• Спорт жұлдыздары
  • 22 Сәуір, 2023

Шардараның шарболаттары

Шартарапты мойындатқан құрыш білекті қол күрес шеберлерінің көпшілігі Шардарадан шыққан. Талай сайыпқырандардың томағасын сыпырған Shardara Armsport клубының спортшылары әлемді аузына қаратып келеді. 2001 жылы негізі қаланған клуб осы уақытқа дейін 50-дей әлем чемпионын, 150-ге жуық Азия чемпионын тәрбиелеп шығарған. Солардың бірі – әлемнің екі дүркін чемпионы Мағжан Шәмиев. Шойын білекті, бармағынан күш саулаған Шәмиев әлемдік аренадағы талай дүрмекте атой салған. Аты елімізге ғана емес, әлемге танылған Shardara Armsport клубы мен қол күрес спортының ерекшелігі туралы Мағжанмен аз-кем әңгімелестік.

Shardara Armsport клубының негізін қалап, әлемдік деңгейдегі спортшыларды даярлаған білікті бапкер – Арман Қарсыбаев. Шардараның ғана емес, күллі қазақтың атын әлемге танытқан қол күрес шеберлерін шарболаттай шыңдап шығарды. Клубтың басты ұстанымы – чемпион болу – оңай, адам болу – қиын.
– Бапкеріміз Арман Қарсыбаев қол күрес спортымен Алматыда танысып, болашағы зор екенін сезінгеннен кейін Шардараға әкелген. Әу баста спортшыларды мал қорасында қолдан жасалған темірлермен, шойын батареялармен жаттықтырған. Қазіргі таңда ауылымыз қол күрес шеберлерінің орталығына айналып, әлемдік қол күрес шеберлерінің кіл мықтыларын дайындап шығарды. Шыны керек, Shardara Armsport клубындай үлкен спорт клубы ешбір елде жоқ. Арман Романұлының ерен еңбегінің арқасында клубымыздан 100-ге жуық әлем чемпионатының жүлдегерлері шықты. Дегенмен ұстазымыз үшін чемпионнан гөрі, жақсы адам болғанымыз маңыздырақ. Өйткені еңбектеніп, талпынған кез келген спортшы чемпиондық атаққа қол жеткізе алады. Бапкер жаттығуымыздан бөлек, тәрбиемізге, бірлігімізге, адамгершілігімізге көп көңіл бөледі. «Күш – бірлікте» деген ұранымыз, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ұстанымымыз бар, – дейді М.Шәмиев.

БҰЛ СПОРТТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

Қол күрес спортының өзіне тән ерекшеліктері көп. Бұл спортта қара күшің ғана емес, ақылың да маңызды рөл атқарады. Спортшылардың дайындалу әдісі де, жаттығу тәртібі де өзгеше. Оның сырын Мағжаннан білуге асықтық.

– Қол күрес спортында басқа спорт түрлеріндей қарсыласыңды жарақаттамайсың, ешкімге зияның тимейді. Жаттығуларымыздың тәртібі мен жоспары бар. Аптасына 3 күн темірмен жаттықсақ, 3 күн үстел үстінде дайындаламыз. Білек, иық, қолдың барлық бұлшық еттеріне арналған арнайы жаттығулар бар. Қолдың, білектің күш-қуатын арттыру үшін кір тасымен, зілтемірмен, резеңкемен 4-5 сағат жаттығу жасаймыз. Тіпті саусақтардың күшін арттыратын арнайы 4-5 жаттығу бар. Саусақпен ауыр темірлерді қысу арқылы жасалатын, саусақпен кеудені жерден көтеру арқылы, жаттығу құрылғыларын саусақпен жинау арқылы жасалатын жаттығу түрлері бар. Сол құрылғыларға салмақ қосу арқылы саусаққа күш саламыз. Армрестлинг спорты кез келген олимпиялық спорт түрінен оңай емес. Өйткені бұл спорт түрінде раунд немесе кезең деген болмайды. Бар күшіңді, бар өнеріңді бір сәтте, санаулы секундта көрсете білуің керек. Білектің күшінен бөлек, жүректің де, ақылдың да маңызы зор. Санаулы секундта тәсілдерді тиімді пайдалану үшін бәрін бір сәтте іске қосуың керек.

Мағжан қол күресі спортына келгенге дейін футбол, бокс, күрес сияқты спорт түрлерімен шұғылданып көрген. Бірақ ешқайсысына аса ынтасы, ықыласы болмаса керек. Қол күрес спортына кездейсоқ келіп, нағыз өзіне қажет спортты тапқан.

– Шыны керек, армрестлингке дейін біраз спорт түріне қатысып, жаныма жақын тартпадым. Қол күрес спортына кездейсоқ келіп, бұл спортқа деген ерекше махаббат, құмарлық пайда болды. Кез келген салада жетістікте жету үшін сол саланы жантәніңмен сүю керек. Сол сияқты қол күреске деген ықыласым өзгеше болып, бар ынта-жігеріммен дайындала бастадым. Алдыма үлкен мақсаттар қойып, күндіз-түні тынбай еңбектене бастадым. Осы спортқа деген махаббаттың арқасында, бапкерлеріміздің тәлім-тәрбиесінің арқасына үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің атын танытып жатырмыз. Алғаш рет 2011 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында топ жардым. Бұл жарыстың әр сәті, әр кездесуі әлі де көз алдымда. Алматы қаласында өткен додада әлемнің ең мықты спортшыларымен күш сынастым. Қол күрес үстеліне еліміздің туы бейнеленіп тұрғандықтан, әр кездесуде сол тудан күш алып, жеңіске жету үшін барымды салдым. Жартылай финалда әлемнің үш дүркін чемпионы атанған ресейлік спортшыны жеңдім. Финалда да словакиялық мықтының мысын бастым. Елімізде өткен әлем чемпионатында атой салу бақыты бұйырғанына бақыттымын. Бұл жеңіс ары қарай үлкен жетістіктерге жол ашып, биік белестерді бағындыруыма мүмкіндік берді. Содан кейін талай дүниежүзілік додаларда әлемнің мықтыларымен күш сынасып, жеңімпаз атандым. Дегенмен араға 8 жыл салғаннан кейін ғана екінші рет әлем чемпионатын бағындырдым. 2019 жылы Румынияда өткен сын жанкүйерлердің жадында шығар. Әлемдегі ең жоғары бәсекелестік болатын салмақ дәрежесінде (75 келі) қазақтың қос баласы финалға шықты. Талғат Ақтаев екеуміз екі топқа түсіп, екі жақтан қарсыластарымыздың бәрін ұттық. Финалда Талғат інілік ізетін көрсетіп, күреспей, жолын берді. Бұл жайтқа біраз жұрт шапалақ ұрып, қошемет көрсетсе, біразы таңғалып жатты.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЗДІК ҚОЛКҮРЕСШІЛЕР

Армрестлинг спорты олимпиялық спорт түріне кірмесе де, әлемде өте танымал спорт қатарына кіреді. Әлем чемпионаттары мен кубогында әр салмақта 100-ден аса спортшы сынға түседі. Әр салмақтағы бәсекелестік те өте жоғары. Дегенмен Қазақстан құрамасы қол күрестен әлемнің ең үздік үш мемлекетінің қатарына кіреді.

– Расында, қол күрес спорты әлемде қарқынды дамып жатыр. Әлем чемпионаттарында 65-70 мемлекеттен мыңдаған спортшы сынға түседі. Солардың ішінде АҚШ, Ресей, Грузия, Түркия, Канада сияқты елдердің спортшылары өте мықты әрі басты қарсыластарымыз саналады. Азия елдерінде де қол күреске қатты назар аударып жатыр. Қазіргі таңда Жапония, Корея, Тайланд, Малайзия сияқты мемлекеттердің спортшылары елімізге арнайы оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін келіп жүр. Әрине, оларға білгенімізді айтып үйреткенмен, басты көзірімізді көрсетпейміз. Олар жас жеткіншектеріміздің қол күреске деген қызығушылығын көріп, жаттығуларымызды көріп таңғалды. Бір Шарадараның өзінде 800-ге жуық жас жеткіншек армрестлинг спортымен айналысуда. Қазақстанның ішіндегі бәсекелестіктің қаншалықты жоғары екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Қазір еліміздің әр облысында қол күрес спортына жақсы көңіл бөлініп жатыр. Жыл сайын бәсекелестік те, қарсыластар да күшейіп келеді. Соның нәтижесінде Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында екі жыл қатарынан командалық есепте әлем бойынша көш бастады. Ішкі бәсекелестікке келсек, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарының спортшылары мықты шығып жатыр. Дегенмен біздің шардаралық шарболат жігіттер ішкі біріншілікте де, әлемдік додаларда да қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп жүр. Shardara Armsport клубынан шыққан әлем чемпиондарының біразы – бір ауылдың, бір көшенің балалары.

Елімізде қол күресінен қанша әлем чемпиондары шықса да, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағына жеткендер саусақпен санарлық қана. Мағжанның мақсаты да – осы атаққа қол жеткізіп, әлемнің ең үздік қол күрес шеберлерінің көшін бастау.

– Әр спортшы үлкен спортқа қадам басқанда алдына үлкен мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін бар өмірін арнайды. Менде де «әлемдік аренада қазақтың көк туын желбіретсем, атын шығарып, абыройын асқақтатсам» деген мақсат болды. Аллаға шүкір, мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Дегенмен әлі ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағын иеленген жоқпын. Әрине, оның ауылы алыс емес. Сондай-ақ артымыздан еріп келе жатқан ізбасарларымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, еліміздің атын шығаратын шәкірт тәрбиелегіміз келеді. Қазақ жастарына салауатты өмір салтын насихаттап, өз елін, Отанын сүйетін азаматтарды тәрбиелеп шығару – басты мақсатымыздың бірі, – деп қорытты Мағжан Шәмиев.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2023

190 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы