

Кәсіпқой бокстың бизнес ретінде дамып кеткеніне де көп болды. Қазір боксшылар шаршы алаңда өнер көрсетуді емес, ақша табуды көбірек ойлайды. Әрине, еңбегіне қарай жемісін көруі де заңдылық. Бірақ «тірі қапшықтарды» ұрып, Америкада атын шығарып, атағын асқақтатқан мықты боксшылар да өзіне лайықты қарсыластармен жұдырықтасқысы келмейтіні көңілге қаяу салады. Яғни жолы болмай жеңіліс тапса, атағынан да, ақшасынан да айырылып, қара жаяу қалудан қорқады. Головкин нағыз бабына еніп, дәуірі дүркіреп тұрған шағында «мен-мен» деген мықтылардың ешқайсысы жұдырықтасқысы келмей, атағын тастап қашқан еді. Қазір мықты боксшылардың бәрі Жәнібекпен жұдырықтасудан бас тартып, керісінше, Геннадийге қарсы жекпе-жек өткізуді көздеп жүр. Себебін анықтап көруге тырыстық.

Шыны керек, бағы жанған кез келген спортшы бір-ақ кеште байып кетуі мүмкін. Ең бастысы, жұлдызды қарсыласқа қарсы өнер көрсетсе болғаны. Мысалы, атағы дардай, кәсіпқой бокстың жарық жұлдызы саналатын Энтони Джошуаны ұтқан Энди Руис бір-ақ күнде миллионер әрі атақты боп шыға келді. Үлкен сенсация жасаған мексикалық боксшы 5 миллион долларға жуық сыйақы алып, қарымта кездесу үшін 50 миллион доллар талап етті. Сондықтан боксшылар да, ММА шеберлері де сол саланың жарық жұлдызымен жұдырықтасқысы келеді. Неге барлығының Головкин, Канеломен төбелескісі келеді? Әрине, басты себеп – қалтасын қампайту, атын шығарып, жұлдызға айналу. Тіпті жеңіліске ұшыраса да еш ұтылмай, жағдайын жақсартып алатынын біледі. Мексикалық былғары қолғап шебері Хайме Мунгияның да Жәнібектен қашып, Головкинді жекпе-жекке шақырып жүргені содан. Әйтпесе, Мунгия – Головкиннің емес, Әлімханұлының чемпиондық белбеуіне бірденбір үміткер боксшы. Ол Геннадий иелік ететін белбеудегі тұжырымда, яғни WBA ұйымының рейтингінде де жоқ. Жәнібек сияқты мықтыларға қарсы шықпаудың айласын тауып, әлсіз қарсыластармен сынға түсіп жүр деуге толық негіз бар.

Өзінен бір бас төмен қарсыластарды құлатып, миллиондап қаламақы алып жүрген Мунгияны да түсінуге болады. Оған Жәнібектей адуынды боксшылармен 200-300 мың доллар үшін жұдырықтасу тиімсіз. Дегенмен Жәнібектің промоутері, атақты Боб Арум мексикалық боксшыға қалаған сомасын беруге дайын екенін де айтқан еді. Бірақ Мунгияның соңғы жекпе-жектегі таңдауы Әлімханұлынан нокаутпен жеңілген Гонсало Кориа болды. Әрине, Мунгияны нашар боксшылардың қатарына қосудан аулақпыз. Десек те әлем бокс тарихындағы атақты боксшылар қатарына қосу қиындау.

Ақша үшін чемпиондық белбеуінен бас тартып, титулынан айырылған боксшылардың бірі – Деметриус Андраде. Жеңілістің дәмін татып көрмеген Андраде чемпиондық белбеу үшін міндетті қарсыласы атанған Ж.Әлімханұлынан жеңіліп қалудан қорықты ма, әйтеуір, белбеуінен бас тартып, басқа боксшылармен жұдырықтасуға шешім қабылдады. Негізі, бұл жекпе-жектің промоутерлік саудасы 200 мың доллардан басталған еді. Яғни чемпион Андрадеге – 75%, белбеуден үміткер Жәнібекке 25% сыйақы тиесілі болды. Бірақ Андраде ат-тонын ала қашып, әрі әлсіз, әрі қомақты қаржы әкелетін боксшылармен төбелесуді жөн көрді. Өйткені екінші орта салмақтағы WBO тұжырымының чемпиондық белбеуі үшін британдық Зак Паркерге (22-0, 16 KO) қарсы жекпе-жектен де бас тартқан болатын. Андраденің де көздегені Головкин мен Альварес болып тұр. Геннадиймен жекпежек өткізу үшін қайтадан орта салмаққа түсуге дайын екенін де мәлімдеді.

НЕЛІКТЕН БӘРІ ГОЛОВКИНМЕН ЖҰДЫРЫҚТАСҚЫСЫ КЕЛЕДІ?

Бұрындары GGG-ден айнала қашқандардың біразы қазір Генаны жекпе-жекке шақырып жүр. Оның да бірнеше себептері бар. Біріншіден, Головкин бұрынғыдай ұрғанын құлататын жастан өтіп бара жатыр. Джейкобс, Деревянченко сынды былғары қолғап шеберлерімен кездесулерін көрген боксшылардың көбі оның осал тұсын таба алатындай болды. Дегенмен Геннадий әлі де бір қағары бар екенін, әлі де мен деген мықтылардың мысын баса алатынын көрсетті. Екіншіден, Головкин ең көп сыйақы төленетін боксшылардың қатарында. Яғни Головкинге қарсы шыққан кез келген боксшы да бұрын-соңды алмаған ақшаны алатыны анық. Мысалы, украиналық Сергей Деревянченко Геннадийге қарсы өткізген жекпе-жегі үшін 5 миллион доллардан астам ақы алды. Бұл Деревянченконың мансабындағы ең қомақты сома болды. Поляк боксшысы Камил Шеремета да Головкинмен өткізген жекпежегі үшін бұрын алмаған ақшаға кенелген. Ол нокаутпен жеңілсе де, 300 мың доллардың көлемінде ақшаға ие болып, қалтасын қалыңдатып алды.

Дегенмен Камил одан кейінге Мунгиямен өткізген жекпежегінде Головкинмен болған кездесуден де көп қаламақыға ие болды. Кім біледі, бәлкім ол Генамен жұдырықтаспай, басқа қарсыласпен шығып барып, Мунгиямен төбелескенде, мұндай сыйақыға ие болар ма еді? Демек, Шеремета отандасымыздан жеңілсе де, атын шығарып, қаламақы мөлшерін де көтеріп алған. Жапонияның жарық жұлдызы саналатын Риота Мурата да GGG-мен өткізген кездесу үшін үлкен сыйақы алды. 9 раундта техникалық нокаутпен жеңіліс тапқан жапондық боксшы 1,5 миллион доллар көлемінде қаржыға ие болды. Бұл да Риотаның мансабындағы ең қомақты ақша болғаны анық. Шаршы алаңда атын алтын әріппен жазуды емес, қомақты қаржы табуды көздейтін боксшылардың неліктен Головкин, Альварес сияқты «жұлдыздарды» шақырып жүргенін осындан-ақ түсінуге болады.

ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫНЫҢ СЫЙАҚЫСЫ ҚАНДАЙ?

Қазақ боксшыларының арасында ең көп қаламақы алатын боксшылардың көшін WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы бастап тұр. Ол чемпиондық белбеу үшін болған жекпе-жекте кемі 100 мың доллар көлемінде ақы алуы мүмкін. Өйткені чемпиондық жекпе-жектің промоутерлік саудасы кемі 200 мың доллардан басталады. Айтпақшы, жақында Жәнібектің белбеуіне міндетті қарсылас ретінде танымал британдық боксшы Лиам Смит бекітілді. Қос тарап 20 күннің ішінде келісімге келуі керек. Бұл кездесудің де промоутерлік саудасы кемі 200 мың доллардан басталады. Дегенмен Жәнібек WBC және IBF тұжырымының чемпиондық белбеулері үшін кездесу өткізсе, бұдан да көп қаламақы алуға мүмкіндігі мол. Отандасымыз үшін ол күннің ауылы алыс емес сияқты.

Сондай-ақ көп қаламақы алатын боксшылардың қатарына Әли Ахмедов, Данияр Елеусінов, Жанқош Тұраров, Айдос Ербосынұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Батыр Жүкембаев және Садриддин Ахмедовты жатқызуға болады. Өйткені бұл боксшылардың барлығы – чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізген спортшылар. Мысалы, Ә.Ахмедов Маркус МакДэниелге қарсы өткізген кездесуінде 25 мың доллар қаламақы алса, одан кейінгі жекпе-жектерінде одан 2-3 есе көп қаржы тапты. Ал Данияр Елеусінов IBF Inter-Continental атағы үшін Джулиус Индонгоға қарсы кездесу үшін 87 мың доллар көлемінде қаламақы алды. Жалпы, әр тұжырым чемпиондық белбеу үшін жекпе-жектің промоутерлік саудасын әртүрлі қояды. Жоғарыда айтқанымыздай, кемі 200 мың доллардан басталып, 1-2 миллионға дейін кете береді. Жанқош Тұраров та соңғы жекпе-жегінде қомақты қаржыға қол жеткізді. Бірақ боксшыларымыздың ешқайсысы алған ақшасын ашып айтқысы келмейді. Өйткені келісімшарт бойынша коммерциялық құпия ретінде айтуға, жариялауға хақысы жоқ.

P.S. Біздің мақсатымыз – боксшылардың ақшасын санап, атақ-абыройына нұқсан келтіру емес. Жас оқырмандарымызға бірін-бірі жекпе-жекке шақырып, жұдырықтасудан қашып жүрген боксшылардың түпкі көздегені – атақтан да маңызды саналатын құралға қол жеткізу екенін айтып өткіміз келеді.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2023

230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы