• Спорт жұлдыздары
  • 18 Наурыз, 2023

Ербол ХАМИТОВ, парашаңғыдан әлем чемпионы: Табиғаттан қуат аламын

2017 жылдың жайма-шуақ жазы Ерболдың мәңгі жадында. Өмірін түбегейлі өзгерткен оқыс оқиғаны әлі де ұмыта қойған жоқ. Қаскөйлердің қастандығынан 19 жасында бір аяғынан айырылып, өмір бойына арбаға таңылуға мәжбүр болды. Дегенмен өр рухы мен ерік-жігері, өмірге деген құштарлығының арқасында сағы сынбады, өмірден күдер үзген жоқ. Бүгінде алға қойған мақсаттарына қайыспай қадам басып келеді.  Жақында ғана кейіпкеріміз парашаңғыдан әлем чемпионы атанып, дүниежүзіне мықтылығын мойындатты. Ерболды жарқын жеңісімен құттықтап, аз-кем әңгімеге тарттық.

– Ербол, әңгімемізді өміріңізді түбегейлі өзгерткен оқиғадан бастасақ… Сол күн, сол оқиға әлі есіңізде шығар? Әлде ұмытуға тырыстыңыз ба?

– Әрине, бұл оқиға әлі жадымда, нақты қалай болғанын да айтып бере аламын. Бірақ уақыт өтіп, арман-мақсаттарым өзгерген соң, бұл жайлы ойланып, қайғыратын уақытым да жоқ. Қазіргі мақсатым – спорт әлеміндегі биік шыңдарды бағындырып, әлемдік ареналарда атой салу. Ата-анам, туған-туыс, жора-жолдастарымның,  сенім артқан жанкүйерлерімнің үмітін ақтағым келеді. 

– Ауруханада есіңізді жиып, көзіңізді ашқанда ең бірінші қандай ой келді? Кек алып, есе қайтару ойыңызда болды ма, әлде кешіруге шешім қабылдадыңыз ба? 

–  Отадан кейін көзімді ашып, аяғымның жоқтығын түсінген сәтте жаныма қатты ауыр тиді. Дипломын енді алған,  өмірдің қуанышы мен бақытын енді көрем деген 18 жастағы жігітке бір сәтте осындай күйге түсуі оңай емес. Жарық күнде күн жоғалып кеткендей болды. Бірақ мен жігітпін ғой, салы суға кету ер жігітке жараспас. Менің сағым сынса, өмірден түңілсем, әке-шешем не болмақ, анам бұған қалай шыдар? Шыны керек, анамның көз жасын көргім келмеді. Мені ойлап, көз жасын төгіп жылап тұрған анама: «Анашым, жылама, бәрі жақсы болады. Мені әлі-ақ мақтан тұтасың», – дедім. Сол күннен бері сертіме берік боп келемін. Анама берген серттен кейін кек алу туралы ой да болған жоқ. «Алла кінәлі адамдардың жазасын өзі береді»  деп түйдім.  Мен кекшіл болып, кек алсам, ата-анам бақытты бола алар ма еді? Аяғым орнына қайта келер ме еді?  Әрине, жоқ.  Жанымның аман қалғанына Аллаға шүкір деймін. Бәрі өткінші... Енді жаңадан өмір сүріп, берген сертті орындау керек.

– Ерік-жігеріңіздің арқасында көпшілікке үлгі болып, көпшілікті жігерлендірдіңіз. Алға ұмтылдыратын басты себеп қандай?

– Сочидегі Параолимпиада ойындарының 6 мәрте жүлдегері, ресейлік Роман Петушковтан үйренерім көп. Соның жетістіктері жігерлендіреді. Мен де сол сияқты тарихи жетістіктерге жетсем деймін.

– Әу баста грепплинг, джиу-джитсу сияқты спортты серік еттіңіз, жалпы бұл спорт түрлерімен ары қарай айналысу қаншалықты қиын болды? 

–  Өмірімді түбегейлі өзгерткен оқиғадан кейін Сергей Веселов, Анатолий Ким, Асылбек Дүйсенов ағаларым қолдау көрсетіп, жаңа өмірге бағыт-бағдар беріп, өздерінің жаттығу залдарына шақырып, спортты тастамай, әрі қарай айналысуға мүмкіндік берді. Бір аяғымнан айырылғаннан кейін де сол спорт түрлерінен алыстап кетпедім. Шыны керек, мүмкіндігі  шектеулі адамдардың спортымен айналысқым келмеді. Он екі мүшесі сау адамдармен жарыстарға шығып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрдім. Уақыт өте келе, осы ағаларым спортқа деген ынта-жігерімді, құлшынысымды көріп, болашағыма үлкен сеніммен қарады. «Ербол, сен олимпиадаға қатыса алатын, өзіңнің мүмкіндіктеріңді көрсете алатын, болашағыңды материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алатын спорт түрімен айналысуың керек» деп ақыл-кеңес айтты. Солтүстік өңірден болғандықтан, ауа райы жаттығуға қолайлы болғандықтан парашаңғы спортын таңдадым. Осылайша, параспорт әлеміне келдім.

– Шаңғы тебуді аса ұнатпайтынмын деген едіңіз бір сұқбатта. Қазір парашаңғыдан әлемнің ең үздік спортшыларының бірісіз. Бұл спортқа деген махаббатыңыз ба, әлде бұрыннан бойыңызда бар намысқойлығыңыз ба? 

– Шаңғы тебуді ұнатпайтынмын дегенім рас. Бірақ ол мектепте дене шынықтыру сабағында тебетін шаңғы жайлы айтылған сөз еді. Түрегеп тұрып шаңғы тебу мен отырып шаңғы тебу екі бөлек дүние. Соңғысы көп қажырлы еңбекті, жаттығуды, түрлі әдіс-тәсілді қолдануды, спорттық шеберлікті талап етеді. Мен болмысымнан еңбеккор адаммын,  әрқашан қозғалыста болып, жаңа тәсілдерді меңгергенді ұнатамын. Қай спорт түрін серік етсем, сол спорттың үздігі болғанды қалаймын. Парашаңғыға да осы үшін келдім. 

– Аз уақытта үлкен жетістіктерге қол жеткіздіңіз. Мұның сыры неде?

– Жетістіктерімнің сыры темірдей тәртіпте деп ойлаймын. Жаттығуда аянбай еңбектеніп, жалқаулыққа салынбаймын. Өз ісімді жан-тәніммен беріліп, сүйіп істеймін. Алға қойған мақсатқа міндетті түрде жету үшін төзімді, сабырлы болу керек. Табандылық, қайтпас-қайсарлық, намысшылдық сияқты қасиеттер биік белестерге жетелейді.

– Расында, жақында ғана Швецияда өткен әлем чемпионатында намысты қолдан бермей, алтыннан алқа тақтыңыз... 

– Әлем чемпионатына дайындығымыз да, жарыс та жоспар бойынша өтті. Осындай байрақты бәсекеде бойдағы барлық шеберлікті барынша көрсете білу керек. Бапкерлерімізбен құрған тактика бойынша әуелі 12 үздік спортшының қатарына кіру меже болды. Одан кейін іріктеуден өтіп, жартылай финалға жолдама алуды көздедік. Жартылай финалға 6 спортшы ғана өтеді. Бәрі – сайдың тасындай сайыпқырандар. Эфирден осы алты спортшының мәреге жету уақыты олардың санатына, денсаулық жағдайларына байланысты түрліше болғанын байқаған шығарсыздар. Алдымен 20 секундтай ертерек 2 спортшы, одан кейін 10 секундтан кейін тағы 2 спортшы алға ұмтылады.  Соңғы болып украиналық спортшы екеуміз жарыс жолына шықтық. Бұл додаға тек топ жарып, көк туды желбірету үшін келгенмін. Аллаға шүкір, бағым жанып, намысты қолдан бермедім. Жарыста жанымды салып, тактиканы жақсы орындап шықтым. Әрине, бұл мен үшін үлкен жетістік, зор қуаныш. Менің ғана емес, командалық жұмыстың, бапкерлерімнің, шаңғыны майлап сайлаушыларымыздың, массаж жасаушы дәрігерлері-міздің де еңбегі. Бұл жеңіс – шүмектеп төккен тердің, еңбектің нәтижесі.

– Керек-жарағымызды бапкеріміз несиеге әперді деген едіңіз. Жалпы бұл спортты қаржыландыру мәселесі қалай? Жылына қанша оқу-жаттығу жиынына барасыздар, сыйақы аласыздар ма? Жалақыларыңыз жақсы ма?

– Бейжіңдегі параолимпиада ойындарынан кейін жағдайымыз біршама жақсарды.  2022 жылы командамызбен 5-6 рет оқу-жаттығу жиынына барып келдік. Қаржыландыру жағы да көңілге қонымды,  барлық жағдай жасалып жатыр. Басшыларға алғыс айтып, ризашылығымды  білдіргім келеді.

– Әлемдегі және елдегі бәсекелестік жайлы не айтасыз?

– Әрине, бәсекелестік өте жоғары деңгейде екені анық. Жалпы бұл сұраққа арнайы мамандардың жауап бергені дұрысырақ шығар. Қай жарыс-та болмасын спортшылардың барлығы сақадай сай боп, өте мықты дайындықта келеді. Бірінен бірі асатын сақа спортшылар көп. Мен тәжірибесі әлі толықпаған жас маманмын.

– Спорттан басқа немен айналысқанды ұнатасыз?

– Мен атамның тұңғыш немересі  болғандықтан, ауылды жақсы көріп өскен баламын. Уақытым болып, жағдай туып тұрған кезде ауылға барып, ауылдың самал желімен, таза ауасымен тыныстағанды ұнатамын. Атқа мініп, жүгенге ерік беріп, кең далада шапқылағанды жақсы көремін. Табиғаттан қуат аламын.  

– Алға қойған арман-мақсаттарыңыз қандай? 

– Бүгінгі таңдағы басты мақсатым – 2026 жылы Италия-да өтетін қысқы паралимпиадада жақсы нәтиже көрсету. Әлемдік додаларда ел намысын  абыройымен қорғап, әрқашан қолдап, сенім артып отырған жақын жандарымның үмітін ақтау. 

– Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз…

– Жастарға еңбекқор болыңдар дегім келеді. Еңбек – бейнет, түбі –  зейнет. Уақытты босқа өткізбей, өмірден өз орнын табу, ата-ананың сенімін ақтау маңызды. Үлкендерді құрметтеп,  кішіге қамқор болу, өмірде қандай жағдайға тап болса да, налымау, еңсені түсірмеу, адамгершілікті жоғалтпау, бойдағы жақсы қасиеттерден арылмау керек. Өмір бір-ақ рет беріледі. Сол өмірдің билеушісі де, билікшісі де өзіміз.

Сұқбаттасқан Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2023

256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы