• Спорт жұлдыздары
  • 19 Мамыр, 2023

Балқаш барысының белесі

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бокстан алғашқы олимпиада чемпионы Василий Жировты кейінгі буын біле қоймауы мүмкін. «Балқаш барысы» лақап атымен танылған  боксшы олимпиада алтынын алып қана қоймай, отандық бокс тарихында тұңғыш рет техникалық шеберлігі ең жоғары боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын иеленген еді. Кәсіпқой бокстан да әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық былғары қолғап шеберімен аз-кем әңгімелесудің де сәті түсті.

АЛҒАШҚЫ АЛТЫННЫҢ ТАРИХЫ

Балқашта дүниеге келген Василий бала күнінен спортқа жақын болып өсті. Әу баста күрес түрлерімен айналысып, әжептәуір нәтижелерге қол жеткізіп жүрді. Күрестің дзюдо, самбо, грек-рим және еркін күрес сияқты түрлеріне бірдей қатысып, барлығынан да жарыстарға шыққан. Тіпті осы күрестің барлық түрінен облыс чемпионы атанып, кейбірінен спорт шеберлігіне үміткер атағына дейін қол жеткізген. Бірақ күрестегі спорттық жолы ұзаққа созылған жоқ. Жиров боз кілемнен біржола кетіп, боксқа бет бұрды. Досы Диманың шақыруымен бокс үйірмесіне барып, бапкер Александр Апачинскийден тәлім алады. Дәл сол тұста «Рокки» фильмі де жарыққа шығып, біраз баланың боксқа деген ынтасын оятады. Василий де осы туындыны көрген соң боксқа деген ерекше ынтасы, махаббаты ашылып, биік белестерді бағындыруға бел буады. Жировтың бойындағы қабілетін байқай білген бапкері оны жастайынан темірдей тәртіпке, жаттығуды мүлтіксіз орындауға баулыды. Жаттығу кезінде шүмектеп тер төкпесе, чемпион болу мүмкін емес екенін құлағына құйып бақты. Өте ауыр жаттығулар мен қиын сынақтардан өткізіп, әбден «пісірді». Әрине, мұның бәрі кейін өз жемісін берді. Жиров небәрі төрт жыл ішінде КСРО чемпионы атанып, 16 жасында спорт шебері нормасын орындады. Ол кезде КСРО спорт шебері болу бақыты кім көрінгенге бұйыра бермейтін. Осылайша, олимпиада алтынының алғашқы қадамы басталды.

Мықтылығын мойындатқан Жировтың жеңісті жолы жалғасып, 1992 жылы КСРО құрамасы сапында Шотландиядағы Еуропа біріншілігінде 75 келі салмақта топ жарды. Төрт жыл бойы Қазақстан біріншілігінде бірінші орынды ешкімге берген жоқ. 1993 жылы алғаш рет Қазақстан құрамасы сапында Финляндиядағы әлем чемпионатында сынға түсті. Алғашқы айналымда швейцариялық Франческо Пассанантені нокаутпен жеңсе, ширек финалда украиналық Андрей Хамуланы 15:9 есебімен ұтты. Өкінішке қарай, жартылай финалда түрік боксшысы Ақын Құлоғлыға есе жіберіп, қоланы қанағат тұтты. Бірақ бұл жекпе-жекте Жиров өзін жеңілдім деп есептеген жоқ. Дегенмен кезекті бір турнирде түрік боксшысымен жолы қайта түйісіп, ойсырата жеңді. Өкініштісі, Жировқа әуесқой бокста әлем чемпионатының алтыны бұйырмады. 1995 жылғы Германиядағы әлем чемпионатында да жартылай финалда жарыс жолынан шығып қалды. Америкалық Антонио Тарвермен тартысты жекпе-жекте отандасымыз жеңіліс тапты.

Жиров жеңілген әр қарсыласынан есе қайтарып отырған. Антонионы да Атланта төрінде атойлап жүріп жеңіп, бір жыл бұрынғы қарымтасын қайтарды. Антонионы жеңген соң Жировтың олимпиада чемпионы атанатынына ешкімнің күмәні болған жоқ. Өйткені финалда бір жыл бұрын ғана Азия біріншілігінің финалында нокаутпен ұтқан корейлік Ли Сын Бэмен жолықты. Жиров үшін олимпиададағы ең оңай жекпе-жек осы болды.

Бір қызығы, Жировтың жеңіске деген жігері сынған қолымен де чемпион атандырды. Ол алғашқы айналымда-ақ оң қолынан ауыр жарақат алған. Соққысы қарсыласының бас сүйегіне тиіп, қолы шытынап кеткен. Әр жекпе-жектен кейін қолын тұзды суға салып, команданың дәрігерлері ем-домын жасайды. Тіпті финалдық кездесудің алдында қолы қатты ісіп кетіп, жұдырығы жұмылмай қалды. Әр кездесудің алдында спортшыларды тексеретін төрешілер Жировтың  ісіп кеткен қолын көріп, жекпе-жекке шыға алатынын сұрайды. Василий еш ойланбастан жұдырықтасатынын айтып, қолына қатты мән бермеуді өтінеді. Сөйтіп, сынған қолына қарамастан Қазақстан спорт тарихына атын алтын әріппен жазды.

КӘСІПҚОЙ БОКСТАҒЫ БЕЛЕСТЕР МЕН БЫЛЫҚТАР

Жиров әуесқой бокста жүрген кезінен бастап әртүрлі промоутерлік компаниялардан ұсыныс алды. Әсіресе, 1995 жылғы әлем чемпионатынан кейін германиялық промоутерлер қатты қызығып, керемет келісімшарт ұсынды. Бірақ Жиров АҚШ-ты таңдап, атақты промоутер Боб Аруммен 5 жылға келісімшартқа отырды. «Балқаш барысы» кәсіпқой боксқа жайдан-жай келмегенін көрсетіп, қарсыластарын қоғадай жапырды. Екі жылдың ішінде 20  жекпе-жек өткізіп, 18 кездесуді нокаутпен аяқтады. Одан бөлек, WBC International титулын иеленіп, чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік алды. 21-кездесуінде IBF тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы чемпиондық атақты сарапқа салып, америкалық Артур Уильямсты 7 раундта сұлатып салды.

Бірақ Василийдің кәсіпқой мансабы ойындағыдай өрбіген жоқ. Қанша мықтының мысын басса да, чемпион атанғаннан кейін Боб Арум отандасымызбен келісімшартын үзді. Жұлдызы жанған шақта промоутерінің мұндай шешімге барғаны көңіліне күдік ұялатты. Дегенмен жеңісті жолын жалғастырып, бірінші ауыр салмақтағы теңдессіз боксшы екенін дәлелдеді. Бір қызығы, Жиров чемпион болса да, рейтингтік жекпе-жектерге шығып жүрді. Екі жылда чемпиондық атағын үш-ақ рет қорғап, басқа тұжырым-ның белбеулеріне таласқан жоқ. Мұның бәрі «Балқаш барысының» менеджері Ивайло Гоцевтің құйтырқы әрекеттерінен еді. Араны ашылып, ақшаның астында қалуды көздеген менеджер Боб Арумнан да қомақты қаржы сұрап, қалтасын қампайтуды көздегенге ұқсайды. Жировты жарға жығып, мансабын да мандытқан жоқ. Шебер боксшыны кәсіпқой бокстың жарық жұлдызына айналдыра алмады. Жиров та менеджерінің алаяқтығын аңғарып, өзіне қарағанда көп ақша табатынын түсініп, онымен біржолата қош айтысты.

МЕНЕДЖЕР НЕСІБЕДЕН ҚАҚТЫ

Жиров кәсіпқой боксқа Олимпиада чемпионы мәртебесінде ауысса да, қомақты қаржы әкелетін жекпе-жектер өткізген жоқ. Алғашқы кездесулерінде 5000-10000 доллар көлемінде ғана сыйақы алып жүрді. Олимпиада чемпионы үшін бұл өте аз қаражат еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Василийдің менеджері боксшының емес, өзінің қалтасын қалыңдатуды көздеген. Отандасымыз чемпиондық жекпе-жектен бастап қана 100 мың доллар көлемінде сыйақы ала бастаған. Яғни 20 жекпе-жекке дейін  отандасымыз деңгейіне лайықты сыйақы алмаған. 

2001 жылы Жировтың Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында өткізген жекпе-жегі жанкүйерлердің жадында. Василий үшін бұл ұмытылмас, ең маңызды кездесудің бірі болды. Алғаш рет өз Отанында чемпиондық атағын қорғады, ел президенті боксшыны арнайы қолдауға келді. Қалың жанкүйердің қолдауын сезген боксшы алғашқы раундта-ақ қарсыласын сұлатып салып, көрермендерді қиқуға бастырды. Үшінші рет чемпиондық белбеуін қорғағаны үшін 150 мың доллар көлемінде қаржы тапты. 

Жиров үшін қаржылай тұрғыдан ең табысты жекпе-жек Джеймс Тонимен болды. Ол бұл кездесу үшін 1 миллион доллар көлемінде қаржы табуы керек еді. Бірақ 800 мың доллар ғана сыйақы алды. Жировтың мансабындағы ең үлкен сыйақы, ең көп тапқан қаржысы осы. Ол кәсіби мансабында миллион долларлық кездесулер өткізбеген. Керісінше, сыйақысын ала алмай, менеджері Ивайло Гоцевпен соттасқан кезі де болған. Ол Джозеф Киванукаға қарсы WBO NABO белбеуі үшін өткізген жекпе-жектің келісімшарты бойынша 500 мың доллар көлемінде сыйақы алуға тиіс еді.  Бірақ артынан тағы бір келісімшарт шығып, сол келісімшартта сыйақы мөлшері 250 мың доллар деп көрсетілген. Ең сорақысы, боксшы аталған соманың ешқайсысын алған жоқ. Жиров кәсіпқой бокста атағы дардай болса да, қыруар қаржы таппаған санаулы спортшылардың қатарына кіргендей.

ЖИРОВ ИСЛАМ ДІНІН ҚАБЫЛДАДЫ МА?

Аты аңызға айналған Мұхамед Әли, Майк Тайсон сияқты спортшылар тарихта мықты боксшы ғана емес, Ислам дінін қабылдап, өмірлік көзқарасын өзгерткен тұлғалар ретінде де қалды. Қайбір жылдары БАҚ құралдары Жировтың ислам дінін қабылдағанын жарыса жазды. Дегенмен боксшы бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Негізінде Жиров Ислам дініне үлкен құрмет көрсеткендіктен «Исламды қабылдадым» деп айтқан. Ол өзін тануға, Құдайды тануға бағытталған басқа діндерді де солай қабылдаған. Мұсылмандықты ұстанатын адамдарды  қабылдайды, құрметтейді, бірақ боксшы мұсылман емес. Ол Исламның жақсы тұстарын алып, соны өмірде қолдануға тырысып жүр. Бірақ ешқандай арнайы діни рәсімдер жасамайды.

ІНІЛЕРІНІҢ ТІЛЕУЛЕСІ

Василий қазір АҚШ-тың Аризона штатында, Феникс қаласында тұрып жатыр. Сол қалада өзінің жаттығу залын ашып, бапкерлікпен айналысады. Одан бөлек, үй құрылысы бизнесімен айналысатын шәкіртінің қол астында жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Америкадағы қазақ боксшыларының жетістігін естіп, жекпе-жектерін де қалдырмай қарауға тырысады. Кейде Қазақстандағы талантты боксшылардың бағын ашып, жол көрсету үшін менеджерлікті қолға алу туралы да ойлайды. Бірақ ол үшін жақсы демеушілер, қаржылай қолдаушылар керек. Себебі, менеджерлікпен айналысу үшін де банк шотыңда қарамағыңдағы спортшыларды қамтамасыз ете алатындай қаржы болуға тиіс. Әрине, Жировтың жалғыз өзіне мұндай қыруар жұмысты атқаруға шамасы жетпейді. Десек те «Балқаш барысы» боксшыларымыздың болашағынан үлкен үміт күтетінін, әрқайсысының чемпион болуға мүмкіндігі бар екенін жасырмады. Жәнібек Әлімханұлы сияқты саңлақтардың сайысын теледидардан болсын жібермей көруге, қолдау көрсетуге тырысып жүр.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2023

226 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

Редактор блогы

Есей Жеңісұлы

«Ақ желкен» журналының Бас редакторы